"Лисаков қаласы әкімдігінің қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Қостанай облысы Лисаков қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 1 сәуірдегі № 125 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабына, "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес Лисаков қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Лисаков қаласы әкімдігінің қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.

      2. "Лисаков қаласы әкімдігінің қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) жоғарыда көрсетілген ережені әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қостанай облысы бойынша филиалына Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін жіберілуін;

      3) осы қаулыны оның ресми жарияланғанынан кейін Лисаков қаласы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Лисаков қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қала әкімі А. Ибраев

      Әкімдік мүшелері: ___________________ А. Шектыбаев ___________________ Г. Жарылқасымова ___________________ Е. Казиев ___________________ Н. Ким ___________________ С. Ерофеева ___________________ Г. Ткалич

"Лисаков қаласы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі (ММ) құқықтық жұмыс бөлімінің басшысы __________________ С. Туркестанова

"Лисаков қаласы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі (ММ) ұйымдастыру-бақылау жұмысы және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы _______________________ Г. Жахина

  Әкімдіктің
  2022 жылғы 1 сәуірдегі
  № 125 қаулысымен
  бекітілді

"Лисаков қаласы әкімдігінің қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Лисаков қаласы әкімдігінің қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі мәтін бойынша – Қаржы бөлімі) жергілікті бюджетті атқару, бюджетті атқару жөнінде бюджеттік есеп және есептілікті жүргізу, коммуналдық мүлікті басқару, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы, уәкілетті орган айқындайтын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік орган болып табылады.

      2. Қаржы бөлімінің ведомстволары жоқ.

      3. Өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Қаржы бөлімі мемлекеттік мекеменің ұйымдастыру-құқықтық нысанында заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі, қазақ тілде өз атауы бар мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Қаржы бөлімі азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      6. Қаржы бөлім, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда, ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      7. Қаржы бөлімі өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Қаржы бөлімі басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Қаржы бөлімінің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 111200, Қазақстан Республикасы, Қостанай облысы, Лисаков қаласы, Мир көшесі, 31.

      10. Осы ереже Қаржы бөлімінің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Қаржы бөлімінің қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қала бюджетінен жүзеге асырылады.

      12. Қаржы бөліміне кәсіпкерлік субъектілерімен қаржы бөлімінің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады

2-тарау. Мемлекеттік органның негізгі міндеттері, өкілеттіктері мен функциялары

      13. Міндеттері:

      1) бюджеттің толық және уақтылы атқарылуын жүзеге асыру, бухгалтерлік есеп, бюджеттік есепке алу және жергілікті бюджеттің атқарылуы бойынша бюджеттік есептілікті жасау;

      2) коммуналдық мемлекеттік меншікті мемлекет мүддесінде тиімді басқару;

      3) мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы ретінде уәкілетті орган айқындайтын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз ету;

      4) Өз құзыреті шегінде Қаржы бөліміне жүктелген өзге де міндеттерді жүзеге асыру.

      14. Өкілеттілігі:

      1) құқықтары:

      өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардан және басқа да ұйымдардан қажетті ақпаратты, құжаттарды және басқа да материалдарды сұрату және алу;

      жұмыстың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар енгізу;

      өзінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша сотта талапкер және жауапкер болуға құқығы бар.

      2) Міндеттері:

      Қазақтан Республикасының қолданыстағы заңнама нормаларын сақтау;

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес басқа міндеттерді жүзеге асыру.

      15. Функциялары:

      1) Қаржы бөлімнің құзыретіне кіретін қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлейді;

      2) Қаржы бөлімінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлейді;

      3) бюджеттік есеп және есептілік жүргізуді жүзеге асырады;

      4) мәслихаттың шешімімен, тиісті қаржы жылына арналған қалалық бюджетпен бекітілген сомалар шегінде бюджеттік бағдарламаларды толық және уақтылы орындауға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырады;

      5) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен төлемдер бойынша түсімдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарын, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын жасайды және бекітеді;

      6) төлемдер бойынша түсімдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарына, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізеді;

      7) төлемдердің уақтылығы мен толықтығын қамтамасыз ету үшін алдағы кезеңде бюджетке түсетін ақша түсімдерінің күтілетін көлемін айқындайды;

      8) қаржыландыру жоспарларының жылдық сомаларының ай сайынғы бөлінуін, бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің қаржыландыру жоспарларына енгізген өзгерістерінің негізділігін талдау және бағалау, қаржыландыру жоспарларының орындалмау себептерін анықтау арқылы бюджет қаражатының игерілуіне мониторингті жүзеге асырады;

      9) ай сайын жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есепті, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 125-бабының 4) тармақшасында көзделген өзге де есептерді жасайды және ұсынады;

      10) жауапты уәкілетті органдардың тізбесі бойынша түсімдердің бірыңғай бюджеттік сыныптамасының кодтары бойынша түсімдердің артық (қате) төленген сомаларын бюджеттен қайтаруға және (немесе) есепке жатқызуға қорытындылар дайындайды;

      11) бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілікті жүргізуді қамтамасыз етуде әдістемелік көмек көрсетеді;

      12) бюджет қаражатын басқару тиімділігін бағалауды жүргізеді;

      13) мемлекеттік мүлікті басқару тиімділігін бағалауды жүргізеді;

      14) коммуналдық меншiктi басқаруды, оны қорғау жөнiнде шараларды жүзеге асырады;

      15) мемлекеттiк мүлiк объектiлерiн, оның iшiнде акциялардың мемлекеттiк пакеттерiн және шаруашылық серiктестiктерiнiң қатысу үлестерiн сатуды ұйымдастырады;

      16) коммуналдық мүлiктi жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғаларға кейiннен сатып алу құқығынсыз, кейiннен сатып алу құқығымен немесе кейiннен шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң меншiгiне беру құқығымен мүлiктiк жалдауға (жалға алуға), сенiмгерлiк басқаруға бередi;

      17) коммуналдық мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;

      18) коммуналдық мүлікті жекешелендіруді жүзеге асырады, оның ішінде жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдалды тартады, жекешелендіру объектісіне баға беруді қамтамасыз етеді, жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шарттарын дайындауды және жасауды, сондай-ақ сатып алу-сату талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

      19) реквизицияланған мүлік үшін ақшалай өтемақы төлейді;

      20) жер учаскесiн мемлекет мұқтажы үшiн алып қоюға байланысты жер учаскесi немесе өзге де жылжымайтын мүлiк иелiктен шығарылған жағдайда өтемақы төлейді;

      21) уәкілетті орган айқындайтын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесі бойынша мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырады және өткізеді;

      22) Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында белгіленген құжаттарды қамтитын мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі тапсырмаларды қарайды;

      23) Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында белгіленген құжаттарды қамтитын тапсырыс беруші ұсынған тапсырманың негізінде конкурстық құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) жобасын әзірлейді және бекітеді;

      24) конкурстық комиссияның (аукциондық комиссияның) құрамын айқындайды және бекітеді;

      25) конкурстық құжаттамаға (аукциондық құжаттамаға) өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді;

      26) мемлекеттік сатып алу веб-порталында мемлекеттік сатып алу туралы хабарландыруларды орналастырады;

      27) мемлекеттік сатып алу туралы шарт жобасына және (немесе) конкурстық құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) техникалық ерекшелігіне конкурстық құжаттаманы (аукциондық құжаттаманы) алған мемлекеттік сатып алу веб-порталында автоматты түрде тіркелген тұлғалардан тапсырыс берушіге сұрау салулар мен ескертулерді жолдайды;

      28) конкурс (аукцион) тәсілімен мемлекеттік сатып алудың жеңімпазын айқындайды;

      29) әлеуетті өнім берушілер ұсынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің конкурстық құжаттаманың ажырамас бөлігі болып табылатын техникалық ерекшелікке сәйкестігі туралы сараптамалық қорытынды дайындау үшін сараптама комиссиясын немесе сарапшыны бекітеді.

3-тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттілігі

      16. Қаржы бөлімін басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол шылықты Қаржы бөліміне жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады бірінші басшы жүзеге асырады.

      17. Қаржы бөлімінің бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      18. Қаржы бөлімінің бірінші басшысының өкілеттіктері;

      мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Қаржы бөлімі ұсынанды;

      қаржы құжаттарына бірінші қол қою құқығына ие, шарттар жасайды, сенімхаттар береді;

      мекеменің барлық қызметкерлері үшін міндетті лауазымдық міндеттерді бөледі және бекітеді, бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      қызметкерлердің штаттық кестесін, іссапарлар, тағылымдамалар, оқу орталықтарында оқыту және біліктілігін арттырудың өзге де түрлері бойынша тәртібі мен жоспарларын бекітеді;

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жұмысқа қабылдайды және босатады, көтермелеу шараларын қабылдайды және тәртіптік жаза қолданайды;

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Қаржы бөлімінің бірінші басшысы болмаған кезеңде өкілеттіктерін, қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      19. Қаржы бөлімінің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Қаржы бөлімінің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      Қаржы бөлімінің мүлкі оған меншік иесі берген мүлкі және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      20. Қаржы бөліміне бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      21. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Қаржы бөлімі өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бекітілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      22. Қаржы бөлімін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады