"Денисов ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Жаңартылған

Қостанай облысы Денисов ауданы әкімдігінің 2022 жылғы 22 ақпандағы № 36 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 31-бабы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" қаулысына сәйкес Денисов ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Денисов ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.

      2. "Денисов ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) жоғарыда көрсетілген Ережені әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулыға қол қойылған күнінен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қостанай облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;

      3) осы қаулының ресми жарияланғанынан кейін оның Денисов ауданы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Денисов ауданы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Аудан әкімі Нұрғалиев Б.М.

  Денисов ауданы әкімдігінің
  2022 жылғы "22" ақпандағы
  № 36 қаулысымен
  бекітілген

"Денисов ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ЕРЕЖЕ

1-тарау. Жалпы ережелер.

      1. "Денисов ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Бөлім) мәдениет және тілдерді дамыту саласында мемлекеттік қызметтерді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Бөлімнің ведомстволық бағынысты ұйымдары:

      1) "Денисов ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің аудандық Мәдениет үйі" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны;

      2) "Денисов ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тілдерді оқыту орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      3) "Денисов ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Денисов орталықтандырылған кітапхана жүйесі" мемлекеттік мекемесі.

      3. Бөлім өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Бөлім ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және қазақ тілінде өз атауы бар мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      5. Бөлім азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      6. Бөлім, егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      7. Бөлім өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Бөлім басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. "Денисов ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі" мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 110500, Қазақстан Республикасы, Қостанай облысы, Денисов ауданы, Денисовка ауылы, Калинин көшесі, 5 үй.

      10. Осы ереже Бөлім құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Бөлімнің қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Бөлімге кәсіпкерлік субъектілерімен Бөлімнің өкілеттігі болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Бөлімге заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кірістер, егер Қазақстан Республикасының заңнамасымен өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Мемлекеттік органның міндеттері мен өкілеттіктері

      13. Мақсаттар:

      1) Бөлімнің құзыреті шегінде мәдениет және тілдерді дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      2) Қазақстан Республикасы халқының мәдениетін қайта түлетуге, сақтауға, дамытуға және таратуға бағытталған шаралар қабылдау;

      3) мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдайлар жасау;

      4) Денисов ауданының аумағында тұратын талантты тұлғаларды қолдауды қамтамасыз ету;

      5) тарихи-мәдени мұраны сақтау;

      6) ведомстволық бағынысты ұйымдарының инфрақұрылымын дамытуды қамтамасыз ету және материалдық-техникалық базасын нығайту.

      14. Өкілеттіктер:

      1) құқықтар:

      өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардан, өзге де ұйымдар мен азаматтардан өз функцияларын орындау үшін қажетті ақпаратты сұрату және алу;

      сотта талапкер және жауапкер болу, сондай-ақ заңнамаға қайшы келмейтін өзге де құқықтарды жүзеге асыру;

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес басқа да құқықтар;

      2) міндеттер:

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларын сақтау;

      Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің және өзге де орталық атқарушы органдардың, сондай-ақ облыс пен аудан әкімінің және әкімдігінің актілері мен тапсырмаларын сапалы және уақтылы орындау;

      Қазақстан Республикасының "Мәдениет туралы", "Тіл туралы" Заңдарын және өзге де нормативтік құқықтық актілерді іске асыру мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен, өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;

      Бөлімнің құзыретіне жататын мәселелер бойынша заңды және жеке тұлғаларға түсініктемелер беру;

      мәдениет мекемелері мен кәсіпорындарын ұстауға арналған бюджетті қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;

      мәдениет және тілдерді дамыту саласында жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу және іске асыру;

      мемлекеттік органның құзыретіне жататын мәселелер бойынша ақпараттық-талдау материалдарды мен құжаттарды дайындау;

      ведомстволық бағынысты ұйымдар мүлкінің тиімді пайдаланылуы мен сақталуына бақылауды жүзеге асыру;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттер.

      15. Функциялар:

      1) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының "Мәдениет туралы", "Тіл туралы" Заңдарын және өзге де нормативтік құқықтық актілерді орындауды жүзеге асырады;

      2) ауданның жергілікті атқарушы органына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ауданның мемлекеттік мәдениет және тілдерді дамыту ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру, тарату жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      3) ауданның мәдениет және тілдерді дамыту ведомстволық бағынысты ұйымдардың мәдени-демалыс, кітапхана қызметін дамыту және тілдерді дамыту жөніндегі қызметін қолдайды және үйлестіреді, әдістемелік және консультативтік көмек көрсетеді;

      4) ауданның мәдениет ұйымдары қызметінің мониторингін жүзеге асырады және уәкілетті органға ақпарат ұсынады;

      5) ауданның мемлекеттік мәдениет ұйымдарын аттестаттаудан өткізеді;

      6) облыстың атқарушы органына көркемөнерпаздар ұжымдарына "Халықтық" немесе "Үлгілі" атағын беру жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      7) талантты жастарды және перспективалы шығармашылық ұжымдарды іздеуге және қолдауға бағытталған іс-шаралар кешенін жүзеге асырады;

      8) шығармашылық және кітапхана қызметінің түрлі салаларында аудандық (өңірлік) байқаулар, фестивальдер мен конкурстар өткізуді ұйымдастырады;

      9) мемлекеттік органның құзыреті шегінде балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелердің мемлекеттік шығармашылық тапсырысы бойынша жұмысты ұйымдастырады;

      10) мәдениет және мемлекеттік және басқа тілдерді дамыту саласында аудан деңгейінде әлеуметтік маңызы бар, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізуді жүзеге асырады;

      11) мемлекеттік және басқа тілдерді дамытуға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асырады;

      11-1) азаматтарды тіл қағидаты бойынша кемсітушілікке жол бермеу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді;

      12) Қазақстан Республикасында тіл саясатын жүзеге асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын аудан аумағында жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлейді және жүзеге асыруды қамтамасыз етеді;

      13) Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасында белгіленген талаптардың бұзылуын жою туралы ұсынымдар береді;

      14) мемлекеттік және басқа тілдерді дамытуға бағытталған іс-шаралар өткізуді ұйымдастырады;

      15) ауданның атқарушы органдарына ауылдарға (селоларға), кенттерге, ауылдық (селолық) округтерге атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың транскрипциясын өзгерту туралы ұсыныстар енгізеді;

      16) Бөлімнің құзыреті шегінде тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау, есепке алу, қорғау және пайдалану, олардың жай-күйіне мониторинг жүргізу жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;

      17) өз құзыреті шегінде мәдениет саласындағы коммуналдық меншікті басқаруды жүзеге асырады;

      18) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шеңберінде өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қостанай облысы Денисов ауданы әкімдігінің 27.05.2024 № 77 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

3-тарау. Мемлекеттік орган басшысының мәртебесі, өкілеттігі

      16. Бөлімге басшылықты Бөлімге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапты болатын басшы жүзеге асырады.

      17. Бөлім басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.

      18. Бөлім басшысының өкілеттігі:

      1) жұмысты ұйымдастырады және басшылық жасайды, бөлім қызметкерлерінің және ведомстволық бағынысты ұйымдар басшыларының міндеттері мен өкілеттік аясын айқындайды;

      2) қолданыстағы заңнамаға сәйкес Бөлім қызметкерлерін және ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      3) Бөлім қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;

      4) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда Бөлімнің мүддесін ұсынады;

      5) бірінші қол қою құқығына ие;

      6) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады және бөлім қызметкерлері мен ведомстволық бағынысты ұйымдар басшыларының орындауы үшін міндетті нұсқаулар береді;

      7) бөлім қызметкерлеріне және ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшыларына көтермелеу, материалдық көмек көрсету және тәртіптік жаза қолдану шараларын қабылдайды;

      8) мемлекеттік органның атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      9) қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзге де ұйымдармен барлық өзара қарым-қатынастарда мемлекеттік органның атынан өкілдік етеді;

      10) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін дербес жауапты болады;

      11) белгіленген еңбекке ақы төлеу қоры және жұмыскерлер саны шегінде мемлекеттік органның міндеттемелері мен төлемдері бойынша қаржыландыру жоспарын, құрылымы мен штат кестесін бекітеді;

      12) азаматтарды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауды жүргізеді;

      13) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін заңнамада белгіленген мерзімдерде қарайды, олар бойынша қажетті шаралар қабылдайды;

      14) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шеңберінде өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Бөлімнің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

4 - тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      20. Мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      21. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

      19. Бөлімнің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.

      20. Бөлімнің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      21. Бөлімге бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Бөлім өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      23. Бөлімді қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады