"Федоров ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Жаңартылған

Қостанай облысы Федоров ауданы әкімдігінің 2021 жылғы 21 желтоқсандағы № 299 қаулысы.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабына, "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес Федоров ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса берілген "Федоров ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.

      2. "Федоров ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) жоғарыда көрсетілген ереженің заңнамада белгіленген тәртіпте әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулыға қол қойылған күннен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қостанай облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін оны Федоров ауданы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау аудан әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Аудан әкімі Т. Исабаев

  Әкімдіктің
  2021 жылғы "21" желтоқсан
  № 299 қаулысымен
  бекітілген

"Федоров ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. "Федоров ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Федоров ауданы әкімінің аппараты) әкімнің және жергілікті мемлекеттік басқарудың қызметін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Федоров ауданы әкімі аппаратының ведомстволары жоқ.

      3. Федоров ауданы әкімінің аппараты өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Федоров ауданы әкімінің аппараты мемлекеттік мекеменің ұйымдық - құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және қазақ тілінде өз атауы бар мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      5. Федоров ауданы әкімінің аппараты азаматтық - құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      6. Федоров ауданы әкімінің аппараты, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық - құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Федоров ауданы әкімінің аппараты өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен "Федоров ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. "Федоров ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 111900, Қазақстан Республикасы, Қостанай облысы, Федоров ауданы, Федоров ауылы, Жастар көшесі, 53.

      10. Осы ереже Федоров ауданы әкімі аппаратының құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Федоров ауданы әкімі аппаратының қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Федоров ауданы әкімінің аппаратына кәсіпкерлік субъектілерімен "Федоров ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады. Егер Федоров ауданы әкімінің аппаратына заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері

      13. Мақсаттары:

      1) мемлекеттік егемендікті, конституциялық құрылысты қорғау және нығайту, Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін, аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің саясатын өмірге енгізу;

      2) заңдылықты және құқықтық тәртіпті нығайту, азаматтардың құқықтық таным деңгейін арттыру және елдің қоғамдық - саяси өмірінде олардың белсенді азаматтық көзқарас ұстануы бойынша шараларды жүзеге асыру;

      3) аудандағы мемлекеттік, әлеуметтік-экономикалық саясат пен әлеуметтік және экономикалық үдерістерді басқарудың негізгі бағыттарын жүзеге асыру, осы мақсатта барлық атқарушы билік органдарының келісіп қызмет етуін қамтамасыз ету;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттер.

      14. Өкілеттіктері: "Федоров ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі Федоров ауданы әкімінің және әкімдігінің ақпараттық-талдау, ұйымдастыру-құқықтық және материалдық-техникалық қызметін қамтамасыз етеді.

      15. Құқықтары мен міндеттері:

      1) өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларынан және басқа да ұйымдардан қажетті ақпаратты, құжаттарды және өзге де материалдарды сұрату және алу;

      2) өз құзыретіндегі мәселелер бойынша аудан аумағында орналасқан ұйымдардың басшыларына қажетті тапсырмалар беру;

      3) тиісті аумақта басқару тиімділігін арттыру мәселелері бойынша басқа мемлекеттік басқару органдарымен, қоғамдық өзін-өзі басқару органдарымен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асырады.

      16. Функциялары:

      1) "Федоров ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің құрылымдық бөлімшелерінде, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарда атқарушылық тәртіптің жай-күйіне талдау жүргізеді;

      2) әкімдік мәжілістерін, кеңестерді, семинарларды және басқа да іс-шараларды өткізуді жоспарлайды, оларды дайындау мен өткізуді ұйымдастырады, әкімдік мүшелерінің және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар басшыларының ұсыныстары бойынша әкімдік мәжілістерінде қаралатын мәселелердің тоқсан сайынғы тізбесін жасайды;

      3) әкімдіктің іс қағаздарын жүргізеді және әкімдікке, әкімге келіп түсетін хат-хабарларды өңдейді, басқа мемлекеттік органдар мен ұйымдардан келіп түсетін ақпаратты, сондай-ақ Федоров ауданы әкімдігінің және әкімінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін жинауды және өңдеуді қамтамасыз етеді;

      4) әкімдік қаулыларының, әкімнің шешімдері мен өкімдерінің жобаларын, "Федоров ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі басшысының бұйрықтарын дайындауды ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;

      5) Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің және орталық мемлекеттік органдарының, сондай-ақ облыс, аудан әкімінің және әкімдігінің актілері мен тапсырмаларының орындалуын бақылауды жүзеге асырады;

      6) аудан әкіміне бағынысты мемлекеттік басқару органдарының өзара іс-қимылын және қызметін үйлестіруді қамтамасыз етеді;

      7) заң қызметінің әкімдіктің нормативтік құқықтық актілерін әзірлеуге тікелей қатысуын қамтамасыз етеді, аудан әкімі мен әкімдігінің нормативтік құқықтық актілерін қабылдауды, мемлекеттік тіркеуді, сондай-ақ жинауды, сақтауды және есепке алуды қамтамасыз етеді;

      8) Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделген тәртіпте әкімдік бөлімдері шығарған әкімшілік актілерге, әкімшілік әрекеттерге (әрекетсіздікке) шағымдарды қарауды жүзеге асырады;

      9) ақпараттық қоғам жағдайында мемлекеттік басқару органдарының азаматтармен және заңды тұлғалармен өзара іс-қимылын ұйымдастыратын әкімдіктің интернет-ресурсын қолдауды және дамытуды қамтамасыз етеді;

      10) аудан әкімі аппаратының және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың кадрларының мониторингін жүзеге асырады;

      11) бос әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға орналасуға конкурстар өткізуді ұйымдастыруды жүзеге асырады;

      12) жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілерінің тәртіптік теріс қылықтарын қарау жөніндегі бірыңғай тәртіптік комиссияның қызметін ұйымдастыруды жүзеге асырады;

      13) ауданның жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік қызметшілерінің қызметін бағалау жөніндегі бірыңғай комиссияның қызметін ұйымдастыруды жүзеге асырады;

      14) функционалдық блоктар бойынша жергілікті атқарушы органдардың "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарын бөлу жөніндегі бірыңғай комиссияның қызметін ұйымдастыруды жүзеге асырады;

      15) терроризмнің алдын алу, оның зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою саласында терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асырады;

      16) өңірлік деңгейде төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алуға және жоюға бағытталған азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асырады;

      16-1) жұмылдыру дайындығы, жұмылдыру және аумақтық қорғаныс жөніндегі іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету;";

      "16-2) құпиялылық режимінің нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес мемлекеттік құпияларды қорғау, құпия іс жүргізуді ұйымдастыру және жүргізу;

      17) әкім және әкімдік шығарған актілерді тіркеуді жүргізеді, тиісті ресімдеуді және таратуды қамтамасыз етеді;

      18) құжаттамалық қамтамасыз етуді, оның ішінде тиісті құжат айналымын ұйымдастыру, ақпараттық технологияларды енгізу және дамыту жолымен жүзеге асырады, іс жүргізу ережелерінің сақталуын бақылау және мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту;

      19) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдауды, тіркеуді және есепке алуды жүзеге асырады, аудан әкімінің, аудан әкімі орынбасарларының және Федоров ауданы әкімі аппараты басшысының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалар өкілдерін жеке қабылдауын ұйымдастырады;

      20) аудан әкімдігіне келіп түсетін жеке және заңды тұлғалардың өтініштерінің сапасына, қарау мерзімдеріне бақылауды жүзеге асырады;

      21) әкімдік бөлімдері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының мемлекеттік қызмет көрсету сапасына ішкі бақылауды жүзеге асырады;

      21-1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте мемлекеттік қызметтер көрсету;

      22) жергілікті деңгейде ақпараттық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асырады;

      23) өңірлік деңгейде мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асыру бойынша іс-шаралар өткізеді;

      24) мемлекеттік наградалармен наградталатын адамдардың деректер базасын қалыптастыруды жүзеге асырады;

      25) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы мәжілісі, аудандық мәслихат депутаттарының, ауыл және ауылдық округ әкімдерінің сайлауын өткізуді ұйымдастыруды қамтамасыз етеді, сайлаушылар тізімін жүргізуді жүзеге асырады;

      26) алқабилерге кандидаттардың алдын ала тізімдерін жүргізу және өзектілендіруді қамтамасыз ету арқылы қылмыстық сот ісін жүргізуде алқабилердің қатысуымен байланысты қоғамдық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асырады;

      27) әкімшілік-аумақтық құрылым саласында мемлекеттік саясатты іске асырады, облыс әкімдігіне ауданның әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгерту туралы ұсыныстар енгізеді;

      28) алып тасталды - Қостанай облысы Федоров ауданы әкімдігінің 22.08.2023 № 154 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған бірінші күнінен бастап қолданысқа енгізіледі);
      29) алып тасталды - Қостанай облысы Федоров ауданы әкімдігінің 22.08.2023 № 154 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған бірінші күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. 16-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қостанай облысы Федоров ауданы әкімдігінің 22.08.2023 № 154 (алғашқы ресми жарияланған бірінші күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 10.10.2023 № 209 (алғашқы ресми жарияланған бірінші күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      Мемлекеттік орган басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      17. Федоров ауданы әкімінің аппаратына басшылықты "Федоров ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесіне жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруына дербес жауапты болатын басшы жүзеге асырады.

      18. Федоров ауданы әкімі аппаратының басшысын Федоров ауданының әкімі лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.

      19. Федоров ауданы әкімі аппараты басшысының өкілеттіктері:

      1) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес меншік нысанына қарамастан мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда "Федоров ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесін білдіреді;

      2) "Федоров ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      3) "Федоров ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған шараларды қабылдайды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиісті шараларды қабылдамағаны үшін дербес жауапты болады;

      4) "Федоров ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің жұмысын ұйымдастырады және басшылық етеді және жүктелген міндеттер мен функциялардың орындалуына дербес жауапты болады;

      5) бұйрықтар шығарады;

      6) қызметтік құжаттамаға қол қояды;

      7) "Федоров ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын және "Федоров ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін және еңбек қатынастары мәселелері оның құзыретіне жатқызылған мемлекеттік қызметшілер болып табылмайтын "Федоров ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің қызметкерлерін тағайындайды, босатады, тәртіптік жазаға тартады және оларға қатысты көтермелеу шараларын қолданады;

      8) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауды жүзеге асырады;

      9) өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады. Федоров ауданы әкімі аппараты басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын адам жүзеге асырады.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      20. Федоров ауданы әкімінің аппаратының заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін. Жітіқара ауданы әкімі аппаратының мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      21. Федоров ауданы әкімінің аппаратына бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Федоров ауданы әкімінің аппараты өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      23. Федоров ауданы әкімінің аппаратын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады