Қостанай облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Қостанай облысы әкімдігінің 2022 жылғы 28 ақпандағы № 90 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес Қостанай облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Қостанай облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.

      2. "Қостанай облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) жоғарыда көрсетілген Ереженің заңнамада белгіленген тәртіпте әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулыға қол қойылған күнінен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қостанай облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;

      3) осы қаулының ресми жарияланғанынан кейін оның Қостанай облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қостанай облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Облыс әкімі А. Мұхамбетов

  Қостанай облысы әкімдігінің
  2022 жылғы 28 ақпандағы
  № 90 қаулысымен
  бекітілген

"Қостанай облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Қостанай облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) еңбек қатынастары саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқарманың ведомстволық бағынысты ұйымдары жоқ.

      3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге және Басқарма регламентіне сәйкес жүзеге асырады.

      4. Басқарма мемлекеттік мекеме ретінде ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және атауы мемлекеттік тілде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      6. Басқарманың, егер оған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіпте Басқарма басшысының бұйрықтарымен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 110000, Қостанай облысы, Қостанай қаласы, Қасымқанов көшесі, 34.

      10. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Басқарманың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге жол берілмейді.

      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кірістер, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Мемлекеттік органның міндеттері мен өкілеттіктері

      13. Мақсаттары:

      1) Қазақстан Республикасы Еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      2) қауіпсіз еңбек жағдайларына құқықты қоса алғанда, жұмыскерлердің құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың сақталуын қамтамасыз ету;

      3) жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің өтініштерін, арыздарын және шағымдарын қарау.

      14. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      заңнамада белгіленген тәртіпте Басқарманың, оның ішінде соттарда құқықтары мен мүдделерін қорғауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;

      өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардан және лауазымды тұлғалардан және басқа да ұйымдардан қажетті ақпаратты, құжаттарды және өзге де материалдарды сұрату және алу;

      заңды және жеке тұлғаларға Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсініктемелер беру;

      қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыру;

      2) міндеттері:

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларын сақтау;

      Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің және өзге де орталық атқарушы органдардың, сондай-ақ Қостанай облысы әкімінің және әкімдігінің актілері мен тапсырмаларын сапалы және уақтылы орындау.

      15. Функциялары:

      1) Қазақстан Республикасы Еңбек заңнамасының, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      2) жұмыс берушілер ұсынған ұжымдық шарттардың мониторингін жүзеге асырады;

      3) өндірістік жарақаттанудың, кәсіптік аурулардың, кәсіптік уланулардың себептеріне талдау жүргізеді және олардың профилактикасы жөнінде ұсыныстар әзірлейді;

      4) өндірістегі жазатайым оқиғаларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте тергеп-тексереді;

      5) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау нормативтерін жетілдіру мәселелері бойынша жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің уәкілетті өкілдерімен өзара іс-қимыл жасайды;

      6) жұмыскерлердің, жұмыс берушілер мен олардың өкілдерінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі өтініштерін қарайды;

      7) өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау мониторингін жүзеге асырады;

      8) еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі жөніндегі ақпараттық жүйе базасында кезеңдік есептерді, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жай-күйі мониторингінің нәтижелерін ұсынады;

      9) еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға еңбек қатынастары бойынша қажетті ақпаратты береді;

      10) еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нысан бойынша ұжымдық еңбек дауларының мониторингін жүргізеді;

      11) жұмыс берушінің қызметін декларациялауды жүзеге асырады.

3-тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      16. Басқарманы басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапты болады.

      17. Басқарманың бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.

      18. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасары болады.

      19. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттіктері:

      1) Басқарма қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      2) құрылымды, құрылымдық бөлімшелер туралы ережелерді және Басқарма қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;

      3) міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарын бекітеді;

      4) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда Басқарманың атынан өкілдік етеді;

      5) бірінші қол қою құқығына ие;

      6) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шараларды қабылдамағаны үшін дербес жауапты болады;

      7) Басқарма қызметкерлерінің орындауы үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      8) Басқарма қызметкерлеріне көтермелеу, материалдық көмек көрсету шараларын қабылдайды және тәртіптік жаза қолданады;

      9) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын адам жүзеге асырады.

      20. Бірінші басшы өз орынбасарының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.

4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      21. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарманың өзіне бекітіліп берілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      28. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады