"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" қаулысына сәйкес Қостанай облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған "Қостанай облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.
2. "Қостанай облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) жоғарыда көрсетілген Ереженің заңнамада белгіленген тәртіпте әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;
2) осы қаулыға қол қойылған күнінен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қостанай облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;
3) осы қаулының ресми жарияланғанынан кейін оның Қостанай облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қостанай облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қостанай облысының әкімі | А. Мұхамбетов |
Қостанай облысы әкімдігінің | |
2021 жылғы 30 қарашадағы | |
№ 557 қаулысымен | |
бекітілген |
"Қостанай облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
1. "Қостанай облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) өз өкілеттіктері шегінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Басқарманың ведомстволық бағынысты ұйымдары жоқ.
3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Басқарма мемлекеттік мекеме ретінде ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және атауы мемлекеттік тілде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
5. Басқарма өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түседі.
6. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. Басқарма құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 110000, Қостанай облысы, Қостанай қаласы, Әл-Фараби даңғылы, 112.
10. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
11. Басқарма қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
12. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарма өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.
Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кірістер, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері
13. Мақсаттары:
1) Қостанай облысының аумағында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыру;
2) Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнамасымен көзделген өзге де мақсаттарды жүзеге асыру.
14. Өкілеттіктері:
1) құқықтары:
салынып (реконструкцияланып, кеңейтіліп, жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өткізіліп) жатқан объектілер мен кешендерге кедергісіз бару және оларда жүргізіліп жатқан құрылыс-монтаж жұмыстарын жедел инспекциялауды жүргізу;
Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнамасымен көзделген өзге де мақсаттарды жүзеге асыру;
2) міндеттері:
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларын сақтау;
заңнамамен белгіленген тәртіппен соттарда құқықтар мен мүдделерді қорғауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнамасымен көзделген өзге де мақсаттарды жүзеге асыру.
15. Функциялары:
1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы субъектілердің қызметіне бақылауды және қадағалауды жүргізу;
2) салынып жатқан (салынуы белгіленген) объектілер мен кешендердің мониторингін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган белгіленген тәртіппен жүргізу;
3) объектілер құрылысының сапасына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауын жүзеге асыру, осы объектілерде сәулет-қала құрылысы тәртібін бұзушыларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген әкімшілік ықпал ету шараларын қолдану;
4) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы лицензиялауды жүзеге асыру;
5) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сараптама жұмыстарын және инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыру құқығына сарапшыларды аттестаттау;
6) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы жобаларды басқару жөніндегі ұйымдарды аккредиттеу;
7) үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсаттар беру;
8) үлескерлердің ақшасын тартуға берілген рұқсаттардың есебін жүргізу және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттарды, сондай-ақ олар бойынша талап ету құқықтарын басқаға беру туралы шарттарды есепке алуды жүргізу;
9) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласында мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;
10) Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнамасымен көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.
3-тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
16. Басқарманы басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
17. Басқарманың бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
18. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.
19. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттіктері:
1) Басқарма қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
2) Басқарманың құрылымын, құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді және қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;
3) міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарын бекітеді;
4) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда Басқарманың атынан өкілдік етеді;
5) бірінші қол қою құқығы бар;
6) сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды қабылдамағаны үшін дербес жауапкершілікте болады;
7) Басқарма қызметкерлері орындауы міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;
8) Басқарма қызметкерлерін көтермелеу, материалдық көмек көрсету шараларын және тәртіптік жазалар қолданады;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
20. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.
4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі
21. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
22. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарманың өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
24. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.