Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) туралы ережені бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасының 2016 жылғы 13 қазандағы № 6 бұйрығы.

      "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 35-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына, "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің кейбір мәселелері және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2016 жылғы 5 қазандағы № 349 Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) туралы ереже бекітілсін.

      2. Алынып тасталды – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 05.04.2017 № 72 бұйрығымен.

      3. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) (бұдан әрі – Ұлттық бюро) заңнамамен белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрық бекітілгеннен кейін оның көшірмелерін баспа және электронды түрде күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жіберуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің және Ұлттық бюроның интернет-ресурстарында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Ұлттық бюроның басшысы Т.М. Татубаевқа жүктелсін.

      4. Осы бұйрық қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы


Мемлекеттік қызмет істері және


сыбайлас жемқорлыққа қарсы


іс-қимыл агенттігінің төрағасы

Қ. Қожамжаров


  Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік қызмет істері
және сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл агенттігі төрағасының
2016 жылғы 13 қазандағы № 6
бұйрығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас
жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа
қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы
(Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) туралы ереже
1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) (бұдан әрі – Ұлттық бюро) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу мәселелері бойынша іске асыру функцияларын және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды Агенттіктің құзыреті шегінде жүзеге асыратын ведомствосы болып табылады.

      2. Ұлттық бюро өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, осы Ережеге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырады.

      3. Ұлттық бюро республикалық мемлекеттік мекеменің ұйымдастыру-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауымен мөрі және мөртаңбасы, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қазынашылық органдарында шоттары бар.

      4. Ұлттық бюро азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      5. Ұлттық бюроның, егер заңнамаға сәйкес оған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы бола алады.

      6. Ұлттық бюро өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамамен белгіленген тәртіппен Ұлттық бюро басшысының бұйрықтарымен ресімделетін шешімдер және Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген басқа да актілерді қабылдайды.

      7. Ұлттық бюроның құрылымы мен штат санының лимитін Ұлттық бюро басшысының ұсынуы бойынша Агенттік төрағасы бекітеді.

      8. Ұлттық бюроның заңды мекенжайы: 010000, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Байқоңыр ауданы, Сейфуллин көшесі, 37.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 06.03.2019 № 60 бұйрығымен.

      9. Ұлттық бюроның толық атауы – "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет)" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      10. Осы Ереже Ұлттық бюроның құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Ұлттық бюроның қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Ұлттық бюроға кәсіпкерлік субъектілермен Ұлттық бюроның функциялары болып табылатын міндеттемелерін орындау мәніне шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Ұлттық бюроға заң актілерімен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда мұндай қызметтен алынған кірістер республикалық бюджеттің кірісіне бағытталады.

2. Ұлттық бюроның міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттемелері

      13. Ұлттық бюроның міндеттері:

      1) жеке және заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау;

      2) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу мәселелері бойынша мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға қатысу;

      3) сыбайлас жемқорлық қылмыстық құқық бұзушылықтардың анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу.

      14. Ұлттық бюроның функциялары:

      1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы стратегияларды және бағдарламаларды әзірлеуге және іске асыруға қатысу;

      2) Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы жыл сайынғы Ұлттық баяндаманы дайындауға қатысу;

      3) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру бойынша жоспарлы іс-шаралардың орындалуын бағалау және өткізілген мониторинг туралы жиынтық ақпарат құрастыруға қатысу;

      4) қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арыздарды, хабарламаларды және өзге ақпаратты қабылдау, тіркеу және қарау;

      5) алдын ала тергеу, анықтау нысанында және хаттамалық нысанда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу;

      6) қылмыстық процеске қатысатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

      7) жедел-іздестіру қызметін ұйымдастыру және жүзеге асыру;

      8) жария емес тергеу әрекеттерін, жалпы және арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында арнайы және басқа техникалық құралдарды қолдану;

      9) Ұлттық бюроға осы мақсаттарға бөлінген бюджет қаражаты шегінде жедел-іздестіру қызметін қаржылық және материалдық-техникалық жабдықтау;

      10) тергеуден, анықтаудан немесе соттан жасырынып жүрген іздеудегі адамдардың тұратын жерін анықтау және ұстау;

      11) сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша жедел-іздестіру, әкімшілік, тергеу қызметі тәжірибесіне талдау жүргізу;

      12) Ұлттық бюроның аумақтық органдарының қызметін бақылау, үйлестіру және бағалау;

      13) ведомстволық статистиканы қалыптастыру;

      14) "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының кодексімен белгіленген тәртіпте қылмыстық-процестік қызметті қамтамасыз етумен байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша өндірісті жүзеге асыру;

      15) сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша тәркіленген мүлікті және әдетте, қылмыстық жолмен табылған қаражатқа алынған мүлікті мемлекеттің кірісіне айналдыру туралы ақпаратты кейін жариялаумен іске асыруға арналған мониторингті жүзеге асыру;

      16) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау тұрғысынан әлеуметтік-экономикалық саладағы криминогендік жағдайды талдау;

      17) басқа құқық қорғау және арнаулы органдардан, оның ішінде шет мемлекеттердің құзырлы органдарынан келіп түскен өтініштерді және сұрау салуларды орындау;

      18) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу мәселелері бойынша басқа мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және шет мемлекеттердің тиісті органдарымен өз құзыреті шегінде өзара іс-қимыл жасау;

      19) ақпараттық қауіпсіздік саясатын іске асыру, Ұлттық бюроның техникалық және ақпараттық қызметін қамтамасыз ету және жетілдіру;

      20) Ұлттық бюроға тергеу-жедел қызмет мәселелері бойынша жүктелген міндеттерді шешуді қамтамасыз ететін ақпараттық жүйелерді әзірлеу, құру, сатып алу, пайдалану және жаңарту;

      21) Ұлттық бюроның әкімшілік ғимараттарын күзету режимін және өткізу режимін қамтамасыз ету;

      22) Ұлттық бюроның қаруландыруында тұрған қарулардың, оқ-дәрілердің, арнайы құралдардың сақталуын есепке алу және бақылау;

      23) арнайы мемлекеттік мұрағатта мұрағат құжаттарын жинау (сатып алу), тұрақты сақтау және пайдалануды жүзеге асыру;

      24) бейбіт және соғыс уақытында төтенше жағдайлар туындаған кездегі жұмылдыру даярлығы, Ұлттық бюро жұмысының тұрақтылығын арттыру;

      25) мемлекеттік құпияларды қорғауды қамтамасыз ету және құпиялылық режимнің сақталуын ведомстволық бақылау;

      26) Ұлттық бюроның бірыңғай кадр саясатын әзірлеу және іске асыру;

      27) Ұлттық бюроның жеке құрамының арасындағы құқық бұзушылықтарды анықтау, алдын алу және жолын кесу;

      28) Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген өзге функцияларды жүзеге асыру.

      15. Ұлттық бюроның құқықтары:

      1) сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша жедел-іздестіру және тергеу қызметінің, сотқа дейінгі тергеу тәжірибесіне талдау жасау;

      2) мемлекеттік органдарға, ұйымдарға және оларда басқарушылық функцияларды орындайтын адамдарға Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасымен белгіленген тәртіпте мән-жайларды және басқа да заң бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау туралы ұсынулар енгізу;

      3) сыбайлас жемқорлық қылмыстармен күресу нысандары мен әдістерін жетілдіру, жедел-іздестіру қызметінің стратегиясы мен тактикасын айқындау, оның тиімділігін арттыру бойынша шаралар әзірлеу және іске асыру;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзіне жүктелген міндеттерді шешуді қамтамасыз ететін ақпараттық жүйелерді құру және пайдалану, сотқа дейінгі тергеу, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізу барысында Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен тексеру ұйымдастыру;

      5) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша бағдарламалық құжаттар әзірлеуге және іске асыруға қатысу;

      6) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген тәртіппен тергеу әрекеттерін жүргізу, процестік шешімдерді қабылдау және жедел-іздестіру іс-шараларын жүзеге асыру;

      8) қылмыстық-процестік заңнамаға және (немесе) әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаға сәйкес құжаттарды, тауарларды, заттарды немесе өзге де мүлікті алып қою немесе алуды жүргізу;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген жағдайларда, уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардан ревизиялар, салықтық және басқа да тексерулер, мемлекеттік аудит және бағалау жүргізуді талап ету;

      10) Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген тәртіппен тиісті уақытша ұстау изоляторларын, тергеу изоляторларын пайдалану;

      11) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, лауазымдық және жеке тұлғалардан Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қажетті ақпараттар мен материалдарды сұрату және алу;

      12) өндірістегі қылмыстық істер бойынша шақыруға келуден жалтарған адамдарды күштеп әкелу;

      13) ұсталған және қамауға алынған адамдарды айдап алып келу;

      14) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда басқаша түрде жәрдем көрсеткен адамдарды ынталандыру;

      15) өзара ақпарат алмасуды, оның ішінде заңнамада белгіленген тәртіппен электронды тәсілмен қамтамасыз ете отырып, Ұлттық бюроның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органдармен және ұйымдармен, басқа құқық қорғау органдарымен, халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;

      16) Ұлттық бюроның жүргізуіне жататын мәселелер бойынша шет мемлекеттердің тиісті органдарымен, халықаралық ұйымдармен ынтымақтасу, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық шарттарды жасасу және қосылу бойынша Агенттікке ұсыныстар енгізу;

      17) атыс және өзге қаруды, арнайы құралдарды алып жүру, сақтау және қолдану, сондай-ақ қажет болған жағдайда қол күшін, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жауынгерлік күрес тәсілдерін қолдану;

      18) қызметтік міндеттерін орындау кезінде нысанды киім кию;

      19) Ұлттық бюроның және оның аумақтық бөлімшелері қызметкерлерінің (жұмыскерлерінің) қызметінде ішкі қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуі және заңдылықтың сақталуы бойынша шаралар қабылдау;

      20) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сотқа талап-арыздар беру;

      21) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге құқықтарды жүзеге асыру.

      16. Ұлттық бюроның міндеттемелері:

      1) құқық бұзушылықтар туралы өтініштерді, хабарламаларды, шағымдар мен басқа да ақпараттарды қабылдау, тіркеу, есепке алу және қарастыру кезіндегі заңдылықты сақтау;

      2) жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыстар туралы арыздар мен хабарламаларды қабылдау, тіркеу және қарастыру, олардың жолын кесу, ашу, оларды жасаған адамдарды ұстау және қоғамдық қауіпті әрекеттерге жол бермеу бойынша шараларды уақтылы қабылдау;

      3) Ұлттық бюроның құзыреті шегінде жалпы және арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын, жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыру, қылмыстық процеске пайдалану үшін олардың нәтижелерін тіркеу арқылы қылмыстарды анықтауды, жолын кесуді және ашуды қамтамасыз ету;

      4) Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік заңнамасымен көзделген тәртіппен алдын ала тергеуді анықтауды жүзеге асыру;

      5) қылмыстық процеске қатысатын адамдарды мемлекеттік қорғау бойынша заңнамалық актілермен көзделген шараларды қабылдау;

      6) Ұлттық бюроның қаруландыруында тұрған қарулардың, оқ-дәрілердің, арнайы құралдардың сақталуына бақылауды есепке алу және жүзеге асыру;

      7) қылмыстық істер бойынша заттай айғақтарды, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің мерзімі тоқтатылған қылмыстық істерді, сондай-ақ жедел есепке алу және жасырын тергеу амалдарының істерін есепке алу және сақтау;

      8) прокурорлық ықпал ету және сот актілерін қарастыру;

      9) "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының кодексімен белгіленген тәртіпте қылмыстық-процестік қызметті қамтамасыз етумен байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша өндірісті жүзеге асыру;

      10) іздеудегі адамдардың орналасу жерін анықтау және ұстау бойынша іс-шаралар жүргізу;

      11) Ұлттық бюроның белгіленген құзыреті шегінде іздеудегі адамдарды алып келуді ұйымдастыру;

      12) өз қызметін жүзеге асыру кезінде қызметтік тәртіпті және құпиялылық режимін сақтау;

      13) Ұлттық бюроның және оның аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлерін (жұмыскерлерін) даярлауды, қайта даярлауды және біліктілігін арттыруды жүзеге асыру;

      14) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге міндеттемелерді жүзеге асыру.

3. Қызметті ұйымдастыру

      17. Ұлттық бюроны басқаруды ведомствоға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз функцияларын жүзеге асыруға дербес жауаптылықта болатын басшы жүзеге асырады.

      18. Ұлттық бюроның басшысын Агенттік төрағасының ұсынуы бойынша лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды.

      19. Ұлттық бюро басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын екі орынбасары болады.

      20. Ұлттық бюро басшысының өкілеттіктері:

      1) Ұлттық бюроға жүктелген міндеттерге сәйкес оның қызметін ұйымдастырады және жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      2) штат санының лимиті шегінде Ұлттық бюроның және оның аумақтық органдарының құрылымы бойынша ұсыныстарды Агенттіктің қарауына енгізеді;

      3) өз орынбасарларының және Ұлттық бюроның құрылымдық бөлімшелері басшыларының өкілеттіктерін айқындайды;

      4) Ұлттық бюроның, оның аумақтық органдарының кадр мәселелерін Агенттік Төрағасының бұйрығымен белгіленген тәртіппен шешеді;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен Ұлттық бюроның және оның аумақтық органдарының жұмыскерлеріне (қызметкерлеріне) тәртіптік жазалар салады және ынталандыру шараларын қабылдайды, еңбек қатынастары мәселелері оның құзыретіне кіреді;

      6) өз құзыреті шегінде Ұлттық бюро және оның аумақтық органдары қызметкерлерінің (жұмыскерлері) орындауы үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      7) Агенттікке Ұлттық бюроның және оның аумақтық органдарының қызметкерлерін (жұмыскерлерін) мемлекеттік наградалармен наградтау туралы ұсынулар енгізеді;

      8) Агенттік төрағасының келісімі бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен Ұлттық бюроның және оның аумақтық органдарының қызметкерлеріне біліктілік сыныптарын белгілейді;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен қарым-қатынастарда Ұлттық бюроның атынан өкілдік етеді;

      10) өз құзыретіне кіретін өзге де мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.

      Ұлттық бюроның басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіліктерін орындауды басшының тапсырмасы бойынша оның орынбасарларының біреуі жүзеге асырады.

      21. Ұлттық бюро басшысының Ұлттық бюроның жанынан консультативті-кеңесші орган құруға құқығы бар.

4. Ұлттық бюроның мүлкі

      22. Ұлттық бюроның Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болады.

      Ұлттық бюроның мүлкі, оның меншігіне мемлекет берген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де көздерден және меншіктік қызметтер нәтижесінде алынған мүліктер есебінен (ақша кірістерін қоса алғанда) құралады.

      23. Ұлттық бюроға бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      24. Ұлттық бюроның өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша берілген қаражат есебінен алынған мүлікті Қазақстан Республикасының заңнамасында егер өзгеше белгіленбесе, өз бетінше иеліктен шығаруға немесе өзгелей тәсілмен иелік етуге құқығы жоқ.

5. Ұлттық бюроны қайта ұйымдастыру және тарату

      25. Ұлттық бюроны қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады