Ескерту. Күші жойылды - Ақмола облысы Көкшетау қалалық мәслихатының 26.11.2021 № С-11/4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
Көкшетау қалалық мәслихаты ШЕШТІ:
1. Көкшетау қалалық мәслихатының 2021 жылғы 09 маусымдағы № С-7/4 "Красный Яр ауылдық округінің аумағында жергілікті қоғамдастық жиналысының регламентін бекіту туралы" шешіміне келесі өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген шешімімен бекітілген Жергілікті қоғамдастық жиналысының регламентінде:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы Красный Яр ауылдық округінің аумағында жергілікті қоғамдастық жиналысының регламенті (бұдан әрі-Регламент) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 39-3-бабының 3-1-тармағына сәйкес әзірленді.";
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"4. Жиналыс жергілікті маңызы бар ағымдағы мына мәселелер бойынша өткізіледі:
бағдарламалық құжаттардың, жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламаларының жобаларын талқылау және қарау;
Красный Яр ауылдық округ бюджетінің жобасын және бюджеттің атқарылуы туралы есепті келісу;
Красный Яр ауылдық округтің коммуналдық меншігін (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін) басқару жөніндегі Красный Яр ауылдық округ әкімі аппаратының шешімдерін келісу;
бюджеттің атқарылуын мониторингтеу мақсатында жиналысқа қатысушылар қатарынан жергілікті қоғамдастық комиссиясын құру;
Красный Яр ауылдық округ бюджетінің атқарылуына жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы есепті тыңдау және талқылау;
Красный Яр ауылдық округтің коммуналдық мүлкін иеліктен шығаруды келісу;
жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын талқылау;
Красный Яр ауылдық округ әкіміне кандидат ретінде тіркеу үшін тиісті Көкшетау қалалық аумақтық сайлау комиссиясына одан әрі енгізу үшін Көкшетау қаласы әкімінің Красный Яр ауылдық округі әкімі лауазымына ұсынған кандидатураларын келісу;
Красный Яр ауылдық округ әкімін лауазымынан босату туралы мәселеге бастамашылық жасау;
жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын және тиісті аумақтарда орналасқан мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшыларын тағайындау жөнінде ұсыныстар енгізу;
жергілікті қоғамдастықтың басқа да ағымдағы мәселелері.";
6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"6. Заңның 39-3-бабы 3-тармағының 4-3) тармақшасында көзделген, жергілікті қоғамдастық жиналысының шақырылу уақыты, орны туралы жергілікті қоғамдастық жиналысының мүшелері жиналыс өткізілетін күнге дейін күнтізбелік үш күннен кешіктірілмей хабардар етілетін жағдайды қоспағанда, жиналыстың шақырылу уақыты, орны және талқыланатын мәселелер туралы жиналыстың мүшелері жиналыс өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмей бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен хабардар етіледі.
Красный Яр әкімінің аппараты жиналыстың мүшелеріне және әкімге жиналыстың қарауына енгізілетін мәселелер бойынша қажетті материалдарды жиналысқа шақырғанға дейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей жазбаша түрде немесе электрондық құжат нысанында ұсынады.";
12 және 13-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"12. Жиналыс өзінің өкілеттігі шеңберінде шақырылымға қатысып отырған жиналыс мүшелерінің көпшілік дауысымен шешімдер қабылдайды.
Дауыстар тең болған жағдайда, жиналыстың төрағасы шешуші дауыс құқығын пайдаланады.
Жиналыстың шешімі хаттамамен ресімделеді, онда:
1) жиналыстың өткізілген күні мен орны;
2) жиналыс мүшелерінің саны және тізімі;
3) өзге де қатысушылардың саны және тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) көрсетілген тізім;
4) жиналыс төрағасы мен хатшысының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);
5) күн тәртібі, сөйленген сөздердің қысқаша мазмұны және қабылданған шешімдер көрсетіледі.
Хаттамаға жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды және хаттамада Красный Яр ауылдық округ әкімінің өкілеттігін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімі қамтылған жағдайларды қоспағанда, екі жұмыс күні ішінде Красный Яр ауылдық округ әкіміне беріледі.
Красный Яр ауылдық округ әкімінің өкілеттігін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы шешімі бар жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасына жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды және бес жұмыс күні ішінде Көкшетау қалалық мәслихатының қарауына беріледі.
13. Жиналыс қабылдаған шешімдерді Красный Яр ауылдық округ әкімі бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қарайды.
Красный Яр ауылдық округінің әкімі жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімімен келіспейтіндігін білдіруге құқылы, бұл регламенттің 2-тарауында көзделген тәртіппен осындай келіспеушілік тудырған мәселелерді қайта талқылау арқылы шешіледі.
Красный Яр ауылдық округ әкімінің келіспеушілігін тудырған мәселелерді шешу мүмкін болмаған жағдайда, мәселені жоғары тұрған әкім тиісті Көкшетау қалалық мәслихатының отырысында алдын ала талқылаудан соң шешеді.".
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Көкшетау қалалық мәслихаттының хатшысы | Р.Калишев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Красный Яр ауылдық
округінің әкімінің м.а.
С. Макиш
2021 жылғы ""