"Шымкент қаласы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы

Жаңа

Шымкент қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 13 желтоқсандағы № 1625 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 39-бабына, "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 35-1-бабы 3-тармағының 3) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қауылысымен бекітілген Мемлекеттік орган туралы үлгілік ережеге сәйкес, Шымкент қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Шымкент қаласы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже осы қауылының қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. "Шымкент қаласы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте осы қаулыдан туындайтын барлық шараларды атқарсын.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Е. Білісбековке жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Шымкент қаласының әкімі М. Әйтенов

  Шымкент қаласы әкімдігінің
2021 жылғы "13" желтоқсандағы
№ 1625 қаулысымен бекітілген

"Шымкент қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ЕРЕЖЕ

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Шымкент қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы" мемлекеттік мекемесі (Бұдан әрі-Басқарма) Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын қалыптастыруға және қол жеткізуге ықпал ететін, мемлекеттік жоспарлау жүйесін іске асыру саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқармасы өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Басқарма ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның рәміздері мен айырым белгілері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      4. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      5. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      6. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен "Шымкент қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы" мемлекеттік мекемесі басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. "Шымкент қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Nursultan Nazarbaev даңғылы №10, пошталық индексі 160024.

      9. Осы Ереже Басқармасының құрылтай құжаты болып табылады.

      10. "Шымкент қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      11. Басқармасына кәсіпкерлік субъектілерімен Басқармасының өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Мемлекеттік органның міндеттері мен өкілеттіктері

      12. Мақсаттары:

      1) Басқарманың миссиясы: Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының мақсатты басымдықтарын іске асыру.

      2) Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің өңірлік құжаттарын қалыптастыру және жүзеге асыру;

      3) Жергілікті Бюджетті жоспарлау;

      4) Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының мақсатты басымдықтарын іске асыру.

      13. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      - жоғары органдарға қаланың негізгі даму бағыттары бойынша ұсыныстар енгізуге;

      - мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, мемлекеттің қатысуымен заңды тұлғалардан заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті ақпараттар мен материалдарды сұратуға және алуға;

      - консалтингтік қызметтерді жүзеге асыру үшін заңды және жеке тұлғаларды жұмысқа тартуға.

      2) міндеттері:

      - заңнамада белгіленген тәртіппен қаланың даму бағдарламасын әзірлеу және келісу.

      - жергілікті атқарушы органдармен жүзеге асырылып жатқан аумақтық даму бағдарламасына мониторинг жүргізуге;

      - өз құзыреті шегінде ақпараттық-талдау материалдарын дайындауға және оларды республикалық мемлекеттік органдарға және қала әкімдігіне ұсынуға;

      - Қаланың даму бағдарламасына мониторинг жүргізу;

      - қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына мониторинг жүргізу;

      - жергілікті бюджеттік инвестициялық жобаларға, заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы жергілікті бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемесіне және мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының тұжырымдамасына экономикалық қорытындылар дайындау;

      - Шымкент қаласының даму бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу және қала әкіміне бекітуге енгізу;

      - бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдері және бюджеттік бағдарламаларының жобалары бойынша қорытындыларды қарастыру, бағалау және дайындау.

      14. Функциялары:

      1) қалалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын бюджеттік инвестициялық жобалардың және заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы жергілікті бюджеттік инвестициялардың іске асырылу барысы туралы жылдық мониторингті дайындау және қала әкімдігіне ұсыну;

      2) коммуналдық меншікке жататын концессия объектілері бойынша, егер концессия объектісін құру (реконструкциялау) құны 4 000 000 айлық есептік көрсеткішке дейінгіні құраған жағдайда концессиялық ұсыныстар бойынша, конкурстық құжаттама бойынша, оның iшiнде оған өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу кезiнде, концессионердi таңдау жөнiндегi конкурсты өткiзу кезiнде конкурсқа қатысушылар ұсынған концессиялық өтiнiмдер бойынша, концессия шарттары жобалары бойынша, оның iшiнде концессия шарттарына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу кезiнде қорытындылар әзірлеу;

      3) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына конкурстық құжаттама бойынша қорытындылар қалыптастыру және оларды тиiстi бюджет комиссиясының қарауына енгiзу;

      4) басымды бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тізбесін қалыптастыру;

      5) жоспарлы кезеңге арналған қалалық бюджетті бекіту және қалалық бюджетті нақтылау жөніндегі қалалық мәслихат шешімінің жобасын әзірлеу;

      6) жоспарлы кезеңге арналған қалалық бюджетті бекіту туралы қалалық мәслихат шешімін іске асыру жөніндегі қала әкімдігі қаулысының жобасын әзірлеу;

      7) Шымкент қаласының бюджеттік комиссиясының жұмыс органының функцияларын жүзеге асырады;

      8) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдері бойынша қорытындыларды қарау, бағалау және дайындау, түсімдерді болжау.

3-тарау. Мемлекеттік органның басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      15. Басқарманы басқаруды Басқарма басшысы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      16. Басқарма басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Шымкент қаласы әкімінің өкімімен лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      17. Басқарма басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.

      18. Басқарма басшысының өкілеттіктері:

      1) Басқарма атынан сенімхатсыз әрекет жасайды және барлық ұйымдарда басқарма мүдделерін білдіреді;

      2) заңнамада белгіленген жағдайларда және шектерде "Шымкент қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы" мемлекеттік мекемесі мүлігіне билік жасайды.

      3) шарттар жасасады, сенімхаттар береді, Басқарма регламентін, жұмыс тәртібі мен жоспарларын бекітеді;

      4) заңда белгіленген тәртіппен меморандумдарға қол қояды;

      5) Қазақстан Республикасының Заңнамалық актілеріне сәйкес, азаматтық-құқықтық актілерге қол қояды;

      6) Банктерде есеп-шоттар ашады, "Шымкент қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің барлық қызметкерлеріне міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      7) заңнамамен, осы ережемен және қала әкімдігімен жүктелген өзге де қызметтерді атқарады;

      Басқарма басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

      19. Басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.

4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      20. Басқармасының заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Басқармасының мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      21. Басқармаға бекітілген мүлік қалалық коммуналдық меншікке жатады.

      22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      23. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады