Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 2022 жылғы 21 желтоқсандағы № 653-VII ПМ қаулысы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы Қаулы 01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Регламентінің 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 1996 жылғы 8 ақпандағы Қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Регламентіне өзгерістер мен толықтырулар қабылдансын.

      2. Осы Қаулы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің Төрағасы
Е. ҚОШАНОВ

  Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің
2022 жылғы 21 желтоқсандағы
№ 653-VII ПМ Қаулысымен
қабылданды

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Регламентіне өзгерістер мен толықтырулар

      1) 2-тармақтың бірінші бөлігіндегі "Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес интернет-ресурста" деген сөздер "Мәжілістің интернет-ресурсында" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) 3-тармақтың бірінші бөлігіндегі "жүз жеті" деген сөздер "тоқсан сегіз" деген сөздермен ауыстырылсын;

      3) 5-тармақта:

      екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мәжілістің жалпы отырыстары сәрсенбі және бейсенбі күндері 13 сағат 00 минуттан 15 сағат 00 минутқа дейін үзіліспен сағат 10-нан 18-ге дейін өткізіледі.";

      алтыншы бөліктегі "Мәжiлiс ғимаратында өткiзiлетiн өзге де республикалық iс-шаралар -" деген сөздер алып тасталсын;

      4) 6-3-тармақтың бірінші бөлігіндегі "электрондық жүйенiң қолданылуын бақылау жөнiндегi уақытша комиссияны" деген сөздер "Электрондық жүйенiң пайдаланылуын бақылау жөнiндегi комиссияны" деген сөздермен ауыстырылсын;

      5) 9-тармақта:

      алтыншы бөліктегі "хатшының" деген сөз "кеңесшінің" деген сөзбен ауыстырылсын;

      сегізінші бөлік алып тасталсын;

      6) 11-тармақтың екінші бөлігіндегі "хатшы" деген сөз "кеңесші" деген сөзбен ауыстырылсын;

      7) 12-тармақтағы "автоматтандырылған жүйеде" деген сөздер "Мәжілістің интернет-ресурсында" деген сөздермен ауыстырылсын;

      8) 17-тармақ алып тасталсын;

      9) 18-тармақтағы "заң жобалары", "даусымен мақұлданады" деген сөздер тиісінше "заңдар", "даусымен қабылданады" деген сөздермен ауыстырылсын;

      10) 19-тармақтың алтыншы бөлігіндегі "Мәжiлiстiң электрондық жүйенiң пайдаланылуын бақылау жөнiндегi уақытша комиссиясы" деген сөздер "Электрондық жүйенiң пайдаланылуын бақылау жөніндегі комиссия" деген сөздермен ауыстырылсын;

      11) 3-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-тарау. Парламент Мәжілісінің заң шығару қызметі

      1-параграф. Заң жобаларының өту тәртібі";

      12) 25-тармақ алып тасталсын;

      13) 26 және 27-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "26. Қағаз және электрондық жеткiзгiштердегi заң жобасы қажеттi қосымшаларымен (заң жобасы жөнiндегi материалдармен) бiрге Мәжiлiске қазақ және орыс тiлдерiнде енгiзiледi. Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабы 2-тармағының екінші бөлігінде көзделген тәртіппен Үкімет енгізген, тіркелетін және Палата басшылығына дереу жіберілетін заң жобаларын қоспағанда, заң жобасы бойынша ұсынылған материалдардың осы Регламенттiң 27-тармағында белгiленген құжаттар тiзбесiне сәйкестiгiн, сондай-ақ олардың қазақ және орыс тiлдерiндегi мәтiндерiнiң сәйкестiгiн, оның ішінде мәтіндердің теңтүпнұсқалығы тұрғысынан алдын ала тексеру нәтижелерi бойынша оң қорытынды болған кезде ол бес жұмыс күнi iшiнде Палатаның Аппаратында тiркеледі және Палата басшылығына жiберiледi.

      Заң жобасының бастамашысы ұсынған заң жобасының мәтіні және оның материалдары автоматтандырылған жүйеде және Мәжілістің интернет-ресурсында орналастырылады.";

      "27. Заң жобасы бойынша ұсынылатын материалдар:

      1) егер жобаны Үкiмет енгiзген болса, Үкiметтiң қаулысын;

      2) егер заң жобасына депутат (депутаттар) бастамашы болса, ұсынуды;

      3) "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 29-бабының 2-тармағында көзделген қосымшаларды;

      4) Қазақстан Республикасының Үкіметі бастамашы болған, республикалық бюджет немесе республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы бойынша – Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде көзделген құжаттар мен материалдарды;

      5) халықаралық шартты ратификациялау немесе денонсациялау туралы заң жобасы бойынша – "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 6-тармағында көзделген құжаттар мен материалдарды;

      6) депутат (депутаттар) бастамашы болған және мемлекеттiк кiрiстердi қысқарту немесе мемлекеттiк шығыстарды ұлғайту көзделетiн заң жобасы бойынша – Үкiметтiң оң қорытындысын;

      7) тәуелсіз сараптама қорытындысын (болған кезде) қамтуға тиiс.

      Материалдар қазақ және орыс тiлдерiнде ұсынылады.

      Палатаның Аппараты міндетті қосымшалардың бірі болмаған, сондай-ақ қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндердің сәйкессіздігі, оның ішінде мәтіндердің теңтүпнұсқалы болмауы анықталған кезде құжаттарды тiркемей, белгiленген талаптарды орындау үшiн заң жобасының бастамашысына бес жұмыс күні iшiнде қайтарады.";

      14) 28-тармақтың үшінші бөлігіндегі "отыз" деген сөз "қырық" деген сөзбен ауыстырылсын;

      15) 29, 30, 30-1 және 32-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "29. Заң жобасын қарау, заң жобасы бойынша қорытынды әзiрлеу тәртiбiн Палатаның тиiстi комитетi дербес айқындайды.

      Бас комитет заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу үшін жұмыс тобын құра алады. Палатаның комитетi жұмыс топтарының құрамына заң жобасының бастамашыларын, мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер, ғылыми мекемелер өкiлдерiн, сарапшыларды, мамандарды, шаруашылық жүргiзушi субъектiлер басшыларын тартуға құқылы.

      Жұмыс тобының жетекшісі болып бас комитетке мүше-депутат айқындалады

      Жұмыс тобының отырыстарында шешiмдер жұмыс тобына мүше-депутаттардың жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданады.

      Жұмыс тобының заң жобасы бойынша қорытынды салыстырма кестесiн бас комитет автоматтандырылған жүйеге орналастырады.

      Тұрақты комитет заң жобасын, оның ішінде заң жобасының жекелеген нормаларын бағалау үшін тәуелсiз ғылыми және өзге де сараптамаға белгіленген тәртіппен жiберуге құқылы.

      Палатаның комитеттерi балама заң жобаларын негiзгi жобамен бiр мезгiлде қарайды және әрбiр жоба бойынша жеке-жеке қорытынды әзiрленедi.

      30. Заң жобасын комитеттерде, оның ішінде жұмыс топтарында талқылау ашық өткiзiледi. Комитет заң жобасын талқылағанға дейін депутаттарға күні бұрын хабар береді.

      Бас комитет:

      заңды қабылдау немесе заң жобасын қабылдамау қажеттiгi негiзделген қорытындыны;

      заң жобасын қарау нәтижелерi туралы Мәжiлiс қаулысының жобасын;

      Палатаның тұрақты комитеттерi мен депутаттарының түзетулерi жинақталған заң жобасына салыстырма кестенi әзiрлейдi.

      Салыстырма кесте – екi оқылымды қажет етпейтiн заң жобаларына, ал кемiнде екi оқылымда қабылданатын заңдарға екiншi (келесi) оқылымда әзiрленедi және онда:

      заң жобасының түзету ұсынылып отырған құрылымдық бөлiгiнiң мәтiнi;

      түзетудiң мазмұны;

      түзетудiң авторы туралы деректер;

      түзету енгiзудiң негiздемесi;

      комитеттiң шешiмi, комитет түзетудi қабылдамаған жағдайда, комитет шешiмiнiң негiздемесi қамтылуға тиiс.

      Заң жобасы бойынша салыстырма кестеге енгiзiлген түзетулердi бастамашылары ғана алып тастай алады.

      Егер заң жобасына түзету мемлекеттiк кiрiстердi қысқартуды немесе мемлекеттiк шығыстарды ұлғайтуды көздейтін болса, онда бас комитет енгізілген түзетудi қорытынды беруі үшiн Үкiметке жiбередi.

      Егер Үкiметтiң қорытындысы бойынша қосымша түсiндiрмелер қажет болса, комитет оларды Үкiметтен талап етіп алдыруға құқылы.

      Депутаттардың өзге түзетулерін Үкіметке қорытындыға жіберу талап етілмейді.

      Заң жобасы бойынша заң техникасына байланысты түзетулер, сондай-ақ заң жобасы нормаларының құқықтық мазмұнын өзгертпейтін редакциялық сипаттағы ескертулер бас комитеттің салыстырма кестесіне енгізілмеуі мүмкін және Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісі қабылдаған және Парламенті Сенатына мақұлдауға жіберілетін заң мәтінінде ескеріледі.

      Бас комитет осы Регламентте белгiленген тәртiппен заң жобасы бойынша тиiстi қорытынды қабылдағаннан кейiн келiп түскен заң жобасы бойынша түзетулер салыстырма кестеге енгiзiлмейдi.

      Бас комитеттің заң жобасы бойынша салыстырма кестесі Мәжілістің интернет-ресурсына орналастырылады.

      30-1. Депутаттар қабылдау қажеттiгi негiзделген заң жобасына түзетулердi бас комитетке заң жобасы бойынша соңғы оқылым басталғанға дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей жазбаша түрде бередi.

      Түзетулер енгiзген депутаттар жұмыс тобында немесе бас комитетте заң жобасын талқылау барысында олардың мазмұнын нақтылауға құқылы, бас комитет отырыстың өтетiн уақыты мен орны туралы депутаттарға күні бұрын хабар береді.";

      "32. Бас комитет жалпы отырыста қарауға әзiрленген заң жобасын, оның материалдарын Мәжiлiс жалпы отырысының қарауына енгiзу үшiн, әдетте, отырысқа дейiн екі жұмыс күнiнен кешiктiрмей Палата Бюросына жiбередi.";

      16) 33-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жалпы отырыстың күн тәртiбi және Мәжiлiстiң қарауына енгiзiлетiн мәселелерге қатысты қажеттi барлық материал Палатаның жалпы отырысына дейiн бір күннен кешiктiрiлмей автоматтандырылған жүйеге күні бұрын орналастырылып, депутаттарға бұл туралы хабар беріледі.";

      17) 34-тармақтың бірінші бөлігіндегі ", оның iшiнде конституциялық заңдардың" деген сөздер алып тасталсын;

      18) 35-тармақ алып тасталсын;

      19) 36-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "36. Палата заң жобасын бір оқылымда не бірінші оқылымда қарау кезінде осы жоба бастамашысының баяндамасын және бас комитеттің қосымша баяндамасын тыңдайды, заң жобасының негізгі ережелерін талқылайды.

      Палатаның жалпы отырысында республикалық бюджет немесе республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасын қарау кезінде баяндамаларды тыңдау Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.

      Егер заң жобасы бір оқылымда қаралса және оны қабылдамау туралы ұсыныстар түспесе, Палата осы Регламенттің 41-тармағында көзделген тәртіппен заң жобасын тұтастай немесе баптар бойынша талқылауды жалғастырады және осы Регламенттің 41-1-тармағында көзделген шешімді қабылдайды.

      Бір мәселе бойынша балама заң жобалары енгiзiлген кезде Палата оларды оқылым барысында бiр мезгiлде талқылайды және қаралып отырған жобалардың қайсысын екiншi оқылымға әзiрлеу үшiн негiзге алу туралы шешiм қабылдайды.";

      20) 37, 38 және 39-тармақтар алып тасталсын;

      21) мынадай мазмұндағы 39-1-тармақпен толықтырылсын:

      "39-1. Бас комитет заң жобасын екінші (келесі) оқылымға әзірлеу кезінде заң жобасына жазбаша енгізілген түзетулерді қарайды.";

      22) 40 және 41-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "40. Заң жобасы бойынша екінші оқылымда бас комитеттің төрағасы немесе жұмыс тобының жетекшісі не комитет мүшелерінің бірі баяндама жасайды. Баяндама бойынша жарыссөз болмайды. Қажет болған жағдайда, заң жобасы бойынша сөз сөйлеу үшін Үкімет өкіліне сөз беріледі.

      Екінші оқылым барысында заң жобасын қарау кезінде бас комитетке жазбаша түрде енгізілген түзетулер ғана қаралады.

      41. Заң жобасын екінші (келесі) оқылымда қарау кезінде:

      1) бастамашы ұсынған заң жобасы;

      2) баптар бойынша дауысқа салынбай, бас комитет қабылдаған, салыстырма кестеге енгізілген депутаттардың барлық түзетуі ескерілген заң жобасы;

      3) бас комитет әзірлеген салыстырма кестенің қабылданған және қабылданбаған позициялары бойынша заң жобасының баптары дауысқа салынады.

      Енгізілген түзетулер бойынша бас комитеттің шешімімен келіспеген авторлардың өз негіздемесімен сөз сөйлеуге құқығы бар. Палата депутатының талап етуі бойынша оның енгізген түзетуі дауысқа салынады. Мұндай жағдайда бiрiншi болып депутаттың ұсынысы дауысқа салынады, әрбiр түзету дауысқа жеке-жеке салынады. Егер жобаның бiр бабына бiрнеше түзету енгiзу ұсынылған болса, онда қабылдануы немесе қабылданбауы басқа түзетулер мәселесін шешуге мүмкiндiк беретiндері алдымен дауысқа салынады.

      Егер депутаттардың бірде-бірі мұндай тәртіпке қарсы болмаса, Палата осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көзделген тәртіппен дауыс беру туралы шешім қабылдай алады.

      Палата заң жобасын екінші оқылымда қарау нәтижелері бойынша осы Регламенттің 41-1-тармағында көрсетілген шешімдердің бірін қабылдайды.";

      23) мынадай мазмұндағы 41-1-тармақпен толықтырылсын:

      "41-1. Палата заң жобасын қарау нәтижелері бойынша депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) заңды қабылдау және оны мақұлдау үшін Сенатқа жіберу;

      2) заң жобасын пысықтау үшін комитетке қайтару;

      3) келесі оқылымдарды өткізу;

      4) заң жобасын тұтастай қабылдамау.

      Бас тартылған заң жобасы қабылданбады деп есептеледі және бастамашыға қайтарылады.";

      24) 42-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "42. Мәжіліс қабылдаған, бас комитет төрағасының, жұмыс тобы жетекшісінің (болған кезде) және Мәжіліс Аппаратының тиісті бөлімдері басшыларының қолымен алдын ала бекемделген заң қабылданған күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде Палатаның қаулысымен бірге Палата Аппараты арқылы Парламент Сенатына мақұлдау үшін беріледі.";

      25) "Сенат қабылдамай тастаған заң жобаларын қарау" деген жол "2-параграф. Сенат мақұлдамаған заңдарды қарау" деген сөздермен ауыстырылсын;

      26) 43-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "43. Сенат Мәжіліс қабылдаған заңды тұтастай немесе оның жекелеген баптары бөлігінде мақұлдамауға құқылы.

      Аталған жағдайда заң Қазақстан Республикасы Парламентінің Регламентінде көзделген материалдармен Мəжіліске қайтарылады.";

      27) 44, 45, 46, 47, 48, 49, 50 және 51-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "44. Мәжіліс Төрағасы Сенат қайтарған заңды қоса тіркелген құжаттармен бірге бас комитетке береді, ол Сенаттың заңды мақұлдамау негіздерін қарайды және олар бойынша қорытынды әзірлейді.

      45. Палата Бюросы бас комитеттiң қорытындысын ескере отырып, Сенат мақұлдамаған заңды жалпы отырыстың күн тәртiбiне енгiзу туралы ұсыныс жасайды.

      Сенат қоса берген материалдар мен бас комитеттің қорытындысы автоматтандырылған жүйеге күні бұрын, бірақ Палатаның жалпы отырысына дейін кемінде бір күн бұрын орналастырылады.

      46. Сенат жалпы отырыста мақұлдамаған заңды қарау кезінде Палата бас комитет төрағасының немесе комитет мүшелерінің бірінің баяндамасын тыңдайды. Баяндама бойынша жарыссөз болмайды.

      47. Егер Мәжіліс заңның жекелеген баптарының Сенат ұсынған редакциясына депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен келіссе, Мәжіліс заңды жаңа редакцияда қабылдаған және Сенат мақұлдаған болып есептеледі және Президенттің қол қоюына ұсыну үшін күнтізбелік жеті күн ішінде Сенатқа жіберіледі.

      48. Егер Мәжіліс заңның жекелеген баптарының Сенат ұсынған редакциясына депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен қарсылық білдірсе, сондай-ақ Сенат заңды тұтастай мақұлдамаған жағдайда, Парламент Палаталары арасындағы келіспеушіліктер келісу рәсімдері арқылы шешіледі.

      Туындаған келіспеушіліктерді еңсеру үшін Мәжіліс пен Сенат әрбір Палатадан саны тең депутаттардың қатысуымен келісім комиссиясын құрады. Келісім комиссиясының жұмысына заң шығару бастамасы құқығының субъектісі (ол уәкілеттік берген адам) кеңесші дауыс құқығымен қатыса алады.

      Келісім комиссиясын құру қажеттігі және оның құрамына Мәжілістен депутаттарды сайлау туралы шешім Палатаның жалпы отырысында Мәжіліс депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады және Сенатқа жіберіледі. Сенаттың депутаттарды келісім комиссиясына сайлауының ұқсас рәсімінен кейін келісім комиссиясының мүшелері өз құрамынан төрағаны келісім комиссиясы мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен сайлайды.

      49. Келісім комиссиясы тиісті заңның бірыңғай мәтінін әзірлеуге ұмтыла отырып, Сенат пен Мәжіліс арасында келіспеушілік туғызған заң ережелерін ғана қарайды.

      Келісім комиссиясы шешімді ашық дауыс беру арқылы қабылдайды. Келісім комиссиясының шешімдері оның мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. "Жақтап" және "қарсы" берілген дауыстар саны тең болған жағдайда, келісім комиссиясы төрағасының даусы шешуші болып есептеледі.

      Келiсiм комиссиясы жұмыс нәтижелерi бойынша келiспеушiлiктердi еңсеру жөнiндегi ұсыныстар қамтылған қаулыны қабылдайды, ол Мәжiлiс Бюросының қарауына енгiзiледi.

      Келiсiм комиссиясының қаулысына заңның өзгерiстер енгiзiлген баптарының салыстырма кестесi қоса беріледі.

      50. Мәжіліс заң келісім комиссиясынан кейін қаралған кезде келісім комиссиясының қаулысында қамтылған ұсыныстарды ғана талқылайды. Осы ұсыныстардың шегiнен шығатын ешбір түзетуді Мәжiлiс қарамайды.

      51. Мәжiлiс келiсiм комиссиясының әрбiр ұсынысы бойынша Палата депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен жеке-жеке шешiм қабылдайды. Қарсылықтар болмаған кезде келісім комиссиясының кестесі тұтастай дауысқа салынуы мүмкін.

      Мәжілістің келісім комиссиясының ұсыныстарының бірімен келіспеуі осы Регламенттің 51-2-тармағында көзделген салдарға алып келеді.";

      28) мынадай мазмұндағы 51-1 және 51-2-тармақтармен толықтырылсын:

      "51-1. Парламент Мәжiлiсiнiң қаулысы, келiсiм комиссиясының материалдары күнтізбелік жетi күн iшiнде Сенатқа жiберiледi.

      51-2. Мәжіліс келісім комиссиясы ұсынған редакциядағы заңды Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылдамаған жағдайларда, Мәжіліс бұрын қабылданған редакциядағы заң бойынша қайтадан дауысқа салуды жүргізеді.

      Егер қайтадан дауысқа салу кезінде Мәжіліс Палата депутаттары жалпы санының үштен екісінің көпшілік даусымен бұрын қабылданған шешімді растаса, заң күнтізбелік он күн ішінде Президенттің қол қоюына ұсынылады.

      Егер заң Мәжіліс депутаттарының көрсетілген көпшілік даусын алмаса, заң қабылданбады деп есептеледі және бастамашыға қайтарылады.";

      29) "Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу" деген жол алып тасталсын;

      30) 54, 55 және 56-тармақтар алып тасталсын;

      31) "Республиканың Конституциялық Кеңесiне өтініш жасау" деген жол "3-параграф. Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына жүгіну" деген сөздермен ауыстырылсын;

      32) 57-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "57. Мәжiлiс Төрағасы, Парламент депутаттары жалпы санының кемiнде бестен бiр бөлiгiн құрайтын Палата депутаттары Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген тәртіппен Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына жүгіне алады. Депутаттардың жүгініміне депутаттардың тегi, аты және әкесiнiң аты (ол болған кезде) көрсетiлген, қолымен куәландырылған тiзiмі қоса беріледі. Конституциялық Сотқа жүгінімді Мәжiлiс Аппараты жiбередi.";

      33) 60-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "60. Парламент Палаталардың бөлек отырысында мәселелердi ретімен әуелi – Мәжiлiсте, содан кейін Сенатта қарау арқылы заңдарды қабылдайды, оның iшiнде:";

      34) 60-1-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) Республика Президентінің қарсылықтарын туғызған заңдар немесе заңның баптары бойынша қарсылықтар жіберілген күннен бастап бір ай мерзімде қайталап талқылау мен дауысқа салуды жүргізеді. Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын білдіреді. Егер Мəжіліс пен Сенат əрбір Палата депутаттары жалпы санының үштен екісінің көпшілік даусымен Президенттің қарсылықтарын еңсерсе, Президент бір ай ішінде заңға қол қояды. Егер Президенттің қарсылықтарын, ең болмаса, Палаталардың бірі еңсермесе, заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі;";

      35) 61-тармақтағы "конституциялық заң жобаларын және" деген сөздер алып тасталсын;

      36) мынадай мазмұндағы 61-1-тармақпен толықтырылсын:

      "61-1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептеріне материалдарды ұсыну, Палатаның жалпы отырысында баяндамаларды тыңдау, республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерді талқылау Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде және Қазақстан Республикасы Парламентінің Регламентінде айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.";

      37) 75-1-тармақтың бірінші бөлігіндегі "Сенат" деген сөз "Парламент" деген сөзбен ауыстырылсын;

      38) 75-2-тармақта:

      төртінші бөліктегі "Парламенттiң заң жөнiндегi бұрын қабылдаған шешiмiн қуаттамайтын болса" деген сөздер "Президенттің қарсылықтарын еңсермесе" деген сөздермен ауыстырылсын;

      бесінші бөліктегі "заң жөнiндегi бұрын қабылданған шешiмдi қуаттайтын болса" деген сөздер "Президенттің қарсылықтарын еңсерсе" деген сөздермен ауыстырылсын;

      сегізінші бөлік алып тасталсын;

      39) 76-тармақтың бірінші бөлігінде:

      1) тармақшадағы "және осы жобаларды қарау" деген сөздер алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "3-1) Жоғары аудиторлық палата Төрағасының есебін жылына екі рет тыңдау;";

      40) 77-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "77. Конституциялық заңдардың жобаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабы 2-тармағының екінші бөлігіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі бастамашы болған заң жобаларын қарауға қабылдау және қарау осы Регламентке және Парламент Регламентіне сәйкес жүзеге асырылады.

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжiлiсiнiң заң жобаларын қарауға қабылдауы және қарауы осы Регламенттiң 3-тарауына сәйкес жүзеге асырылады.";

      41) 84-тармақ алып тасталсын;

      42) мынадай мазмұндағы 86-1-тармақпен толықтырылсын:

      "86-1. Жоғары аудиторлық палата Төрағасының есебі Палатаның жалпы отырысында тыңдалады.";

      43) 89-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) Конституциялық Соттың үш судьясын қызметке тағайындайды; Орталық сайлау комиссиясының екі мүшесін, Жоғары аудиторлық палатаның үш мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды;";

      44) 94, 94-1, 94-2, 94-3 және 94-4-тармақтар алып тасталсын;

      45) 95-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "95. Депутатты қылмыстық жауапқа тартуға, ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге немесе сот тәртiбiмен салынатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға келiсiм алу үшiн Республиканың Бас Прокуроры Парламент Мәжiлiсiне ұсыну енгiзген жағдайда, Парламент Мәжiлiсi ұсынуды қорытынды әзiрлеу және оны Палатаның жалпы отырысына енгiзу үшiн Республиканың Орталық сайлау комиссиясына жiбередi.

      Бас Прокурор ұсынуды депутатқа күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны ұсынудың, күзетпен ұстау, үйқамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхатты сотқа енгізудің, ұстап алу, мәжбүрлеп әкелу қажеттігі туралы мәселені шешудің немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі сотқа жіберудің алдында енгізеді.";

      46) 96-тармақтың төртінші бөлігі алып тасталсын;

      47) 96-2-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Үкімет сағаты" Мәжілістің интернет-ресурсында онлайн режимде трансляцияланады.";

      48) 100-тармақта:

      үшінші бөлікте:

      "жариялануы" деген сөз "жарияланады" деген сөзбен ауыстырылсын;

      орыс тіліндегі мәтінге түзету енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;

      төртінші бөлікте:

      "Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес интернет-ресурста" деген сөздер "Мәжілістің интернет-ресурсында" деген сөздермен ауыстырылсын;

      "трансляциялануы мүмкін" деген сөздер "трансляцияланады" деген сөзбен ауыстырылсын;

      49) 112-тармақтың бірінші бөлігінің 12) тармақшасындағы "Кеңеске" деген сөз "Сотқа" деген сөзбен ауыстырылсын;

      50) 115-тармақтың екінші бөлігі алып тасталсын;

      51) 139-тармақ мынадай мазмұндағы 8-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "8-1) заңда және осы Регламентте белгіленген тәртіппен Мәжілісте сөз сөйлейтін кез келген лауазымды адамға күн тәртібіндегі кез келген мәселе бойынша сұрақтар қоюға, жауаптар алуға және пікір білдіруге;";

      52) 149-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Парламент депутатының Республика Премьер-Министрiне және Үкiметiнiң мүшелерiне, Ұлттық Банкiнiң Төрағасына, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы мен мүшелерiне, Бас Прокурорға, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасына, Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасы мен мүшелерiне, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдеріне сауал жолдауға құқығы бар. Бұл орайда, Бас Прокурорға не құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына жолданған сауал қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыруға байланысты мәселелерге қатысты бола алмайды.";

      53) 153-тармақтың бірінші бөлігіндегі "оның адресатқа келiп түскен күнiнен" деген сөздер "ол жарияланған күннен" деген сөздермен ауыстырылсын;

      54) 155-тармақтағы "Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң" деген сөздер "Жоғары аудиторлық палатаның" деген сөздермен ауыстырылсын;

      55) 155-1-тармақтағы "Парламенттiң ресми сайтында" деген сөздер "Мәжілістің интернет-ресурсында" деген сөздермен ауыстырылсын;

      56) 161-1-тармақта:

      "өкілдеріне", "құқығына" деген сөздерден кейін тиісінше "талқыланатын мәселе бойынша фракцияның ұстанымын баяндау үшін", "және сөз сөйлеуге бес минутқа дейін қосымша уақытқа" деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы екінші сөйлеммен толықтырылсын:

      "Бұл кепілдік жарыссөз тоқтатылған жағдайда сөз сөйлеуге де қолданылады.";

      57) 162-тармақ мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "2-1) парламенттік тыңдауға бастама жасау;";

      58) 178-тармақтың бірінші бөлігінің 6-1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6-1) Палатаға Конституциялық Соттың судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері қызметіне тағайындау үшін кандидатуралар ұсынады;";

      59) 194-тармақтың бірінші бөлігіндегі "теледидар мен радио" деген сөздер "телевизия, радио және әлеуметтік желілер" деген сөздермен ауыстырылсын.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады