Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 8-бабына, Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 мамырдағы Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы № 887 Жарлығының 2-тармағының 2) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" № 590 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік орган туралы үлгілік ережеге сәйкес, Ескелді аудандық мәслихаты ШЕШIМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. "Ескелді аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже қосымшаға сәйкес (бұдан әрі Ереже) бекітілсін.
2. "Ескелді аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы" 2015 жылғы 12 маусымдағы № 53-292 (Алматы облысы Әділет департаментінде 2015 жылы 21 шілдеде № 3297 болып тіркелген) шешімнің күші жойылсын.
3. "Ескелді аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі заңда белгіленген тәртіппен Ережені әділет органдарында тіркеуден өткізсін.
4. Осы шешімнің орындалуын бақылау аудандық мәслихат аппаратының басшысы М.Б. Сопаковқа жүктелсін.
Ескелді Аудандық мәслихаттың хатшысы | Қ. Сатанов |
Ескелді аудандық мәслихатының 2022 жылғы 2 тамыздағы № 33-113 шешімімен бекітілген |
1-тарау. Жалпы ережелері
1. "Ескелді аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – мәслихат аппараты), Ескелді аудандық мәслихатының, оның органдары мен депутаттарының қызметін қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Ескелді аудандық мәслихат аппаратының ведомстволары жоқ.
3. Ескелді аудандық мәслихатының аппараты өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Ескелді аудандық мәслихатының аппараты мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның рәміздері мен айырым белгілері (бар болса), Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
5. Ескелді аудандық мәслихатының аппараты азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.
6. Ескелді аудандық мәслихатының аппараты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
7. Ескелді аудандық мәслихатының аппараты өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Ескелді аудандық мәслихаты хатшысының өкімдерімен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. Ескелді аудандық мәслихат аппаратының құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: индекс 040500, Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Ескелді ауданы, Қарабұлақ ауылы, Оразбеков көшесі, № 67 үй.
Мемлекеттік органның толық атауы – "Ескелді аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі.
10. Осы ереже мәслихат аппаратының құрылтай құжаты болып табылады.
11. Ескелді аудандық мәслихат аппаратының қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттерден жүзеге асырылады.
12. Ескелді аудандық мәслихатының аппараты кәсіпкерлік субъектілерімен мәслихат аппаратының мемлекеттік мекемесінің өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.
Егер "Ескелді аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесіне заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері
13. Мақсаттары:
1) Ескелді аудандық мәслихаттың, оның органдары мен депутаттарының тиімді қызметін қамтамасыз ету;
2) Ескелді аудандық мәслихаттың, оның органдары мен депутаттарының, ұйымдастырушылық, құжаттамалық, құқықтық, ақпараттық-талдамалық қызметін қамтамасыз ету;
3) Ескелді аудандық мәслихаттың және оның органдарының бақылау функцияларын іске асыруды қамтамасыз ету.
14. Өкілеттіктері:
1) құқықтары:
мемлекеттік органдардан және лауазымды тұлғалардан жоспарланып отырған Ескелді аудандық мәслихаттың сессияларының және тұрақты (уақытша) комиссиялардың отырыстарының күн тәртібіндегі мәселелер, бойынша ақпаратты сұрау;
депутаттардың сауалдарын және депутаттық ұсыныстарды уақытылы қарауды және іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдар мен мекемелерге сауалдар жіберу;
2) міндеттері:
1) Ескелді аудандық мәслихатына жолданған заңды және жеке тұлғалардың өтініштерін қарап жауап беру, орындалу мерзімі мен нәтижесін бақылауды жүзеге асыру;
2) Ескелді аудандық мәслихат сессияларының және тұрақты комиссиялардың отырыстарын хаттамалауды қамтамасыз ету.
15. Функциялары:
1) Ескелді аудандық мәслихат депутаттарына ұйымдастырушылық, құжаттамалық, құқықтық, ақпараттық-талдау қызметтерін көрсету;
2) Ескелді аудандық мәслихаттың қарауына енгізілген нормативтік құқықтық актілердің және өзге де шешімдер жобаларының Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес келуін қадағалау, аудандық мәслихатпен қабылданған нормативтік құқықтық актілерге мониторинг жүргізу;
3) Ескелді аудандық мәслихаттың қызметін қамтамасыз ету шығындарын айқындау, іс-сапар шығындарын өтеу, депутаттарды қажетті кеңсе құралдарымен және депутаттық қызметті атқару үшін өзге де тауарлармен қамтамасыз ету;
4) Ескелді аудандық мәслихаттың және оның органдарының қызметі туралы мәліметтерді бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды ұйымдастыру, заңмен белгіленген өкілеттіктер шегінде шешімдер мен нормативтік құқықтық актілерді әзірлеп, қабылдау және жариялау;
5) түскен ақпаратты, атқарушы органдар басшыларының есептерін жинақтау, талдау, талдау материалдарын әзірлеу;
6) Ескелді аудандық мәслихаттың ресми сайтын аудандық мәслихаттың, оның органдары мен депутаттарының қызметі туралы қажетті ақпаратпен толықтыру;
7) Ескелді аудандық мәслихат аппараты қызметкерлерінің біліктілігін жоғарылатылуын және қайта даярлануын қамтамасыз ету;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасымен Ескелді аудандық мәслихат аппаратына жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асыру;
9) Тұрақты және уақытша комиссиялардың отырыстарына қатысу, шешімдер мен нормативтік құқықтық актілдердің жобаларын дайындап, депутаттардың қарауына беру, комиссиялардың қорытындыларын, мәслихат шешімдері мен нормативтік құқықтық актілдерін дайындау;
10) Ескелді аудандық мәслихаттың нормативтік-құқықтық сипаттағы шешімдерін ресімдеу және әділет органдарына мемлекеттік тіркеуге ұсыну.
Мақсаттар мен өкілеттіктерді іске асыру мемлекеттік органдар үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреттер шегінде жүзеге асырылады.
3-тарау. Мемлекеттік органның, алқалы органдардың (бар болса) бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
16. Ескелді аудандық мәслихат аппаратына басшылықты мәслихат аппаратына жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын мәслихаттың хатшысы жүзеге асырады.
17. Ескелді аудандық мәслихат хатшысын мәслихат сессиясында депутаттар арасынан ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы депутаттар жалпы санының көпшілік даусымен сайлайды және қызметінен босатады.
18. Ескелді аудандық мәслихат хатшысының орынбасарлары болмайды.
19. Ескелді аудандық мәслихат хатшысының өкілеттігі:
1) мәслихат сессиясын және оның қарауына енгiзiлетiн мәселелердi дайындауды ұйымдастырады, сессияның күн тәртiбiн қалыптастырады, хаттаманың жасалуын қамтамасыз етедi, мәслихат сессиясында қабылданған немесе бекiтiлген шешiмдерге, өзге де құжаттарға қол қояды;
2) мәслихат сессиясын шақыру туралы шешiм қабылдайды;
3) мәслихат сессиясының отырысын жүргiзедi, мәслихат регламентiнiң сақталуын қамтамасыз етедi;
4) мәслихат депутаттарының өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыруына жәрдемдеседi, оларды қажеттi ақпаратпен қамтамасыз етедi, депутаттарды мәслихат сессияларына, оның тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының жұмысына және сайлау округтерiндегі жұмысқа қатысуы үшiн қызметтiк мiндеттерiн орындаудан босатуға байланысты мәселелердi қарайды;
5) депутаттар сауалдарының және депутаттық өтiнiштердiң қаралуын бақылайды;
6) мәслихат аппаратының қызметiне басшылық жасайды, оның қызметшiлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
7) сайлаушылар өтiнiштерi туралы және олар бойынша қабылданған шаралар туралы мәслихатқа ұдайы ақпарат берiп отырады;
8) мәслихаттың өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен өзара iс-қимылын ұйымдастырады;
9) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңның 24-бабының 1-тармағына сәйкес әкiмге сенiмсiздiк бiлдiру туралы мәселеге бастамашылық еткен Ескелді аудандық мәслихат депутаттарының жиналған қолдарының түпнұсқалығын тексеруді ұйымдастырады;
10) өз құзыретiндегi мәселелер бойынша өкiмдер шығарады;
11) мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының және депутаттық топтардың қызметін үйлестiреді;
12) мемлекеттiк органдармен, ұйымдармен, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен және қоғамдық бiрлестiктермен қарым-қатынастарда мәслихат атынан өкiл болады;
13) мәслихат шешiмдерiнiң жариялануын қамтамасыз етедi, олардың орындалуына бақылау жасау жөнiндегi iс-шараларды белгiлейдi;
14) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңында, Қазақстан Республикасының заңнамасында, мәслихат регламенті мен шешімінде көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайды.
Ескелді аудандық мәслихат хатшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабының 5-тармағына сәйкес оны алмастыратын адам жүзеге асырады.
20. "Ескелді аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мәслихат хатшысы қызметке тағайындалатын және қызметтен босататын мәслихаттың аппарат басшысы басқарады.
4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі
21. Ескелді аудандық мәслихат аппаратының заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкінің болуы мүмкін.
Ескелді аудандық мәслихат аппаратының мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
22. Ескелді аудандық мәслихат аппаратына бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, мәслихат аппараты, өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
24. Ескелді аудандық мәслихат аппаратын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.