Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Грузия Үкiметi арасындағы инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы келiсiмдi бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 1997 жылғы 5 желтоқсан N 199


     1996 жылғы 17 қыркүйекте Тбилисиде қол қойылған Қазақстан
Республикасының Үкiметi мен Грузия Үкiметi арасындағы
инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы келiсiм
бекiтiлсiн.

     Қазақстан Республикасының
             Президентi 
     

            Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Грузия
           Үкiметi арасындағы инвестицияларды ынталандыру
                      және өзара қорғау туралы 
     
                              КЕЛIСIМ 
     
     Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Грузия Үкiметi (бұдан әрi
"Уағдаласушы Тараптар" деп аталады),
     Уағдаласушы Тараптардың екеуiнiң де өзара пайдасы үшiн ұзақ
мерзiмдi негiздегi экономикалық ынтымақтастықты күшейтудi қалай
отырып,
     бiр Уағдаласушы Тараптың инвесторлары үшiн басқа Уағдаласушы
Тараптың аумағында қолайлы жағдайлар жасау және қолдап отыру
ниетiмен,
     осы Келiсiмге сәйкес инвестицияларға жәрдемдесу және оларды
өзара қорғау осы саладағы iскерлiк бастамашылықты ынталантыратынын
қолдап,
     мыналар туралы келiстi:

                               1-бап
                            Айқындамалар

     Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн:


      1. "Инвестиция" терминi бiр Уағдаласушы Тарап инвесторының басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында соңғысының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес экономикалық қызметке байланысты инвестициялаған активтерiнiң кез-келген түрiн қамтитын болады және, атап айтқанда, бiрақ айрықша емес:
      а) кепiлдiк салымдары, займ бойынша ұстап тұру, қамтамасыз ету құқықтары және осындай құқықтар сияқты кез-келген басқа да құқықтар секiлдi жылжымалы және жылжымайтын мүлiктi;
      б) акцияларды, бағалы қағаздарды және заңды тұлғалардың борыштық мiндеттемелерiн немесе осы заңды тұлғалардың мүлiктiк бөлiгiн;
      в) зайымдарды, кредиттердi, банктегi мақсатты және қаржы салымдары мен инвестицияларды жүзеге асыруға байланысты өзге де ақшалай талаптарды;
      г) парасат меншiгi құқықтарын, соның iшiнде авторлық құқықтарды, тауар белгiлерiн, патенттердi, өнеркәсiптiк үлгiлердi, технологиялық процестердi, ноу-хауды, коммерциялық құпияларды, фирмалық атауларды және инвестицияларға байланысты гудвилдi;
      д) заңдарға сәйкес лицензиялар мен рұқсаттарды қамтитын болады.
      Активтер инвестицияланған нысанның Уағдаласушы Тараптардың заңдары мен басқа да нормативтiк актiлерiне рұқсат етiлген кез-келген ауысымы инвестициялар ретiндегi олардың сипатына ықпал етпейтiн болады.
      2. "Инвестор" терминi басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында инвестиция салатын кез-келген жеке немесе заңды тұлғаны бiлдiредi:
      а) "жеке тұлға" терминi Уағдаласушы Тараптардың кез-келгенiнде оның заңдарына сәйкес азаматтығы немесе тұрақты тұратын жерi бар кез-келген жеке тұлғаны бiлдiредi;
      б) "заңды тұлға" терминi кез-келген Уағдаласушы Тарапқа қатысты Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес құрылған және басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында инвестицияларды жүзеге асыруға құқығы бар кез-келген мекеменi, кәсiпорынды немесе ұйымды;
      в) Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң заңдарына сәйкес құрылмаған, бiрақ нақ осы Уағдаласушы Тараптың жеке немесе заңды тұлғалары тiкелей немесе жанама түрде бақылап отырған заңды тұлғаны бiлдiредi.
      3. "Табыстар" терминi инвестициялардың нәтижесiнде алынған ақшалай соманы бiлдiредi және, атап айтқанда, бiрақ айрықша емес, табыстарды, проценттердi, капитал өсiмiн, акцияларды, дивидендтердi, роялтидi және қызметтер үшiн төленген ақыны қамтиды.
      4. "Аумақ" терминi әрбiр Уағдаласушы Тарапқа қатысты оның егемендiгiнiң қол астындағы аумақты, сондай-ақ халықаралық құқыққа сәйкес олардың үстiнде осы Уағдаласушы Тарап егемендiгiн, құқықтары мен юрисдикциясын жүзеге асырып отырған теңiз және су асты аудандарын бiлдiредi.

                                2-бап

                     Осы Келiсiмнiң қолданылуы

     1. Осы Келiсiмнiң шарттары бiр Уағдаласушы Тараптың
инвесторлары басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында осы Келiсiм күшiне
енгенге дейiн де, енгеннен кейiн де жүзеге асырған барлық
инвестицияларға қолданылатын болады.
     2. Осы Келiсiмнiң ережелерi ол күшiне енген сәттен бастап 1991
жылдың 16 желтоқсанынан бастап жүзеге асырылған инвестицияларға да
қолданылады.

                               3-бап
              Инвестицияларды ынталандыру және қорғау



      1. Әрбiр Уағдаласушы Тарап өз аумағында инвестицияларды жүзеге асыру үшiн басқа Уағдаласушы Тараптың инвесторларын ынталандырып, олар үшiн қолайлы жағдайлар жасап отырады және өзiнiң заңдары мен ережелерiне сәйкес мұндай инвестицияларға рұқсат ететiн болады.
      2. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы басқа Уағдаласушы Тараптың инвестициялары үшiн әдiлеттi және тең құқықты жағдайды қамтамасыз етедi және ырықсыз немесе кемсiтетiн шаралар арқылы осы инвестицияларды басқаруға, қызмет iстеуiне, пайдалануға немесе иелiк етуге қысым жасамайтын болады.

                                4-бап
              Ұлттық тәртiп және неғұрлым қолайлы жағдай
                            жасау тәртiбi

      1. Әрбiр Уағдаласушы Тарап өз аумағында басқа Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларына әдiлеттi әрi тең болып табылатын және ол өзiнiң төл инвесторларының инвестицияларына немесе кез-келген үшiншi мемлекеттiң инвесторларының инвестицияларына жасайтын жағдайға қарағанда қолайсыздау болмайтын жағдай жасайды.
      2. Әрбiр Уағдаласушы Тарап өз аумағында басқа Уағдаласушы Тараптың инвесторларына осы инвестицияларды басқаруға, қызмет iстеуiне, пайдалануға немесе иелiк етуге қатысты әдiлеттi әрi тең болып табылатын және ол өзiнiң төл инвесторларына немесе кез-келген үшiншi мемлекеттiң инвесторларына жасайтын жағдайға қарағанда қолайсыздау болмайтын жағдай жасайды.
      3. Бұл баптың 1 және 2-тармақтарының ережелерi:
      а) Уағдаласушы Тараптардың бiрi жекелеген елдердiң инвесторларына олармен бiрге Кедендiк немесе Экономикалық еркiн сауда одағына қатысуға байланысты беретiн артықшылықтарға;
      б) Уағдаласушы Тараптардың бiрi жекелеген елдердiң инвесторларына қосарланған салық салуды болғызбау туралы Келiсiмнiң немесе салық мәселелерi жөнiндегi басқа да келiсiмдердiң негiзiнде беретiн артықшылықтарға қолданылмайды.

                                5-бап
                       Шығындар үшiн өтем жасау

      Кез-келген Уағдаласушы Тарап инвесторлардың инвестициялары Уағдаласушы Тараптың аумағында соғыстың, қарулы жанжалдың, ұлттық төтенше жағдайдың, төңкерiстiң, көтерiлiстiң, қастандықтың, табиғат апатының, апаттардың немесе осындай жағдаяттардың салдарынан зиян шеккен жағдайда оларға басқа Уағдаласушы Тарап реституцияға, өтем жасауға, өтемақыға немесе басқа да шешiмдерге қатысты соңғы Уағдаласушы Тарап өзiнiң және кез-келген үшiншi мемлекеттiң инвесторларына жасайтын жағдайлардан қолайсыздау болмайтын жағдай жасайды. Бұл сомалар шет елге еркiн аударылуы тиiс.

                                6-бап
                            Экспроприация

      1. Кез-келген Уағдаласушы Тараптың инвестициялары басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында қоғамдық мақсаттардан басқа жағдайларда национализацияланбайды, экспроприацияланбайды немесе национализациялаумен немесе экспроприациялаумен (бұдан әрi "экспроприация" деп аталады) бара-бар әсерi болатын шараларға ұшырамайтын болады. Экспроприациялау сот өндiрiсiне сәйкес, кемсiтпейтiн негiзде жүргiзiледi және сол бойда баламалы әрi тиiмдi өтемақы төлеу туралы шарттармен бiрге жүргiзiлетiн болады. Мұндай өтемақы инвестициялардың нарықтық бағасына тең болады, экспроприациялау немесе экспроприациялау қаупi жалпыға бiрдей белгiлi болған кезде LIBOR ставкасы бойынша экспроприациялау күнiнен бастап алынатын проценттi қамтиды, инвестиция жүзеге асырылған валютамен немесе Уағдаласушы Тараптардың келiсiмi бойынша инвестор үшiн қабылдарлық кез-келген басқа валютамен кешiктiрiлмей төленедi, тиiмдi түрде өткiзiледi және еркiн аударылады.
      2. Зардап шеккен инвестор өзiнiң жағдайын осы Уағдаласушы Мемлекеттiң сот билiгiнде дереу қайта қаратып, осы бапта айтылған қағидаттарға сәйкес өзiнiң инвестицияларын бағалатуға құқықты болады.
      3. Осы баптың 1-тармағының ережелерi сондай-ақ Уағдаласушы Тарап акционерлiк қоғам мәртебесiн алған немесе қолданылып жүрген заңдарға сәйкес оның өз аумағының кез-келген бөлiгiнде құрылған және басқа Уағдаласушы Тараптың инвесторлары онда пайларға ие болып отырған компанияның активтерiн экспроприациялаған жағдайда да қолданылады.

                                7-бап
                              Аударымдар

      1. Уағдаласушы Тараптар инвестициялар мен табыстарға қатысты төлемдердiң Уағдаласушы Тараптардың қолданылып жүрген заңдарына сәйкес аударылуына кепiлдiк бередi. Аударымдар қандай да болсын шектеулерсiз және кешiгулерсiз жүргiзiледi. Мұндай аударымдар, атап айтқанда, бiрақ айрықша емес:
      а) капиталды және инвестицияларды қолдауға немесе ұлғайтуға арналған қосымша ақшалай сомаларды;
      б) табыстарды, проценттердi, дивидендтердi және басқа да ағымдағы табысты;
      в) инвестицияларға байланысты кредиттiк келiсiмдерге сәйкес жүзеге асырылатын төлемдердi;
      г) роялтидi немесе қызметтер үшiн төленетiн ақыны;
      д) инвестицияларды сатудан немесе тартудан түскен түсiмдердi;
      е) Уағдаласушы Тараптардың заңдары мен ережелерiне сәйкес жеке тұлғалардың осы Уағдаласушы Тараптың аумағында инвестицияларды жүзеге асыруына байланысты алған жалақыларын қамтиды.
      2. Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн, егер басқаша уағдаласылмаған болса, аударым жасалған күнi ағымдағы келiсiмдер үшiн қолданылатын ресми бағамдар айырбас бағамдары болады.

                                8-бап
                              Суброгация

      1. Уағдаласушы Тарап немесе оның делдалы өздерiнiң төл инвестицияларына төленетiн төлемдердi басқа Уағдаласушы Тараптың аумағындағы инвестицияларға байланысты өзi берген кепiлге сәйкес төлесе, соңғы Уағдаласушы Тарап:
      а) не осы елдiң заңы бойынша немесе заңды келiсiмге сәйкес инвестордың қандай да болсын құқығының яки бiрiншi Уағдаласушы Тарапқа немесе ол тағайындалған делдалға талап қою құқығының берiлуiн, сонымен бiрге
      б) бiрiншi Уағдаласушы Тарап суброгация нәтижесiнде осы инвестордың құқықтарын пайдалану және талап қою құқығын алғанын таниды және осы инвестицияларға байланысты өзiне мiндеттемелер алады.
      2. Суброгация нәтижесiнде алынған құқықтар немесе талаптар инвестордың құқықтары мен талаптары шеңберiнде шықпайтын болады.

                                9-бап
               Уағдаласушы Тарап пен басқа Уағдаласушы
                 Тарап инвесторының арасындағы даулар

      1. Бiр Уағдаласушы Тараптың инвесторы мен басқа Уағдаласушы Тараптың инвесторы арасындағы дауды шешу мақсатында, осы Келiсiмнiң 10-бабының ережелерiн кемiтпей, мүдделi Тараптар арасында келiссөздер жүргiзiледi.
      2. Егер бiр Уағдаласушы Тараптың инвесторы мен басқа Уағдаласушы Тарап арасындағы қандай да болсын дау жазбаша талап берiлген күннен бастап алты айдың iшiнде осындай жолмен шешiлмейтiн болса, инвестор ол iстi:
      а) аумағында инвестиция жүзеге асырылатын Уағдаласушы Тараптың сот органының қарауына, немесе
      б) 1965 жылдың 18 наурызында Вашингтонда, Колумбия округiнде қол қою үшiн ашылған Мемлекеттер мен басқа Мемлекеттердiң азаматтары арасындағы Инвестициялық Дауларды шешу туралы Конвенцияның тиiстi шарттарын ескере отырып, Уағдаласушы Тараптың екеуi де осы Конвенцияның қатысушылары болған жағдайда Инвестициялық Дауларды Шешу жөнiндегi Халықаралық орталыққа (ИКСИД), немесе
      в) төрешiге немесе Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық Сауда Құқығы жөнiндегi комиссиясының (ЮНСИТРАЛ) Төрелiк Ережелерiне сәйкес құрылған халықаралық ad hoc төрелiк сотына беру құқығын алады. Дауласушы тараптар бұл Ережелердi жазбаша өзгертуге келiсуi мүмкiн. Төрелiк шешiмдер түпкiлiктi және дауласушы Тараптардың екеуi үшiн де мiндеттi болады.

                                10-бап
                   Уағдаласушы Тараптар арасындағы
                            дауларды шешу

      1. Уағдаласушы Тараптар арасындағы осы Келiсiмдi пайымдауға немесе қолдануға қатысты даулар дипломатиялық арналар арқылы шешiледi.
      2. Егер мұндай дау ол басталғаннан кейiнгi алты айдың iшiнде осындай жолмен шешiлмейтiн болса, ол кез-келген Уағдаласушы Тараптың өтiнiшi бойынша осы баптың ережелерiне сәйкес Төрелiк Сотқа берiледi.
      3. Төрелiк Сот әрбiр жеке жағдайға арналып былайша құрылады: төрелiк шешiм туралы жазбаша өтiнiш алынғаннан кейiнгi екi айдың iшiнде Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы осы Соттың бiр-бiр мүшесi тағайындайды. Содан соң осы екi мүше үшiншi мемлекеттiң азаматын сайлайды, ол Уағдаласушы Тараптар мақұлданғаннан кейiн Соттың Төрағасы (бұдан әрi "Төраға") болып тағайындалады. Төраға басқа екi мүше тағайындалған күннен бастап үш айдың iшiнде тағайындалады.
      4. Егер осы баптың 3-тармағында айқындалған қандай да болсын кезеңдердiң iшiнде қажеттi тағайындаулар жасалмаса, кез-келген Уағдаласушы Тарап, басқалай уағдаласу болмаған жағдайда, қажеттi тағайындаулар жасау үшiн БҰҰ Халықаралық Сотының төрағасын шақыра алады. Егер оның қандай да болсын Уағдаласушы Тараптың азаматы екенi анықталса немесе егер басқа бiр себептер оған аталған қызметтi орындауға кедергi келтiрсе, қажеттi тағайындаулар жасау үшiн Төрағаның орынбасары шақырылады. Егер Төрағаның Орынбасары да қандай да болсын Уағдаласушы Тараптың азаматы екенi анықталса немесе аталған қызметтi орындай алмаса, Уағдаласушы Тараптардың қандайының болсын азаматтығын алмаған БҰҰ Халықаралық Сотының үлкендiгi жағынан келесi мүшесi қажеттi тағайындаулар жасауға шақырылады және ол аталған қызметтi кедергiсiз атқара алады.
      5. Төрелiк Сот өз шешiмдерiне көпшiлiк дауыс арқылы қол жеткiзедi. Мұндай шешiмдер әрбiр Уағдаласушы Тарап үшiн мiндеттi болады. Әрбiр Уағдаласушы Тарап соттағы өз мүшелерiне және төрелiк сот өндiрiсiндегi өз өкiлдiгiне қатысты шығындарды көтерiп алады; төрағаға қатысты шығындарды және басқа да шығындарды Уағдаласушы Тараптардың екеуi тең бөлiп көтередi. Төрелiк Сот өзiнiң төл рәсiмiн айқындайды және өзiнiң шешiмi арқылы Уағдаласушы Тараптардың қайсысы шығындардың басым бөлiгiн көтеретiнiн айқындайды.

                                11-бап
             Басқа ережелер мен арнаулы мiндеттемелердiң
                              қолданылуы

      1. Егер мәселе бiр мезгiлде осы Келiсiм арқылы және Уағдаласушы Тараптардың екеуi де қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық Келiсiм арқылы реттелетiн болса, осы Келiсiмде ешнәрсе де Уағдаласушы Тараптардың немесе олардың басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында инвестицияларды жүзеге асыратын кез-келген инвесторларының олардың жағдайына қатысты неғұрлым қолайлы болып табылатын ережелердiң артықшылықтарын пайдалануына кеселдiк жасамайды.
      2. Егер бiр Уағдаласушы Мемлекет өзiнiң заңдарын мен ережелерiне немесе келiсiм шарттардың басқа да арнаулы ережелерiне сәйкес басқа Уағдаласушы Тараптың инвесторларына жасауға тиiстi жағдай осы Келiсiмде жасалатын жағдайға қарағанда неғұрлым қолайлы болса, жағдайдың неғұрлым қолайлысы жасалады.

                                12-бап
                  Өзгертулер мен толықтырулар енгiзу

      Уағдаласушы Тараптардың арасындағы жазбаша келiсiм бойынша осы Келiсiмге өзгертулер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн. Егер Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы осындай түзетудiң күшiне енуiне кедергi келтiретiн тиiстi рәсiмдердiң барлығы реттелгенiн басқа Уағдаласушы Тарапқа хабарласа, кез-келген түзету күшiне енуi тиiс.

                                13-бап
                Келiсiмнiң күшiне енуi, ұзақтығы және
                      қолданылуы күшiн тоқтатуы

      1. Әрбiр Уағдаласушы Тарап өзiнiң қолданылып жүрген заңдарына сәйкес осы Келiсiмнiң күшiне енуi үшiн қажеттi ресiмдердiң аяқталғаны туралы басқа Уағдаласушы Тарапты жазбаша түрде хабардар етедi. Осы Келiсiм жазбаша хабарламаның соңғысы алынған күннен бастап күшiне енедi.
      2. Осы Келiсiм он жыл бойы күшiнде қала бередi. Егер Уағдаласушы Тараптардың бiрде-бiреуi тиiстi кезеңнiң аяқталуынан кемiнде алты ай бұрын осы Келiсiмнiң қолданылу күшiн тоқтатуға деген өзiнiң ниетi туралы басқа Уағдаласушы Тарапты жазбаша хабардар етпесе, оның қолданылуы күшi келесi 5 жылға өзiнен-өзi ұзартылады.
      3. Осы Келiсiмнiң қолданылу күшi тоқтатылғанға дейiн жасалған

инвестицияларға қатысты осы Келiсiмнiң шарттары (1-11 баптар) оның
қолданылу күшi тоқтатылған күннен бастап он жыл бойы күшiнде қала
бередi.
     Тбилиси қаласында 1996 жылғы 17 қыркүйекте әрқайсысы қазақ,
грузин және орыс тiлдерiнде iс жүзiнде екi дана етiп жасалды, бұл
ретте барлық мәтiндер бiрдей. Осы Келiсiмнiң ережелерiн пайымдау
мақсаттары үшiн орыс тiлiндегi мәтiннiң күшi басым болады.

     Қазақстан Республикасының                Грузия
         Үкiметi үшiн                     Үкiметi үшiн 
     
      
      


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады