Рудный қаласы әкімдігінің "Рудный қалалық жер қатынастары бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Қостанай облысы Рудный қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 15 сәуірдегі № 485 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" қаулысына сәйкес Рудный қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Рудный қаласы әкімдігінің "Рудный қалалық жер қатынастары бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.

      2. Рудный қаласы әкімдігінің "Рудный қалалық жер қатынастары бөлімі" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы қаулыға қол қойған күннен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қостанай облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;

      2) ресми жарияланғанынан кейін осы қаулыны Рудный қаласы әкімдігінің интернет-ресурсына орналастырылуын;

      3) жоғарыда көрсетілген Ереженің заңнамада белгіленген тәртіппен әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Рудный қаласың әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді.

      Рудный қаласының әкімі Қ. Испергенов

  Рудный қаласы әкімдігінің
  2022 жылғы "15" сәуірдегі
  № 485 қаулысымен
  бекітілген

Рудный қаласы әкімдігінің "Рудный қалалық жер қатынастары бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Рудный қаласы әкімдігінің "Рудный қалалық жер қатынастары бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Мекеме) жер қатынастары саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Мекеменің ведомстволары жоқ.

      3. Мекеме өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Мекеме мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және атауы мемлекеттік тілде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Мекеме азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      6. Мекеме егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкiлеттiк берiлген жағдайда ол мемлекеттiң атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Мекеме өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Мекеме басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Мекеме құрылымы мен штат санының лимитi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекiтіледi.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 111500, Қазақстан Республикасы, Қостанай облысы, Рудный қаласы, Космонавтов даңғылы, 12.

      11. Мекеме қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Мекемеге кәсіпкерлік субъектілерімен Мекеменің өкілеттігі болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Мекемеге заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кірістер, егер Қазақстан Республикасының заңнамасымен өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2. Мемлекеттiк органның мақсаттары мен өкілеттіктері

      13. Мақсаттары:

      1) жер учаскесіне меншік құқығы мен жер пайдалану құқығының туындау, өзгеру және тоқтатылу негіздерін, шарттары мен шектерін, жер учаскелері меншік иелері мен жер пайдаланушылардың құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыру тәртібін белгілеу;

      2) жерді ұтымды пайдалану мен қорғауды, топырақ құнарлылығын молықтыруды табиғи ортаны сақтау мен жақсартуды қамтамасыз ету мақсатында жер қатынастарын реттеу;

      3) шаруашылық жүргізудің барлық нысандарын тең құқылы дамыту үшін жағдай жасау;

      4) жеке және заңды тұлғалар мен мемлекеттің жерге деген құқықтарын қорғау;

      5) жылжымайтын мүлік нарығын құру және дамыту;

      6) жер қатынастары саласындағы заңдылықты нығайту;

      7) Мекеме қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды, даярлауды және қайта даярлауды ұйымдастыру;

      8) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттер.

      14. Өкілеттіліктері:

      1) құқықтары:

      мемлекеттік органдар мен ұйымдарда Мекеменің мүддесін білдіру;

      өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардан және басқа да ұйымдардан қажетті ақпаратты, құжаттарды және басқа да материалдарды сұрату және алу;

      жеке тұлғаларға және заңды тұлғалардың өкілдеріне Мекеменің құзыретіне жататын мәселелер бойынша түсініктемелер беру;

      жер құқығы қатынастары мәселелері бойынша ақпараттық-таныстыру іс-шараларын (дөңгелек үстелдер, семинарлар және басқа да іс-шаралар), сондай-ақ кеңестер ұйымдастыру және өткізу;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру;

      2) міндеттері:

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларын сақтау;

      Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің және өзге де орталық атқарушы органдарының, сондай-ақ облыс және қала әкімінің және әкімдігінің актілері мен тапсырмаларын сапалы және мерзімінде орындау;

      Мекеме құзыретінің мәселелері бойынша қала әкімі және әкімдігі қабылдайтын нормативтік-құқықтық актілердің жобалары бойынша ұсыныстар енгізу;

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де міндеттерді жүзеге асыру.

      15. Функциялары:

      1) жер қатынастарын реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыру;

      2) ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының жер учаскелерін беру және олардың нысаналы мақсатын өзгерту жөніндегі ұсыныстары мен шешімдерінің жобаларын дайындау;

      3) құзыреттілігі шегінде жер учаскелерінің бөлінуін немесе бөлінбеуін анықтау;

      4) жер құрылысын жүргізуді ұйымдастыру және жер учаскелерін құру бойынша жер құрылысының жобасын бекіту;

      5) шектелген жер жобаларын, жер аумағын ұтымды пайдалану бойынша сұлбалар мен жобаларды жасауды ұйымдастыру;

      6) жер сатуды өткізуді ұйымдастыру (конкурстар, аукциондар);

      7) жерді пайдалану мен қорғау мәселелерін қозғайтын қалалық сипаттағы жобаларды және сұлбаларды сараптамадан өткізу;

      8) жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың, сондай-ақ жер құқығы қатынастарының басқа да субъектілерінің есебін жүргізу;

      9) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің паспорттарын беру;

      10) жер учаскесін сатып алу-сату шарттары мен жалдау және жерді уақытша өтеусіз пайдалану шарттарын жасасу және жасалған шарттар талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асыру;

      11) қала жерлерінің балансын жасау;

      12) қаланың жергілікті атқарушы органының іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскелерін пайдалануға рұқсат беруі жөнінде ұсыныстар дайындау;

      13) пайдаланылмайтын және заңнаманы бұза отырып пайдаланылатын жерлерді анықтау;

      14) мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару жөнінде ұсыныстар дайындау;

      15) пайдалы қазбаларды геологиялық зерттеуге және барлауға байланысты жер қойнауын пайдалану мақсаттары үшін қауымдық сервитуттарды белгілеу жөнінде ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының ұсыныстары мен шешімдерінің жобаларын дайындау;

      16) елді мекендер аумақтарының жер-шаруашылық орналастыру жобаларын әзірлеуді ұйымдастыру;

      17) жерді резервте қалдыру жөніндегі ұсыныстарды дайындау;

      18) жер-кадастрлық жоспарды бекіту;

      19) Рудный қаласы әкімдігінің жанындағы жер учаскелерін беру жөніндегі жер комиссиясының жұмысын ұйымдастыру;

      20) жер құқығы қатынастары бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау;

      21) мемлекеттік қызметтерді көрсету және жүзеге асыру;

      22) мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыруды қамтамасыз ету;

      23) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асыру.

3. Мемлекеттiк органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      16. Мекемені басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Мекемеге жүктелген міндеттердің орындалуына оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      17. Мекеменің бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатылады.

      18. Мекеменің бірінші басшысының өкілеттіктері:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес меншік нысанына қарамастан мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда мекеме атынан өкілдік етеді;

      2) Мекеме жұмыскерлерінің міндеттері мен өкілеттілік шеңберін белгілейді;

      3) қолданыстағы заңнамаға сәйкес Мекеме жұмыскерлерін жұмысқа тағайындайды, босатады, тәртіптік жазаға тартады және көтермелеу шараларын қолданады;

      4) орындау үшін міндетті нұсқаулар береді және бұйрықтар шығарады;

      5) Мекеме атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      6) Мекемеде сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған шараларды қолданады және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиісті емес шараларды қабылдауға дербес жауапты болады;

      7) Мекеменің қаржыландыру жоспарын бекітеді;

      8) Мекеменің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады, Мекемеге жүктелген міндеттер мен функциялардың орындалуына дербес жауапты болады;

      9) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауды жүзеге асырады;

      10) өз құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Мекеменің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      19. Мекеменің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.

      Мекеменің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      20. Мекемеге бекiтiлген мүлiк коммуналдық меншiкке жатады.

      21. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Мекеме өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      22. Мекемені қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады