"Қостанай облысы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Жаңартылған

Қостанай облысы әкімдігінің 2021 жылғы 30 қарашадағы № 558 қаулысы.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес Қостанай облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Қостанай облысы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.

      2. "Қостанай облысы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) жоғарыда көрсетілген Ереженің заңнамада белгіленген тәртіпте әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулыға қол қойылған күнінен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қостанай облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;

      3) осы қаулының ресми жарияланғанынан кейін оның Қостанай облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қостанай облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов

  Қостанай облысы әкімдігінің
  2021 жылғы 30 қарашадағы
  № 558 қаулысымен
  бекітілген

"Қостанай облысы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Қостанай облысы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бағдарламалар басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) құрылыс, сәулет және қала құрылысы саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқарманың ведомстволық бағынысты ұйымдары жоқ.

      3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Басқарма мемлекеттік мекеме ретінде ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы мемлекеттік тілде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      6. Басқарма егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осыған уәкiлеттiк берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      7. Басқарма өз құзыретiнiң мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен ресiмделетiн шешімдер қабылдайды.

      8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекiтiледi.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Республикасы Қазақстан, 110000, Қостанай облысы, Қостанай қаласы, Әл-Фараби даңғылы, 112.

      10. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Басқарманың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттерден жүзеге асырылады.

      12. Басқармаға кәсiпкерлiк субъектілерімен Басқарманың өкілеттігі болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кірістер, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жiберiледi.

2-тарау. Мемлекеттік органның міндеттері мен өкілеттігі

      13. Міндеттері:

      1) республикалық және жергілікті бюджеттерден түсетін қаражат есебінен құрылыс бойынша инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) жүзеге асыру;

      2) құрылыс, сәулет және қала құрылысы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыру.

      14. Өкілеттігі:

      1) құқықтары:

      өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдар мен лауазымдық тұлғалардан және өзге де ұйымдардан қажетті ақпаратты, құжаттар мен өзге де материалдарды сұрату және алу;

      Басқарманың құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша заңды және жеке тұлғаларға түсініктемелер беру;

      өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуде қатысу;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтар;

      2) міндеттері:

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларын сақтау;

      Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің және өзге де орталық атқарушы органдардың, сондай-ақ облыс әкімі мен әкімдіктің актілері мен тапсырмаларын уақтылы және сапалы орындау;

      мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру;

      сот органдарында Басқарманың құқықтары мен міндеттерін заңнамамен белгіленген тәртіппен қорғауды жүзеге асыру;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылған өзге де міндеттерді жүзеге асырады.

      15. Функциялары:

      1) Қазақстан Республикасының құрылыс, сәулет және қала құрылысы туралы заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттерден түсетін қаражат есебінен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру процесінде құрылыс тапсырыс берушісінің функцияларын жүзеге асырады;

      2) мердігердің (бас мердігердің) орындайтын жұмыс барысы мен сапасына және олардың орындалу мерзімінің сақталуына бақылауды жүзеге асыру;

      3) объектінің құрылысына техникалық және авторлық қадағалауды қамтамасыз етеді;

      4) техникалық және авторлық қадағалаудың нұсқамаларын уақылы және сапалы орындамағаны үшін мердігерге (бас мердігерге) шаралар қабылдайды;

      5) Басқарма тапсырыс беруші болып табылатын салынған объектілерді пайдалануға қабылдауында қатысады;

      6) облыс аумағындағы елдi мекендердiң белгiленген тәртiппен бекiтiлген бас жоспарларының аумақтарды қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемасын (облыстың немесе оның бөлiгiнiң аудандық жоспарлауының жобасын) iске асыру жөнiндегi қызметтi үйлестiредi;

      7) халық саны жүз мыңнан асатын облыстық маңызы бар қаланың бас жоспарының жобасын кейiннен Қазақстан Республикасының Үкiметiне бекiтуге енгiзу үшiн облыстық мәслихаттың қарауына енгiзедi;

      8) облыстық мәслихат мақұлдаған халқының саны жүз мыңнан асатын облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарларын әзірлеуді және Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге ұсынуды ұйымдастырады;

      9) облыстық мәслихаттың бекiтуiне ведомстволық бағынысты әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң аумақтарын қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемаларын (аудандық жоспарлау жобаларын), сондай-ақ қалалық мәслихаттар мақұлдаған халқының саны жүз мыңға дейiнгi облыстық маңызы бар қалаларды дамытудың бас жоспарларының жобаларын енгiзедi;

      10) үлгiлік қағидалар негiзiнде әзiрленген, сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органымен бекiтiлетін Жасыл желектерді күтіп-ұстау және қорғау қағидаларын, Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын, Сыртқы (көрнекі) жарнаманы елді мекендердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде, елді мекендерден тыс жердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте және жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінен тыс жерде орналастыру қағидаларды әзірлейді және облыстық мәслихаттың бекітуіне ұсынады;

      11) облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарларының жобаларын келіседі;

      12) аумақты жоспарлы құрылысын салу немесе қала құрылысының өзге де өзгерістері туралы халықты хабардар етеді;

      13) елді мекендердің бекітілген бас жоспарларын (қала құрылысының жоспарлау кешенді схемасын, жоспарлау жобаларын) әзірлеу үшін әзірленетін қала құрылысы жобаларын (егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын, құрылыс жобаларын) келісу үшін облыс әкімдігінің актілерін дайындайды;

      14) облыс аумағындағы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау органдарының жұмысына жәрдемдеседі;

      15) мемлекеттiк қала құрылысы кадастрының дерекқорына енгiзу үшiн белгiленген тәртiппен ақпаратты және (немесе) мәліметтерді ұсынады;

      16) халқының саны жүз мың тұрғынға дейінгі облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарларының жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын өткізуді ұйымдастырады;

      17) "Мекенжай тіркелімі" ақпараттық жүйесін жүргізуді және толтыруды қамтамасыз етеді;

      17-1) алып тасталды - Қостанай облысы әкімдігінің 29.09.2023 № 412 қаулысымен;
      17-2) алып тасталды - Қостанай облысы әкімдігінің 29.09.2023 № 412 қаулысымен;

      18) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қостанай облысы әкімдігінің 06.06.2023 № 233 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2023 № 412 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

3-тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттігі

      16. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген мiндеттердiң орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бiрiншi басшы жүзеге асырады.

      17. Басқарманың бiрiншi басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.

      18. Басқарманың бiрiншi басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.

      19. Басқарманың бiрiншi басшысының өкілеттігі:

      1) Басқарма қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      2) Басқарманың құрылымын, құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді және лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;

      3) міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарын бекітеді;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен барлық қарым-қатынастарды Басқарманың атынан жасайды;

      5) бірінші қол қою құқығына ие;

      6) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларды қолданбағаны үшін дербес жауапты болады;

      7) Басқарма қызметкерлерінің міндетті орындау үшін бұйрықтарды шығарады және нұсқаулар береді;

      8) Басқарма қызметкерлеріне заңнамада белгіленген тәртіппен көтермелеу, материалдық көмек көрсету, тәртіптік жазалар қолдану шараларын қабылдайды;

      9) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Басқарманың бiрiншi басшысы болмаған кезеңде оның өкiлеттiктерiн қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

      20. Бiрiншi басшы өз орынбасарларының өкiлеттiктерiн қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.

4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      21. Басқармада заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.

      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Басқармаға бекiтiлген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарманың өзіне бекiтiлген мүлiктi және оған қаржыландыру жоспары бойынша бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлiктi өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады