"Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің қалалық, аудандық (қалалардағы аудандық) төтенше жағдайлар басқармалары мен бөлімдері туралы ережелерді бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2020 жылғы 3 желтоқсандағы № 60 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2022 жылғы 11 наурыздағы № 74 бұйрығы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің қалалық, аудандық (қалалардағы аудандық) төтенше жағдайлар басқармалары мен бөлімдері туралы ережелерді бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2020 жылғы 3 желтоқсандағы № 60 бұйрығына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1-тармақ мынадай редакциядағы 217) тармақшамен толықтырылсын:

      "217) осы бұйрыққа 217-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті Қосшы қаласының төтенше жағдайлар бөлімі туралы ереже бекітілсін.";

      осы бұйрыққа 2-қосымшада:

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Басқарманың заңды мекенжайы: индексі 010000, Нұр-Сұлтан қаласы, "Байқоңыр" ауданы, Жақып Омаров көшесі, № 91 үй.";

      осы бұйрыққа 30-қосымшада:

      1-тармаққа орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізіледі, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Басқарманың заңды мекенжайы: индексі 150009, Қазақстан Республикасы, Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласы, Жамбыл атындағы көше, № 241 үй.";

      аталған бұйрық осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес 217-қосымшамен толықтырылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте әділет органдарында көрсетілген Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті Қосшы қаласының төтенше жағдайлар бөлімі туралы ережені (бұдан әрі - Ереже) тіркеу бойынша шаралар қабылдасын;

      2) жеке құрамның көрсетілген Ережені зерделеуін ұйымдастырсын және оларды практикалық қызметте басшылыққа алуды қамтамасыз етсін;

      3) осы бұйрықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

      3. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Нұр-Сұлтан қаласының және Солтүстік Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаменттерінің бастықтары сеніп тапсырылған мемлекеттік мекемелердің ережелерін әділет органдарынада қайта тіркеу бойынша шараларды Қазақстан Республикасы заңнамасымен белгіленген тәртіпте қабылдасын.

      4. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Кадр саясаты департаменті заңнамада белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықтың көшірмесін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде орналастыру үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.

      6. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасының
Төтенше жағдайлар министрі
генерал-майор
Ю. Ильин

  Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрінің
2022 жылғы 11 наурыздағы
№ 74 бұйрығына
қосымша
Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрінің
2020 жылғы 03 желтоқсандағы
№ 60 бұйрығына
217-қосымша

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті Қосшы қаласының төтенше жағдайлар бөлімі туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті Қосшы қаласының төтенше жағдайлар бөлімі (бұдан әрі – Бөлім) Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментіне (бұдан әрі – Департамент) тікелей бағынатын Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) аумақтық бөлімшесі болып табылады.

      2. Бөлім өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Үкiметiнiң актілеріне, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің және Департамент бастығының бұйрықтарына, өзге де нормативтiк құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Бөлім мемлекеттiк мекеменiң ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өзiнiң атауы мемлекеттiк тiлде жазылған мөрлерi мен мөртабандары, белгiленген үлгiдегi бланктері болады.

      4. Бөлім азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      5. Егер Бөлімнің заңнамаға сәйкес уәкiлеттiк берiлген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуына құқығы бар.

      6. Бөлім өз құзыретiнің мәселелері бойынша заңнамада белгiленген тәртiпте Бөлім бастығының бұйрықтарымен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Бөлімнің құрылымы және штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

      8. Бөлімнің заңды мекенжайы: Қазақстан Республикасы, 010022, Ақмола облысы, Қосшы қаласы, Республика көшесі, құрылыс 46.

      9. Бөлімнің толық атауы – "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті Қосшы қаласының төтенше жағдайлар бөлімі" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      10. Осы Ереже Бөлімнің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Бөлімнің қызметiн жүзеге асыруға шығыстар Департамент құрамында республикалық және жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Бөлімге Бөлімнің функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында кәсiпкерлiк субъектiлерiмен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Бөлімге заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Бөлімнің негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары және міндеттемелері

      13. Бөлімнің міндеттері:

      1) азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу;

      2) тиісті аумақта азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің аумақтық кіші жүйелерінің жұмыс істеуі мен одан әрі дамуын қамтамасыз ету;

      3) өрт қауіпсіздігі және азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      4) өрттердің алдын алу мен сөндіруді ұйымдастыру;

      5) мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары үшін қылмыстық-процестік заңнамамен белгіленген құзыреті шегінде анықтауды жүзеге асыру.

      14. Бөлімнің функциялары:

      1) тиісті аумақта азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуі мен одан әрі дамуын қамтамасыз ету;

      2) азаматтық қорғау күштерінің қызметін қамтамасыз ету;

      3) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға және оларды жоюға, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тиісті аумақта азаматтық қорғанысты ұйымдастыруға бағытталған азаматтық қорғау іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу кезінде азаматтық қорғау күштеріне басшылық жасау;

      4) тиісті аумақта табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды мемлекеттік есепке алуды жүргізу;

      5) жергілікті атқарушы органның құзыретіне кіретін азаматтық қорғау саласындағы мәселелер жөніндегі ұсыныстарды жергілікті атқарушы органға енгізу;

      6) азаматтық қорғау саласында ақпараттық-талдау қызметін жүзеге асыру;

      7) қолданыстағы заңнамаға сәйкес төтенше жағдайларды жою кезінде ұйымдардың материалдық-техникалық ресурстарын тарту;

      8) азаматтық қорғау құралдарына қажеттілікті айқындау үшін Департаментке және жергілікті атқарушы органға ұсыныстар дайындау;

      9) тиісті аумақта орналасқан қорғаныш құрылыстарын есепке қоюды және есептен шығаруды жүзеге асыру;

      10) азаматтық қорғаудың басқару органдары мен күштерін даярлау жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу;

      11) Азаматтық қорғаныс жоспарын әзірлеу және оны бекіту үшін азаматтық қорғаныстың бастығына енгізу;

      12) тиісті аумақта төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарларын әзірлеу;

      13) Азаматтық қорғаныстың инженерлік-техникалық іс-шараларының көлемі және мазмұны бойынша Департаментке ұсыныстар енгізу;

      14) елді мекендер мен аса маңызды мемлекеттік меншік объектілерінің аумақтарын өрттерден қорғауды қамтамасыз ету;

      15) тиісті аумақта төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі жоспарларды әзірлеу;

      16) қауіпсіздік паспорттарын, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар қатерлерінің каталогтерін әзірлеу;

      17) төтенше жағдайлар кезінде авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстар жүргізуді ұйымдастыру;

      18) тиісті аумақта өртке қарсы және авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының қызметін үйлестіру;

      19) халыққа, азаматтық қорғаудың басқару органдарына төтенше жағдайдың туындау қатері туралы болжам болған кезде күні бұрын және (немесе) төтенше жағдай туындаған кезде жедел хабар беруді және оларды құлақтандыруды қамтамасыз ету;

      20) азаматтық қорғау саласындағы білімді насихаттауды, халықты және мамандарды оқытуды жүзеге асыру;

      21) төтенше жағдайлар мен әскери қақтығыстар туындаған кезде немесе осы қақтығыстар салдарынан қорғану тәсілдері мен іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың басқару органдары мен күштерінің басшыларын, мамандарын даярлауды жүзеге асыру;

      22) өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      23) азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      24) елді мекендер мен объектілерде өртке қарсы күреске өрт сөндіру бөлімшелерінің әзірлігін бақылауды жүзеге асыру;

      25) өрт қауіпсіздігі, азаматтық қорғаныс саласында әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер жүргізуді жүзеге асыру;

      26) азаматтарға, лауазымды және заңды тұлғаларға анықталған бұзушылықтарды жою және өрттерді болдырмау жөніндегі іс-шараларды жүргізу туралы ұйғарымдарды, тексеру қорытындысы туралы актілерді беру;

      27) азаматтарға, лауазымды және заңды тұлғаларға анықталған бұзушылықтарды жою және азаматтық қорғаныс жөніндегі іс-шараларды жүргізу туралы ұйғарымдарды, тексеру қорытындысы туралы актілерді беру;

      28) субъектiлер өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұза отырып жүзеге асыратын, сондай-ақ ұйымдарды, объектiнi, құрылысты, ғимаратты салу, реконструкциялау, кеңейту немесе техникалық қайта жарақтандыру кезiнде жобаларда көзделген өрт қауiпсiздiгiнiң талаптары орындалмаған кезде ұйымдардың, жекелеген өндiрiстердiң, өндiрiстiк учаскелердiң, агрегаттардың жұмысын iшiнара немесе толық тоқтата тұру, ғимараттарды, құрылыстарды, электр желiлерiн, жылыту аспаптарын пайдалануға және өрт шығу қаупi бар жұмыстарды жүргiзуге тыйым салу туралы өтініштерді сотқа жіберу үшін материалдарды дайындау;

      29) өз құзыреті шегінде ұлттық қауіпсіздік, мемлекеттік құпиялар және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы заңдарды және өзге де нормативтік құқықтық актілерді сақтауды қамтамасыз ету;

      30) өз құзыреті шегінде терроризммен күрес жөніндегі аудандық штабтың жұмысына қатысу;

      31) өз құзыреті шегінде Аудандық терроризмге қарсы комиссияның жұмысына қатысу;

      32) өз құзыреті шегінде азаматтық қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерге, нормативтік актілерге және стандарттарға өзгерістер, толықтырулар енгізу жөнінде Департаментке ұсыныстар енгізу;

      33) қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары үшін белгіленген құзыреті шегінде қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыру;

      34) құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың бөлімшелерімен, сонымен қоса басқа да ұйымдармен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;

      35) азаматтық қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасында, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және заңға тәуелді актілерінде көзделген өзге функцияларды жүзеге асыру.

      15. Құқықтары және міндеттемелері:

      1) мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінен, ұйымдардан, олардың лауазымды адамдарынан және азаматтардан қажетті ақпаратты және мәліметтерді заңнамада белгіленген тәртіпте сұрату және алу;

      2) белгіленген тәртіпте азаматтық қорғау мақсаттары үшін мемлекеттік ведомстволық және мемлекеттік емес жүйелерді, желілерді, байланыс және ақпарат беру құралдарын пайдалану;

      3) әрекеті немесе әрекетсіздігі төтенше жағдайлар қатеріне немесе туындауына және азаматтық қорғау саласында бұзушылықтарға әкелген лауазымды адамдарды жауапкершілікке тарту туралы белгіленген тәртіпте ұсыныстар енгізу;

      4) сотқа дейінгі іс жүргізу жөніндегі міндеттерді шешуді қамтамасыз ететін мамандандырылған есепке алуды, ақпараттық жүйелерді пайдалану;

      5) мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары үшін қылмыстық-процестік заңнамада белгіленген құзыреті шегінде жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызды немесе хабарларды қабылдау, тіркеу және қарау;

      6) қолданыстағы заңнамалық актілерде көзделген өзге құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру.

3. Бөлім қызметін ұйымдастыру

      16. Бөлімге басшылықты анықтау органының бастығы болып табылатын бастық жүзеге асырады, ол Бөлімге жүктелген міндеттер мен функциялардың орындалуына дербес жауап береді.

      17. Бөлім бастығын Министрліктің келісімі бойынша Департамент бастығы лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.

      18. Бөлім бастығы:

      1) Бөлім атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      2) өз өкілеттіктері шегінде Департаментте, мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Бөлім мүддесіне өкілдік етеді;

      3) Министрлік қалыптастырған саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді, Министрліктің және Департаменттің актілерін және тапсырмаларын орындайды;

      4) аудан аумағында орналасқан Департамент бөлімшелерінің қызметін жедел басқаруды жүзеге асырады;

      5) Департамент бастығына Бөлімнің айрықша көзге түскен қызметкерлерін мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапаттау, құрметті атақтар, әскери және мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының орта және аға басшы құрамының арнаулы атақтарын мерзімінен бұрын немесе атқарып отырған штаттық лауазымында көзделген арнаулы атақтарынан бір дәрежеге жоғары беру бойынша ұсыныстар береді;

      6) өз құзыреті шегінде Бөлім қызметкерлері орындау үшін міндетті бұйрықтарға қол қояды және нұсқаулар береді;

      7) Бөлім қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

      8) Бөлім қызметін ақпараттық-талдау, ұйымдастыру-құқықтық қамтамасыз етуді ұйымдастырады;

      9) Бөлімнің жыл сайынғы жұмыс жоспарын әзірлеуді және оны Департамент бастығына бекітуге ұсынуды қамтамасыз етеді;

      10) Департаментке жыл сайынғы есепті және белгіленген мерзімде Бөлім қызметінің нәтижелері туралы есептер ұсынуды қамтамасыз етеді;

      11) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін уақтылы қарауды қамтамасыз етеді;

      12) Департаментте Бөлім қызметкерлерін тәртіптік жауапкершілікке тарту, тәртіптік жазаларды алу туралы ұсыныстар енгізеді, сондай-ақ ерекше көзге түскен қызметкерлерді көтермелеу туралы өтініш жасайды;

      13) оның құзыретіне жататын басқа мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды;

      14) бағынысты бөлімшелерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың әр фактісі бойынша дербес жауап береді;

      15) Қосшы қаласының аумағында орналасқан өртке қарсы қызметтерге қатысты аға жедел бастық болып табылады;

      16) гарнизон қызметін ұйымдастырады және бақылайды, гарнизон бөлімшелерінің жауынгерлік әзірлігін тексереді, сондай-ақ Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының қызмет жарғысында көрсетілген өзге құқықтары мен міндеттері бар;

      17) ұжымда моральдық-психологиялық климаттың, қызметтік-әскери тәртіптің жай-күйіне, сондай-ақ бағынысты бөлімшелердің қызметкерлері заңдылықты және қызмет пен күнделікті өмірде міндетті жүріс-тұрыс нормаларын сақтауына бақылауды жүзеге асырады;

      18) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

4. Бөлімнің мүлкі

      19. Бөлімнің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі бар.

      Бөлімнің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      20. Бөлімге бекітіліп берілген мүлік республикалық және коммуналдық меншікке жатады.

      21. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Бөлім өзіне бекітіліп берілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Бөлімді қайта ұйымдастыру және тарату

      22. Бөлімді қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады