"Шымкент қаласының Қаратау ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы

Жаңартылған

Шымкент қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 28 желтоқсандағы № 1699 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 35, 37 баптарына, "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 35-1-бабы 3-тармағының 3) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік орган туралы үлгілік ережеге сәйкес, Шымкент қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Шымкент қаласының Қаратау ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы ереже осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. "Шымкент қаласының Қаратау ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте осы қаулыдан туындайтын барлық шараларды атқарсын.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Шымкент қаласының Қаратау ауданының әкiмi А.Аликуловқа жүктелсiн.

      4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Шымкент қаласының әкімі М. Әйтенов

  Шымкент қаласы әкімдігінің
2021 жылғы "28" желтоқсандағы
№ 1699 қаулысымен бекітілген

"Шымкент қаласының Қаратау ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы ЕРЕЖЕ

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - Шымкент қаласы әкімдігінің 28.12.2023 № 2912 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Шымкент қаласының Қаратау ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Қаратау ауданы әкімінің аппараты) Шымкент қаласының Қаратау ауданы аумағында мемлекеттік басқару функцияларын жүзеге асыратын және орындайтын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Қаратау ауданы әкімінің аппараты өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Қаратау ауданы әкімінің аппараты мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      4. Қаратау ауданы әкімінің аппараты азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      5. Қаратау ауданы әкімінің аппараты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      6. Қаратау ауданы әкімінің аппараты өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімінің өкімдерімен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. "Шымкент қаласының Қаратау ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Бәйдібек би даңғылы, № 60 үй, индексі 160024.

      9. Осы Ереже Қаратау ауданы әкімі аппаратының құрылтай құжаты болып табылады.

      10. Қаратау ауданы әкімі аппаратының қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      11. Қаратау ауданы әкімінің аппараты кәсіпкерлік субъектілерімен Қаратау ауданы әкімі аппаратының өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Қаратау ауданы әкімінің аппаратына заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері

      12. Мақсаттары:

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті аумақта мемлекеттік басқару саласында мемлекеттік саясатты жүргізу.

      13. Өкілеттіктері:

      1) Құқықтары:

      мемлекеттік органдардан және қала әкімі аппаратынан қажетті ақпараттарды сұратуға және алуға;

      мемлекеттік көлік құралдарын, байланыс және коммуникация құралдарын пайдалануға;

      қала әкіміне Қаратау ауданы әкімі аппаратының қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныс беруге;

      мемлекеттік және мемлекеттік емес органдармен, ұйымдармен аудан әкімі аппаратының мәселелері бойынша хат алмасуға;

      қала әкімдігі мен әкімінің құзырына жататын мәселелерді қарауға мемлекеттік органдардың қызметкерлерін, кәсіпорындар мен ұйымдардың өкілдерін қатыстыру үшін тартуға құқылы.

      2) Міндеттері:

      Қаратау ауданы әкімі аппаратының қызметін ақпараттық-аналитикалық, ұйымдастыру-құқықтық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету.

      "Шымкент қаласының Қаратау ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілеріне, осы Ережеге сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      14. Функциялары:

      1) азаматтардың өтiнiштерiн, арыздарын, шағымдарын қарайды, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөнiнде шаралар қолданады;

      2) салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi жинауға жәрдемдеседi;

      3) Қаратау ауданы әкімінің аппараты әкімшісі болып табылатын бюджеттік бағдарламаларды әзірлеп, тиісті мәслихаттың бекітуі үшін жоғары тұрған әкімдіктің қарауына енгізеді;

      4) азаматтар мен заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдарының, Қазақстан Республикасының Президентi мен Yкiметi актiлерiнiң, орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдар нормативтiк құқықтық актілерiнiң нормаларын орындауына жәрдемдеседi;

      5) шаруа немесе фермер қожалықтарын ұйымдастыруға, кәсiпкерлiк қызметтi дамытуға жәрдемдеседi;

      6) өз құзыретi шегiнде әскери мiндеттiлiк және әскери қызмет, азаматтық қорғаныс, сондай-ақ жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру туралы мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының орындалуын ұйымдастырады және қамтамасыз етедi;

      7) тарихи және мәдени мұраны сақтау, ескерткіштерді күтіп ұстау жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;

      8) табысы аз адамдарды анықтайды, жоғары тұрған органдарға еңбекпен қамтуды қамтамасыз ету, атаулы әлеуметтік көмек көрсету жөнінде ұсыныс енгізеді;

      9) мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсетуді ұйымдастырады;

      10) дене шынықтыру және спорт жөніндегі уәкілетті органмен және мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерімен бірлесіп, мүгедектігі бар адамдар арасында сауықтыру және спорттық іс-шаралар өткізуді ұйымдастырады;

      11) мүгедектігі бар адамдарға қайырымдылық және әлеуметтік көмек көрсетуді үйлестіреді;

      12) халықтың әлеуметтiк жағынан әлсіз топтарына қайырымдылық көмек көрсетуді үйлестіреді;

      13) жергiлiктi әлеуметтiк инфрақұрылымның дамуына жәрдемдеседi;

      14) жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен өзара іс-қимыл жасайды;

      15) жергілікті бюджетті бекіту (нақтылау) кезінде қала мәслихаты сессияларының жұмысына қатысады;

      16) абаттандыру (балалар ойын алаңшаларын, ашық спорт алаңшаларын орнату және күтіп ұстау; мерекелік безендіру; су басудың алдын алу мақсатында ирригациялық жүйелер салу және күтіп ұстау; кіші сәулеттік пішіндерді орнату және күтіп ұстау; көшелерге урналар орнату және күтіп ұстау; жер асты және үсті жаяу жүргіншілер өткелдерін күтіп ұстау; аяқ жолдар мен қоршауларды орнату және күтіп ұстау) жұмыстарын ұйымдастырады;

      17) саябақтарды, гүлзарларды, су бұрқақтарды, ұңғымаларды күтіп ұстауды ұйымдастырады;

      18) көгалдандыру, санитарлық тазарту (көшелерді механикалық, қолмен тазалау және көгалдандыру; тұйықталған жүйелерді жою; бей-берекет жиналған қоқыс орындарын жою) жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырады;

      19) көшелерді, аулаларды жарықтандыруды ұйымдастырады;

      20) туысы жоқ адамдарды жерлеуді және зираттар мен өзге де жерлеу орындарын тиісті қалпында күтіп-ұстау жөніндегі қоғамдық жұмыстарды ұйымдастырады;

      21) жерлеу және қабірлерді қарап-күту жөніндегі істі ұйымдастыру қағидаларына сәйкес, қабірге арналған жер учаскелерін есепке алу мен тіркеуді жүргізеді;

      22) кәсіпқой емес медиаторлардың тізілімін жүргізеді;

      23) жеке адамдардың тұрғылықты жері бойынша және олардың көпшілік демалатын орындарда спортпен шұғылдануы үшін инфрақұрылым жасайды;

      24) өз құзыреті шегінде жаттықтырушы, әдіскер, нұсқаушы-спортшы және спорт төрешісі біліктілік санаттарын және спортшыларға спорттық разрядтарын беру мемлекеттік көрсетілетін қызметтер түрін жүзеге асырады;

      25) "Әскерге шақыруды кейінге қалдыру" және "Азаматтарды әскери қызметке шақырудан босату" мемлекеттік көрсетілетін қызметтер түрін шақыру комиссиясы арқылы жүзеге асырады;

      26) Мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастырады;

      27) жазалаудың осы түріне сотталған адамдардың қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен қоғамдық жұмыстарды орындауын ұйымдастырады;

      28) объектілерді (мемлекет мұқтаждығына алынған, авариялық үй-жайларды) бұзуды ұйымдастырады;

      29) автомобиль жолдарын ағымдағы жөндеуді жүзеге асырады.

3-тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      15. Қаратау ауданы әкімінің аппаратын басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Қаратау ауданы әкімінің аппаратына жүктелген мiндеттердiң орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      16. Қаратау ауданы әкімі аппаратының бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымынан босатылады.

      17. Қаратау ауданы әкімі аппаратының бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.

      18. Қаратау ауданы әкімі аппаратының бірінші басшысының өкілеттілігі:

      1) мемлекеттік мекеменің жұмыс жоспарын бекітеді;

      2) мемлекеттік мекеменің атынан әрекет етеді;

      3) сенімхаттар береді;

      4) заңнамада белгіленген тәртіпте мемлекеттік мекеменің қызметкерлерін көтермелейді және оларға тәртіптік жазалар қолданады;

      5) өз құзыреті шегінде өкімдерге, шешімдерге, қызметтік құжаттарға қол қояды;

      6) мемлекеттік мекеменің ішкі еңбек тәртібін бекітеді;

      7) мемлекеттік мекемеде "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының сақталуын қамтамасыз етеді;

      8) азаматтарды жеке қабылдауды жүзеге асырады;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Қаратау ауданы әкімі аппаратының бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      19. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкiлеттiктерiн қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.

      20. Қаратау ауданы әкімінің аппаратын Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын әкім басқарады.

      21. Қаратау ауданы әкімі аппаратының алқалы органдары жоқ.

4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкi

      22. Қаратау ауданы әкімі аппаратының заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығындағы оқшауланған мүлкi болуы мүмкін.

      Қаратау ауданы әкімі аппаратының мүлкi оған меншік иесі берген мүлiк, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      23. Қаратау ауданы әкімінің аппаратына бекiтiлген мүлiк коммуналдық меншiкке жатады.

      24. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, "Шымкент қаласының Қаратау ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі өзiне бекiтiлген мүлiктi және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлiнген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетiмен иелiктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      25. Қаратау ауданы әкімінің аппаратын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Қаратау ауданы әкімі аппаратының қарамағында Шымкент қаласының Қаратау ауданы әкімі аппаратының "Қаратау" коммуналдық мемлекеттік мекемесі бар.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады