Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Молдова Республикасының Үкіметі арасындағы Тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) экспорты мен импорты кезінде жанама салықтарды алудың принциптері туралы келісімді бекіту жөнінде

Жаңа

Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 9 қарашадағы N 290-I Заңы

      Кишинэуде 1997 жылғы 12 маусымда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Молдова Республикасының Үкіметі арасындағы Тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) экспорты мен импорты кезінде жанама салықтарды алудың принциптері туралы келісім бекітілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Молдова Республикасының Үкіметі арасындағы
Тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің)
экспорты мен импорты кезінде жанама
салықтарды алудың принциптері туралы
Келісім

(ҚР халықаралық шарттары бюллетені, 1999 ж., N 5, 93-құжат)
(1998 жылғы 25 қарашада күшіне енді - "Дипломатия жаршысы" ж.,
Арнайы шығарылым N 2, 2000 жылғы қыркүйек, 71 бет)
(Келісім 1998 жылғы 25 қарашадан бастап күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары
бюллетені, 2003 ж., N 12, 88-құжат)

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын, Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Молдова Республикасының Үкiметi, экономиканың интеграциясын одан әрi тереңдетуге, шаруашылық субъектiлерi үшiн тең мүмкiндiктердi орнатуға және халықаралық сауданың жалпы қабылданған нормалары мен қағидаларын нысанаға ала отырып, адал ниеттi бәсекелестiк үшiн жағдай жасауға ұмтыла отырып,
      төмендегiлер жөнiнде келiстi:

1-бап
Жалпы айқындамалар

      Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн:
      а) "жанама салықтар" терминi қосылған құнға салықты және акциздi (акциздiк салықты немесе алымды) бiлдiредi;
      б) "нөлдiк ставка" терминi Тараптардың салық туралы заңдарымен белгiленген тәртiппен көзделгендей, 0% ставкасы бойынша қосылған құнға салынған салықты бiлдiредi;
      в) "жеткiзiлетiн пункт принципi" терминi бiр Тараптың кедендiк аумағынан тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) экспорттау кезiнде нөлдiк ставканы қолдануды және екiншi Тараптың iшкi заңдарымен белгiленген қолданыстағы ставка бойынша импорттау кезiнде салық салуды бiлдiредi;
      г) "құзыреттi органдар" терминi Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiн, Молдова тарапынан - Молдова Республикасының Қаржы министрлiгiн бiлдiредi.

2-бап
Экспорттау кезiнде салық алу принципi

      Бiр Тарап екiншi Тараптың аумағына экспортқа шығарылатын тауарларға (жұмыстарға, қызметтерге) нөлдiк ставка бойынша қосылған құнға салық салатын болады, экспортқа акциздiк салық салынбайды.

3-бап
Импорттау кезiнде салық алу принципi

      1. Тараптардың бiрiнiң аумағына импортталған, екiншi Тараптың аумағынан экспортталған тауарларға (жұмыстарға, қызметтерге) импортшының елiнде оның заңдарына сәйкес жанама салықтар салынады. Салық салуды осы Тараптың кедендiк аумағына тауарларды әкелу кезiнде кедендiк органдар жүзеге асыратын болады.
      2. Екiншi Тараптың аумағынан экспортталған тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердiң) импортына салық салу кезiнде Тараптар өздерiнiң аумақтарында жасап шығарылған (сатылған) тауарлар (жұмыстар, қызметтер) үшiн белгiленген салық ставкаларын қолданатын болады.

4-бап
Даулы мәселелердi шешу

      1. Тараптар өздерiнiң заңдары шеңберiнде алдағы уақытта үшiншi елдермен сауда жүргiзу кезiнде салық салу мәселелерiне қатысты жанама салық салудың ұқсас жүйесiн құруға, сондай-ақ осы Келiсiмде аталған принциптердi iшкi салық заңдарына енгiзуге бағытталған, келiсiлген iс-әрекеттердi қолданатын болады. Құзыреттi органдар салық заңдарын сақтау мәселелерi жөнiндегi ынтымақтастық пен өзара көмек саласында бұрынырақ қол жеткен уағдаластықтардың ережелерiн ескере отырып, осы тармақтың қолданысының нақты тәртiбiн жасайды.
      2. Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруге және қолдануға қатысты барлық даулар мен пiкiр алшақтықтары Тараптар арасында консультациялар мен келiссөздер арқылы шешiледi.

5-бап
Қорытынды ережелер

      Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалды және оны күшіне енгізу жөнінде барлық қажетті ішкі мемлекеттік процедуралардың орындалғаны туралы Тараптар хабарлаған күннен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім оның күшіне енген күннен кейін ұсынылған тауарларға (жұмыстарға, қызметтерге) ғана қатысты қолданылады.
      Әрбір Тарап Келісім қолданылған кезде туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерді реттеп, шығуына дейін алты айдан кешіктірмей екінші Тарапқа жазбаша хабар жіберген соң осы Келісімнен шыға алады.
      Кишинэу қаласында 1997 жылғы 12 маусымда екі түпнұсқа данада әрқайсысы қазақ, молдован және орыс тілдерінде жасалды, сондай-ақ барлық мәтіннің күші бірдей.
      Осы Келісімнің қазақ және молдован тілдеріндегі мәтіні бойынша Тараптар арасында пікір қайшылығы пайда болған жағдайда орыс тіліндегі мәтін негізге алынады.

      Қазақстан Республикасының           Молдова Республикасының
           Үкіметі үшін                        Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады