"Павлодар облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Павлодар облысы әкімдігінің 2022 жылғы 11 қаңтардағы № 3/1 қаулысы

      Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 29 маусымдағы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 40-бабы 2-тармағына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 27-бабы 2-тармағына, Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңының 124-бабына, Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі "Құқықтық актілер туралы" Заңының 65-бабы 3-тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" № 590 қаулысына сәйкес Павлодар облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Павлодар облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – ММ) туралы ереже бекітілсін.

      2. Павлодар облысы әкімдігінің 2019 жылғы 15 сәуірдегі "Павлодар облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесі мен құрылымын бекіту туралы" № 103/2 қаулысының күші жойылсын.

      3. "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ заңнамамен белгіленген тәртіпте:

      осы қаулыны ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін шаруашылық жүргізу құқығындағы "Қазақстан Республикасының заңнама және құқықтық ақпарат институты" республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      осы қаулыны Павлодар облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      осы қаулыдан туындайтын өзге де қажетті шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Д.Ш. Шаймұратоваға жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Облыс әкімі Ә. Сқақов

  Павлодар облысы әкімдігінің
2022 жылғы "___" ______
№___ қаулысымен
бекітілді

"Павлодар облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже

      1. Жалпы ережелер

      1. "Павлодар облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ) бюджет атқару, бюджет есебі мен облыстық бюджеттің атқарылуы бойынша есептілік жүргізу, облыстық коммуналдық меншікті басқару салаларында басшылықты жүзеге асыруға әкімдік уәкілеттік берген, облыстық бюджеттен қаржыландырылатын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ-нің ведомстволары жоқ.

      3. "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлғасы болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері мен қазақ және орыс тілдерінде өз атауы бар мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      5. "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      6. "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      7. "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамамен белгіленген тәртіпте "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ құрылымы және штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

      9. "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Павлодар облысы, 140000, Павлодар қаласы, Қайырбаев көшесі, 32.

      10. "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ жұмыс тәртібі: дүйсенбі-жұма – сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін, түскі үзіліс – сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін, демалыс күндері: сенбі-жексенбі.

      11. Мемлекеттік органның қазақ тілінде толық атауы: "Павлодар облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесі, орыс тілінде: государственное учреждение "Управление финансов Павлодарской области".

      12. "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ құрылтайшысы Павлодар облысының әкімдігі болып табылады.

      13. Осы Ереже "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ құрылтай құжаты болып табылады.

      14. "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ қызметін қаржыландыру облыстық бюджеттен жүзеге асырылады.

      15. "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ кәсіпкерлік субъектілерімен "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, алынған кірістер мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

      2. "Павлодар облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесінің міндеттері, мақсаты, мәні мен өкілеттіктері

      16. Міндеттер:

      1) бюджетті атқару бойынша облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қызметін үйлестіру;

      2) тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізуге бағдарланған бюджеттің атқарылуын қамтамасыз ету, облыстық бюджеттің атқарылуы бойынша бухгалтерлік және бюджеттік есепке алуды, қаржылық және бюджеттік есептілікті жүргізу;

      3) облыстық коммуналдық меншікті басқару, оны қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыру;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген өзге де міндеттер.

      17. "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ қызметінің мақсаты облыстық бюджетті атқаруға; облыс бюджетінің атқарылуы бойынша бюджеттік есепті және есептілікті жүргізуге; облыстық коммуналдық мүлікті басқаруға бағытталған мемлекеттік саясатты жүргізу болып табылады.

      18. "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ қызметінің мәні облыстық бюджетті атқару, облыс бюджетінің атқарылуы бойынша бюджеттік есепті және есептілікті жүргізу, облыстық коммуналдық меншікті басқару мәселелері бойынша облыстық деңгейде іс-шараларды іске асыру болып табылады.

      19. Өкілеттіктері:

      1) Құқықтары:

      1-1) "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ жүктелген міндеттер мен функциялар шегінде шешімдер қабылдау;

      1-2) облыстық коммуналдық мүлікті тиімді басқару және облыстық бюджеттің атқарылуын ұйымдастыру жөнінде облыс әкімдігі мен әкімінің қарауына ұсыныстар енгізу;

      1-3) заңнамамен белгіленген тәртіпте мемлекеттік органдардан, өзге де ұйымдардан, мемлекеттік емес заңды және жеке тұлғалардан жүктелген функцияларды орындауға қажетті құжаттар мен ақпаратты сұрату және алу;

      1-4) аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдардың облыстық коммуналдық мүлікті басқару саласындағы жұмысын үйлестіру және олардың құзыретіне жататын мәселелер бойынша өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;

      1-5) мүдделі органдармен келісім бойынша осы Ережеде және қолданыстағы заңнамада көзделген функцияларды іске асыру үшін ведомствоаралық комиссиялар құру;

      1-6) өз өкілеттіктері шегінде "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ құзыретіне жататын мәселелер бойынша кеңестер және өзге де іс-шаралар өткізу;

      1-7) қолданыстағы заңнамада көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру.

      2. Міндеттері:

      2-1) заңды және жеке тұлғалар бұл туралы ресми сұрау салған жағдайда, өз құзыреті шегінде және заңнама шеңберінде қажетті материалдар мен ақпарат ұсыну;

      2-2) нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу;

      2-3) барлық сот, мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда облыс әкімінің, әкімдігінің мүдделерін білдіру;

      2-4) "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ құзыретіне жататын мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған тұлғаларға қатысты шаралар қабылдау үшін материалдарды уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберу;

      2-5) қолданыстағы заңнамада көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыру.

      20. Функциялары:

      1) облыстық бюджеттің атқарылуын ұйымдастыру;

      2) облыстық бюджеттің міндеттемелері бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын, түсімдерінің және төлемдері бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын құрастыру, бекіту мен жүргізу және оларға толықтырулар мен өзгерістер енгізу;

      3) облыстық мемлекеттік мекемелердің олардың билік етуінде қалатын тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатуынан алынған қаражат түсімдері мен шығыстарының жиынтық жоспарларын келісу;

      4) облыстың жергілікті атқарушы органының секвестр жүргізу туралы шешімінің негізінде түсімдер мен шығыстарды өзгерту жолымен облыстық бюджетті түзету;

      5) облыстық бюджеттің қаржылық активтерді сатудан алынатын кірістері бойынша түсімдер болжамының, бюджеттік кредиттер мен қарыздарын өтеудің жылдық сомаларын бекіту;

      6) жоспарланған кезеңге бюджет түсімдерінің күтілетін көлемдерін айқындау, шығыстарын атқару және уақытша бос бюджеттік ақшаны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі салымдарға (депозиттерге) орналастыру жөніндегі рәсімдерді жүзеге асыру;

      7) жергілікті атқарушы органның резервінен аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерінің шұғыл шығыстарына, қолма-қол ақшасының тапшылығын жабуға қаражат бөлу туралы облыстың жергілікті атқарушы органының шешімдері жобаларына қорытындылар әзірлеу;

      8) жергілікті ауқымдағы әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған, сондай-ақ төтенше жағдайдың құқықтық режимін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар өткізілген жағдайда, облыстың жергілікті атқарушы органының резервінен қаражат бөлу туралы өтінішхатты қарастыру;

      9) бюджеттен берілген бюджеттік кредиттерді тіркеуді, есепке алуды және мониторингін жүзеге асыру;

      10) бюджетті мониторингілеуді жүзеге асыру;

      11) бюджеттік заңнамамен белгіленген органдарға есепті қаржы жылы үшін облыстық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті ұсыну;

      12) бюджетті атқару сатысында азаматтық бюджетті жасау және ұсыну;

      13) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілеген тәртіпте бюджеттік есептілікті, атқарылуы туралы есепті жасау және ұсыну, сондай-ақ облыстық бюджет пен облыс бюджетінің шоғырландырылған қаржылық есептілігін жасау;

      14) облыстың жергілікті атқарушы органының қарызын мониторингілеуді қарызды есепке алуын тіркеуді, қалыптастыру, өзгерту және оған қызмет көрсету процесін талдауды және бақылауды жүзеге асыру арқылы жүргізу;

      15) "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ әкімшілендіретін сыныптама кодтары бойынша облыстық бюджетке артық (қате) төленген түсімдер сомаларының облыстық бюджеттен қайтарылуын және (немесе) есепке алынуын қамтамасыз ету;

      16) облыстық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының мақсаттарға қол жеткізу блогы бойынша қызметін бағалауды жүзеге асыру үшін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға мәліметтерді жинау, қалыптастыру және ұсыну;

      17) жоғары тұрған бюджеттің резервінен алынған, пайдаланылмаған қаражатты қайтаруды жүзеге асыру;

      18) республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттердің өткен қаржы жылында пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) және ағымдағы қаржы жылында әрі қарай пайдалану (толық пайдалану) туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі қабылданбаған сомасын қайтаруды жүзеге асыру;

      19) өткен қаржы жылында бөлінген, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша пайдалануға (толық пайдалануға) рұқсат етілген нысаналы даму трансферттерінің қаржы жылының ішінде пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) сомасын қайтаруды жүзеге асыру;

      20) әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға және/немесе төтенше жағдайдың құқықтық режимін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар өткізуге қаражат бөлу туралы қаулы жобасын заңнамамен белгіленген тәртіпте облыстың жергілікті атқарушы органына енгізу;

      21) облыстық коммуналдық мүлікті басқаруды, оны сақтау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруды ұйымдастыру;

      22) облыстық коммуналдық мүліктің пайдаланылуын және сақталуын мониторингілеуді жүзеге асыру;

      23) облыстық коммуналдық мүліктің есепке алынуын ұйымдастыру, оның тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету;

      24) облыстық коммуналдық мүлікті, оның ішінде коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың, облыстың жергілікті атқарушы органы қатысатын акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің басқару тиімділігін мониторингілеуді жүзеге асыру;

      25) облыстың жергілікті атқарушы органының шешімі бойынша акционерлік қоғамдарды және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді құру, берілген өкілеттіктер шегінде облыстың жергілікті атқарушы органының атынан акционерлік қоғамды (жауапкершілігі шектеулі серіктестікті) басқаруға акционер (қатысушы) ретінде қатысуға мемлекеттің құқықтарын жүзеге асыру;

      26) мемлекеттік органдар болып табылатын мемлекеттік мекемелерден басқа облыстық коммуналдық заңды тұлғалардың жарғыларын (ережелерін) бекіту, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу;

      27) облыстық бюджеттің қаражаты есебінен акциялар сатып алған кезде немесе облыстың жергілікті атқарушы органы қатысатын акционерлік қоғамды құрған кезде бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімінде коммуналдық мүліктің құрамына түсетін акциялардың қозғалысын есепке алу үшін көзделген жеке шот ашу;

      28) облыстық мемлекеттік кәсіпорындардың таза табысының белгіленген бөлігінің облыстық бюджетке толық және уақтылы аударылуын, жарғылық капиталдарындағы акциялар пакеті және қатысу үлестері облыстың жергілікті атқарушы органына тиесілі акцияларға дивидендтердің есептелуін, сондай-ақ жауапкершілігі шектеулі серіктестік қатысушыларының арасында таза табыстың бөлінуін, олардың облыстық бюджетке төленуін мониторингілеуді жүзеге асыру;

      29) жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына немесе акционерлік қоғамдар акцияларының төлеміне облыстық коммуналдық мүлікті беру жөніндегі іс-шараларды жүргізу;

      30) жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша облыстық коммуналдық мүлікті жекешелендіруді жүзеге асыру, оның ішінде жекешелендіруді жүргізу жөніндегі комиссияны құру, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз ету, жекешелендіру объектісінің сату-сатып алу шарттарын дайындау мен жасасуды жүзеге асыру және сату-сатып алу шарттары талаптарының сақталуын бақылау;

      31) жеке тұлғалардан және мемлекеттік емес заңды тұлғалардан сыйға тарту шарты бойынша мүлікке құқықтарды мемлекеттің қабылдауы жөніндегі рәсімдерді жүргізу;

      32) атқарушы органдардың балансындағы облыстық коммуналдық мүлікті есептен шығаруды келісу;

      33) облыстың жергілікті атқарушы органының шешімі бойынша облыстық коммуналдық мүлікті облыстық коммуналдық заңды тұлғаларға бекіту, облыстық коммуналдық мүлікті бір деңгейден екіншісіне, мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру;

      34) облыстық коммуналдық заңды тұлғаларға берілген немесе өзінің шаруашылық қызметінің нәтижесінде олар ие болған мүлікті облыстың жергілікті атқарушы органы берген өкілеттіктердің шегінде алып қоюды және/немесе қайта бөлуді жүзеге асыру;

      35) облыстың жергілікті атқарушы органының шешімі бойынша облыстық коммуналдық мүлікті жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға кейіннен сатып алу құқығымен жалға алуға және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне кейіннен өтеусіз негізде беру құқығымен сенімгерлік басқаруға беру;

      36) облыстық коммуналдық мүлікті жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға кейіннен сатып алу құқығынсыз мүліктік жалдауға (жалға алуға), мемлекеттік заңды тұлғаларға өтеусіз пайдалануға беру;

      37) облыстық коммуналдық мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлік басқарушының міндеттемелерін орындауын мониторингілеуді жүзеге асыру;

      38) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде мүлікті реквизициялау жөніндегі іс-шараларды іске асыру;

      39) "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ қызметкерлерінің мемлекеттік қызметті өткеруімен байланысты мәселелерді іске асыру;

      40) облыстық коммуналдық меншікке жататын объектілер бойынша жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарының тізілімін жүргізу;

      41) өз құзыреті шегінде облыстық коммуналдық меншікке жататын мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілерінің мониторингін жүзеге асыру;

      42) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарының негізінде құрылған объектілерді облыстық коммуналдық меншікке қабылдау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру;

      43) құзыретіне жататын мәселелер бойынша жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының конкурстық құжаттамасын келісуді жүзеге асыру;

      44) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асыру.

      3. "Павлодар облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесінің бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      21. "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ басшылықты "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ-не жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.

      22. "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ бірінші басшысы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес облыс әкімінің өкімімен қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.

      23. "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.

      24. "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ бірінші басшысының өкілеттіктері:

      1) дара басшылық қағидаттарында әрекет етеді және уәкілетті орган мен осы Ереже айқындаған оның құзыретіне сәйкес мекеме қызметінің барлық мәселелерін дербес шешеді;

      2) "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ қызметкерлерінің міндеттерін айқындайды және олардын жауапкершілік деңгейін белгілейді;

      3) "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ атынан сенімхатсыз әрекет етеді, мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдарда өкілдік етеді, сенімхаттар береді;

      4) банктік шоттар ашады және мәмілелер жасасады;

      5) өз құзыреті шегінде "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ қызметкерлері орындауға міндетті бұйрықтар, нұсқаулар шығарады;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ қызметкерлерін қызметке тағайындайды, қызметтен босатады;

      7) заңнамамен белгіленген тәртіпте қызметкерлерді көтермелеу, материалдық көмек көрсету, тәртіптік жазалар қолдану мәселелерін шешеді;

      8) "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;

      9) құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдайды;

      10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын адам жүзеге асырады.

      25. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.

      4. "Павлодар облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесінің мүлкі

      26. "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      27. "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ-не бекітілген мүлік облыстық коммуналдық меншікке жатады.

      28. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

      5. "Павлодар облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру және қысқарту (тарату)

      29. "Павлодар облысының қаржы басқармасы" ММ қайта ұйымдастыру және қысқарту (тарату) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады