Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркменстан Үкіметінің арасындағы Әуе қатынасы туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Заңы 1998 жылғы 10 қараша N 301-I

      Алматыда 1997 жылы 27 ақпанда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркменстан Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы келісім бекітілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркіменстанның
Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы
Келісім

(ҚР халықаралық шарттары бюллетені, 2001 ж., N 2, 15-құжат)
(2000 жылғы 10 наурызда күшіне енді - "Дипломатия жаршысы" ж.,
Арнайы шығарылым N 2, 2000 жылғы қыркүйек, 95 бет)

      Бұдан әрi қарай Уағдаласушы Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Түркiменстанның Yкiметi,
      Чикагода 1944 жылғы 7 желтоқсанда қол қою үшiн ашылған Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның қатысушылары бола отырып,
      екi ел халықтарының арасында достық орнату мен сақтаудың, өзара түсiнiстiк пен ынтымақтастықтың құралы ретiнде әуе көлiгiнiң маңыздылығын ескере отырып,
      Қазақстан Республикасы мен Түркiменстан арасындағы халықаралық ынтымақтастықты жалғастыру мен дамыту мақсатында,
      олардың тиiстi аумақтары арасында және олардан тыс жерлерде Әуе қатынасын орнату туралы келiсiм жасауға тiлек бiлдiре отырып,
      мына төмендегiлер жөнiнде уағдаласты:

1-бап
Терминдерді айқындау

      1. Егер мәтiнде басқаша айтылмаған болса, осы Келiсiмдi қолдану және түсiндiру мақсаттары үшiн төмендегі терминдер мыналарды бiлдiредi:
      а) "Конвенция" терминi - Чикагода 1944 жылғы 7 желтоқсанда қол қою үшiн ашылған Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияны бiлдiредi және осындай Қосымша мен оған енгізiлген түзету осы Келiсiмнiң Уағдаласушы Тараптарына қолданылатын дәрежеде осы Конвенцияға кез келген Қосымшаны және Конвенцияның 94-бабына сәйкес қабылданған, тиiсiнше Қазақстан Республикасы мен Түркiменстан бекiткен, Конвенцияға енгізiлген кез келген түзетудi қамтиды;
      б) "авиациялық билiк орындары" терминi - Қазақстан Республикасына қатысты - Қазақстан Республикасының Көлiк министрлiгiн немесе қазiргі кезде осы авиакомпания орындайтын функцияларды жүзеге асыруға өкiлеттi кез келген адамды және Түркiменстанға қатысты - Түркiменстанның Ұлттық азаматтық авиация басқармасын бiлдiредi;
      в) "тағайындалған авиакәсiпорын" терминi - осы Келiсiмнiң 4-бабына сәйкес тағайындалған және өкiлеттiгi бар авиакәсiпорынды бiлдiредi;
      г) "аумақ" терминi - мемлекетке қатысты осы мемлекеттiң егемендiгiнiң иелiгiне қарайтын жер бетiн, аймақтық және iшкi суларды және олардың үстiндегi әуе кеңiстiгiн бiлдiредi;
      д) "әуе қатынасы", "халықаралық әуе қатынасы", "авиакәсiпорын" және "коммерциялық емес мақсаттағы аялдау" терминдерi Конвенцияның 96-бабында көрсетiлген мағыналарға ие;
      е) "Келiсiм" терминi - Қосымша мен оған енгiзiлген кез келген түзетулердi қоса алғанда, осы Келiсiмдi бiлдiредi;
      ж) "белгіленген маршруттар" терминi - Келiсiмнiң Қосымшасында белгiленген немесе белгiленуге тиiстi маршруттарды бiлдiредi;
      з) "келiсiлген әуе жолдары" терминi - осы Келiсiм Қосымшасына сәйкес белгіленген маршруттар бойынша пайдаланылатын халықаралық авиажолдарды бiлдiредi;
      и) "тариф" терминi - жолаушыларды, багажды және жүктi тасымалдау құнын және комиссиондық төлем сомасын және агенттiк пен басқа да қосымша қызметтер үшiн жағдайлар мен бағаларды қоса есептегенде тасымалдаулар ақысының құнын бiлдiредi, бiрақ бұған пошта тасымалдарының төлемақысы мен шарттары кiрмейдi;
      к) "келiсiлген әуе жолдарына" қатысты "көлем" терминi осындай әуе жолдарында пайдаланылатын, осы әуе кемесiнiң барлық маршрут бойынша белгiлi бiр мерзiм iшiнде немесе оның бiр бөлiгiнде ұшу жиiлiгiне көбейтiлетiн сол әуе кемесiнiң көлемiн бiлдiредi.
      2. Осы Келiсiмнiң Қосымшасы оның ажырағысыз бөлiгiн құрайды.

2-бап
Құқықтар беру

      1. Әрбiр Уағдаласушы Тарап екiншi Уағдаласушы Тарапқа осы Келiсiмнiң Қосымшасында көрсетiлген маршруттар бойынша тұрақты халықаралық қатынастарды жүзеге асыру мақсатында осы Келiсiмде көзделген құқықтарды бередi.
      2. Әрбiр Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорыны белгіленген маршруттар бойынша келiсiлген әуе жолдарын пайдалану кезiнде мынадай құқықтарды пайдаланатын болады:
      а) екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағы арқылы қонбастан ұшып өту;
      б) осы Келiсiмнің Қосымшасында көрсетiлген пункттерде коммерциялық емес мақсаттарда екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағына қону;
      в) осы Келiсiмнiң Қосымшасында көрсетiлген, Уағдаласушы Тараптар аумақтарының арасындағы пункттерде жолаушыларды, поштаны және жүктердi арту және (немесе) түсiру мақсатында екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында қону;
      г) осы Келiсiмнiң Қосымшасында көрсетiлген пункттерде, үшiншi елдердің пункттерiне (нен) жолаушыларды, пошта мен жүктi арту және (немесе) түсiру мақсатында баратын екiншi Уағдаласушы Тарап аумағына қону.
      3. Осы Келiсiмнiң ешқандай да ережесi, егер Уағдаласушы Тараптардың авиациялық билiк орындары арасында басқаша уағдаластық көзделмеген болса, бiр Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсiпорнына екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағындағы пункттер арасында жолаушыларды, поштаны және жүктердi төлемақыға немесе жалдау жағдайында өзiнiң бортына алу құқығы берiледi деп қаралатын болмайды.
      4. Келiсiлген әуе жолдары бойынша әуе кемелерiнiң ұшу маршруттары мен мемлекеттiк шекаралардан ұшып өту пункттерiн әрбiр Уағдаласушы Тарап өз аумағында белгiлейдi.
      5. Келiсiлген әуе жолдарында әуе кемелерiнiң ұшуына және жолаушыларды, жүктердi және поштаны тасымалдауға қатысты техникалық және коммерциялық мәселелер, әуе кемелерiне жер бетiнде техникалық қызмет көрсету мен қаржылық есеп айырысу тәртiбiнiң мәселелерi тағайындалған авиакәсiпорындар арасында уағдаластық бойынша шешiлетiн және Уағдаласушы Тараптардың авиациялық билiк орындарының мақұлдауына тапсырылатын болады. Уағдаластыққа қол жеткiзiлмеген жағдайда бұл мәселелердi Уағдаласушы Тараптардың авиациялық билiк орындары шешетiн болады.
      6. Қосымша, чартерлiк және арнаулы рейстер тағайындалған кәсiпорындардың алдын ала тапсырысы бойынша әрбiр Уағдаласушы Тараптың заңдары мен ережелерiне сәйкес жүзеге асырылатын болады;
      мұндай тапсырыстар жексенбi және мереке күндерiн есептемегенде, әуе кемесiнiң ұшуынан 48 сағаттан кешiктiрiлмей екiншi Уағдаласушы Тараптың авиациялық билiк орындарына берiлуге тиiс.
      7. Келiсiлген әуе жолдары бойынша қозғалыстар кестесi оның ашылуы белгiленген күнге дейiн 30 күннен кешiктiрiлмей Уағдаласушы Тараптардың авиациялық билiк орындарының қарауына тапсырылуға тиіс. Кейбір жағдайларда бұл мерзім жоғарыда аталған билік орындарының келісімімен қысқартылуы мүмкін.

3-бап
Авиакәсіпорындарды тағайындау
және пайдалануға рұқсат беру

      1. Әрбiр Уағдаласушы Тарап бұл жайында екiншi Уағдаласушы Тарапқа жазбаша мәлiмдей отырып, белгiленген маршруттар бойынша келiсiлген әуе жолдарын пайдалану мақсатында авиакәсiпорын(дар)ды тағайындауға құқылы болып табылады.
      2. Екiншi Уағдаласушы Тарап мұндай мәлімдеменi алған соң осы баптың 3 және 4-тармақтарының ережелерiне сәйкес әрбiр тағайындалған авиакәсiпорынға тиiстi ұшу рұқсатын кешiктiрмей бередi.
      3. Бiр Уағдаласушы Тараптың авиациялық билiк орындары ұшуға рұқсат бергенге дейiн әдетте осы билiк орындары халықаралық әуе жолдарын пайдалану кезiнде қолданатын заңдар мен ережелерде және Конвенцияның ережелерiнде көзделген шарттарды оның орындауға қабiлеттi екендiгi туралы екiншi Уағдаласушы Тарап тағайындаған авиакәсiпорыннан дәлелдер талап ете алады.
      4. Әрбiр Уағдаласушы Тарап аталған Уағдаласушы Тараптың осы авиакәсiпорын(дар)дың негiзгі иелiгi мен нақты бақылауы осы авиакәсiпорынды тағайындаған Уағдаласушы Тарапқа немесе оның азаматтарына жататындығын дәлелдей алмаған кез келген жағдайларында осы баптың 2-тармағында көрсетiлген ұшу рұқсаттарын беруден бас тартуға немесе ол тағайындаған авиакәсiпорынның осы Келiсiмнiң 3-бабында көрсетiлген құқықтарын пайдалану кезiнде қажет деп санайтын осындай шарттардың орындалуын талап етуге құқылы болып табылады.
      5. Тағайындалған және осылайша рұқсат алған авиакәсiпорын тағайындалған авиакәсiпорындар арасында келiсiлген ұшу кестесiн Уағдаласушы Тараптардың авиациялық билiк орындары бекiткен және осы Келiсiмнiң 6-бабының ережелерiне сәйкес белгiленген тарифтер қолданысқа енгiзiлген жағдайда келiсiлген әуе жолдарын пайдалануға бере бастайды.

4-бап
Ұшуға рұқсаттарды жою немесе тоқтату тұру

      1. Әрбiр Уағдаласушы Тарап ұшуға рұқсатты жоюға немесе екiншi Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсiпорнына берiлген, осы Келiсiмнiң 2-бабында көрсетiлген құқықтарды пайдалануды тоқтата тұруға немесе ол осы құқықтарды пайдалану кезiнде қажет деп санайтын мынадай шарттардың орындалуын талап етуге құқылы болып табылады:
      а) егер ол осы авиакәсiпорынға негiзгi иелiк пен нақты бақылау осы авиакәсiпорынды тағайындаған Уағдаласушы Тарапқа немесе оның азаматтарына тиесiлi екендiгiне сенiмдi болған кез келген жағдайда;
      б) егер осы авиакәсiпорын(дар) осы құқықтарды берген Уағдаласушы Тараптың заңдары мен ережелерiн сақтамайтын жағдайда;
      в) егер авиакәсiпорын(дар) қандай да бiр басқаша түрде осы Келiсiмде көзделген шарттарды орындамайтын жағдайда.
      2. Егер осы баптың 1-тармағында көрсетiлген рұқсаттарды жедел түрде жою, құқықтарды тоқтата тұру немесе шарттардың орындалуын талап ету заңдар мен ережелердi одан әрi бұзуды болдырмауға қажет болып табылмаса, онда осы тармақта айтылған құқық Уағдаласушы Тараптардың авиациялық билiк орындары арасында консультация өткiзiлгеннен кейiн ғана пайдаланылатын болады. Авиациялық билiк орындары арасындағы мұндай консультациялар сұрау салған күннен бастап мүмкiндiгiнше қысқа мерзiм iшiнде өтуге тиiс.

5-бап
Кеден салықтары мен алымдардан босатылу

      1. Бiр Уағдаласушы Тараптың тағайындаған авиакәсiпорны келiсiлген әуе жолында пайдаланатын әуе кемелерi, сондай-ақ осындай әуе кемелерiнiң бортындағы олардың табельдiк мүлкi, жанар май қоры мен жағармай материалдары, борттық қорлары (азық-түлiк, сусындар және темекi өнiмдерiн қоса алғанда) екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағына келген бетте бұл мүлiктер, материалдар және қорлар әуе кемесiнің бортында оларды керi қарай алып кеткенге дейiн қала беретiн жағдайда барлық кеден алымдарынан босатылатын болады.
      2. Сондай-ақ мұндай баж салықтарынан, салықтар мен алымдардан, мынадай қызмет үшiн алымдарды қоспағанда:
      а) аталған Уағдаласушы Тараптың өкiмет орындары белгiлеген лимит шегiнде бiр Уағдаласушы Тараптың аумағында алынған және келiсiлген әуе жолдарында екiншi Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсiпорны пайдаланатын әуе кемесiнiң бортында тұтынуға арналған борттық қорлар;
      б) екiншi Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсiпорны келiсiлген әуе жолдарында пайдаланылатын әуе кемесiне техникалық көмек көрсету немесе оны жөндеу үшiн бiр Уағдаласушы Тараптың аумағына әкелiнген қосалқы бөлшектер;
      в) егер тiптi бұл қорлар өздерiн бортқа алған екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағы шегiндегі маршрут учаскесiнде пайдаланылатын болса, бiр Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсiпорны келiсiлген әуе жолдарында пайдаланылатын әуе кемесiн тұтынуға арналған жанармай мен жағармай материалдары;
      г) авиабилеттердi, авианакладнойларды, сондай-ақ екiншi Уағдаласушы Тарап аумағында тегiн таратылатын жарнамалық материалдарды қоса алғанда, бiр Уағдаласушы Тараптың авиакәсiпорны пайдаланатын құжаттар мұндай баж салықтарынан, салықтар мен алымдардан босатылатын болады.
      3. Материалдар, қорлар және қосалқы бөлшектер, сондай-ақ осы баптың 2-тармағында көрсетiлген құжаттар талап ету бойынша кедендiк өкiмет орындарының тексеруiне немесе қадағалауына жеткiзiлiп берiлуi мүмкiн.
      4. Бiр Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсiпорны келiсiлген әуе жолында пайдаланылатын әуе кемесiнiң бортындағы табельдiк-борттық мүлiк, материалдар, қорлар және қосалқы бөлшектер екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында тек қана осы Уағдаласушы Тараптың кедендiк өкiметiнiң келiсiмiмен ғана алынып тасталуы мүмкiн. Мұндай жағдайда олар кеден ережелерiне сәйкес қайта алынып кеткен кезге дейiн және басқа тағайындау алғанға дейiн аталған өкiмет орындарының бақылауында қала тұруы мүмкiн.
      5. Осы баптың 1-тармағында айтылатын баждар мен алымдардан босату, сондай-ақ бiр Уағдаласушы Тараптың авиакәсiпорны екiншi авиакәсiпорынмен осы баптың 1-тармағында аталған мүлiктi уақытша пайдалану немесе беру туралы бұл екiншi авиакәсiпорын екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында тап осындай кеден салықтары мен алымдарынан босатылу құқығымен пайдаланылатын жағдайда контракт жасалғанда да қолданылатын болады.

6-бап
Тарифтер

      1. Бiр Уағдаласушы Тараптың авиакәсiпорындары екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағына немесе аумағынан тасымалдағаны үшiн алатын тарифтер пайдалану шығыстарын, басқа да авиакәсiпорындардың лайықты табысы мен тарифтерiн қоса алғанда, барлық тиiстi факторларды ескере отырып, лайықты мөлшерде белгiленуге тиiс. Уағдаласушы Тараптар, сондай-ақ авиакәсiпорындарды тiкелей немесе жанама мемлекеттiк қаржыландыру есебiнен жасанды түрде төмендетiлген бағалардан қорғау мақсатында немесе дискриминациялық баға қоюды және ондай практиканы болдырмау, тұтынушыларды көтерiңкi бағадан қорғау мақсатында басыңқы жағдайды терiс пайдаланғаны үшiн шектен тыс жоғары немесе шектелген тарифтердi қабылдауға болмайды деп қарайтын болады.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген тарифтер мүмкiндiгiне қарай екi Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсiпорындарымен барлық маршруттарды немесе оның бiр бөлiгiн пайдаланатын басқа кәсiпорындарымен кеңесулерден кейiн ғана келiсiлуге тиiс. Мұндай келiсуге мүмкiндiгiне қарай ИАТА қолданатын тарифтердi белгiлеудің тиiстi механизмдерiн пайдалану арқылы қол жеткiзiлетiн болады. Осылайша келiсiлген тарифтердi Уағдаласушы Тараптардың авиациялық билiк орындары бекiтуге тиiс.
      3. Осылайша келiсiлген тарифтер екi Уағдаласушы Тараптың авиациялық билiк орындарына олардың күшiне енуi белгiленген күнге дейiн кемiнде қырық бес (45) күн бұрын бекiтуге ұсынылуға тиiс. Ерекше жағдайларда бұл мерзiм аталған билiк орындарының келiсiмiмен қысқартылуы мүмкiн.
      4. Қолдануға келiсiм нақты жауап арқылы берiле алады. Егер тиiстi авиациялық билiк орындары тарифтердi ұсынған күннен бастап отыз (30) күннiң iшiнде осы баптың 3-тармағына сәйкес олармен өздерiнің келiспейтiндiктерiн бiлдiрмейтiн болса, онда тарифтер бекiтiлдi деп қаралатын болады. Егер 3-тармақта көзделген келiсу кезеңi қысқартылатын болса, онда авиациялық билiк орындары келiспеушiлiк туралы хабарлаудың мерзiмi отыз күннен кем болады деп келiсе алады.
      5. Егер бекiтуге ұсынылған тариф осы баптың 2-тармағының ережелерiне сәйкес келiсiле алмаса немесе егер осы баптың 4-тармағында көрсетiлген кезеңнiң iшiнде Уағдаласушы Тараптың бiреуiнiң авиациялық билiк орындары екiншi Уағдаласушы Тараптың авиациялық билiк орындарына осы баптың 2-тармағының ережелерiне сәйкес келiсiлген қандай да бiр тарифпен өзiнiң келiспейтiндiгi туралы мәлiмдейтiн болса, онда екi Уағдаласушы Тараптың да авиациялық билiк орындары мұндай тарифтi екеуара өздерiнше келiсу арқылы белгiлеуге тырысуы қажет.
      6. Егер авиациялық билiк орындары осы баптың 3-тармағына сәйкес берiлген тарифтердің кез келгенi бойынша немесе осы баптың 5-тармағына сәйкес кез келген тарифтi белгілеу жөнiнде өзара келiсе алмаса, онда мұндай келiсе алмаушылықтар осы Келiсiмнiң 20-бабының ережелерiне сәйкес реттелуге тиiстi.
      7. Осы баптың ережелерiне сәйкес белгiленген тарифтер осы баптың шарттарына сәйкес жаңа тарифтер белгiленгенге дейiн өз күшiнде қала беруге тиiс.
      8. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысының авиациялық билiк орындары тағайындалған авиакәсiпорындар Уағдаласушы Тараптардың авиациялық билiк орындары бекiткен келiсiлген тарифтердi сақтауға және авиакәсiпорындардың ешқайсысы да мұндай тарифтерден тiкелей немесе жанама түрде жалпы негiзде немесе әлдебiр ерекше жағдайларда немесе кейбiр жекелеген жағдайларда берiлуi мүмкiн авиациялық билiк орындарының бекiтуiнсiз ешкiмге де мұндай тарифтерден жеңiлдiк бермеуi үшiн барлық күш-жiгерiн жұмсайды.

7-бап
Өкілдік

      1. Бiр Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорнына өзаралық негiзде екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында келiсiлген әуе жолдарын пайдалану үшiн қажеттi өз өкiлдерi мен коммерциялық, оперативтi және техникалық персоналдарын ұстауға рұқсат етiлетiн болады. Жоғарыда аталған персонал құрамы Уағдаласушы Тараптардың азаматтарынан тұруға тиiс.
      2. Мұндай персоналға қойылатын талаптар тағайындалған авиакәсiпорынның тiлегi бойынша өз персоналдарының есебiнен немесе екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында әрекет ететiн және осы екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында сондай қызметтер көрсетуге өкiлеттi басқа да ұйымдардың, компаниялардың немесе авиакомпаниялардың қызметiн пайдалану жолымен қанағаттандырылуы мүмкiн.
      3. Өкілдерге және персоналдарға екiншi Уағдаласушы Тараптың қолданыстағы заңдары мен ережелерi таралады және осындай заңдар мен ережелерге сәйкес әрбiр Уағдаласушы Тарап өзаралық негiзiнде және аса көп кешеуiлдетпей осы баптың 1-тармағында аталған өкiлдер мен персоналға олардың жұмысына қажеттi рұқсат, жұмысқа орналасу үшiн визалар немесе басқа да сол сияқты құжаттар бередi.

8-бап
Заңдар мен ережелерді қолдану

      1. Бiр Уағдаласушы Тараптың аумағына халықаралық ұшуларға шығатын әуе кемелерiнiң ұшып келуiн және ұшып шығуын немесе оның аумағында осы әуе кемелерiнiң болуы кезiнде пайдаланылуын немесе навигациясын реттейтiн заңдар мен ережелер екiншi Уағдаласушы Тарап тағайындаған авиакәсiпорынның(дардың) әуе кемелерiне қолданылатын болады.
      2. Бiр Уағдаласушы Тараптың аумағына жолаушылардың, экипаждың, багаждың, жүктiң және поштаның келуiн, болуын және жөнелтiлуiн және соның iшiнде паспорт, кеден, валюта және санитарлық ережелерге қатысты формальдылықтарды реттейтiн заңдары мен ережелерi екiншi Уағдаласушы Тарап тағайындаған авиакәсiпорынның әуе кемелерi жолаушыларына, экипаждарына, жүгiне және поштасына олардың аталған аумақ шегiнде болуы кезiнде қолданылатын болады.
      Уағдаласушы Тараптардың азаматтарына қатысты, егер Уағдаласушы Тараптардың бiреуi немесе екi Уағдаласушы Тарап та басқаша шешiм қабылдамайтын болса, келудiң, болудың және жөнелтудiң оңайлатылған тәртiбi қолданылатын болады. Уағдаласушы Тараптар арасында екi Уағдаласушы Тарап үшiн де мiндеттi болып табылатын, осы тармақта аталған мәселелердi реттейтiн арнаулы келiсiмдер жасалған жағдайда осы Келiсiмнiң ережелерi қолданылатын болады.

9-бап
Куәліктер мен айғақ құжаттарды тану

      1. Ұшуға жарамдылығы туралы куәлiктердi, бiлiктiлiгi туралы айғақ құжаттарды және бiр Уағдаласушы Тарап берген немесе жарамды деп таныған куәлiктердi екiншi Уағдаласушы Тарап та жарамды деп танитын болады. Мұндай куәлiктер мен айғақ құжаттар берiлген немесе жарамды деп танылған жағдайда белгiленген маршруттарда келiсiлген әуе жолдары бойынша ұшуларды орындау мақсатында олар Конвенция белгiлеген стандарттарға сәйкес және олардың қолдану мерзiмi бiткен деп танылады.
      2. Әйтсе де Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы өз аумағының үстiмен ұшу кездерiнде екiншi Уағдаласушы Тараптың өз азаматтарына беретiн бiлiктiлiк туралы айғақ құжаттары мен куәлiктерiнiң жарамдылығын танудан бас тарту құқығын өзiнде қалдырады.

10-бап
Авиациялық қауіпсіздік

      1. Халықаралық құқықтан туындайтын өз құқықтары мен мiндеттемелерiне сәйкес Уағдаласушы Тараптар олардың бiр-бiрiне қатысты өздерiне алған азаматтық авиацияның қауiпсiздiгiн заңсыз қол сұғушылық актiсiнен қорғау мiндеттемесi осы келiсiмнiң ажырағысыз бөлiгiн құрайтынын растайды. Халықаралық құқық бойынша өздерiнiң құқықтары мен мiндеттемелерiнiң жалпы қолданушылығын шектемей, Уағдаласушы Тараптар Токиода 1963 жылғы 14-қыркүйекте қол қойылған Әуе кемелерi бортында жасалатын қылмыстар мен басқа да кейбiр актiлер туралы конвенцияның, Гаагада 1970 жылғы 16-желтоқсанда қол қойылған Әуе кемелерiн заңсыз басып алушылыққа қарсы күрес туралы конвенцияның, Монреалда 1971 жылғы 23-қыркүйекте қол қойылған Азаматтық авиация қауiпсiздiгiне қарсы бағытталған заңсыз актiлермен күрес туралы Конвенцияның және Монреалда 1988 жылғы 24-ақпанда қол қойылған Халықаралық азаматтық авиацияға қызмет көрсететiн әуежайлардағы заңсыз күш көрсету актiлерiне қарсы күрес туралы хаттаманың ережелерiне, Уағдаласушы Тараптар арасындағы қолданыстағы екi жақты келiсiмдердiң, сондай-ақ алдағы уақытта олардың арасында жасалатын келiсiмдердiң ережелерiне сәйкес әрекет ететiн болады.
      2. Уағдаласушы Тараптар бiр-бiрiне олардың өтiнiштерi бойынша әуе кемелерiн заңсыз басып алушылықты болдырмау үшiн және әуе кемелерiнiң, олардың жолаушылары мен экипаждарының, әуежайлар мен аэронавигациялық құралдардың қауiпсiздiгiне, сондай-ақ азаматтық авиация қауiпсiздiгiне төнетiн кез келген басқа да қатерге қарсы бағытталған өзге де заңсыз актiлердi болдырмау үшiн бiр-бiрiне қажеттi көмек көрсетедi.
      3. Уағдаласушы Тараптар мұндай ережелер мен талаптар Уағдаласушы Тараптарға қолдануға болатын деңгейде Халықаралық азаматтық авиация ұйымы белгiлеген және Халықаралық азаматтық авиация туралы Конвенцияның қосымшасында көзделген авиациялық қауiпсiздiк жөнiндегі ережелерге және техникалық талаптарға сәйкес әрекет ететiн болады.
      Олар өздерi тiркелген әуе кемелерiнiң пайдаланушылары, олардың негiзгi қызмет орны немесе тұрақты орналасқан жайы өздерiнiң аумағында болып табылатын әуе кемелерiнiң пайдаланушылары және олардың аумағындағы халықаралық әуежайлардың пайдаланушылары авиациялық қауiпсiздiк жөнiндегi осындай ережелерге және талаптарға сәйкес әрекет етуiн талап ететiн болады.
      4. Әрбiр Уағдаласушы Тарап осы екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағына келу, кету және болу үшiн көзделген, осы баптың 3-тармағында аталған авиациялық қауiпсiздiк жөнiндегi ережелер мен талаптардың сақталуын екiншi Уағдаласушы Тарап әуе кемелерiн осындай пайдаланушылардан талап ете алады деп келiседi. Әрбiр Уағдаласушы Тарап жолаушыларды отырғызуға дейiн немесе жүк артылғанға дейiн және соның кезiнде әуе кемелерiн қорғау үшiн және жолаушыларды, экипажды, қол жүгiн, багажды, жүк пен борт қорларын тексеру үшiн өзiнiң аумағы шегiнде тиiстi шаралардың қолданылуын қамтамасыз ететiн болады. Әрбiр Уағдаласушы Тарап сондай-ақ екiншi Уағдаласушы Тараптың нақты қатер төнген жағдайда арнаулы қауiпсiздiк шараларын қабылдау туралы кез келген өтiнiшiне түсiнiстiкпен қарайды.
      5. Азаматтық әуе кемелерiн заңсыз басып алушылықпен байланысты немесе әуе кемелерiнiң, олардың жолаушылары мен экипажының, әуежайлардың немесе аэронавигациялық құралдардың қауiпсiздiгiне қарсы бағытталған басқа да заңсыз актілерге байланысты оқиға болған немесе болу қатерi төнген жағдайда Уағдаласушы Тараптар мұндай оқиғаның немесе оның төну қатерiн тез арада және қауiпсiз түрде жолын кесу мақсатында байланыстарды жеңiлдету және тиiстi шаралар қолдану жолымен бiр-бiрiне көмектесетiн болады.
      6. Егер Уағдаласушы Тараптардың қайсы бiреуi екiншi Уағдаласушы Тарап осы баптың авиациялық қауiпсiздiк жөнiндегі ережелерiнен ауытқып отыр деп санауға жеткiлiктi негiз тапқан болса, осы Уағдаласушы Тараптың авиациялық билiк орындары екiншi Уағдаласушы Тараптың авиациялық билiк орындарымен тез арада консультация өткiзу туралы өтiнiш жасай алады.

11-бап
Экстремальды жағдайлар

      1. Бiр Уағдаласушы Тараптың авиакәсiпорыны әуе кемесiнiң екіншi Уағдаласушы Тарап аумағына қонуға мәжбүр болған, апатқа ұшыраған немесе басқа да оқиғалар болған жағдайда аумағында оқиға болған Уағдаласушы Тарап кешiктiрмей және барынша жедел түрде екiншi Уағдаласушы Тарапқа оқиға туралы, оқиғаның егжей-тегжейi мен жай-күйi туралы хабарлайды, оқиғаның болу себептерiн тексеру үшiн қажеттi шаралар қабылдайды, сондай-ақ экипаж бен жолаушыларға қажет болуы мүмкiн көмек көрсету жөнiнде жедел шаралар қабылдайды, осы әуе кемесiнiң және поштаның, багаж бен жүктің оқиғадан кейiнгi қалпында сақталуын қамтамасыз етедi және олардың одан әрi қарай тез арада тасымалдануын қамтамасыз етедi.
      2. Тiзбесiне әуе кемесi енгiзiлген Уағдаласушы Тарап екiншi Уағдаласушы Тараппен келiсiм бойынша авиациялық оқиғаны тексеруге қатыса алатын өз байқаушыларын тағайындауға құқылы болып табылады.

12-бап
Есеп айырысу, табыстарды аудару және тасымалдарды сату

      1. Тағайындалған авиакәсiпорындар арасындағы есеп айырысулар Уағдаласушы Тараптар арасындағы Есеп айырысулар мен төлемдер туралы қолданыстағы келiсiмдерге сәйкес Уағдаласушы Тараптар келiскен валютада жүргiзiлетiн болады.
      2. Әрбiр Уағдаласушы Тарап екiншi Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсiпорнына осы авиакәсiпорынның келiсiлген әуе жолдарын пайдаланудан алған шығыстарынан артық табыстар сомасын еркiн аудару құқығын бередi.
      3. Мұндай аударым Уағдаласушы Тараптар арасындағы қаржы қатынастарын реттейтiн келiсiмнiң ережелерiне сәйкес жүргiзiлуге тиiс. Мұндай келiсiм немесе осы келiсiмде тиiстi ережелер болмаған жағдайда аударым Уағдаласушы Тараптар қолданатын валюталық айырбас ережелерiне сәйкес ресми айырбас бағамы бойынша еркiн өтiмдi валютамен жүзеге асырылуға тиiс.
      4. Әрбiр Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсiпорны екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында осы екiншi Уағдаласушы Тараптың заңдарына немесе ережелерiне сәйкес авиатасымалдардың тiкелей немесе олар тағайындаған агенттер арқылы сатылуын жүзеге асыра алады.

13-бап
Салықтардан босату

      1. Бiр Уағдаласушы Тараптың тағайындаған авиакәсiпорнының екiншi Уағдаласушы Тарап аумағында келiсiлген әуе жолдарын пайдаланудан алған табыстарын осы екiншi Уағдаласушы Тараптың ережелерiне сәйкес қолданылуға тиiс немесе қолданылуы мүмкiн болатын салық салудан осы екiншi Уағдаласушы Тарап босататын болады.
      2. Авиабилеттерi мен авианакладнойларын қоса алғанда, бiр Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсiпорынының қажеттi құжаттары, сондай-ақ жарнамалық материалдары екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында барлық салықтар мен кеден баждарынан босатылатын болады.

14-бап
Ұшу көлемі мен кестесі

      1. Уағдаласушы Тараптардың тағайындалған авиакәсiпорындарына олардың тиiстi аумақтары арасында белгiленген маршруттар бойынша келiсiлген әуе жолдарын пайдаланудың әдiл және тең шарттары берiлетiн болады.
      2. Келiсiлген әуе жолдарын пайдалану кезiнде бiр Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсiпорны екiншi Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсiпорнының мүдделерiн ескеруге тиiс, бұл жағдайда тап осы маршрут немесе оның бiр бөлiгi бойынша авиажолын пайдаланып отырған соңғы авиакәсiпорынның тасымалдауларына зиян шектiрмейтiндей болуға тиiс. Осы мақсатта Уағдаласушы Тараптардың тағайындалған авиакәсiпорындары өзара бiрлескен пайдалану туралы немесе пул туралы келiсiмдер жасаса алады.
      3. Уағдаласушы Тараптардың тағайындалған авиакәсiпорындары қызмет көрсететiн келiсiлген әуе жолдары белгiленген маршруттар бойынша тасымалдауларда қоғамдық қажеттiлiктерге сәйкес келуге тиiс және әрбiр авиакәсiпорын өзiнiң бiрiншi кезектегi мiндетi ретiнде ақылға сыйымды жүк арту коэффициентiн ала отырып, олардың тиiстi аумақтары арасында жолаушылар, жүк және пошта тасымалдауларында қолданылып жүрген және лайықты көзделген қажеттiлiктерге сай келетiн көлем беруге тиiс.
      4. Егер Уағдаласушы Тараптардың авиациялық билiк орындары арасында басқаша келiсiлмеген болса, белгіленген маршруттардағы көлемдер iс жүзiнде әрбiр Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсiпорындары арасында кең түрде бөлiнуге тиiс.
      5. Әрбiр Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсiпорны ұшулар басталғанға дейiн 60 (алпыс) күннен кешiктiрмей екiншi Уағдаласушы Тараптың авиациялық билiк орындарына бекiту үшiн ұшу жиiлiгiн, әуе кемесiнiң түрiн, компоновкасы мен сатуға ұсынылған орындар санын көрсете отырып, көзделген ұшу кестесiн ұсынуға тиiс.
      6. Егер тағайындалған авиакәсіпорындар ұшу кестелерiн келiсуге қол жеткiзе алмайтын жағдайда бұл мәселе Уағдаласушы Тараптардың авиациялық билiк орындары арасында тiкелей шешiледi.
      7. Ұшу кестесi оны Уағдаласушы Тараптардың авиациялық билiк орындарының бекiтуiнсiз қолданысқа енгiзiле алмайды. Бекiтiлген штат кестесiне енгiзiлген кез келген келесi өзгерiстер Уағдаласушы Тараптардың авиациялық билiк орындарына бекiтуге ұсынылуға тиiс.

15-бап
Қызмет көрсету құралдары және алымдар

      1. Әрбiр Уағдаласушы Тарап әуежайлар мен басқа да авиациялық құралдарды пайдаланғаны үшiн мұндай алымдар осындай халықаралық әуе қатынасын жүзеге асыратын өзге авиакәсiпорындардың төлейтiн алымдарынан аспайтындай етiп әдiл және лайықты алымдар белгiлей алады немесе белгiлеуге рұқсат бере алады.
      2. Әрбiр Уағдаласушы Тарап оның алым жинайтын құзыреттi ұйымдары мен қызметтердi және құралдарды пайдаланатын тағайындалған авиакәсiпорындары арасында, ал бұл iс жүзiнде мүмкiн болатын жерде авиакәсiпорынның атынан өкiлдiк ететiн ұйымдар арқылы консультациялар өткiзуге жәрдемдесетiн болады. Алдын ала хабарлау мұндай өзгерiстер жасалғанға дейiн олар өз пiкiрлерiн бiлдiре алу үшiн қолданылып жүрген алымдардың өзгеруi туралы кез келген ұсыныс жөнiнде пайдаланушыларға алдын ала мәлiмдеме берілуге тиiс.
      3. Уағдаласушы Тараптардың ешқайсысы да тап сондай халықаралық әуе қатынасын жүзеге асырып отырған екiншi Уағдаласушы Тараптың авиакәсіпорнымен салыстырғанда оның өзiнiң немесе кез келген басқа авиакәсiпорынына кеден, иммиграция, карантиндiк және тағы басқа сондай ережелердi пайдалануда немесе әуежайларды, авиамаршруттарды, авиатасымалдауларына қызмет көрсетудiң құралдарын және оның бақылауындағы техникалық құралдарды пайдалануда артықшылықтар бермейдi.

16-бап
Ақпараттар мен статистикалық мәліметтер алмасу

      Бiр Уағдаласушы Тараптың авиациялық билiк орындары екiншi Уағдаласушы Тараптың авиациялық билiк орындарының сұрауы бойынша бiрiншi Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсiпорны келiсiлген әуе жолдарында атқаратын жүк тасымалдауларының көлемiн айқындау мақсатында лайықты түрде сұрастырылуы мүмкiн болатын статистикалық ақпаратты үздiксiз берiп отырады.

17-бап
Тікелей транзит

      Бiр Уағдаласушы Тараптың аумағы арқылы тiкелей транзит арқылы өтетiн және осы мақсат үшiн арналған әуежай ауданынан кетпейтiн жолаушылар, багаж және жүк, егер бұл авиациялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi шаралардан туындап жатпаса, тек оңайлатылған тексерiстен ғана өтедi.
      Тiкелей транзит арқылы өтетiн багаж бен жүктен кедендiк алымдар мен басқа да осындай салықтар алынбайтын болады.

18-бап
Тараптардың ынтымақтастығы

      1. Уағдаласушы Тараптар мынадай салаларда тығыз ынтымақтастық пен өзара бiрлескен iс-әрекеттi жүзеге асыратын болады:
      - әуе көлiгi саласындағы ғылыми-техникалық саясат;
      - авиакәсiпорындарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету;
      - авиация мамандарын оқыту және даярлық деңгейiне қойылатын бiрыңғай талаптарды әзiрлеу;
      - техникалық пайдалануға беру, авиациялық техниканы жөндеу және өзара жеткiзiлiм;
      - ауыл шаруашылығында авиациялық жұмыстарды орындау;
      - әуе кемелерi паркiн пайдалануға және авиациялық оқиғалар профилактикасына байланысты ақпарат алмасу.
      2. Ынтымақтастықтың аталған салаларына байланысты мәселелер Уағдаласушы Тараптар арасындағы немесе Уағдаласушы Тараптардың авиациялық билiк орындары арасындағы арнаулы келiсiмдердiң предметi болып табылады.

19-бап
Консультациялар

      Осы Келiсiмдi орындауға қатысты барлық мәселелер бойынша тығыз ынтымақтастықты қамтамасыз ету үшiн Уағдаласушы Тараптардың авиациялық билiк орындары арасында мезгiл-мезгiл консультациялар өткiзiлетiн болады.

20-бап
Дауларды шешу

      1. Осы Келiсiмдi түсіндiру немесе қолдану жөнiнде Уағдаласушы Тараптар арасында дау туындаған жағдайда Уағдаласушы Тараптар оны бiрiншi кезекте Уағдаласушы Тараптардың авиациялық билiк орындары арасындағы тiкелей келiссөздер жолымен шешуге болады.
      2. Егер аталған билiк орындары келiсiмге келе алмаған жағдайда дау дипломатиялық арналар арқылы шешiлетiн болады.
      3. Егер даудың реттелуi жоғарыда аталған жолдар арқылы шешiлмейтiн болса, онда дау Уағдаласушы Тараптардың кез келгенiнiң сұрауы бойынша үш арбитрден тұратын, олардың екеуiн Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы, ал үшiншiсiн - екi тағайындалған арбитр тағайындайтын соттың (осы арада және бұдан әрi қарай "Төрелiк сот") қарауына берiлетiн болады.
      4. Әрбiр Уағдаласушы Тарап бiр Уағдаласушы Тараптың екiншiсiнен дипломатиялық арна арқылы дауды Төрелiк сотта қарауға салған сұрауын алған күннен бастап 60 (алпыс) күннiң iшiнде арбитрдi тағайындауды және үшiншi арбитр келесi 60 (алпыс) күннің iшiнде тағайындалады. Егер Уағдаласушы Тараптардың кез келгенi арбитрдi аталған мерзiм iшiнде тағайындай алмаса немесе үшiншi арбитр аталған мерзiм iшiнде тағайындалмаған болса, жағдайларға орай арбитрдi немесе арбитрлердi тағайындау туралы Уағдаласушы Тараптардың кез келгенi Халықаралық азаматтық авиация ұйымының Кеңесi Президентiне өтiнiш жасай алады.
      5. 4-тармақ ережелерiне сәйкес тағайындалған үшiншi арбитр үшiншi мемлекеттің азаматы болуға және Төрелiк сот Төрағасының мiндеттерiн атқаруға тиiс.
      6. Төрелiк сот өзiнiң процедурасын өзi айқындайды.
      7. Арбитрлерге кететiн шығынды қоса алғанда, Төрелiк соттың шығындары Уағдаласушы Тараптар арасында теңдей етiп бөлiнедi.
      8. Уағдаласушы Тараптар соттың аралық немесе ақырғы шешiмiне сәйкес әрекет етуге тиiс.
      9. Егер Уағдаласушы Тараптардың кез келгенi тiптi осы баптың ережелерiне сәйкес қабылданған Төрелiк соттың шешiмiн орындамайтын болса, онда екiншi Уағдаласушы Тарап осы Келiсiмге сәйкес мiндеттемелерiн орындамаған Уағдаласушы Тарапқа өзiнiң берген құқықтары мен артықшылықтарын шектей алады, тоқтата алады немесе керi шақырып ала алады.

21-бап
Келісімді өзгерту

      Егер Уағдаласушы Тараптардың бiреуi осы Келiсiмнiң ережелерiн немесе оның Қосымшасын өзгертуге ұсыныс жасайтын болса, Уағдаласушы Тараптардың авиациялық билiк орындары арасында енгiзiлуi мүмкiн өзгерiске байланысты консультациялар өткiзiлетiн болады. Егер Уағдаласушы Тараптардың авиациялық билiк орындары бұл мерзiмдi ұзарту туралы өзара келiспеген болса, консультациялар оларды өткiзу туралы сұрау салынған күннен бастап алпыс (60) күннiң iшiнде басталуға тиiс. Келiсiмге түзетулер олардың қабылданғаны туралы дипломатиялық арналар бойынша ноталар алмасу жолымен расталған соң күшiне енедi. Қосымшаға түзетулер Уағдаласушы Тараптардың авиациялық билiк орындары арасындағы өзара келiсiм бойынша қабылдана алады.

22-бап
Келісімді тіркеу

      Уағдаласушы Тараптар осы Келiсiмдi және оған кез келген түзетулердi Халықаралық азаматтық авиация ұйымында тiркейтiн болады.

23-бап
Келісімнің қолданысын тоқтату

      1. Осы Келісім беймәлім мерзімге жасалды.
      2. Әрбір Уағдаласушы Тарап кез келген уақытта дипломатиялық арналар арқылы екінші Уағдаласушы тарапқа осы Келісімнің қолданысын өзінің тоқтатқысы келетіні туралы мәлімдей алады. Мұндай жағдайда егер Келісімнің қолданысын тоқтату туралы аталған мәлімдеме Тараптардың өзара келісуі бойынша осы кезең аяқталғанға дейін кері шақырып алынбайтын болса, Келісімнің қолданысы екінші Уағдаласушы Тараптың осындай мәлімдемені алған күнінен бастап он екі айдан соң тоқтатылады.

24-бап
Күшіне енуі

      Осы Келісім бекітуге жатады және Уағдаласушы Тараптар бекіту грамоталарымен алмасқан күннен бастап күшіне енеді.
      Алматы қаласында 1997 жылы 27 ақпанда екі түпнұсқа данада әрқайсысы қазақ, түрікмен және орыс тілдерінде жасалды, сондай-ақ барлық мәтіндер бір-бірімен сәйкес. Егер осы Келісімнің баптары мен ережелерін түсіндіруде дау туатын болса, орыс тіліндегі мәтін негізге алынатын болады.

      Қазақстан Республикасының            Түркіменстан
         Үкіметі үшін                       Үкіметі үшін

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркіменстан Үкіметі
арасындағы Әуе қатынасы туралы келісімге
Қосымша

      1. Қазақстан Республикасының тағайындалған авиакәсіпорны екі бағытта да пайдаланатын маршруттар:

      Қазақстан         Аралық     Түркіменстандағы     Тысқарыдағы
   Республикасындағы    пункттер         пункттер          пункттер
      пункттер

      2. Түркіменстанның тағайындалған авиакәсіпорны екі бағытта да пайдаланатын маршруттар:

      Түркіменстандағы     Аралық       Қазақстан         Тысқарыдағы
      пункттер          пункттер  Республикасындағы     пункттер
                                        пункттер

      Ескерту:
      Әрбір Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорыны коммерциялық құқықтарын пайдаланбай-ақ кез келген аралық пунктті және тысқарыдағы пунктті пайдалана алады. Коммерциялық құқықтар беру Уағдаласушы Тараптардың авиациялық билік орындары арасындағы келіссөздер жолымен шешілетін болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады