"Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы

Жаңа

Шымкент қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 11 сәуірдегі № 571 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 37, 39-баптарына, "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 35-1-бабы 3-тармағының 3) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік орган туралы үлгілік ережеге сәйкес, Шымкент қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. "Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте осы қаулыдан туындайтын барлық шараларды атқарсын.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқанға жүктелсiн.

      4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Шымкент қаласының әкімі М. Әйтенов

  Шымкент қаласы әкімдігінің
2022 жылғы "___"_________
№ ____ қаулысына қосымша

"Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) ішкі саясат және жастар саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқарманың ведомстволары жоқ.

      3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Басқарма ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан жасайды.

      6. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен "Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы" мемлекеттік мекемесі басшысының бұйрықтарымен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. "Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы" мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Нұрсат шағын ауданы, "Nursultan Nazarbaev" даңғылы 10, индекс 160023.

      10. Осы ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Басқарманың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Басқарма кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Мемлекетік органның мақсаттары мен өкілеттіктері

      13. Басқарманың мақсаты: қаладағы конфессияаралық келісім, жастар мәселесіндегі демократиялық, олардың құқықтары мен бостандықтарын, жынысына, ұлтына, әлеуметтік жағдайына және діни ұстанымына қарамастан сақтау, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарын қолдау мен дамытуға, қаланың ақпараттық кеңістігінің бәсекеге қабілеттігін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыру болып табылады.

      14. Басқарманың өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      Мемлекеттік органдардан және лауазымды тұлғалардан, өзге де ұйымдардан және азаматтардан өз функцияларын орындауға қажетті ақпараттарды белгіленген тәртіппен сұратұға және алуға;

      Басқарманың қарамағындағы ұйымдарға, мемлекеттік мекемеге міндетті орындауға жататын тапсырмалар беруге;

      Басқарманың құзыретіне жататын мәселелер бойынша құқық қорғау органдарымен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауға.

      Басқарманың кұзыретіне жататын мәселелер бойынша мәжілістер, семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, кездесулер және өзге де отырыстар өткізу.

      2) міндеттері:

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларын сақтау;

      Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және өзге де орталық атқарушы органдардың, сондай-ақ қала әкімі мен әкімдігінің актілері мен тапсырмаларын сапалы және уақытылы орындау.

      15. Функциялары:

      1) өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асырады;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты қалыптастырады, орналастырады және оның жүзеге асырылуын бақылайды;

      3) өңірлік деңгейде бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу үшін сатып алынатын көрсетілетін қызметтердің құнын айқындаудың үлгілік әдістемесі негізінде өңірлік деңгейде бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу үшін сатып алынатын көрсетілетін қызметтердің құнын айқындау әдістемесін әзірлейді және бекітеді;

      4) мемлекеттік жастар саясатын іске асырады;

      5) өзекті проблемаларды анықтау және шешу, мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың тиімділігін арттыру үшін мониторинг жүргізуді және жастардың қажеттіліктерін бағалауды қамтамасыз етеді;

      6) жастардың волонтерлік қызметін және жастардың өзін-өзі басқаруын дамытуға жәрдемдеседі;

      7) жастар ресурстық орталықтарын құрады, олардың қызметін қамтамасыз етеді және үйлестіреді;

      8) өңірлік жастар форумын өткізуді қамтамасыз етеді;

      9) қазақстандық патриотизмді, конфессияаралық келісім мен этносаралық тағаттылықты нығайту жөнінде шаралар қолданады;

      10) "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 25 мамырдағы Заңының 8 бабының 3 тармағына сәйкес, функцияларды жүзеге асырады;

      11) Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында пайдаланылуын (тігілуін, орналастырылуын) бақылауды жүзеге асырады;

      12) тұрғындар арасында теле, радио бағдарламалардың кешенді талдауын және экспресс-талдауын жүргізеді;

      13) үкіметтік емес ұйымдардың қызметтеріне талдау жүргізу арқылы ортақ тенденцияларды анықтау және қоғамдағы қоғамдық-саяси ахуал жағдайларын болжайды;

      14) қоғамдық-саяси қарым-қатынастарды реттеуде биліктің барлық тармақтарымен өзара әрекет ету қағидаттарын қалыптастырады;

      15) Шымкент қаласының аумағындағы саяси партияларға, қоғамдық-саяси ұйымдарға және олардың филиалдарының қызметіне тұрақты мониторинг жүргізеді;

      16) саяси партиялармен, қоғамдық-саяси ұйымдармен және олардың филиалдарымен өзара әрекеттесу, Шымкент қаласының аумағында қоғамдық ұйымдармен өткізілетін іс-шараларға қатысады;

      17) үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жасау және олармен Шымкент қаласының аумағында өткізілетін іс-шараларға қатысады;

      18) ішкі саяси үдерістерге тұрақты мониторинг барысында алынған ақпаратты талдайды;

      19) қоғамдық жерлерде (саябақтар, шағын гүлбақтар), мәдениет ескерткіштері мен монументтерге, ғимараттарға, құрылыстарға іргелес аумақтарда, сондай-ақ Шымкент қаласының көшелерінде бұқаралық-мәдени іс-шаралар өткізуге өтініштерді қарастырады;

      20) әлеуметтік зерттеулер жүргізеді;

      21) қоғам тіршілік әрекетінің барлық негізгі бағыттары бойынша нақты ұсыныстар жасайды;

      22) мемлекеттің идеологиялық тапсырмаларын орындау аясында Шымкент қаласының ақпараттық-насихаттау топтары мүшелерін әдістемелік материалдармен ақпараттық қамтамасыз ету, тұрғындармен кездесу арқылы ақпараттық-насихаттау іс-шараларын өткізеді;

      23) алынған мәліметтер негізінде талдамалық баяндамалар, есептер және жазбалар дайындайды;

      24) Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің саясатын іске асырады;

      25) өңірдің ұлттық, әлеуметтік-мәдени және қоғамдық мүдделерін білдіру қажеттігін ескере отырып, қалалық Ассамблеяның құрылымы мен құрамын анықтау құзыретін қамтамасыз етеді;

      26) қалалық Ассамблеяның сессиясы мен кеңесін өткізуді және олардың құзыреттерін іске асыруды қамтамасыз етеді;

      27) қалалық этномәдени және басқа да қоғамдық бірлестіктердің ұсынысы негізінде Ассамблея мүшелігіне кандидатуралар ұсынады;

      28) қаладағы этносаралық қатынастардың жай-күйі және оларды нығайту перспективалары туралы ақпарат жинайды және ұсынады;

      29) өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдармен, қоғамдық және этномәдени бірлестіктермен, азаматтық қоғам институттарымен бірлесе отырып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, этносаралық толеранттылық, қоғамдық-саяси тұрақтылықты, ел бірлігін, қазақстандық азаматтық біртектілік пен отансүйгіштікті нығайту жұмыстарын үйлестіреді;

      30) этносаралық келісімге бағытталған семинарлар, конференциялар өткізу, ағартушылық және баспа қызметтерін ұйымдастыру, этномәдени қоғамдық бірлестіктерге әдістемелік, ұйымдастырушылық және құқықтық көмек көрсетеді;

      31) қалалық Ассамблеяның Қоғамдық келісім кеңесін құру бойынша жұмыстарды жүргізеді және оның қызметін қамтамасыз етуді үйлестіреді;

      32) гендерлік теңдік саясатын іске асырады;

      33) отбасы мүдделерін қорғау және Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының іс-шаралар жоспарын іске асыру мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдармен және азаматтық қоғам институттармен өзара іс-әрекеттерді қамтамасыз етеді;

      34) әйелдер жағдайына және отбасылық-демографиялық ахуалына талдауды жасау, отбасылық-демографиялық ахуалына талдауды жасау, отбасылық-демографиялық саясатының негізгі бағыттары бойынша ұсыныстарды әзірлейді;

      35) тиісті құрылымдық бөлімшелермен, азаматтармен, бірлестіктермен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, отбасы мен жастардың жағдайын жақсартуға бағытталған іс-шараларды әзірлеу және жүзеге асырады;

      36) заңнамада белгіленген тәртіппен өз өмірлік іс-әрекеттерінде отбасының және жастардың құқықтық қорғауын қамтамасыз етеді;

      37) заңнамада белгіленген тәртіппен отбасының және жастардың ақпараттық қауіпсіздігін отбасылық қарым-қатынас мәдениетін көтеруді қамтамасыз етеді;

      38) отбасының өзін-өзі дамыту, оның өмірлік әлеуетін ынталандыру, отбасылық міндеттерді орындау мен еңбек қызметін үйлестіру мақсатында экономикалық дербестік үшін қажетті жағдайларды жасайды;

      39) жас отбасы мектебін дамыту бойынша іс-шараларды өткізеді;

      40) отбасы құндылықтарын түсіндіру бойынша жұмыстар жүргізу, жастар арасында отбасылық құндылықтар бойыншакездесулерді, семинар-тренингтерді, байқауларды ұйымдастыру, жас отбасыларды әлеуметтік қолдайды;

      41) халыққа гендерлік білім беру мен ағартуға, гендерлік білім беру бойынша оқу-әдістемелік әдебиеттерді, ақпараттық бюллетеньдерді, бағдарламаларды, әдістемелік құралдарды әзірлеуге, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара әрекеттесуге, гендерлік теңдік мәселелері бойынша ата-аналарды ағартуға, қыздарды техникалық мамандықтар бойынша оқуға тартуға, әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларға гендерлік индикаторларды енгізуге жәрдемдесу;

      42) экономикалық саладағы әйелдер мен еркектер арасындағы мүмкіндіктер теңдігіне жеткізуге, кәсіпкерлікті дамытуға, шағын және орта бизнеске әйелдерді тартуға, отбасылық бизнесті дамытуға, экономикалық білім беру орталықтарын ұйымдастыруға жәрдемдеседі;

      43) ұрпақтар арасындағы байланыстарды қалпына келтіру, дәстүрлерге ұқыпты қарау, аға буынның тәжірибелер мен дағдыларды пайдалану, отбасылардағы ұрпақтар сабақтастығы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша жұмыстарды ұйымдастырады;

      44) өмірде қиын жағдайға душар болған және тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен кәмелетке толмағандардың және тұрмысы қолайсыз отбасыларды анықтау және өңірлік есебін жүргізеді.

3-тарау. Мемлекеттік органның, алқалы органдардың (бар болса) бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      16. Басқарманы басқаруды басқарма басшысы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      17. Басқарманың басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қала әкімімен лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      18. Басқарма басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.

      19. Басқарма басшысының өкілеттіктері:

      1) Басқарманың қызметін ұйымдастырады және басқарады;

      2) қолданыстағы заңнамаларға сәйкес Басқарма қызметкерлерін, сондай-ақ, қарамағындағы ұйымдардың басшыларын және олардың орынбасарларын жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;

      3) қолданыстағы заңнамаларға сәйкес Басқарма қызметкерлерінің, Басқарманың қарамағындағы ұйымдардың басшыларының міндеттері мен уәкілеттіктерін анықтайды;

      4) Басқарманың жұмыс жоспарларын бекітеді;

      5) Басқарманың атынан әрекет етеді;

      6) сенімхаттар береді;

      7) өз уәкілеттігі шегінде барлық Басқарма қызметкерлеріне және қарамағындағы ұйымдардың басшыларына орындауға міндетті бұйрықтар шығарады, қызметтік құжаттарға қол қояды және нұсқаулар береді;

      8) Басқарма қызметкерлеріне, қарамағындағы ұйымдардың басшыларына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте сыйақы шараларын белгілейді және тәртіптік жаза қолдана алады;

      9) Басқарманың ішкі еңбек тәртібін бекітеді;

      10) Басқармада "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

      11) азаматтарды жеке қабылдауды жүзеге асырады;

      12) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамасының орындалуына дербес жауапты болады;

      Басқарманың басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      20. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.

4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      21. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай- ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Басқарманың қарамағындағы ұйымдардың тізбесі:

      1) "Шымкент ақпарат орталығы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі;

      2) Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының "Ақпараттық-коммуникациялық орталық" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      3) Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының "Қоғамдық келісім" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      4) Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының "Жастар ресурстық орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады