Ақжайық аудандық мәслихатының 2018 жылғы 14 мамырдағы №19-1 "Ақжайық ауданының ауылдық округтері аумағындағы жергілікті қоғамдастық жиналысының регламентін бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы

Күшін жойған

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық аудандық мәслихатының 2021 жылғы 20 тамыздағы № 7-16 шешімі. Күші жойылды - Батыс Қазақстан облысы Ақжайық аудандық мәслихатының 2024 жылғы 14 маусымдағы № 18-3 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Батыс Қазақстан облысы Ақжайық аудандық мәслихатының 14.06.2024 № 18-3 шешімімен (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Ақжайық аудандық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Ақжайық аудандық мәслихатының 2018 жылғы 14 мамырдағы №19-1 "Ақжайық ауданының ауылдық округтері аумағындағы жергілікті қоғамдастық жиналысының регламентін бекіту туралы" шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №5201 тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген шешіммен бекітілген Ақжайық ауданының ауылдық округтері аумағындағы жергілікті қоғамдастық жиналысының регламентінде:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Ақжайық ауданының ауылдық округтері аумағындағы жергілікті қоғамдастық жиналысының регламенті (бұдан әрі – Регламент) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Заң) 39-3-бабының 3-1-тармағына, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы №295 "Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламентін бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №15630 болып тіркелген) бұйрығына сәйкес әзірленді.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Жиналыс жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелер бойынша өткізіледі:

      бағдарламалық құжаттардың, жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламаларының жобаларын талқылау және қарау;

      ауылдық округ бюджетінің жобасын және бюджеттің атқарылуы туралы есепті келісу;

      ауылдық округтің коммуналдық меншігін (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін) басқару жөніндегі ауылдық округ әкімі аппаратының шешімдерін келісу;

      бюджеттің атқарылуын мониторингтеу мақсатында жиналысқа қатысушылар қатарынан жергілікті қоғамдастық комиссиясын құру;

      ауылдық округ бюджетінің атқарылуына жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы есепті тыңдау және талқылау;

      ауылдық округтің коммуналдық мүлкін иеліктен шығаруды келісу;

      жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын талқылау;

      ауылдық округ әкіміне кандидат ретінде тіркеу үшін тиісті аудандық сайлау комиссиясына одан әрі енгізу үшін аудан әкімінің ауылдық округ әкімі лауазымына ұсынған кандидатураларын келісу;

      ауылдық округ әкімін лауазымынан босату туралы мәселеге бастамашылық жасау;

      жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын және тиісті аумақтарда орналасқан мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшыларын тағайындау жөнінде ұсыныстар енгізу;

      жергілікті қоғамдастықтың басқа да ағымдағы мәселелері.";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Заңның 39-3-бабы 3-тармағының 4-3) тармақшасында көзделген, жергілікті қоғамдастық жиналысының шақырылу уақыты, орны туралы жергілікті қоғамдастық жиналысының мүшелері жиналыс өткізілетін күнге дейін күнтізбелік үш күннен кешіктірілмей хабардар етілетін жағдайды қоспағанда, жиналыстың шақырылу уақыты, орны және талқыланатын мәселелер туралы жиналыстың мүшелері жиналыс өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмей бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен хабардар етіледі.

      Әкім аппараты жиналыстың мүшелеріне және әкімге жиналыстың қарауына енгізілетін мәселелер бойынша қажетті материалдарды жиналысқа шақырғанға дейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей жазбаша түрде немесе электрондық құжат нысанында ұсынады.".

      12 және 13-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Жиналыс өз өкілеттігі шеңберінде шақырылымға қатысып отырған жиналыс мүшелерінің көпшілік даусымен шешімдер қабылдайды.

      Дауыстар тең болған жағдайда жиналыстың төрағасы шешуші дауыс құқығын пайдаланады.

      Жиналыстың шешімі хаттамамен ресімделеді, онда:

      1) жиналыстың өткізілген күні мен орны;

      2) жиналыс мүшелерінің саны және тізімі;

      3) өзге де қатысушылардың саны және тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) көрсетілген тізім;

      4) жиналыс төрағасы мен хатшысының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);

      5) күн тәртібі, сөйлеген сөздердің қысқаша мазмұны және қабылданған шешімдер көрсетіледі.

      Хаттамаға жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды және хаттамада ауылдық округ әкімінің өкілеттігін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімі қамтылған жағдайларды қоспағанда, екі жұмыс күні ішінде ауылдық округ әкіміне беріледі.

      Ауылдық округ әкімінің өкілеттігін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы шешімі бар жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасына жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды және бес жұмыс күні ішінде аудан мәслихатының қарауына беріледі.

      13. Жиналыс қабылдаған шешімдерді ауылдық округ әкімі бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қарайды.

      Әкімдер жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімімен келіспейтіндігін білдіруге құқылы, осындай келіспеушілік тудырған мәселелер осы Регламенттің 2-тарауында көзделген тәртіпте қайта талқылау арқылы шешіледі.

      Ауылдық округ әкімінің келіспеушілігін тудырған мәселелерді шешу мүмкін болмаған жағдайда, мәселені жоғары тұрған әкім тиісті аудан мәслихатының отырысында алдын ала талқылаудан соң шешеді.".

      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Мәслихат хатшысы С. Сиражев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады