"Облыстық прокуратуралары және оларға теңестірілген прокуратуралар туралы ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2017 жылғы 3 қарашадағы № 126 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2018 жылғы 17 тамыздағы № 102 бұйрығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2023 жылғы 20 қаңтардағы № 37 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Бас Прокурорының 20.01.2023 № 37 бұйрығымен.

      "Прокуратура туралы" Заңның 37-бабының 4) және 9) тармақшаларына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Облыстық прокуратуралары және оларға теңестірілген прокуратуралар туралы ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2017 жылғы 3 қарашадағы № 126 бұйрығына мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      1) 1-тармақта:

      мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "2-1) Осы бұйрықтың 2-1-қосымшасына сәйкес Шымкент қаласының прокуратурасы туралы ереже;";

      13) тармақшада "Оңтүстік Қазақстан" деген сөз "Түркістан" деген сөзбен ауыстырылсын;

      2) осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес "Шымкент қаласының прокуратурасы туралы ереже" 2-1-қосымшамен толықтырылсын;

      3) аталған бұйрықпен бекітілген 13-қосымшада:

      бүкіл мәтіні бойынша "Оңтүстік Қазақстан" деген сөз "Түркістан" деген сөзбен ауыстырылсын;

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Түркістан облысы прокуратурасының заңды мекенжайы: Қазақстан Республикасы, Түркістан облысы, Түркістан қаласы, Байбұрт көшесі, 2.".

      2. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының Аппараты заңнамада белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықтың көшірмелерін қағаз және электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының интернет-ресурсына орналастыруын қамтамасыз етсін.

      3. Шымкент қаласының және Түркістан облысының прокурорлары заңнамада белгіленген тәртіпте:

      1) бір айлық мерзімде өз актілерін осы бұйрыққа сәйкес келтіруді;

      2) "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен көзделген шаралары қабылдауды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының Аппаратына жүктелсін.

      5. Осы бұйрықпен Қазақстан Республикасының прокуратура органдарының, ведомстволарының, мекемелерiнiң және білім беру ұйымының барлық қызметкерлерi мен жұмыскерлері таныстырылсын.

      6. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
Бас Прокуроры
Қ. Қожамжаров

 
  Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
2018 жылғы 17 тамыздағы
№ 102 бұйрығына
қосымша
Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
2017 жылғы 3 қарашадағы
№ 126 бұйрығына
2-1-қосымша

Шымкент қаласының прокуратурасы туралы ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. Шымкент қаласының прокуратурасы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының аумақтық органы болып табылады, мемлекет атынан заңдылықтың сақталуын заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүддесін білдіреді және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.

      2. Шымкент қаласы прокуратурасының төмен тұрған прокуратуралары бар.

      3. Шымкент қаласының прокуратурасы өз қызметін Конституцияға, халықаралық шарттар мен Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, осы Ережеге, сондай-ақ өзге де құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Шымкент қаласының прокуратурасы мемлекеттік мекемесі ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген, мемлекеттік тілде өз атауы жазылған мөрлері және өз атауы бар мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      5. Шымкент қаласының прокуратурасы азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      6. Шымкент қаласының прокуратурасы, егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Шымкент қаласының прокуратурасы өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Шымкент қаласы прокурорының бұйрығымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Шымкент қаласы прокуратурасының құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

      9. Шымкент қаласы прокуратурасының заңды мекенжайы: Қазақстан Республикасы, Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, Тәуке-хан даңғылы, 97.

      10. Шымкент қаласы прокуратурасының толық атауы – "Шымкент қаласының прокуратурасы" мемлекеттік мекемесі.

      11. Осы Ереже Шымкент қаласы прокуратурасының құрылтай құжаты болып табылады.

      12. Шымкент қаласы прокуратурасының қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      13. Шымкент қаласының прокуратурасына кәсіпкерлік субъектілерімен Шымкент қаласы прокуратурасының функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

2. Шымкент қаласы прокуратурасының негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      14. Шымкент қаласы прокуратурасының негізгі міндеттері:

      1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру;

      2) заңдылықты бұзуды, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды, сондай-ақ олардың зардабын анықтау және жою;

      3) құқық қорғау органдарының және өзге де мемлекеттік органдардың заңдылықты, құқық тәртібін және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі қызметін үйлестіру;

      4) заңда және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде айқындалған өзге де міндеттер.

      15. Шымкент қаласы прокуратурасының негізгі функциялары:

      1) заңда белгіленген шекте және тәртіппен:

      мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және олардың лауазымды адамдарының, меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдар қызметінің, сондай-ақ олар қабылдайтын актілер мен шешімдердің;

      атқарушылық іс жүргізудің және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізудің;

      құқық қорғау органдарының және арнаулы мемлекеттік органдардың: сотқа дейінгі тергеп-тексеру, жедел-іздестіру және қарсы барлау қызметі; қылмыстық жазаларды орындау және мемлекеттік мәжбүрлеудің өзге де шараларын қолдану; Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын сақтау салаларындағы қызметінің;

      заңда айқындалатын өзге де бағыттар бойынша заңдылықты жоғары қадағалауды жүзеге асырады;

      2) қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамада және әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада көзделген негіздерде және тәртіппен сотта мемлекет мүдделерін білдіреді;

      3) мемлекет атынан қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес қылмыстық қудалауды жүзеге асырады;

      4) құқық қорғау органдарының және өзге де мемлекеттік органдардың заңдылықты, құқық тәртібін және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі қызметін осы органдардың өзара іс-қимылын, өзара ақпарат алмасуды және ортақ міндеттерді іске асыру кезінде олардың келісілген әрекеттерін қамтамасыз ету мақсатында үйлестіреді;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функциялар.

      16. Шымкент қаласы прокуратурасының негізгі құқықтары мен міндеттері.

      Шымкент қаласының прокуратурасы:

      1) қылмыстық-процестік заңда белгіленген негіздерде және тәртіппен әрекеттерді жүзеге асыруға және процестік шешімдер қабылдауға;

      2) заңнамада көзделген жағдайларда және тәртіппен жедел-іздестіру қызметінің материалдарын, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді талап етуге, басшылардан және басқа да лауазымды адамдардан заңдылықтың жай-күйі және оны қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы қажетті құжаттарды, материалдарды, статистикалық ақпаратты және өзге де мәліметтерді алуға;

      3) заңда көзделген негіздерде және тәртіппен сот отырысына қатысуға және іс бойынша қорытынды беруге, соттан сот істерін сұратуға, сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхат келтіруге;

      4) заңда көзделген тәртіппен тексерістер жүргізуге, оларға қатысу және қорытындылар беру үшін мамандарды тартуға, сондай-ақ қауіпсіздікті және қадағалау қызметін қамтамасыз ету үшін басқа да құқық қорғау органдарының қызметкерлерін тексеруді жүзеге асыруға тартуға;

      5) сараптамалар тағайындауға, прокуратураға келіп түскен материалдар, өтініштер бойынша уәкілетті органдардан тексерістер жүргізуді талап етуге және олардың нәтижелері туралы хабарлауды міндеттеуге;

      6) құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесімен интеграцияланған ақпараттық жүйелер мен ресурстарда қамтылған мәліметтерге заңнамада белгіленген негіздерде және тәртіппен қол жеткізуге;

      7) жүргізілетін тексеріс және қаралатын өтініш мәселелері бойынша лауазымды адамдарды, жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін түсініктемелер алуға шақыртуға;

      8) негіздер болған кезде және заңда көзделген тәртіппен лауазымды адамдар салған тыйым салу немесе шектеу сипатындағы шаралардың күшін жоюды, заңсыз актінің қолданысын толығымен немесе ішінара тоқтата тұруды талап етуге;

      9) әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада көзделген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді қозғауға және тоқтатуға;

      10) тексерістер жүргізумен байланысты құжаттар мен материалдарға заңнамада белгіленген тәртіппен қол жеткізуге;

      11) нормативтік құқықтық актілер жобаларын әзірлеуге және қарауға қатысуға;

      12) басқа мемлекеттердің мекемелерімен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жасауға;

      13) заңдылықты және құқық тәртібін, қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету мақсатында құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы ақпараттық жүйелерді құруға және жетілдіруге қатысуға;

      14) заңда көзделген өзге де әрекеттерді орындауға құқылы.

      Шымкент қаласының прокуратурасы:

      1) өз құзыретіне сәйкес адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін қорғауға;

      2) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қараумен байланысты құжаттар мен материалдарды заңнамада көзделген шекте оларға танысуға ұсынуға;

      3) заңдылықты бұзушылықтардың, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайлардың алдын алу және анықтау, сондай-ақ кінәлі адамдарды жауаптылыққа тарту үшін заңда белгіленген тәртіппен прокурорлық ден қою актілерін және прокурорлық қадағалау актілерін қабылдауға;

      4) тексерілетін субъектілердің қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтіретін әрекеттерге (әрекетсіздікке) және актілердің қабылдануына жол бермеуге;

      5) тексеріс барысында алынған құжаттар мен мәліметтердің сақталуын, мемлекеттік құпиялар және заңмен қорғалатын өзге де құпия туралы заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге;

      6) заңсыз ұстап алынған және бас бостандығынан айыру орындарында, арнайы мекемелерде, мәжбүрлеу сипатындағы шараларды орындайтын мекемелерде, қызметтік үй-жайларда заңсыз ұсталатын адамдарды дереу босатуға;

      7) өзінің қызметін халықтың сенімін арттыру басымдығымен жетілдіруге;

      8) заңда көзделген өзге де өкілеттіктерді орындауға міндетті.

3. Шымкент қаласы прокуратурасының қызметін ұйымдастыру

      17. Шымкент қаласы прокуратурасын басқаруды Шымкент қаласының прокуроры жүзеге асырады, ол Шымкент қаласының прокуратурасына жүктелген міндеттерді орындауға және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болады.

      Шымкент қаласы прокурорының орынбасарлары бар.

      18. Шымкент қаласының прокурорын және оның орынбасарларын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қызметке тағайындайды және босатады.

      19. Шымкент қаласы прокурорының негізгі өкілеттілігі:

      1) Шымкент қаласы прокуратурасының жұмысын ұйымдастырады, оның қызметіне және төмен тұрған прокуратураларға басшылық жасайды;

      2) Шымкент қаласының Заңдылықты, құқық тәртібін және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесін басқарады;

      3) Шымкент қаласының прокуратурасы атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      4) басқа да мемлекеттік органдармен, сондай-ақ өзге де ұйымдармен өзара қарым-қатынастарда Шымкент қаласының прокуратурасы атынан өкілдік етеді;

      5) барлық бағынысты қызметкерлер мен жұмыскерлер үшiн мiндеттi бұйрықтар, өкiмдер шығарады;

      6) өзінің құзыретіне жатқызылған басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.

      Шымкент қаласының прокуроры болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін Шымкент қаласының прокуроры тағайындайтын орынбасарларының бірі жүзеге асырады.

      20. Шымкент қаласының прокуроры өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.

4. Шымкент қаласы прокуратурасының мүлкі

      21. Шымкент қаласының прокуратурасы заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлікті иелене алады.

      Шымкент қаласы прокуратурасының мүлкі оған мемлекет берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Шымкент қаласының прокуратурасына бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Шымкент қаласының прокуратурасы өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Шымкент қаласының прокуратурасын қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Шымкент қаласының прокуратурасын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады