Бір жағынан, Қазақстан Республикасының Үкіметі және екінші жағынан, Бельгия-Люксембург Экономикалық Одағы арасындағы Инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 1999 жылғы 30 желтоқсан N 23-ІІ


     Алматыда 1998 жылғы 16 сәуірде жасалған Бір жағынан, Қазақстан 
Республикасының Үкіметі және екінші жағынан, Бельгия-Люксембург 
Экономикалық Одағы арасындағы Инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау 
туралы келісім бекітілсін.
     
     Қазақстан Республикасының
             Президенті 
     
     
           Бiр жағынан, Қазақстан Республикасының Yкiметi және
     екiншi жағынан, Бельгия-Люксембург Экономикалық Одағы арасындағы
           Инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы 
                              Келісім* 
     
     *(2001 жылғы 6 ақпанда күшіне енді - ҚР халықаралық шарттары 
                   бюллетені, 2002 ж., N 1, 5-құжат) 
     


      Бiр жағынан, Қазақстан Республикасының Yкiметi және екiншi жағынан, жасалған келiсiмдер арқылы өз атынан және Ұлы Люксембург Герцогтығының Үкiметi атынан әрекет ететiн Бельгия Корольдiгiнiң Үкiметi, Валлония Үкiметi, Фландрия Үкiметi және Брюссель аймағының Yкiметi (бұдан әрi

"Уағдаласушы Тараптар" деп аталатын), 
     бiр Уағдаласушы Тарап азаматтарының екiншi Уағдаласушы Тарап 
аумағындағы инвестициялары үшiн қолайлы жағдайлар жасау арқылы өздерiнiң 
экономикалық ынтымақтастығын нығайтуды көздей отырып, 
     төмендегiлер жөнiнде келiстi:
     
                                 1-бап
                              Айқындамалар 
     
     Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн:
     1. "Инвесторлар" терминi:


      а) Қазақстан Республикасының, Бельгия Корольдiгiнiң немесе Ұлы Люксембург Герцогтығының заңдарына сәйкес, тиiсiнше Қазақстан Республикасының, Бельгия Корольдiгiнiң немесе Ұлы Люксембург Герцогтығының азаматы болып табылатын "азаматтарды", яғни кез келген жеке тұлғаны;
      ә) "компаниялар"- Қазақстан Республикасының, Бельгия Корольдiгiнiң немесе Ұлы Люксембург Герцогтығының заңдарына сәйкес құрылған және тиiсiнше Қазақстан Республикасының, Бельгия Корольдiгiнiң немесе Ұлы Люксембург Герцогтығының аумағында оның iстерiн басқару органы орналасқан жерi бар кез келген заңды тұлғаны бiлдiредi.
      2. "Инвестициялар" терминi активтердiң кез келген түрiн және экономикалық қызметтiң кез келген секторына инвестицияланған немесе қайта инвестицияланған қолма-қол ақшалай, заттай түрдегi немесе қызметтердегi кез келген үлестi бiлдiредi.
      Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн инвестициялар болып, атап айтқанда, бiрақ тек қана бұлар емес, келесiлер саналатын болады:
      а) қозғалмалы және қозғалмайтын мүлiк пен ипотека, ұстау құқығы, кепiлдемелер, узуфрукт сияқты және осыған ұқсас кез келген басқа да құқықтар;
      ә) акциялар, акционерлiк құқықтар және Уағдаласушы Тараптың бiрiнiң аумағында құрылған компанияларға қатысудың кез келген басқа да нысандары;
      б) облигациялар; ақшалай талаптар және экономикалық құндылығы бар кез келген орындауға деген талаптар;
      в) авторлық құқықтар, өнеркәсiптiк меншiк құқықтары, техпроцестер, сауда белгiлерi және "гудвилл";
      г) табиғи ресурстарды барлауға, игеруге, өндiруге немесе пайдалануға берiлген концессияларды қоса алғанда көпшiлiк заңдарға сәйкес немесе шартқа сай концессиялар.
      "Инвестициялар" терминi, сондай-ақ Уағдаласушы Тараптың бiрiнiң инвесторлары екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында екiншi мемлекетте құрылған, оған бiрiншi Уағдаласушы Тараптың инвесторлары шешушi бақылауды жүзеге асыратын ұйым арқылы жүзеге асырған тiкелей емес инвестицияларға да қатысы бар.
      Активтер мен капитал инвестицияланған немесе қайта инвестицияланған құқықтық нысанның өзгеруi олардың "инвестициялар" ретiндегi осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн айқындамасына әсерiн тигiзбейдi.
      3. "Табыстар" терминi инвестициядан түскен пайданы бiлдiредi және атап айтқанда, бiрақ бұлар ғана емес, кiрiстi, проценттердi, капиталдың өсiмiн, дивидендтердi, роялтидi және төлемдердi қамтиды.
      4. "Аумақ" терминi Қазақстан Республикасының аумағына және Бельгия Корольдiгiнiң аумағына, Люксембург Ұлы Герцогтығының аумағына, сондай-ақ теңiз аймақтарына, яғни тиiстi мемлекеттердiң аумақтық суларынан тыс жерлердегi және табиғи ресурстарды барлау, пайдалану және сақтау мақсаттары үшiн оларға халықаралық құқыққа сәйкес соңғылардың егемендi құқықтары мен олардың юрисдикциясының күшi жүретiн теңiз және су асты аудандарына қолданылады.

                           2-Бап
                 Инвестицияларды көтермелеу

      1. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы оның аумағында екiншi Уағдаласушы Тарап инвесторлары жүзеге асырған инвестицияларды көтермелейдi және мұндай инвестицияларға өзiнiң заңдарына сәйкес рұқсат беретiн болады.
      2. Атап айтқанда, әрбiр Уағдаласушы Тарап қызметтiң мұндай түрлерi қаншалықты осындай инвестициялармен байланысты болғандығына қарай коммерциялық, әкiмшiлiк немесе техникалық көмек жөнiндегi лицензиялық шарттар мен келiсiмдер жасасуға және оларды орындауға рұқсат бередi.

                         3-Бап
              Инвестицияларды қорғау

      1. Уағдаласушы Тараптың бiрiнiң инвесторлары жүзеге асырған барлық тiкелей немесе тiкелей емес инвестицияларға екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында әдiл және теңдей режим берiлетiн болады.
      Әрбiр Уағдаласушы Тарап екiншi Уағдаласушы Тарапқа қатысты өзiнiң мiндеттемелерiн барлық уақытта қамтамасыз ететiн болады.
      2. Қоғамдық тәртiптi сақтау үшiн қажеттi шараларды қоспағанда, мұндай инвестицияларға тұрақты қорғау және қауiпсiздiк жасалады, яғни заң бойынша немесе iс жүзiнде оларды басқаруға, жұмсауға, пайдалануға, иеленуге немесе таратуға кедергi келтiруi мүмкiн, ешқандай да ақталмаған немесе қысым көрсету шараларына жол берiлмейтiн болады.
      3. 1- және 2-параграфтарда айтылып отырған режим мен қорғау ең болмағанда үшiншi Мемлекеттiң инвесторларына жасалатын режимге теңдей болады және ешбiр жағдайда олардың қолайлылығы халықаралық құқыққа сәйкес танылған режим мен қорғаудың қолайлылығынан кем бола алмайды.
      4. Бiрақ аталған режимнiң күшi Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң үшiншi Мемлекеттiң инвесторларына еркiн сауда аймағына, кедендiк одаққа, ортақ рынокқа немесе аймақтық экономикалық ұйымның кез келген басқа нысанына бiрлесiп қатысуымен байланысты жасайтын артықшылықтарына жүрмейдi.

                           4-Бап
                  Меншіктен айыру және шектеу

      1. Әрбiр Уағдаласушы Тарап екiншi Уағдаласушы Тарап инвесторларының олардың инвестицияларына, түптеп келгенде тiкелей немесе жанама түрде айыратын, өз аумағындағы экспроприациялау немесе мемлекет меншiгiне алу жөнiндегi ешқандай да немесе кез келген басқа да шараларды қабылдамауға мiндеттенедi.
      2. Егер қоғамдық мәндегi, қауiпсiздiктегi немесе ұлттық мүдделер тұрғысынан пайымдаулар 1-шi параграфтың ережелерiн бұзуды талап ететiн болса, келесi шарттар сақталатын болады:
      а) шаралар белгiленген заңды тәртiпке сәйкес қабылданатын болады;
      ә) шаралар қысым көрсетушiлiк болмайды және ешқандай нақты мiндеттемелерге қайшы келмейтiн болады;
      б) шаралар баламалы төлем және тиiмдi өтемақы туралы ережелермен қоса жүргiзiлетiн болады.
      3. Мұндай өтемақы шаралар қабылданған немесе бұлар туралы белгiлi болғанға дейiн бiр күн бұрын инвестициялардың қолданыстағы бағасына тең болады.
      Мұндай өтемақы инвестор азаматы болып табылатын мемлекет валютасына немесе кез келген өзге өтiмдi валютада төленген. Ол кiдiрiссiз төленетiн болады және еркiн аударуға жатады. Өтемақыға әдеттегi коммерциялық ставка бойынша төлем күнiне дейiн оның сомасы анықталған күннен бастап проценттер кiредi.
      4. Уағдаласушы Тараптың бірiнiң екiншi Уағдаласушы Тарап аумағындағы инвестицияларына соғыстың немесе басқа да қарулы жанжалдың, революцияның, төтенше жағдайдың немесе азаматтық қақтығыстардың нәтижесiнде зиян келтiрiлген инвесторларына екiншi Уағдаласушы Тарап реституцияға, өтемақыға, есесiн толтыруға немесе басқаны реттеуге қатысты ол ең болмағанда мейлiнше қолайлы жағдайдағы ұлттың инвесторларына жасайтын режимге теңдейiн жасайды.
      5. Осы Баппен реттелген мәселелерге қатысты әрбiр Уағдаласушы Тарап екiншi Уағдаласушы Тараптың инвесторларына ең болмағанда оның аумағындағы мейлiнше қолайлы жағдайдағы ұлттың инвесторларына жасайтын режимге теңдейiн жасайды. Бұл режимнiң қолайлылығы ешбiр жағдайда халықаралық құқық бойынша танылғанының қолайлылығынан кем болмайды.

                         5-Бап
                      Аударымдар

      1. Әрбiр Уағдаласушы Тарап екiншi Уағдаласушы Тараптың инвесторларына өз аумағына және ол жақтан өз заңдарына сәйкес инвестицияларға қатысты барлық төлемдердiң еркiн аударылымын қамтамасыз ететiн болады, солардың қатарына келесiлер кiредi:
      а) инвестицияны Тағайындау, iске асыру немесе ұлғайту үшiн қажеттi сомалар;
      ә) заемдарды өтеу, роялти және лицензиялардан, франшиздерден, концессиялардан және басқа да осындай құқықтардан туындайтын басқа да төлемдер үшiн қажет сомаларды қоса алғанда контракт бойынша төлемдер үшiн қажеттi сомалар;
      б) инвестициялардан түскен пайда;
      в) капиталдық мүлiктi сатудан немесе инвестицияланған капиталды ұлғайтудан түскен капиталдың кiрiстерiн қоса алғанда инвестицияларды толық немесе iшiнара жоюдан түскен пайда;
      г) 4-Бапқа сәйкес төленетiн өтемақы.
      2. Екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында инвестицияларға байланысты жұмыс iстеуге рұқсат алған әрбiр Уағдаласушы Тараптың азаматтары да өз жалақыларының тиiстi бөлiгiн өзiнiң елiне аударуға рұқсат алады.
      3. Аударымдар қолданылып жүрген валютада қолда бар тауарлардың мәмлесiне аударым күнi қолданылатын бағам бойынша еркiн өтiмдi валютада жүзеге асырылатын болады.
      4. Әрбiр Уағдаласушы Тарап әдеттегi салықтар мен шығындардан басқа қажетсiз кiдiртулер, басқа да шығындарсыз аударымдарды жүзеге асыру үшiн қажеттi рұқсаттарды беретiн болады.
      5. Осы Бапта айтылып отырған кепiлдiктер ең болмағанда мейлiнше қолайлы жағдайдағы ұлт режимiнiң күшi жүретiн мемлекеттiң инвесторларына жасалатын кепілдiктерге тең болады.

                         6-Бап
                      Суброгация

      1. Егер Уағдаласушы Тараптың бiрi немесе оның қайсыбiр мемлекеттiк мекемесi инвестицияны қамтитын кепiлдiктiң шеңберiнде меншiктi инвесторларына өтемақыны төлейтiн болса, екiншi Уағдаласушы Тарап бiрiншi Уағдаласушы Тарапқа немесе оның тиiстi мемлекеттiк мекемесiне инвестордың құқықтарының берiлгенiн танитын болады.
      2. Табыс етiлген құқықтарға қатысты екiншi Уағдаласушы Тарап сақтандырылған инвесторлардың құқықтарына енгiзiлген сақтандырушыдан заң немесе контракт бойынша соңғылардың мiндеттемелерiн орындауды талап етуге құқылы болады.

                          7-Бап
                Қолданылатын ережелер

      Егер инвестициялардың мәселелерi осы Келiсiммен, сондай-ақ Уағдаласушы Тараптың бiрiнiң ұлттық заңдарымен немесе қазiргi бар не болмаса кейiнгi халықаралық конвенциялармен реттелетiн болса, екiншi Уағдаласушы Тараптың инвесторлары мейлiнше қолайлы болып табылатын

ережелердi қолдануға құқылы.
     
                         8-Бап
     Мейлінше қолайлы жағдайдағы ұлттың принципі
     
     Инвестициялардың режимiне қатысты барлық мәселелер бойынша әрбiр 
Уағдаласушы Тараптың инвесторлары екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында 
мейлiнше қолайлы жағдайдағы ұлттың режимiн пайдаланады.
     
                         9-Бап
                 Ерекше келісімдер
     
     Уағдаласушы Тараптың бiрi мен екiншi Уағдаласушы Тарап 
инвесторларының арасында жасалған ерекше келiсiмге сәйкес жүзеге асырылған 
инвестициялар осы Келiсiмге, сондай-ақ ерекше келiсiмнiң де ережелерiмен 
көзделуге тиiс.


      Ерекше келiсiм бiрiншi Уағдаласушы Тараптың аумағындағы нақты инвестицияларға қатысты Уағдаласушы Тарап пен екiншi Уағдаласушы Тарап инвесторының арасындағы келiсiмдi бiлдiредi.

                        10-Бап
          Инвестициялық дауларды шешу

      1. Бiр Уағдаласушы Тараптың инвесторы мен екiншi Уағдаласушы Тараптың арасындағы кез келген дау туралы аталған мәселенi бiрiншi болып көтерген тарап жазбаша түрде хабарлайтын болады. Хабарлама мәселенің жеткiлiктi егжей-тегжейлi жағдайын көрсеткен жазбамен бiрге жiберiледi.
      Тараптар бұл қажет болған жағдайда, мейлiнше қысқа мерзiм iшiнде үшiншi тарап сарапшысының консультацияларын ала отырып, дауды келiссөздер жолымен немесе Уағдаласушы Тараптар арасындағы дипломатиялық арналар арқылы ымыраластыру жолымен шешу үшiн шаралар қабылдайды.
      2. Келiссөздердi бастауға жазбаша ұсыныс берiлген күннен бастап алты ай iшiнде тiкелей келiсiмге қол жеткiзу арқылы келiссөздер жолымен немесе дипломатиялық арналар арқылы ымыраластыру процедурасы жолымен дауды шешу мүмкiн болмаған жағдайда дау - Мемлекеттiк құзiреттi сот органына немесе халықаралық төрелiк сотқа қарауға берiледi.
      Бұл мақсат үшiн әрбiр Уағдаласушы Тарап алдын-ала және мiндеттi түрде дауды төрелiк сотта қарау жолымен шешуге келiсiмiн бередi. Мұндай келiсiм екi Тарап та құқық қорғаудың барлық әкiмшiлiк немесе соттық құралдарын талап ету құқығынан бас тартатынын бiлдiредi.
      3. Халықаралық сот жағдайында дау оның шешілуi үшiн төменде аталған ұйымдардың бiрiне - инвестордың таңдауы бойынша:
      - БҰҰ Халықаралық Сауда Заңдары жөнiндегi комиссиясы белгiлеген төрелiк сотта қарау ережелерiне сәйкес әрбiр жекелеген жағдайда тағайындалатын төрелiк сотқа (UNСIТRАL);
      - әрбiр мемлекет - осы Келiсiмдегi Тарап - аталған Конвенцияның қатысушысы болатын 1965 жылғы 18 наурызда Вашингтонда қол қою үшiн ашық болып табылатын мемлекеттер мен екiншi бiр мемлекеттер азаматтарының арасындағы инвестициялық дауларды шешу жөнiндегi халықаралық орталыққа (ICSID) қарау үшiн тапсырылады.
      Осы талап орындалмаған жағдайда әрбiр Уағдаласушы Тарап бұл дауды қарау Инвестициялық дауларды реттеу жөнiндегi халықаралық орталықтың қосымша өкiлеттiктерi туралы ережеге сәйкес төрелiк сотқа:
      - Париждегi Халықаралық Сауда Палатасының Төрелiк Сотына;
      - Стокгольмдегi Сауда Палатасының Төрелiк Сот Институтына берiлетiндiгiмен келiседi.
      Егер Төрелiк Сот қарауының процедурасы Уағдаласушы Тараптың инициативасы бойынша басталған болса, аталған Уағдаласушы Тарап жазбаша түрде дауға тартылған инвесторға сол дау қарауға тапсырылатын төрелiк сот ұйымын тағайындауға өтiнiш жасайды.
      4. Дауласушы тарап болып табылатын Уағдаласушы Тарап аралық сот процедурасының немесе сот шешiмiн орындаудың кез келген сатысында инвестордың сақтандыру саясаты немесе осы Келiсiмнiң 6-бабында көзделген кепiлдiкке сәйкес келтiрiлген зиянның барлығын немесе бiр бөлiгiн қамтитын сақтандыру шартының нәтижесiнде өтем алған фактiсiне жүгiне алмайды.
      5. Аумағында инвестициялар жүзеге асырылған дауға тартылған Уағдаласушы Тараптың құқықтық нормалар коллизиясына жататын нормаларды қоса алғанда, Төрелiк сот iшкi мемлекеттiк құқық негiзiнде, сондай-ақ осы Келiсiм ережелерiнiң, инвестицияларға қатысты жасалуы мүмкiн айрықша келiсiм шарттардың және халықаралық құқық принциптерiнiң негiзiнде шешiм қабылдайды.
      6. Төрелiк сот шешiмдерi дауласушы Тараптар үшiн ақырғы шешiм және орындауға мiндеттi болып табылады. Әрбiр Уағдаласушы Тарап шешiмдердi өзiнiң iшкi мемлекеттiк заңдарына сәйкес орындауға мiндеттi.

                     11-Бап
       Уағдаласушы тараптар арасындағы осы келісімді
         түсіндіруге және қолдануға қатысты даулар

      1. Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруге және қолдануға байланысты даулар мүмкiндiгiнше дипломатиялық арналар арқылы шешiлетiн болады.
      2. Егер дауды дипломатиялық арналар арқылы шешу мүмкiн болмаса, ол екi Тарап өкiлдерiнiң бiрiккен комиссиясының қарауына тапсырылады. Аталған комиссия осы мәселенi бiрiншi болып көтерген тараптың өтiнiшi бойынша себепсiз кешеуiлдетпей жиналатын болады.
      3. Егер бiрiккен комиссия дауды шеше алмайтын болса, Уағдаласушы Тараптардың кез келгенiнiң өтiнiшi бойынша ол әрбiр нақты жағдайда төмендегiше құрылатын төрелiк соттың қарауына берiледi;
      Әрбiр Уағдаласушы Тарап бiр Уағдаласушы Тараптың екiншi Уағдаласушы Тарапқа өзiнiң дауды төрелiк сотқа беру ниетi туралы мәлiмдемесiнен кейiн екi ай мерзiм iшiнде бiр-бiр арбитрден сайлайды.
      Олар сайланғаннан кейiнгi екi ай мерзiм iшiнде төрағаны таңдауға қатысты келiсiмге келе алмаса, оны Уағдаласушы Тараптардың кез келгенiнiң өтiнiшi бойынша Халықаралық Соттың Президентi тағайындайды.
      Егер Халықаралық соттың Президентi Уағдаласушы Тараптың бiреуiнiң немесе Уағдаласушы Тараптардың бiреуiнiң дипломатиялық қатынастары жоқ мемлекеттiң азаматы болып табылса немесе басқа себеппен ол аталған мiндеттердi орындай алмайтын болса, бұндай тағайындауды жүргiзу Халықаралық Соттың Вице-Президентiне берiледi.
      Егер Вице-Президент аталған мiндеттердi орындай алмайтын болса немесе ол Уағдаласушы Тараптардың бiреуiнiң азаматы болып табылса, онда тағайындауды Уағдаласушы Тараптардың ешқайсысының азаматы болып табылмайтын Халықаралық Соттың дәрежесi жағынан ең жоғары тұрған соты жүргiзетiн болады.
      4. Уағдаласушы Тараптар арасындағы өзге қаулыларды бұзбастан, Төрелiк сот өзiнiң процедуралық тәртiптерiн белгiлейдi. Төрелiк Сот шешiмдердi көпшiлiк дауыспен қабылдайды: олар Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы үшiн ең ақырғы және орындауға мiндеттi болып табылады.
      5. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы арбитрдi қаржыландыру жөнiндегi шығындарды көтередi. Yшiншi арбитрдi тағайындауға байланысты және соттың әкiмшiлiк шығындарын Уағдаласушы Тараптар теңдей бөлiп төлейдi.
      Алайда, сот шешiмiнде Уағдаласушы Тараптардың бiрiне көбiрек үлес

белгiлеу жөнiнде шешiм шығара алады және бұл шешiм екi Уағдаласушы Тарапқа 
да мiндеттi болып табылады.
     
                        12-Бап
              Бұрынғы инвестициялар
     
     Осы Келiсiм күшiне енген сәттен бастап, бiр Уағдаласушы Тараптың 
екiншi Уағдаласушы Тарап аумағында соңғысының заңдары мен ережелерiне 
сәйкес 1991 жылдың желтоқсанынан бастап жүзеге асырған инвестицияларын да 
қамтиды.
     
                        13-Бап
          Күшіне енуі және қолданылу мерзімі
     


      1. Осы Келiсiм Уағдаласушы Тараптар бекiту грамоталарымен алмасқан күннен бастап кiдiрмей күшiне енедi. Келiсiм он жыл бойы қолданыста болады.
      Егер осы Келiсiм қолданысының мерзiм бiткенге дейiн кемiнде алты айдың iшiнде Уағдаласушы Тараптардың қандай да бiреуiне оның қолданылу мерзiмiнiң тоқтатылғаны туралы мәлiмдеме берiлмеген болса, осы Келiсiмнiң қолданысы әрбiр ретте он жылдық мерзiмге келесi кезеңге өздiгiнен ұзартылады, сонымен бiрге әрбiр Уағдаласушы Тарапта iс жүзiндегi қолданыс мерзiмiнiң аяқталуына дейiн кемiнде алты ай бұрын беретiн мәлiмдемесi арқылы Келiсiмнiң қолданыс мерзiмiн тоқтату құқығы сақталады.
      2. Осы Келiсiм қолданысының тоқтатылуына дейiн жүзеге асырылған инвестицияларға байланысты осы Келiсiмнiң бұрынғы барлық баптарының ережелерi оның қолданысы тоқтатылған сәттен бастап 10 жыл бойы күшiнде қала бередi.
      3. Осы Келiсiмге Тараптар арасындағы жазбаша келiсу бойынша түзетулер енгiзiлуi мүмкiн. Егер Тараптардың әрқайсысы екiншi Тарапқа өзiнiң осындай түзетулердiң күшiне енуiне кедергi келтiретiн барлық нысандылықты реттегенi туралы хабарлаған болса, кез келген түзетулер күшiне енуi тиiс.
      Осыны куәландыру үшiн бiз, тиiстi түрде өкiлеттiк алған өкiлдер,

осы Келiсiмге қол қойдық.
     
     Алматыда 1998 жылғы, 16 сәуірде, екі түпнұсқа данада, әрқайсысы, 
қазақ, француз, голланд, орыс және ағылшын тілдерінде жасалды, сондай-ақ 
барлық мәтіндердің күші бірдей.
     Осы Келісім ережелерін түсіндіруде пікір алшақтықтары туындаған 
жағдайда Уағдаласушы тараптар ағылшын тіліндегі мәтінді басшылыққа алатын 
болады.
     
     Қазақстан Республикасының        Бельгия-Люксембург
           Үкіметі үшін              Экономикалық Одағы үшін


                                    Өз атынан және Ұлы Люксембург 

Герцогтығының атынан әрекет ететін Бельгия Корольдігінің Үкіметі үшін:

                                    Валлония Үкіметі үшін



                                    Фландрия Үкіметі үшін



                                    Брюссель аймағының Үкіметі үшін




      Мамандар:
        Қасымбеков Б.А.
        Икебаева Ә.Ж.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады