“Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы” Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына және “Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы” Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес Жалағаш ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулының 1-қосымшасына сәйкес “Жалағаш аудандық қаржы бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулының 2-қосымшасына сәйкес Жалағаш ауданы әкімдігінің кейбір қаулыларының күші жойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Жалағаш ауданының әкімі | А. Шаменов |
Жалағаш ауданы әкімдігінің | |
2021 жылғы 10 қарашадағы | |
№ 246 қаулысына1-қосымша |
1-тарау. Жалпы ережелер
1. “Жалағаш аудандық қаржы бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі-Бөлім), бюджетті атқару, жергілікті бюджеттің атқарылуы бойынша бухгалтерлік есепке алуды, бюджеттік есепке алу мен бюджеттік есептілікті жүргізу, коммуналдық мүлікті басқару, мемлекеттің коммуналдық мүлікке құқығын іске асыру және жекешелендіру саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Бөлімнің ведомстволары жоқ.
3. Бөлім өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Бөлім мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
5. Бөлім азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.
6. Бөлім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
7. Бөлім өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Бөлім басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. Бөлімнің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: индекс 120200, Қазақстан Республикасы, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Жалағаш кенті, Әйтеке би көшесі, №14.
10. Осы Ереже Бөлімнің құрылтай құжаты болып табылады.
11. Бөлімқызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ауданның бюджетінен жүзеге асырылады.
12. Бөлімкәсіпкерлік субъектілерімен Бөлімнің өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.
Егер Бөлім заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Ресупубликасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері
13. Мақсаттары:
1) ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық мақсаттарын және басымдықтарын, негізгі бағыттарын қалыптастыру және оның атқару процесін жетілдіру;
2) аудан бюджетін қалыптастыру және оның атқару процесін жетілдіру;
3) аудан көлеміндегі коммуналдық меншікті басқару.
14. Өкілеттіктері:
1) құқықтары:
мемлекеттік органдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан және өзге де тұлғалардан заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті ақпарат пен материалдарды сұрату, алу және беру;
Бөлімнің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсіндірулер мен түсініктемелер беру;
құзыреті шегінде конкурстарды, кеңестерді, семинарларды және басқада іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Бөлімнің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында сотқа жүгіну, талап арыздар беру;
Қазақстан Республикасының заңнамасында козделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру;
2) міндеттері:
Бөлімнің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жеке және заңды тұлғалардыңарыздары мен шағымдарын (жолданымдарын) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қарау;
жеке және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдауды ұйымдастыру;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де міндеттерді жүзеге асыру.
15. Функциялары:
1) мемлекеттік қаржыны және коммуналдық меншікті басқару саласында мемлекеттік саясаттың мақсаттары мен басымдықтарын айқындауға қатысу;
2) аудан бюджетінің атқарылуына талдау жасау, аудан бюджеті жобасының негізгі көрсеткіштерін анықтау;
3) аудан бюджетінің қаржыландыру жиынтық жоспарын бекіту және оларға өзгерістер енгізу;
4) аудан бюджетінің атқарылуына мониторинг жүргізу;
5) “Қоғамдық кеңестер туралы” Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құрылатын қоғамдық кеңестің отырысында аудан бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есепті талқылауды өткізу;
6) өз қызметі саласында заңнаманың қолданылу тәжірибесін талдау және қорытындылау, оны жетілдіру жөнінде ұсыныстар беру;
7) өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысу;
8) аудандық коммуналдық мүлікті басқару, оны қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыру;
9) аудандық коммуналдық мүлікті, сондай-ақ мүліктік кешен ретінде кәсіпорындарды жекешелендіру туралы шешім қабылдау;
10) “Мемлекеттік сатып алу туралы” Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес аудандық коммуналдық мүлікті жекешелендіру бойынша сауда-саттық өткізу туралы хабарламаны жариялау үшін мерзімді баспа басылымын айқындау жөнінде конкурс өткізу;
11) аудандық коммуналдық мүлікті жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға кейіннен сатып алу құқығынсыз, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне кейіннен сатып алу құқығымен немесе кейіннен меншігіне өтеусіз негізде беру құқығымен мүліктік жалдауға (жалға алуға), сенімгерлікпен басқаруға беру;
12) аудандық коммуналдық мүліктің пайдаланылу және сақталуын бақылауды қамтамасыз ету;
13) ауданның жергілікті атқарушы органы құрған коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекет бақылайтын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің даму жоспарларының орындалуын бақылау және талдауды жүзеге асыру;
14) аудандық коммуналдық мүлікті аудандық коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіп беру;
15) аудандық коммуналдық мүлік деңгейіне жататын аудандық коммуналдық заңды тұлғалардың мүліктік кешендері аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының өтінішхаты негізінде (жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша) жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкі деңгейіне;
аудандық коммуналдық заңды тұлғалардың мүлкі аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының өтінішхаты негізінде (жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша) жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкі деңгейіне;
жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкі деңгейіне жататын жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғалардың мүліктік кешендері аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының өтінішхаты негізінде (жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша) бөлімнің шешімдері негізінде аудандық коммуналдық мүлік деңгейіне;
жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғаларының мүлкі аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының өтінішхаты негізінде (жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша) шешімдері негізінде аудандық коммуналдық мүлік деңгейіне беру жөнінде шешім қабылдайды.
16) аудандық коммуналдық заңды тұлғалардың мүлкін есептен шығаруға келісім береді;
17) жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша жергілікті өзін-өзі басқару қаражаты есебінен сатып алынған мүлікті иеліктен шығару туралы шешім қабылдау;
18) аудандық коммуналдық мүлікті, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес ақшаны жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына не акционерлік қоғамның акцияларын төлеуге беру туралы аудан әкімдігіне ұсыныс енгізу;
19) аудандық коммуналдық мүлікті пайдалану туралы, оның ішінде оны кепілге, мүліктік жалдауға (жалға алуға), өтеусіз пайдалануға және сенімгерлікпен басқаруға беру туралы шешімдер қабылдау;
20) коммуналдық меншікке айналдырылған (түскен), Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен иесі жоқ деп танылған, мемлекетке мұрагерлік құқығы бойынша өткен аудандық коммуналдық мүліктің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен коммуналдық меншікке өтеусіз өткізілген иесіз қалған мүліктің, олжаның, қараусыз қалған жануарлардың, құрамында мәдени құндылықтарға жататын зат жоқ көмбелердің үлестерін есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалануды ұйымдастыру;
21) сенімгерлікпен басқарушының аудандық коммуналдық мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша міндеттемелерді орындауын бақылауды жүзеге асыру;
22) аудандық коммуналдық мүлікті, сондай-ақ мүліктік кешен ретінде кәсіпорындарды жекешелендіруді жүзеге асырады, оның ішінде жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдалды тартады, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз етеді, жекешелендіру объектісінің сатып алу-сату шарттарын әзірлеу мен жасасуды және сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыру.
3-тарау. Мемлекеттік органның, алқалы органдардың (бар болса) бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
16. Бөлімді басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Бөлімгежүктелген мiндеттердiң орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
17. Бөлімнің бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
18. Бөлімнің бірінші басшысының өкілеттіктері:
1) сектор меңгерушілерінің және қызметкерлердің міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;
2) еңбек қатынастарының мәселелері өзінің құзыретіне жатқызылған бөлім қызметкерлерін заңнамаға сәйкес лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады;
3) еңбек кодексінде және мемлекеттік қызмет туралы заңнамада көзделген жағдайларда және тәртіппен қызметкерлерді көтермелейді, оларға тәртіптік жаза қолданады, қызметкерлерді материалдық жауапкершілікке тартады;
4) іссапар, еңбек демалысын беру, материалдық көмек көрсету, үстемақылар төлеу, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру мәселелерін шешеді;
5) бөлімді барлық мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарда білдіреді;
6) бөлімдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етуге бағытталған шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдану үшін дербес жауапты болады;
7) гендерлік теңдік саясатын жүзеге асыру жұмыстарын ұйымдастырады;
8) бұйрықтарға қол қояды, бөлім қызметкерлері орындауға міндетті нұсқаулар береді;
9) әкімге бөлімнің құрылымы және штат кестесі бойынша ұсыныстар береді;
10) орындаушылық және еңбек тәртібін сақтауды бақылайды;
11) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Бөлімнің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
19. Бөлімнің алқалы органдары жоқ.
4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкi
20. Бөлімнің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.
Бөлімнің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
21. Бөлімге бекітіліп берілген мүлік аудандық коммуналдық меншікке жатады.
22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Бөлім өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
23. Бөлімді қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Жалағаш ауданы әкімдігінің | |
2021 жылғы 10 қарашадағы | |
№246 қаулысына 2-қосымша |
Жалағаш ауданы әкімдігінің күші жойылған кейбір қаулыларының тізбесі
1. “Жалағаш аудандық қаржы бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы” Жалағаш ауданы әкімдігінің 2016 жылғы 16 мамырдағы № 101 қаулысы.
2. “Жалағаш аудандық қаржы бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы” Жалағаш ауданы әкімдігінің 2016 жылғы 16 мамырдағы № 101 қаулысына өзгерістер енгізу туралы” Жалағаш ауданы әкімдігінің 2018 жылғы 26 қаңтардағы №14 қаулысы.
3. “Жалағаш аудандық қаржы бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы” Жалағаш ауданы әкімдігінің 2016 жылғы 16 мамырдағы № 101 қаулысына өзгерістер енгізу туралы” Жалағаш ауданы әкімдігінің 2018 жылғы 20 желтоқсандағы № 288 қаулысы.
4. “Жалағаш аудандық қаржы бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы” Жалағаш ауданы әкімдігінің 2016 жылғы 16 мамырдағы № 101 қаулысына өзгерістер енгізу туралы” Жалағаш ауданы әкімдігінің 2020 жылғы 25 қарашадағы № 174 қаулысы.