Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2020 жылғы 25 мамырдағы № 333-VІ ҚРЗ.

      Қолданушылардың назарына!
      Қолданушыларға қолайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.

      МАЗМҰНЫ

      Осы Заң Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген Қазақстан Республикасы азаматтарының бейбіт және қарусыз жиналып, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер мен пикеттеу өткізу құқығын іске асыруға бағытталған қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) бейбіт жиналыс – сипатына қарай бейбіт, күш қолданылмайтын және қаруланбайтын, мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, халықтың имандылығын, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделеріне қатер төндірмейтін болып табылатын, Қазақстан Республикасының азаматтары жиналыс, митинг пен демонстрация, шеру мен пикеттеу нысанында өткізетін жария іс-шара;

      2) бейбіт жиналысқа қатысушы – бейбіт жиналысқа өз еркімен қатысатын Қазақстан Республикасының азаматы;

      3) бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орын – республикалық маңызы бар қаланың, астананың немесе ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті өкілді органы бейбіт жиналыстар өткізу үшін айқындаған жалпыға ортақ пайдаланылатын орын немесе жүру маршруты;

      4) бейбіт жиналысты ұйымдастырушы – бейбіт жиналыс өткізуге бастамашы болатын, оны өткізуді ұйымдастыратын және бейбіт жиналыс барысы мен оған қатысушыларға басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматы немесе кәмелетке толған азаматтарының тобы немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген заңды тұлға;

      5) демонстрация – қоғамдық маңызы бар мәселелер және (немесе) адамдардың және (немесе) органдардың, ұйымдардың әрекеттері (әрекетсіздігі) бойынша пікірін жария білдіру мақсатында Қазақстан Республикасы азаматының немесе азаматтары тобының белгілі бір уақытта белгілі бір маршрут бойынша қозғалысы, бұл көлік құралдары пайдаланыла отырып, дыбыс күшейткіш техникалық құралдар, плакаттар, транспаранттар және өзге де көрнекі үгіттеу құралдары пайдаланыла отырып немесе пайдаланылмай, талаптар қойыла отырып немесе онсыз жүзеге асырылады;

      6) жергілікті атқарушы орган – республикалық маңызы бар қаланың және астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі басқаратын, өз құзыреті шегінде тиісті аумақта жергілікті мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын алқалы атқарушы орган;

      7) жиналыс – қоғамдық маңызы бар мәселелерді және (немесе) адамдардың және (немесе) органдардың, ұйымдардың әрекеттерін (әрекетсіздігін) ұжымдық жария талқылау мақсатында Қазақстан Республикасы азаматтарының белгілі бір жерде, белгілі бір уақытта бірлесіп болуы;

      8) митинг – қоғамдық маңызы бар мәселелер және (немесе) адамдардың және (немесе) органдардың, ұйымдардың әрекеттері (әрекетсіздігі) бойынша пікірін жария білдіру үшін Қазақстан Республикасы азаматтарының белгілі бір жерде, белгілі бір уақытта бірлесіп болуы, бұл дыбыс күшейткіш техникалық құралдар, плакаттар, транспаранттар және өзге де көрнекі үгіттеу құралдары пайдаланыла отырып немесе онсыз, талаптар қойыла отырып немесе онсыз жүзеге асырылады;

      9) өтінішті келісу – жергілікті атқарушы орган демонстрация, шеру нысанында бейбіт жиналыс өткізуге беретін құжат;

      10) пикеттеу – қоғамдық маңызы бар мәселелер және (немесе) адамдардың және (немесе) органдардың, ұйымдардың әрекеттері (әрекетсіздігі) бойынша пікірін жария білдіру мақсатында Қазақстан Республикасының бір азаматының белгілі бір жерде, белгілі бір уақытта болуы, бұл қозғалыссыз және дыбыс күшейткіш техникалық құралдар пайдаланылмай, плакаттар, транспаранттар және өзге де көрнекі үгіттеу құралдары пайдаланыла отырып немесе онсыз жүзеге асырылады;

      11) хабарлама – бейбіт жиналысты ұйымдастырушы жергілікті атқарушы органға жіберетін, белгілі бір жерде және белгілі бір уақытта пикеттеу, жиналыс немесе митинг нысанында бейбіт жиналыс өткізу ниеті туралы алдын ала құлақтандыру;

      12) шеру – қоғамдық маңызы бар мәселелер және (немесе) адамдардың және (немесе) органдардың, ұйымдардың әрекеттері (әрекетсіздігі) бойынша пікірін жария білдіру мақсатында Қазақстан Республикасы азаматының немесе азаматтары тобының көлік құралдарын пайдаланбай белгілі бір уақытта, белгілі бір маршрут бойынша жүріп өтуі, бұл дыбыс күшейткіш техникалық құралдар, плакаттар, транспаранттар және өзге де көрнекі үгіттеу құралдары пайдаланыла отырып немесе онсыз, талаптар қойыла отырып немесе онсыз жүзеге асырылады.

2-бап. Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүддесінде осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, бейбіт жиналыстар бостандығы құқығы шектелмейді.

      3. Осы Заңды бұза отырып, жиналыс, митинг, демонстрация, шеру және пикеттеу өткізуге тыйым салынады.

      4. Төтенше, соғыс жағдайы немесе терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимі енгізілген кезде олардың қолданылу кезеңінде бейбіт жиналыстар өткізуге "Төтенше жағдай туралы", "Соғыс жағдайы туралы" және "Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен тыйым салынуы немесе шектеу қойылуы мүмкін.

      5. Осы Заңның күші жабық үй-жайларда іс-шаралар, ресми, мәдени, ойын-сауық мәдени-бұқаралық, дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық іс-шаралар, жергілікті қоғамдастықтардың жиналыстары мен жиындарын, көппәтерлі тұрғын үй пәтерлері, тұрғын емес үй-жайлары меншік иелерінің жиналыстарын, сондай-ақ құдайға құлшылық ету, діни жоралар, рәсімдер және (немесе) жиналыстар өткізуге байланысты қоғамдық қатынастарға қолданылмайды, оларды өткізу тәртібі "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы", "Мәдениет туралы", "Дене шынықтыру және спорт туралы", "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Тұрғын үй қатынастары туралы", "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.

      6. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

3-бап. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу қағидаттары

      Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу мынадай қағидаттарға негізделеді:

      1) күш қолданылмайтын сипат;

      2) заңдылық;

      3) мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, денсаулық сақтауды, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету;

      4) қатысу еріктілігі;

      5) бейбіт жиналыстар өткізу пайдасына презумпция;

      6) тараптар жауаптылығы.

2-тарау. БЕЙБІТ ЖИНАЛЫСТАРДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ӨТКІЗУ ТӘРТІБІ

4-бап. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру

      Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыруға мыналар жатады:

      1) бейбіт жиналыстарға ықтимал қатысушыларды құлақтандыру;

      2) жергілікті атқарушы органға бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарлама немесе келісуді алу туралы өтініш беру;

      3) бейбіт жиналыстарды өткізу кезінде мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушыларға медициналық және өзге де қажетті көмек беруге құзыреті шегінде жәрдем көрсетуі;

      4) үгіттеуді Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған кез келген тәсілдермен жүргізу;

      5) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының мемлекеттік кауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, денсаулық сақтауды, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында бейбіт жиналыстарға қатысушылармен түсіндіру жұмысын жүргізуі;

      6) бейбіт жиналыстар өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін, бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу мақсатында жасалатын өзге де әрекеттер.

5-бап. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы

      1. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының:

      1) пікірлерін, талаптарын жария білдіруге, бейбіт жиналыстар өткізу кезінде шешімдер қабылдауға;

      2) осы Заңда белгіленген тәртіппен бейбіт жиналыстар өткізуге;

      3) осы Заңның 15-бабында белгіленген тәртіппен үгіттеу жүргізуге;

      4) мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың құзыреті шегінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, медициналық көмекті және өзге де қажетті көмекті ұйымдастыруға жәрдемдесу жөнінде қолданып жатқан шаралары туралы ақпарат алуға;

      5) азаматтардың талаптарына, өтініштеріне қол жинауды ұйымдастыруға;

      6) осы Заңда көзделген жағдайларда бейбіт жиналыстар өткізу кезінде дыбыс деңгейі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келетін дыбыс күшейткіш техникалық құралдарды, плакаттарды, транспаранттарды және өзге де көрнекі үгіттеу құралдарын, сондай-ақ көлік құралдарын пайдалануға;

      7) бейбіт жиналыстар өткізу кезінде аудиовизуалды техника құралдарын пайдалануға, сондай-ақ бейне- және фототүсірілім жасауға;

      8) медициналық көмек көрсетуге және бейбіт жиналыстар өткізу орнынан қауіпсіз эвакуациялауға жүгінуге;

      9) бейбіт жиналыстарды тоқтата тұруға немесе тоқтатуға;

      10) бейбіт жиналыстар өткізуден бас тартуға;

      11) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

      2. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы:

      1) осы Заңның талаптарын сақтауға;

      2) бейбіт жиналыстар өткізу кезінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеуге;

      3) жергілікті атқарушы орган өкілінің және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауға;

      4) бейбіт жиналыстарға қатысушылардан қоғамдық тәртіпті және оларды өткізу регламентін сақтауды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға жол бермеуді талап етуге;

      5) осы Заңның 17 және 18-баптарында көзделген жағдайларда жергілікті атқарушы орган өкілінің, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің талап етуі бойынша, бейбіт жиналыстарға қатысушыларға осындай талапты орындау қажеттігі туралы ақпарат бере отырып, бейбіт жиналыстарды тоқтата тұруға немесе тоқтатуға;

      6) бейбіт жиналыстар өткізілу кезінде оларға қатысушылардың қауіпсіздігі үшін жағдай жасауға, ғимараттардың, құрылысжайлардың, шағын сәулет нысандарының, жасыл екпелердің, сондай-ақ өзге де мүліктің сақталуын қамтамасыз етуге;

      7) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының айырым белгісін тағып жүруге;

      8) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы бейбіт жиналыс өткізуден бас тарту туралы шешім қабылдаған жағдайда дереу жергілікті атқарушы органға және азаматтарға бұқаралық ақпарат құралдары, телекоммуникация желілері арқылы және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де тәсілдермен ақпарат беруге, сондай-ақ үгіттеуді тоқтатуға;

      9) бейбіт жиналыстар өткізу кезінде оларға қатысушылардың және басқа да адамдардың өмірін, денсаулығын қорғауға, қоғамдық тәртіпті қорғауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған ішкі істер және (немесе) прокуратура органдары қызметкерлерінің талаптарын орындауға, ішкі істер органдарына қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз етуде жәрдемдесуге;

      10) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.

      3. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушыға бейбіт жиналыстар өткізу кезінде:

      1) Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерін бұзуға, жаппай тәртіпсіздіктерге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық алауыздықты қоздыруға үндеуге, билікті басып алуға немесе ұстап тұруға, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге насихаттауға немесе жария үндеуге;

      2) көліктің, инфрақұрылым объектілерінің іркіліссіз жұмыс істеуіне, жасыл екпелер мен шағын сәулет нысандарының, өзге де мүліктің сақталуына бөгет жасайтын, сондай-ақ бейбіт жиналыстарға қатыспайтын азаматтардың еркін жүріп-тұруына кедергі келтіретін әрекеттер жасауға;

      3) бейбіт жиналыстар өткізу кезінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдардың адам мен азаматтың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғау, қоғамдық тәртіпті қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін орындауы кезінде олардың қызметіне кедергі келтіруге;

      4) қоғамдық тәртіпті және бейбіт жиналыстарға қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жеке күзет ұйымдарын тартуға;

      5) жергілікті атқарушы органмен келіспей киіз үйлер, шатырлар, өзге де құрылысжайлар орнатуға;

      6) өзімен бірге суық, атыс қаруын және өзге де қаруды, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығына қарсы, азаматтарға және заңды тұлғалардың меншігіне материалдық нұқсан келтіру үшін пайдаланылуы мүмкін арнайы дайындалған немесе бейімделген нәрселерді (заттарды, бұйымдарды) алып жүруге;

      7) алкоголь өнімін, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді таратумен және (немесе) тұтынумен айналысуға, сондай-ақ алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде болуға;

      8) денсаулықты сақтауға арналған жеке қорғаныш құралдарын қоспағанда, бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім-кешекті және (немесе) өзге де заттарды пайдалануға;

      9) үгіттеу мен бейбіт жиналыстар өткізу кезінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерін бұзуға, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық алауыздықты қоздыруға бағытталған нышанды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тыйым салынған террористік немесе экстремистік ұйымдардың нышанын, иллюстрациялық материалдарын пайдалануға тыйым салынады.

      4. Ұйымдастырушы немесе ұйымдастырушының өкілі болмаған кезде бейбіт жиналыстар өткізуге жол берілмейді.

      5. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының өкілдері ұйымдастырушы сияқты дәл сондай құқықтарды пайдаланады және дәл сондай міндеттерді атқарады.

      6. Мыналар:

      1) сот әрекетке қабілетсіз не әрекет қабілеті шектеулі деп таныған немесе сот үкімімен жазасын өтеу кезеңінде түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу, қамаққа алу, бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған Қазақстан Республикасының азаматы;

      2) жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны, мемлекетке опасыздық жасағаны, тыңшылық, экстремистік және террористік қылмыстар, бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзғаны үшін өтелмеген немесе алынбаған сотталғандығы бар Қазақстан Республикасының азаматы;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркеуден өтпеген заңды тұлға;

      4) қызметі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен тоқтатыла тұрған немесе оған тыйым салынған ұйым бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы бола алмайды.

6-бап. Бейбіт жиналыстарға қатысушы

      1. Бейбіт жиналыстарға қатысушының:

      1) пікірін жария білдіруге;

      2) бейбіт жиналыстар өткізу кезінде шешімдерді талқылауға және қабылдауға, өзге де ұжымдық әрекеттерге қатысуға;

      3) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушыдан және (немесе) жергілікті атқарушы органнан бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу жөнінде қолданылып жатқан шаралар туралы ақпарат алуға;

      4) бейбіт жиналыстар мәселелері бойынша келісетінін не келіспейтінін білдіруге;

      5) осы Заңда көзделген жағдайларда бейбіт жиналыстар өткізу кезінде дыбыс деңгейі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келетін дыбыс күшейткіш техникалық құралдарды, плакаттарды, транспаранттарды және өзге де көрнекі үгіттеу құралдарын, сондай-ақ көлік құралдарын пайдалануға;

      6) бейбіт жиналыстар өткізу кезінде аудиовизуалды техника құралдарын пайдалануға, сондай-ақ бейне- және фототүсірілім жасауға;

      7) медициналық көмек көрсетуге және бейбіт жиналыстар өткізу орнынан қауіпсіз эвакуациялауға жүгінуге;

      8) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

      2. Бейбіт жиналыстарға қатысушы:

      1) осы Заңның талаптарын сақтауға;

      2) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының, жергілікті атқарушы орган өкілінің және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауға;

      3) бейбіт жиналыстар өткізу кезінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеуге;

      4) қоғамдық тәртіпті және бейбіт жиналыстар өткізу регламентін сақтауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға жол бермеуге;

      5) бейбіт жиналыстарға қатыспайтын азаматтардың еркін жүріп-тұруына кедергі келтірмеуге;

      6) ғимараттардың, құрылысжайлардың, шағын сәулет нысандарының, жасыл екпелердің, сондай-ақ өзге де мүліктің сақталуын қамтамасыз етуге;

      7) бейбіт жиналыстар өткізу кезінде оларға қатысушылардың және басқа да адамдардың өмірін, денсаулығын қорғауға, қоғамдық тәртіпті қорғауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған ішкі істер және (немесе) прокуратура органдары қызметкерлерінің талаптарын орындауға;

      8) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.

      3. Бейбіт жиналыстарға қатысушыға:

      1) Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерін бұзуға, жаппай тәртіпсіздіктерге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық алауыздықты қоздыруға үндеуге, билікті басып алуға немесе ұстап тұруға, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге насихаттауға немесе жария үндеуге;

      2) көліктің, инфрақұрылым объектілерінің іркіліссіз жұмыс істеуіне, жасыл екпелер мен шағын сәулет нысандарының, өзге де мүліктің сақталуына бөгет жасайтын, сондай-ақ бейбіт жиналыстарға қатыспайтын азаматтардың еркін жүріп-тұруына кедергі келтіретін әрекеттер жасауға;

      3) бейбіт жиналыстар өткізу кезінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдардың адам мен азаматтың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғау, қоғамдық тәртіпті қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін орындауы кезінде олардың қызметіне кедергі келтіруге;

      4) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушыда жергілікті атқарушы органның тиісті келісімі болмаған кезде киіз үйлер, шатырлар, өзге де құрылысжайлар орнатуға;

      5) өзімен бірге суық, атыс қаруын және өзге де қаруды, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығына қарсы, азаматтарға және заңды тұлғалардың меншігіне материалдық нұқсан келтіру үшін пайдаланылуы мүмкін арнайы дайындалған немесе бейімделген нәрселерді (заттарды, бұйымдарды) алып жүруге;

      6) алкоголь өнімін, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді таратумен және (немесе) тұтынумен айналысуға, сондай-ақ алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде болуға;

      7) денсаулықты сақтауға арналған жеке қорғаныш құралдарын қоспағанда, бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім-кешекті және (немесе) өзге де заттарды пайдалануға;

      8) бейбіт жиналыстар өткізу кезінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерін бұзуға, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық алауыздықты қоздыруға бағытталған нышанды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тыйым салынған террористік немесе экстремистік ұйымдардың нышанын, иллюстрациялық материалдарын пайдалануға;

      9) бейбіт жиналыстарға қатысқаны үшін материалдық сыйақы алуға тыйым салынады.

7-бап. Журналистің (бұқаралық ақпарат құралы өкілінің) қызметі

      1. Журналист (бұқаралық ақпарат құралының өкілі) бейбіт жиналыстар өткізілу кезінде Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтарды пайдаланады.

      2. Журналист (бұқаралық ақпарат құралының өкілі) бейбіт жиналыстар кезінде:

      1) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы мен оларға қатысушылардың, сондай-ақ мемлекеттік органдар, ұйымдар қызметкерлерінің заңды әрекеттеріне кедергі келтірмеуге;

      2) көліктің, инфрақұрылым объектілерінің іркіліссіз жұмыс істеуі, мүліктің сақталуы үшін бөгет жасайтын, сондай-ақ бейбіт жиналыстарға қатыспайтын азаматтардың еркін жүріп-тұруына кедергі келтіретін әрекеттер жасамауға міндетті.

8-бап. Мемлекеттік органдардың құзыреті

      1. Мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының айырым белгілерінің нысандарын әзірлейді және бекітеді.

      2. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың немесе ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті өкілді органы:

      1) бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды, бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды пайдалану тәртібін, олардың шекті толу нормаларын, сондай-ақ бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды айқындайды;

      2) пикеттеуді өткізуге тыйым салынған іргелес аумақтардың шекараларын айқындайды;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету бойынша өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      3. Жергілікті атқарушы орган:

      1) бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарламаларды немесе келісуді алу туралы өтініштерді осы Заңның 11 және 13-баптарында белгіленген мерзімдерде қарайды;

      2) бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарламаны немесе келісуді алу туралы өтінішті қарау нәтижелері бойынша осы Заңның 11 және 13-баптарында белгіленген мерзімдерде бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушыларға қабылданған шешім туралы хабарлайды;

      3) бейбіт жиналыстар өткізу кезінде мемлекеттік қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке, денсаулық сақтауға, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына қатер төнген жағдайда шатырларды, киіз үйлерді, құрылысжайларды орнатудан, дыбыс күшейткіш техникалық құралдарды, көлік құралдарын пайдаланудан бас тартады;

      4) осы Заңның 11 және 13-баптарында белгіленген жағдайларда және мерзімдерде бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушыға бейбіт жиналыстардың өзге өткізу орнын және (немесе) жүру маршрутын не уақытын ұсынады;

      5) бейбіт жиналыстардың нысанына және оған қатысушылардың санына қарай бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушыға осы Заңға сәйкес бейбіт жиналыстар өткізуге жәрдем көрсету мақсатында өз өкілдерін тағайындайды;

      6) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылар мен оларға қатысушыларға бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу жөнінде қолданылып жатқан шаралар туралы ақпарат береді;

      7) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушыдан осы Заңның 17 және 18-баптарына сәйкес бейбіт жиналыстарды тоқтата тұруды немесе тоқтатуды талап етеді;

      8) осы Заңның 17 және 18-баптарында көзделген жағдайларда бейбіт жиналыстарды тоқтата тұрады немесе тоқтатады;

      9) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының жазбаша немесе электрондық нысанда білдірген, бейбіт жиналыстардың өткізу орнын және (немесе) жүру маршрутын не уақытын өзгертуге келісетіні туралы жауабы болмаған немесе келіспеген жағдайда, бейбіт жиналыстарды өткізуден бас тарту туралы шешім шығарады;

      10) өзінің интернет-ресурсында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындардың тізбесін, сондай-ақ олардың бос-бос еместігі туралы ақпаратты орналастырады;

      11) өзіне Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      4. Құқық қорғау органдарының құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.

9-бап. Бейбіт жиналыстарды өткізу орны мен уақыты

      1. Бейбіт жиналыстар бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарда өткізіледі. Пикеттеуді қоспағанда, өзге орындарда бейбіт жиналыстар өткізуге тыйым салынады.

      Осы баптың 5-тармағында көрсетілген орындарда пикеттеуді өткізуге тыйым салынады.

      2. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды айқындаған және оларды пайдалану тәртібін белгілеген кезде бейбіт жиналыстардың мақсатына қол жеткізу мүмкіндігі, бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды әкімшілік-аумақтық бірліктердің орталық және өзге де бөліктерінде белгілеу, ұйымдастыру ыңғайлылығы, бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылар мен оларға қатысушылардың инфрақұрылым объектілерін пайдалану мүмкіндігі, санитариялық нормалар мен қағидаларды сақтау, бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылар мен оларға қатысушылардың, басқа да адамдардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілуге тиіс.

      Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, сондай-ақ облыстардың әкімшілік орталықтары аудандарының орталық бөліктеріндегі пикеттеу, жиналыстар немесе митингілер ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындар саны үштен кем болмауға тиіс.

      3. Дәл сол бір жерде және (немесе) дәл сол бір жүру маршруты бойынша не дәл сол бір уақытта бейбіт жиналыс өткізуге бір мезгілде бірнеше бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы үміткер болған жағдайда, көрсетілген орынды пайдалану кезектілігін жергілікті атқарушы орган бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушыдан тиісті хабарламаны немесе өтінішті алған уақытын негізге ала отырып айқындайды.

      4. Бейбіт жиналыстарды бейбіт жиналыстар өткізілетін күні әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті уақыты бойынша сағат 9-дан ерте бастауға және сағат 20-дан кеш аяқтауға болмайды.

      5. Пикеттеуді өткізуге:

      1) жаппай жерлеу орындарында;

      2) теміржол, су, әуе және автомобиль көлігі объектілерінде және оларға іргелес жатқан аумақтарда;

      3) мемлекеттің қорғаныс қабілетін, қауіпсіздігін және халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдарға іргелес жатқан аумақтарда;

      4) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының резиденцияларына іргелес жатқан аумақтарда;

      5) қауіпті өндірістік объектілерге және пайдалануы арнайы қауіпсіздік техникасы қағидаларын сақтауды талап ететін өзге де объектілерге іргелес жатқан аумақтарда;

      6) магистральдық теміржол желілерінде, магистральдық құбыржолдарда, ұлттық электр желісінде, магистральдық байланыс желілерінде және оларға іргелес жатқан аумақтарда тыйым салынады.

      6. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды қоспағанда, дәл сол бір жерде дәл сол бір уақытта дәл сол бір объектіде екі және одан көп пикет өткізуге жол берілмейді.

      Пикеттеу ұзақтығы, бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды қоспағанда, дәл сол бір жерде дәл сол бір объектіде күніне екі сағаттан аспауға тиіс.

10-бап. Бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарлама

      1. Пикеттеу, жиналыс, митинг нысанында бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарламаны бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы жергілікті атқарушы органға өткізілетін күніне дейін бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қағаз жеткізгіште немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында береді.

      2. Хабарламаның жергілікті атқарушы органда тіркелген күні бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарламаны беру күні болып табылады.

      3. Бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарламада:

      1) бейбіт жиналыстың мақсаты;

      2) бейбіт жиналыстың нысаны;

      3) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы Қазақстан Республикасы азаматының, оның өкілінің (болған кезде) тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), жеке сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты жері немесе уақытша болатын (тұратын) жері не бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы заңды тұлғаның атауы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, орналасқан жері;

      4) бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орын, пикеттер үшін – өткізу орны;

      5) бейбіт жиналыстың басталатын және аяқталатын күні, уақыты;

      6) қатысушылардың болжамды саны;

      7) киіз үйлер, шатырлар мен өзге де құрылысжайлар орнату туралы мәліметтер;

      8) осы Заңда көзделген жағдайларда дыбыс күшейткіш техникалық құралдарды, плакаттарды, транспаранттарды және өзге де көрнекі үгіттеу құралдарын пайдалану ниеті;

      9) пикеттеуді қоспағанда, ұйымдастырушы бекіткен бейбіт жиналыстар өткізу регламенті;

      10) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының, оның өкілінің (болған кезде) электрондық пошталық мекенжайы, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі;

      11) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының, оның өкілінің (болған кезде) хабарламада көрсетілген өз дербес деректерін жинауға, өңдеуге келісімі;

      12) бейбіт жиналыстар өткізуді қаржыландыру көздері;

      13) бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарламаның берілген күні және ұйымдастырушының немесе оның өкілінің (болған кезде) қолтаңбасы көрсетіледі.

11-бап. Хабарламаны қарау тәртібі

      1. Жергілікті атқарушы орган хабарлама тіркелген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бейбіт жиналысты ұйымдастырушыға:

      1) киіз үйлерді, шатырларды, өзге де құрылысжайларды орнатпай, дыбыс күшейткіш техникалық құралдарды пайдаланбай пикеттеу, жиналыс, митинг өткізу туралы;

      Ескертпе!
      ҚР Конституциялық Соты 11-бабы 1-тармағы бірінші бөлігі 2) тармақшасының конституциялылығын тексеру жөнінде іс жүргізу бастады.

      2) осы Заңның 14-бабында көзделген негіздер бойынша пикеттеуді, жиналысты, митингіні өткізуден бас тарту туралы;

      Ескертпе!
      ҚР Конституциялық Соты 11-бабы 1-тармағы бірінші бөлігі 3) тармақшасының конституциялылығын тексеру жөнінде іс жүргізу бастады.

      3) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, мемлекеттік қауіпсіздікті, сондай-ақ көліктің, инфрақұрылым объектілерінің іркіліссіз жұмыс істеуін, жасыл екпелер мен шағын сәулет нысандарының, өзге де мүліктің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында пикеттеудің, жиналыстың, митингінің орнын және (немесе) уақытын өзгерту ұсынысы туралы хабарлайды.

      Хабарламаны қарау мерзімі өткен соң жергілікті атқарушы органның жауабы болмаған жағдайда, ұйымдастырушы берілген хабарламаға сәйкес бейбіт жиналыс өткізеді.

      2. Жергілікті атқарушы орган бейбіт жиналысты ұйымдастырушыға қабылданған шешім туралы мынадай тәсілдердің бірімен:

      1) қолма-қол;

      2) табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта жөнелтілімі нысанында;

      3) электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат арқылы;

      4) ұйымдастырушы көрсеткен электрондық поштаның мекенжайы бойынша;

      5) ұйымдастырушы көрсеткен ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша хабарлайды.

      Жергілікті атқарушы органның шешімі осы тармақтың бірінші бөлігінің 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген тәсілдермен жіберілген жағдайда, шешім табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта жөнелтілімімен де жіберіледі.

      3. Бейбіт жиналысты ұйымдастырушы бейбіт жиналыстардың өткізу орнын және (немесе) уақытын өзгерту туралы ұсынысты алған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы органға бейбіт жиналыстардың өткізу орнын және (немесе) уақытын өзгертуге өзінің келісетіні немесе келіспейтіні туралы мынадай нысандардың бірімен:

      жазбаша (қолма-қол);

      электрондық нысанда (ұсыныс келіп түскен электрондық поштаның мекенжайына немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат арқылы);

      ұсыныс келіп түскен ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша хабарлайды.

      Бейбіт жиналысты ұйымдастырушы бейбіт жиналыстардың өткізу орнын және (немесе) уақытын өзгертуге келіскен жағдайда, жергілікті атқарушы орган бейбіт жиналыстарды өткізуден бас тартуға құқылы емес.

      Бейбіт жиналысты ұйымдастырушының бейбіт жиналыстардың өткізу орнын және (немесе) уақытын өзгертуге келісетіні туралы жауабы болмаған немесе келіспеген жағдайда, жергілікті атқарушы орган бейбіт жиналыстарды өткізуден бас тарту туралы шешім шығарады.

12-бап. Келісуді алу туралы өтініш

      1. Демонстрация, шеру нысанында бейбіт жиналыстар өткізуге келісуді алу туралы өтінішті бейбіт жиналысты ұйымдастырушы жергілікті атқарушы органға өткізілетін күніне дейін он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қағаз жеткізгіште немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында береді.

      Өтініштің жергілікті атқарушы органда тіркелген күні келісуді алу туралы өтінішті беру күні болып табылады.

      2. Келісуді алу туралы өтініште:

      1) бейбіт жиналыстың мақсаты;

      2) бейбіт жиналыстың нысаны;

      3) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы Қазақстан Республикасы азаматының, оның өкілінің (болған кезде) тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), жеке сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты жері немесе уақытша болатын (тұратын) жері не бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы заңды тұлғаның атауы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, орналасқан жері;

      4) бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орын және (немесе) қатысушылардың жүру маршруты;

      5) бейбіт жиналыстың басталатын және аяқталатын күні, уақыты;

      6) қатысушылардың болжамды саны;

      7) осы Заңда көзделген жағдайларда қоғамдық тәртіпті қорғауды, медициналық көмек ұйымдастыруды, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу шаралары, дыбыс күшейткіш техникалық құралдарды, плакаттарды, транспаранттарды және өзге де көрнекі үгіттеу құралдарын, көлік құралдарын пайдалану ниеті;

      8) қажет болған жағдайда – көлік құралдарының жалпы саны мен санаттары, маршруттың ұзындығын, басталатын және аяқталатын орнын қоса алғанда, олардың қозғалыс маршруты;

      9) ұйымдастырушы бекіткен бейбіт жиналыстар өткізу регламенті;

      10) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының, оның өкілінің (болған кезде) электрондық пошталық мекенжайы, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі;

      11) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының, оның өкілінің (болған кезде) өтініште көрсетілген өз дербес деректерін жинауға, өңдеуге келісімі;

      12) бейбіт жиналыстар өткізуді қаржыландыру көздері;

      13) келісуді алу туралы өтініштің берілген күні және ұйымдастырушының немесе оның өкілінің (болған кезде) қолтаңбасы көрсетіледі.

13-бап. Келісуді алу туралы өтінішті қарау тәртібі

      1. Жергілікті атқарушы орган өтінішті қарайды және тіркелген күнінен бастап жеті жұмыс күні ішінде бейбіт жиналысты ұйымдастырушыға:

      1) демонстрация, шеру өткізудің келісілгені туралы;

      2) демонстрацияны, шеруді дыбыс күшейткіш техникалық құралдарды, көлік құралдарын пайдаланбай өткізудің келісілгені туралы;

      3) осы Заңның 14-бабында көзделген негіздер бойынша өткізуден бас тартылғаны туралы;

      4) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, мемлекеттік қауіпсіздікті, сондай-ақ көліктің, инфрақұрылым объектілерінің іркіліссіз жұмыс істеуін, жасыл екпелер мен шағын сәулет нысандарының, өзге де мүліктің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында бейбіт жиналыстардың өткізу орнын және (немесе) жүру маршрутын не уақытын өзгерту ұсынысы туралы хабарлайды.

      2. Жергілікті атқарушы орган бейбіт жиналысты ұйымдастырушыға қабылданған шешім туралы мынадай тәсілдердің бірімен:

      1) қолма-қол;

      2) табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта жөнелтілімі нысанында;

      3) электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат арқылы;

      4) ұйымдастырушы көрсеткен электрондық поштаның мекенжайы бойынша;

      5) бейбіт жиналысты ұйымдастырушы көрсеткен ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша хабарлайды.

      Жергілікті атқарушы органның шешімі осы тармақтың бірінші бөлігінің 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген тәсілдермен жіберілген жағдайда, шешім табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта жөнелтілімімен де жіберіледі.

      3. Бейбіт жиналысты ұйымдастырушы бейбіт жиналыстардың өткізу орнын және (немесе) жүру маршрутын не уақытын өзгерту туралы ұсынысты алған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы органға бейбіт жиналыстардың өткізу орнын және (немесе) жүру маршрутын не уақытын өзгертуге өзінің келісетіні немесе келіспейтіні туралы мынадай нысандардың бірімен:

      жазбаша (қолма-қол);

      электрондық нысанда (ұсыныс келіп түскен электрондық поштаның мекенжайына немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат арқылы);

      ұсыныс келіп түскен ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша хабарлайды.

      Бейбіт жиналысты ұйымдастырушы бейбіт жиналыстардың өткізу орнын және (немесе) жүру маршрутын не уақытын өзгертуге келіскен жағдайда, жергілікті атқарушы орган бейбіт жиналыстарды өткізуден бас тартуға құқылы емес.

      Бейбіт жиналысты ұйымдастырушының бейбіт жиналыстардың өткізу орнын және (немесе) жүру маршрутын не уақытын өзгертуге келісетіні туралы жауабы болмаған немесе келіспеген жағдайда, жергілікті атқарушы орган бейбіт жиналыстарды өткізуден бас тарту туралы шешім шығарады.

14-бап. Бейбіт жиналыстар өткізуден бас тарту

      1. Жергілікті атқарушы орган осы Заңның 11-бабының 1-тармағында және 13-бабының 1-тармағында белгіленген мерзімдерде бейбіт жиналыстар өткізуден:

      1) егер олардың мақсаттары Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгерту, Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзу, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіру, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық алауыздықты қоздыру, Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің басқа да ережелерін бұзу болып табылса;

      2) егер бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы осы Заңның 5-бабының 6-тармағында аталған тұлға болса;

      3) егер мемлекеттік қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіптің бұзылуына, денсаулық сақтауға, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына қатер төнсе;

      4) егер бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы осы Заңның 10 және 12-баптарында белгіленген, бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарламаның немесе келісуді алу туралы өтініштің мерзімдерін бұзса;

      5) осы Заңның 10-бабының 3-тармағында және 12-бабының 2-тармағында көрсетілген ақпарат толық берілмеген немесе бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының немесе оның өкілінің (болған кезде) қолтаңбасы болмаған жағдайда;

      6) ұсынылған құжаттардың анық емес екендігі немесе бейбіт жиналыстарды өткізу үшін қажетті құжаттардың, деректер мен мәліметтердің Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі анықталған жағдайда;

      7) егер бейбіт жиналыстардың ұйымдастырылуы мен өткізілуін қаржыландыруды:

      жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен адамдардың тізбесіне және (немесе) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен адамдардың тізбесіне енгізілген жеке тұлғалар және (немесе) заңды тұлғалар;

      қызметі Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен тоқтатыла тұрған немесе оған тыйым салынған заңды тұлға;

      шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар және шетелдік заңды тұлғалар жүзеге асырса;

      8) осы Заңның 2-бабының 4-тармағында, 9-бабының 5 және 6-тармақтарында көзделген жағдайларда;

      9) егер қатысушылардың болжамды саны бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындардың шекті толу нормаларынан асып түссе;

      Ескертпе!
      ҚР Конституциялық Соты 14-бабы 1-тармағының 10) тармақшасының конституциялылығын тексеру жөнінде іс жүргізу бастады.

      10) егер осындай іс-шараларды өткізудің болжамды уақытында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарда басқа ресми, мәдени, ойын-сауық мәдени-бұқаралық, дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық және өзге де іс-шаралардың өткізілуі жоспарланса, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүзеге асырылып жатса, бас тартады.

      2. Бейбіт жиналыстар өткізуден бас тарту туралы шешім негізді әрі уәжді болуға тиіс және оған Қазақстан Республикасының заңына сәйкес шағым жасалуы мүмкін.

15-бап. Үгіттеу

      1. Бейбіт жиналысты ұйымдастырушының және Қазақстан Республикасының өзге де азаматтарының:

      1) осы Заңның 11 және 13-баптарына сәйкес бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарламаны және келісуді алу туралы өтінішті қарау немесе жергілікті атқарушы органның шешімін алу мерзімдері өткеннен;

      2) осы Заңның 11-бабының 3-тармағына және 13-бабының 3-тармағына сәйкес бейбіт жиналысты ұйымдастырушы бейбіт жиналыстардың өткізу орнын және (немесе) жүру маршрутын не уақытын өзгерту туралы келісімін бергеннен кейін бейбіт жиналыстардың өткізу орны және (немесе) жүру маршруты не уақыты, бейбіт жиналыстарды өткізу мақсаттары туралы ақпаратты және оларды ұйымдастыру мен өткізуге байланысты өзге де ақпаратты хабарлай отырып, үгіттеуді кедергісіз жүргізуге, осы Заңда тыйым салынбаған нышанды, иллюстрациялық материалдарды пайдалануға, сондай-ақ осы іс-шараларға қатысуға үгіттеуге құқығы бар.

      2. Үгіттеу жүргізу үшін үндеухаттар, плакаттар мен хабарландырулар таратылуы, бұқаралық ақпарат құралдары, телекоммуникация желілері, Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де тәсілдер пайдаланылуы мүмкін.

16-бап. Бейбіт жиналыстар өткізуді материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету

      1. Бейбіт жиналыстар өткізуді материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді оларды ұйымдастырушы мен оларға қатысушылар өз қаражаты есебінен, сондай-ақ осы бейбіт жиналыстарды өткізу үшін жиналған және (немесе) берілген қаражат пен мүлік есебінен, егер осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше белгіленбесе, жүзеге асырады.

      2. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыруды және өткізуді:

      жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен адамдардың тізбесіне және (немесе) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен адамдардың тізбесіне енгізілген жеке тұлғалардың және (немесе) заңды тұлғалардың;

      қызметі Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен тоқтатыла тұрған немесе оған тыйым салынған заңды тұлғаның;

      шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдік заңды тұлғалардың қаржыландыруына тыйым салынады.

      3. Жергілікті атқарушы органның келісімінсіз бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарда киіз үйлер, шатырлар, өзге де құрылысжайлар орнатуға тыйым салынады.

17-бап. Бейбіт жиналыстарды тоқтата тұру негіздері мен тәртібі

      1. Егер бейбіт жиналыстар өткізу кезінде оған қатысушылардың кінәсінан адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндірмейтін құқықтық тәртіпті бұзу орын алса, жергілікті атқарушы органның өкілі бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушыдан осы бұзушылықты өз бетінше немесе өзімен бірлесіп жоюды талап етуге құқылы.

      2. Бұзушылықты жою туралы заңды талап орындалмаған жағдайда жергілікті атқарушы органның өкілі бұзушылықты жою үшін өзі белгілеген уақытқа бейбіт жиналыстарды тоқтата тұрады. Бұзушылық жойылған кезде бейбіт жиналыстар өткізу оларды ұйымдастырушы мен жергілікті атқарушы органның өкілі арасындағы келісу бойынша жалғасады.

      3. Егер бұзушылық жергілікті атқарушы органның өкілі белгілеген уақыт өткеннен кейін жойылмаса, бейбіт жиналыстар осы Заңның 18-бабында көзделген тәртіппен тоқтатылуға тиіс.

18-бап. Бейбіт жиналыстарды тоқтату негіздері мен тәртібі

      1. Бейбіт жиналыстарды тоқтату негіздері мыналар болып табылады:

      1) азаматтардың өмірі мен денсаулығына, қоғамдық тәртіпке және (немесе) қоғамдық қауіпсіздікке нақты қатердің төнуі, мүлікке, оның ішінде бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орынның шекті толу нормасынан асып түсу салдарынан нұқсан келтіру;

      2) әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық алауыздықты қоздыру, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығына қол сұғуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің басқа да ережелерін бұзуға үндеулер;

      3) бейбіт жиналыстарды өткізу нысанын өзгерту;

      4) осы Заңның 17-бабының 3-тармағында көзделген жағдай;

      5) ұйымдастырушының бейбіт жиналыс өткізуден бас тартуы;

      6) бейбіт жиналыс өткізу уақытының өтуі.

      2. Бейбіт жиналыстарды тоқтату туралы шешім қабылданған жағдайда, жергілікті атқарушы органның өкілі:

      1) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушыдан не оларға қатысушылардан бейбіт жиналыстарды өз еркімен тоқтатуды талап етеді;

      2) бейбіт жиналыстарды тоқтату туралы талапты орындау үшін уақыт белгілейді.

      3. Бейбіт жиналыстарды тоқтату туралы талап орындалмаған жағдайда ішкі істер органдарының қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бейбіт жиналыстарды мәжбүрлеп тоқтату жөнінде қажетті шараларды қолданады.

      4. Бейбіт жиналыстарға қатысушының (қатысушылардың) осы Заңның талаптарын бұзуы оның (олардың) бейбіт жиналыстарға қатысуын тоқтатуға алып келеді және ол жойылған жағдайда, бейбіт жиналыстарды тоқтату үшін негіз болып табылмайды.

3-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

19-бап. Бейбіт жиналыстар бостандығы құқығын бұзатын шешімдер мен әрекеттерге (әрекетсіздікке) шағым жасау

      Мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

20-бап. Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.

21-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      2. "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы" 1995 жылғы 17 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 1-2, 19-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 23, 142-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады