Ескерту. Күші жойылды - Павлодар облыстық мәслихатының 07.06.2024 № 127/13 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
Павлодар облысының мәслихаты ШЕШТІ:
1. Павлодар облысы мәслихатының "Павлодар облысында жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың қағидалары туралы" 2019 жылғы 27 қыркүйектегі № 381/34 шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6563 болып тіркелген) келесі өзгеріс енгізілсін:
Көрсетілген шешіммен бекітілген Павлодар облысында жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың қағидалары осы шешімге қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Облыс мәслихатының хатшысы | Е. Айткенов |
Павлодар облысы мәслихатының 2021 жылғы "23" желтоқсандағы № 115/10 шешіміне қосымша |
|
Павлодар облысы мәслихатының 2019 жылғы 27 қыркүйектегі № 381/34 шешімімен бекітілген |
Павлодар облысында жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың қағидалары
1. Жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың осы қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 31 мамырдағы № 48 бұйрығымен бекітілген жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың Үлгілік қағидаларына сәйкес әзірленді және жерлеу мен зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың тәртібін айқындайды.
Зират қорымдарын күтіп-ұстауға және пайдалануға, қайтыс болған адамдарды немесе олардың сүйектерін жерлеуді және қайта жерлеуді ұйымдастыруға, сондай-ақ жерлеу мақсатындағы объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 19 тамыздағы № ҚР ДСМ-81 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 24066 болып тіркелген) бекітілген "Зираттар мен жерлеу мақсатындағы объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларымен айқындалады.
2. Осы Үлгілік қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) жерлеу – санитариялық, табиғатты қорғау, қала құрылысы және өзге де қағидалар мен нормаларға қайшы келмейтін, марқұмның тілегіне, діни сеніміне, әдет-ғұрыптарға және салт-дәстүрлерге сәйкес қайтыс болған адамның денесін (сүйегін) жерге (қабірге, лақатқа) жерлеу немесе сүйегі (күлі) бар урнаны қабірге, лақатқа жерлеу арқылы отқа жағу (кремациялау) бойынша әдет-ғұрып әрекеттері;
2) зират – қайтыс болған адамды немесе оның сүйегін (мүрдесін) жерлеу орыны;
3) зират қорымы – қайтыс болған адамдарды немесе олардың сүйектерін (мүрделерін) жерлеу үшін арнайы бөлінген аумақ;
4) зират қорымының әкімшілігі – зират қорымын ұстау және пайдалану жөніндегі ұйымдастырушылық-өкімдік және әкімшілік-шаруашылық функцияларын жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
5) қайтыс болу фактісін тіркейтін органдар – азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдар.
2-тарау. Жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың тәртібі
3. Павлодар облысында жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың қағидаларын (одан әрі –қағидалар) Павлодар облысының әкімдігі осы Үлгілік қағидаларға сәйкес әзірлейді.
4. Аумақтық қағидаларды әзірлеу кезінде елді мекендер аумағының, олардың құрылысының ерекшеліктері, сондай-ақ зираттарды күтіп-ұстау ісін ұйымдастыру, тарихи-мәдени мұра, діни мақсаттағы объектілер және табиғи ландшафты сақтау қажеттігі ескеріледі.
5. Аумақтық қағидалардың құрылымы:
1) жерлеу үшін орын бөлу тәртібін;
2) қайтыс болған адамдарды немесе олардың сүйектерін жерлеу тәртібі;
3) зираттарды жобалау және салу тәртібін;
4) жерлеу орындарын абаттандыруды ұйымдастыру және оларды күтіп-ұстау тәртібін;
5) зиратқа арналған жер учаскелерін есепке алу және тіркеу тәртібін;
6) зират қорымдарын күтіп-ұстауға және оларға қызмет көрсетуге шарт жасасу және оның талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыру тәртібін қамтиды.
6. Жергілікті атқарушы органдар зират қорымы орналасқан және оларға арналған ортақ пайдаланудағы жерден елді мекеннің қайтыс болған әрбір тұрғынын немесе осы елді мекенде қайтыс болған тұрғылықты жері белгісіз адамды жерлеу үшін кемінде алты шаршы метр жер учаскесін тегін бөледі.
Зират қорымының аумағы қабірлерге арналған қатарларға бөлінетін және автомобиль көлігіне арналған өтпе жолдармен және зират учаскелеріне өтетін жолдармен жайластырылатын учаскелерден тұрады.
Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктері зираттарға арналған жер учаскелерін есепке алу және тіркеу деректерін (мәліметтерін) жинақтауды ұйымдастырады , сондай-ақ жерлеу жөніндегі істі ұйымдастыру туралы шарт талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері қабірлерге арналған жер учаскелерін есепке алуды және тіркеуді есепке алу журналдарының негізінде жүргізеді.
Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктері жергілікті атқарушы органның ресми интернет-ресурсында зираттың бос және бос учаскелері бойынша өзекті ақпаратты орналастырады.
7. Жерлеу Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) № 045/е нысаны бойынша қайтыс болуды тіркеуді жүзеге асыратын тіркеуші орган берген қайтыс болу туралы куәлікті және (немесе) қайтыс болу туралы медициналық куәлікті зират қорымының әкімшілігіне ұсынғаннан кейін зират қорымының аумағында жүргізіледі.
8. Жерлеу зират қорымы әкімшілігі жүргізетін есепке алу журналында тіркеледі.
9. Есепке алу журналында мынадай мәліметтер:
жерлеу жылы, айы, күні;
қабірдің нөмірі;
қайтыс болған адамның аты, әкесінің аты (болған жағдайда), тегі;
туған және қайтыс болған күні;
қайтыс болуының себебі;
қайтыс болуы туралы куәліктің нөмірі, күні және оны кімнің бергені;
марқұмның аты, әкесінің аты (болған жағдайда), тегі,жеке сәйкестендіру нөмірі (болған жағдайда), жеке басын куәландыратын құжаттың берілген күні және нөмірі, жақын туыстарының мекенжайы, туыстары болмаған жағдайда, жерлеуді жүргізген адамның мекенжайы не жерлеуді жүргізген ұйымның атауы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, мекенжайы қамтылады.
10. Жақын туыстарының, сондай-ақ жұбайының (зайыбының) жазбаша өтініші бойынша жергілікті атқарушы органға, қаладағы аудан әкімінің аппаратына қайтыс болған адаммен жақын туыстығын растайтын құжаттарды ұсынған кезде қайтыс болған адамды немесе оның сүйегін бұрын қайтыс болған жақын туысының жанында жерлеу көрсетілген жерлеу орнында бос жер учаскесі немесе бұрын қайтыс болған жақын туысының зираты болған кезде қамтамасыз етіледі.
11. Сот-медициналық зерттеуден кейін мәйітханада жүрген қайтыс болған адамдардың табылған мәйіттерін немесе олардың сүйектерін, суға кеткендерді, үйден тыс жерде кенеттен қайтыс болғандарды жерлеу жерлеу рәсімін ұйымдастыруды өзіне алуы мүмкін туыстары немесе адамдар мен мекемелер болмаған кезде қайтыс болу фактісі тіркелгеннен кейін жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі.
12. Туыссыз адамдарды жерлеу бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
13. Мына жағдайлардан басқа жағдайда, жұмыс істеп тұрған және жабық зират қорымдарында сүйектерді қайта жерлеуге жол берілмейді:
зират қорымын немесе оның учаскесін мерзімінен бұрын жою;
сүйектерді Қазақстан Республикасының басқа жерлеріне немесе одан тыс жерлерге қайта жерлеу үшін жекелеген зираттардан тасымалдау.
14. Қабірлерді жобалау және салу:
қабірлердің учаскелері арасындағы қашықтық ұзын жақтары бойынша кемінде 1 метрді, ал қысқа жақтары бойынша кемінде 0,5 метрді құрайды;
қабірдің тереңдігі топырақтың сипатына және топырақ асты суларының деңгейіне байланысты белгіленеді және жер бетінен табыттың қақпағына (бар болған жағдайда) дейін кемінде 1,5 метрді құрайды. Барлық жағдайларда қабірге арналған белгі жер асты суларының деңгейінен 0,5 метрге жоғары болады;
аса қауіпті инфекциялардан қайтыс болғандар үшін қабірдің тереңдігі 2 метр деңгейінде белгіленеді, бұл ретте түбіне кемінде 10 сантиметр қабатпен хлорлы әк салынады;
әрбір қабірдің жер бетінен 0,5 метрге биік үймесі (бұдан әрі – қабір үсті төмпешігі) болады. Қабір үсті төмпешігі қабірді атмосфера суларынан қорғау үшін оның шеттерін жауып тұруы тиіс.
15. Жерлеу орындарын абаттандыру және оларды күтіп-ұстау:
Жерлеуге бөлінген учаскенің шекарасында:
табиғи тастан немесе бетоннан жасалған қабір үсті ескерткіштер мен құрылыстар, гүлзарлар мен орындықтар орнатуға;
қабір басында гүл, кейіннен қырқылып отырылатын сәндік бұтадан қоршау отырғызуға жол беріледі.
Зираттарды одан әрі күтіп-ұстауды жақын туысы тиісті тәртіппен қамтамасыз етеді.
Ескерткіштер мен құрылыстарды орналастыруға, үстелдерді, орындықтарды және құрылыстарды жерлеу учаскесінен тыс жерлерде орналастыруға жол берілмейді.
Зират қорымдарын (өтпе жолдар, соқпақтар, гүлбақтар, көгалдар, кәріздік, электрлік және су құбыры желілері және құрылыстар) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті тәртіппен жергілікті атқарушы органдар күтіп ұстайды.
16. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы мен зират қорымының әкімшілігі арасында зират қоырмдарын күтіп-ұстауға және оларға қызмет көрсетуге шарт жасасу мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес өткізілетін конкурстың қорытындысы бойынша уақытылы жүзеге асырылады.
17. Зират қорымының әкімшілігі мыналарды:
1) азаматтарға жерлеу қызметтерін көрсету тәртібі туралы, оның ішінде зират қорымы аумағындағы стендтерде ақпарат орналастыра отырып, толық ақпарат беруді;
2) қайтыс болған адамдарды немесе олардың сүйектерін жерлеу үшін зираттарды уақытылы дайындауды;
3) жерлеу үшін әрбір жер учаскесін бөліп берудің белгіленген нормасын және зираттарды дайындау қағидаларын сақтауды;
4) ғимараттарды, инженерлік жабдықтарды, зират қорымының аумағын, қоршауды, жарықтандыруды жарамды күйде ұстауды;
5) жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарды және шаруашылық мақсаттағы басқа да учаскелерді жүйелі түрде жинауды, сумен жабдықтау желілеріне қызмет көрсетуді, зираттың бүкіл аумағындағы жасыл екпелерді күтіп-ұстауды, жолдарды ағымдағы жөндеуді және қоқысты уақтылы шығаруды қоса алғанда, зираттарды күтіп-ұстау жөніндегі жұмыстардың ұйымдастырылуын бақылауды;
6) азаматтарға жерлеу орнын күтіп-бағу үшін мүкәммалды жалға беруді;
7) жерлеу қызметтерінің өзге де субъектілеріне тең қолжетімділікті ұсынуды қамтамасыз етеді.