"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 37 бабының 1-тармағына және 39 бабына, "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 35-1 бабы 3 тармағының 3) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік орган туралы үлгілік ережеге сәйкес, Шымкент қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - Шымкент қаласы әкімдігінің 02.12.2022 № 2431 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).1. "Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. "Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте осы қаулыдан туындайтын барлық шараларды атқарсын.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Шымкент қаласы әкiмiнің орынбасары М.Айманбетовке жүктелсiн.
4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Шымкент қаласының әкімі | М. Әйтенов |
Шымкент қаласы әкімдігінің 2021 жылғы "21" желтоқсандағы № 1633 қаулысына қосымша |
"Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
1. "Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) энергетика және коммуналдық шаруашылық салаларында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Басқарманың ведомстволары жоқ.
3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның рәміздері мен айырым белгілері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.
6. Басқарма егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. Басқарма құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы, Т.Орынбаев көшесі 33/2, индексі 160011.
10. Осы ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
11. Басқарманың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттерден, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бюджетінен жүзеге асырылады.
12. Басқарма кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.
Егер Басқарма заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері
13. Мақсаттары:
Шымкент қаласы аумағында энергетика және коммуналдық шаруашылық саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру.
14. Өкілеттіктері:
Құқықтары мен міндеттері:
1) Шымкент қаласының барлық мемлекеттік органдарынан және өзге де ұйымдардан қажетті ақпаратты сұрату және алу;
2) Басқарманың құзыретіне жататын мәселелер бойынша заңды тұлғалармен келіссөздер жүргізу және келісімдер жасасу;
3) Шымкент қаласының әкіміне Басқарманың құзыретіне жататын мәселелер бойынша ұсыныстар енгізу;
4) белгіленген тәртіпте Басқарманың құзыретіне жататын мәселелер бойынша әкімдік қаулыларының, әкімнің шешімдері мен өкімдерінің және мәслихат шешімдерінің жобаларын енгізу;
5) энергетика, коммуналдық шаруашылық, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясат шараларын іске асыру үшін Шымкент қаласы әкімдігінің жанынан комиссиялар, кеңестер, жұмыс топтарын және басқа да кеңесші органдар құруға бастама көтеру;
6) Басқармаға бөлінген қаражат шегінде белгіленген тәртіпте Басқарманың құзыретіне жататын мәселелерді дайындау үшін ғылыми-зерттеу ұйымдарын, сондай-ақ жекелеген мамандарды тарту;
7) электр энергетикасы, өнеркәсіптік қауіпсіздік, газбен жабдықтау, коммуналдық шаруашылық саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарау өндірісін жүзеге асыру;
8) техникалық қондырғыларда өнеркәсіптік қауіпсіздік, энергетика, коммуналдық шаруашылық, газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік стандарттар мен техникалық шарттарға, заңнамаға сәйкес келмейтін материалдар мен бұйымдарды, конструкцияларды, жабдықтарды қолдануға тыйым салу;
9) энергияны үнемдеу, энергетикалық салаға және коммуналдық шаруашылыққа қызмет көрсету, коммуналдық қызметтерді жеткізу бойынша жұмысты жақсарту туралы бағдарламалар, ұсыныстар әзірлеу және Шымкент қаласының әкімдігі мен қалалық мәслихатқа және өзге де мемлекеттік органдарға енгізу;
10) заңнамамен белгіленген тәртіпте тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстарды ұйымдастыру және өткізу;
11) энергетика және коммуналдық шаруашылық саласында әлеуметтік, экономикалық және техникалық саясатты әзірлеу мақсатында қоғамдық бірлестіктермен және өзге де ұйымдармен ынтымақтастық жасау;
12) Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексімен белгіленген тәртіпте сотқа талап-арызбен жүгіну;
13) өзіне берілген мүлікті басқару;
14) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен қарастырылған өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
15. Функциялары:
1) жылу желілерін (магистральдық, орам ішілік) жоспарлы жөндеуді келіседі;
2) барлық қуаттағы жылыту қазандықтары мен жылу желілерінің (магистральдық, орамішілік) күзгі-қысқы жағдайлардағы жұмысқа дайындығының паспорттарын береді;
3) 110 кВ және одан төмен, 220 кВ және одан жоғары объектiлер үшiн қосалқы (шунтталатын) электр беру желiлерi мен кіші станцияларды салудың техникалық орындылығы туралы қорытындылар береді;
4) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында мемлекеттік саясатты жүргізуді қамтамасыз етеді;
5) заң актілеріне сәйкес қаланың коммуналдық меншігін басқарады, оны қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асырады;
6) қаланың коммуналдық меншік объектілері мен әлеуметтік-мәдени мақсаттағы объектілер салу, реконструкциялау және жөндеу бойынша тапсырысшы болады, қалаішілік коммуналдық желілер мен құрылыстарды салуға рұқсат береді;
7) қаланың су құбырларын, тазарту құрылыстарын, жылу мен электр желiлерiн және инженерлiк инфрақұрылымдар объектiлерiнiң құрылысын салуды және пайдалануды ұйымдастырады:
8) авариялық үй-жайларды бұзуды ұйымдастырады:
9) қаланың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымына жобалау-сметалық құжаттамалар, техникалық экономикалық негіздер жерге орналастыру жобаларын әзірлеу жұмыстарын үйлестіреді;
10) азаматтық-құқықтық шарттар негізінде мүлікті сатып алу және оны жасау жұмыстарын ұйымдастырады;
11) тиісті саладағы мемлекеттік кәсіпорындардың таза табысының белгіленген бөлігінің бюджетке толық және уақтылы аударылуына бақылауды жүзеге асырады;
12) "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 304-бабымен көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар толтырады;
13) жылу желілері бойынша жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын дайындау мен жүзеге асыруды және олардың күзгі-қысқы кезеңде жұмыс істеуін бақылау;
14) жылу желілеріндегі (магистральдық, орамішілік) технологиялық бұзушылықтарды тексеруді жүргізу;
15) жылу желілерін (магистральдық, орамішілік) жөндеу жоспарларын келісу;
16) қайталанатын (шунтталатын) электр беру желілері мен қосалқы станцияларды жобалауды және салуды келісу;
17) өз құзыретінің шегінде мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, авариялық жағдайларды тексерулерге қатысу;
18) тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар газ пайдаланатын жүйелерді және газ жабдығын қауіпсіз пайдалану талаптарын сақтауына бақылауды жүзеге асыру;
19) Қазақсатан Республикасын газдандыруыдың бас схемасын іске асыруға қатысу;
20) коммуналдық-тұрмыстық секторды газбен жабдықтау объектілерін есепке алуды бақылау;
21) өндірістік бақылау тиімділігін, ұйымдардың аварияларды және олардың салдарын жоюға дайындығын, газ пайдаланатын және газ тарататын объектілерде авариялардың салдарын таратпау және оларды жою жұмыстарын бақылау;
22) Қазақстан Республикасының газбен жабдықтау саласындағы нормативтік-құқықтық актілерінің талаптарына сәйкестігі тұрғысынан құрылысы аяқталған және қайта жаңғыртылған газ тарататын және газды пайдаланатын жүйелерді қабылдау жөніндегі жұмыс комиссиялардың жұмысына қатысу;
23) жобалау ұйымдарының газ тарататын және газды пайдаланатын объектілер мен коммуналдық-тұрмыстық сектордың көтеру құрылыстарын жобалау, құрылысын жүргізу, қайта жаңғырту кезінде қауіпсіздік ережелерінің талаптарын, техникалық шарттарды, мемлекеттік стандарттарды сақтауын бақылау;
24) әкімдіктің энергетика және коммуналдық шаруашылық саласындағы іс-қимылдар бағдарламасын әзірлеу, олардың іске асырылуын бақылау;
25) энергетика және коммуналдық шаруашылық саласындағы өңірлік ғылыми-техникалық саясатты әзірлеу және іске асыру;
26) мемлекеттік бюджет қаражатының, Қазақстан Республикасының үкіметтік кепілдіктерімен берілетін сыртқы қарыздардың және басқа да көздердің есебінен қаржыландырылатын обьектілерді жобалауға және құрылысын жүргізуге конкурстар ұйымдастыруға және өткізуге қатысу;
27) Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын іске асыру бойынша инвестициялық бағдарламалар мен жобаларға, сондай-ақ жылдық жоспарлары әзірлеуге қатысу;
28) жаңартылатын энергия көздерін дамыту жөніндегі нысаналы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға қатысу;
29) Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне және өзге де мемлекеттік органдарына есептерді беруді ұйымдастыру;
30) Шымкент қаласының энергетикалық кешенінің және коммуналдық шаруашылығының жай-күйіне күнделікті шұғыл бақылауды жүзеге асыру;
31) энергетикалық сала мен коммуналдық шаруашылыққа қатысты мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Шымкент қаласы әкімдігі мен әкімінің нормативтік құқықтық актілерінің және тапсырмаларының орындалуына бақылауды жүзеге асыру;
32) мүлікті, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстық іс-шараларға қатысу және аталған мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыру;
33) ағымдағы бюджеттік бағдарламаларды және даму бағдарламаларын іске асыру, мемлекеттік бюджет қаражатының есебінен қаржыландырылатын инженерлік желілерді салу, қайта жаңғырту, қайта жаңалау, жаңғырту және қалпына келтіру кезінде тапсырыс берушінің функцияларын жүзеге асыру;
34) коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындарға қатысты мемлекеттік басқару органының функцияларын жүзеге асыру;
35) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес "Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жүктелген өзге де функцияларлы жүзеге асыру;
36) - қала аумағында алдағы күнтізбелік жылға бағаларына мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін тұтыну болжамын жасайды және жанар-жағармай бағаларына мониторинг жүргізеді.
Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - Шымкент қаласы әкімдігінің 02.12.2022 № 2431 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).3-тарау. Мемлекеттік органның, алқалы органдардың (бар болса) бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
16. Басқарманы басқаруды Басқарма басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
17. Басқарма басшысын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қала әкімі лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады.
18. Басқарма басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.
19. Басқарма басшысының өкілеттіктері:
1) Басқарманың қызметін ұйымдастырады және басқарады;
2) Басқармаға жүктелген міндеттер мен қызметтердің, қала әкімі мен жетекшілік ететін қала әкімі орынбасарының тапсырмаларының орындалуына дербес жауапты болады;
3) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларға сәйкес Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы" мемлекеттік мекемесі қызметкерлерін, сондай ақ, қарамағындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың басшыларын және олардың орынбасарларын жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;
4) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларға сәйкес Басқарма қызметкерлерінің, Басқармасының қарамағындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың басшыларының міндеттері мен уәкілеттіктерін анықтайды;
5) Басқарманың жұмыс жоспарларын бекітеді;
6) Басқарманың атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
7) сенімхаттар береді;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Басқарманың қызметкерлеріне, сондай-ақ мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың басшыларына көтермелеу шараларын қолданады және тәртіптік жаза қолданады;
9) өз құзыреті шегінде қарамағындағы кәсіпорындардың және Басқарманың барлық қызметкерлерінің орындауы үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;
10) мемлекеттік мекеменің ішкі еңбек тәртібін бекітеді;
11) мемлекеттік мекемеде Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
12) азаматтарды жеке қабылдауды жүзеге асырады;
13) келісім-шарттар жасасады;
14) банкте шоттар ашады;
15) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерде көзделген өкілеттіліктерді жүзеге асырады;
16) сыбайлас жемқорлықтың көріністеріне қарсы әрекеттерді күшейту бойынша шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың бұзылуына дербес жауапты;
17) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарманың мүдделерін білдіреді;
18) Басқарманың қызметкерлеріне және қарамағындағы кәсіпорындардың басшыларына Қазақстан Ресаубликасының заңнамасында белгіленген тәртіпте сыйақы шараларын белгілейді;
19) Қазақстан Республикасы заңнамасымен, осы ережемен және қала әкімдігі мен оған жүктелген басқа да функцияларды жүзеге асырады;
20) Басқарманың басшысысы мемлекеттік мекеменің қаржы-шаруашылық қызметіне және мүлкінің сақталуына дербес жауапты болады.
Басқарма басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
20. Басқарма басшысы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға айқындайды.
4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі
21. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай- ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өзіне бекітіліп берілген, өзінің балансында тұрған мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын Қазақстан Республикасының атынан дербес жүзеге асырады.
22. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
24. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Басқарманың қарамағындағы ұйымдардың тізбесі:
1) Шымкент қаласы әкімдігінің "Су құбыры және канализация басқармасы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны;
2) Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы" мемлекеттік мекемесі "Қуатжылуорталық-3" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны.