"Лисаков қаласы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Қостанай облысы Лисаков қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 1 сәуірдегі № 117 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" қаулысына сәйкес Лисаков қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Лисаков қаласы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.

      2. "Лисаков қаласы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) жоғарыда көрсетілген ережені әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қостанай облысы бойынша филиалына Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін жіберілуін;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғанынан кейін Лисаков қаласы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Лисаков қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Әкім А. Ибраев

  Әкімдіктің
  2022 жылғы "__" ________
  № ___ қаулысымен
  бекітілді

"Лисаков қаласы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. "Лисаков қаласы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі мәтін бойынша - Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі) стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің ведомстволары жоқ.

      3. Өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі, қазақ тілінде өз атауы бар мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      6. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі, егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      7. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 111200, Қазақстан Республикасы, Қостанай облысы, Лисаков қаласы, Мир көшесі, 31.

      10. Осы ереже Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне кәсіпкерлік субъектілерімен Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің өкілеттігі болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынастар жасауға тыйым салынады.

2. Мемлекеттік органның негізгі міндеттері, өкілеттіктері мен функциялары

      13. Міндеттер:

      1) қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының басымдықтары мен негізгі бағыттарын анықтау;

      2) қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін мониторингілеу және талдау;

      3) қаладағы экономикалық жағдайдың өзгеруіне уақтылы ден қою және қала экономикасын тұрақтандыру жөнінде шаралар қабылдау;

      4) бюджеттік жоспарлау саласында мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру;

      5) Экономика бөлімінің құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттер.

      14. Өкілеттілігі:

      1) Құқықтары:

      өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардан және басқа да ұйымдардан қажетті ақпаратты, құжаттарды және басқа да материалдарды сұрату және алу;

      жұмыстың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар енгізу;

      өзінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша сотта талапкер және жауапкер болуға құқығы бар.

      2) Міндеттері:

      Қазақтан Республикасының қолданыстағы заңнама нормаларын сақтау;

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес басқа міндеттерді орындау.

      15. Функциялары:

      1) бес жылдық кезеңге қаланың әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеу;

      2) мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының мониторингі және оларды бағалау;

      3) қаладағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды талдау;

      4) қала кәсіпорындары мен ұйымдарына, бағдарлама әкімшілеріне бюджеттік жоспарлау және әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеуге әдіснамалық көмектесу;

      5) инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлеу бойынша жұмысты үйлестіру, инвестицияларды тартуға жәрдемдесу;

      6) басым бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тізбесін қалыптастыру;

      7) үш жылдық кезеңге арналған бюджет параметрлерінің болжамын әзірлеу;

      8) тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджеттің жобасын әзірлеу және бюджетті нақтылау, түзету бойынша ұсыныстар енгізу;

      9) тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджет туралы қалалық мәслихаттың шешімін іске асыру және өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қала әкімдігі қаулысының жобасын әзірлеу;

      10) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларды әзірлеуін үйлестіру;

      11) жұмыс органы ретінде қаланың бюджеттік комиссиясының жұмысына қатысу;

      12) жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша экономикалық қорытындылар жасау;

      13) Экономика бөлімінің құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес басқа да функцияларды жүзеге асыру.

3. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіліктері

      16. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне басшылықты Экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.

      17. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.

      18. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бірінші басшысының өкілеттігі:

      мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің атынан өкілдік етеді;

      қаржы құжаттарына бірінші қол қою құқығына ие, шарттар жасайды, сенімхаттар береді;

      мекеменің барлық қызметкерлері үшін міндетті лауазымдық міндеттерді бөледі және бекітеді, бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      қызметкерлердің штаттық кестесін, іссапарлар, тағылымдамалар, оқу орталықтарында оқыту және біліктілігін арттырудың өзге де түрлері бойынша тәртібі мен жоспарларын бекітеді;

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жұмысқа қабылдайды және босатады, көтермелеу шараларын қабылдайды және тәртіптік жаза қолданады;

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      19. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.

      Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      20. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      21. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      22. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады