"Тереңкөл ауданының мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ережені бекіту туралы

Жаңа

Павлодар облысы Тереңкөл ауданы әкімдігінің 2022 жылғы 21 желтоқсандағы № 352/9 қаулысы

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 31-бабына, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" № 590 қаулысына сәйкес Тереңкөл ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Тереңкөл ауданының мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже (бұдан әрі – Ереже) бекітілсін.

      2. "Тереңкөл ауданының мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі" мемлекеттік мекемесі заңнамамен белгіленген тәртіпте:

      бір ай ішінде Ереженің әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;

      осы қаулыға қол қойылған күннен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде оның көшірмесін электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының филиалына жіберілуін қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау аудан әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      Аудан әкімі А. Маңғұтов

  Тереңкөл ауданы әкімдігінің
2022 жылғы 21 желтоқсандағы
№ 352/9 қаулысымен
бекітілген

"Тереңкөл ауданының мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже 1. Жалпы ережелер

      1. "Тереңкөл ауданының мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі" мемлекеттік мекемесі (одан әрі - мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі) Тереңкөл ауданының аумағында мәдениет, дене шынықтыру және спорт саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ведомстволары жоқ.

      3. Мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және өз атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      5. Мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      6. Мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі, егер оған Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына және "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес уәкілеттік берілген болса, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамамен белгіленген тәртіпте мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына және "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 140600, Қазақстан Республикасы, Павлодар облысы, Тереңкөл ауданы, Тереңкөл ауылы, Тәуелсіздік көшесі, 230.

      10. Осы Ереже мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Мемлекет Тереңкөл ауданының әкімдігі тұлғасында мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің құрылтайшысы болып табылады.

      12. Мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      13. Мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөліміне кәсіпкерлік субъектілерімен мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің өкілеттіліктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөліміне заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кірістер, егер "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше көзделмесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

      14. Мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің жұмыс тәртібі келесі тәртіпте белгіленеді: сағат 9:00 - ден 18:30-ға дейін, түскі үзіліс сағат 13:00-ден 14:30-ға дейін, бес күндік жұмыс аптасында, демалыс күндері: сенбі-жексенбі.

2. "Тереңкөл ауданының мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі" мемлекеттік мекемесінің мақсаты, қызметінің мәні, міндеттері және өкілеттіктері

      15. Тереңкөл ауданының аумағында мәдениет, дене шынықтыру және спорт саласындағы азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясатты жүргізу мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі қызметінің мақсаты болып табылады.

      16. Мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі қызметінің мәні аудандық деңгейде мәдениет, дене шынықтыру және спорт саласындағы жұмысты ұйымдастыру, мониторинг жүргізу, үйлестіру мәселелері бойынша іс-шараларды жүзеге асыру болып табылады.

      17. Міндеттері:

      1) мәдени-демалыс жұмысы, кітапхана ісі жөніндегі ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметін қолдау және үйлестіру арқылы аудан аумағында мәдениет, дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізу;

      2) ауданда тұратын халықтардың тарихи-мәдени мұрасын, рухани дәстүрін жандандыру, сақтау, дамыту және таратуын қамтамасыз ету;

      3) дене шынықтыру және спортты дамыту саласында ауданның ұйымдары, бірлестіктері, мекемелері мен кәсіпорындарының қызметін үйлестіру;

      4) аудандық спорттық-бұқаралық және дене шынықтыру-сауықтыру іс-шараларын жоспарлау және өткізу;

      5) спорт түрлері бойынша аудан құрама командаларын қалыптастыру, облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысу үшін оқу-жаттығу жиындарын өткізу;

      6) дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша конференциялар, төрешілер кеңестерін, семинарлар өткізу;

      7) материалдық-техникалық базаны дамыту және нығайту болып табылады.

      18. Өкілеттіктері:

      1) Құқықтары:

      Тереңкөл ауданы әкімдігінің және әкімінің қарауына Тереңкөл ауданының әлеуметтік-мәдени даму мақсаттары, басымдықтары мен стратегиясы бойынша ұсыныстар енгізу;

      мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, кәсіпорындардың лауазымды тұлғалар мен азаматтардың келісімі бойынша мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің алдына қойылған міндеттерді орындауға байланысты мәселелер бойынша ақпаратты белгіленген тәртіпте сұрату және алу;

      олардың басшыларының келісімі бойынша жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын басқа атқарушы органдардың мамандарын жұмысқа тарту;

      мемлекеттік органдарда, сотта мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің мүдделерін ұсыну;

      өз құзыреті шегінде шарттар, келісімдер жасасу.

      2) Міндеттері:

      Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын сақтау;

      мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз ету, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті тек қызметтік мақсатта пайдалану;

      Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің, облыс әкімдігінің, облыс және аудан әкімінің актілері мен тапсырмаларын сапалы және уақытылы орындау.

      19. Функциялары:

      1) мәдениет, дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

      2) ауданның мемлекеттік мәдениет ұйымдарының кітапхана ісі, мәдени-демалыс қызметі саласындағы қызметін қолдайды және үйлестіреді;

      3) шығармашылық қызметтің түрлі салаларында аудандық байқаулар, фестивальдер және конкурстар өткізуді ұйымдастырады;

      4) аудан деңгейінде ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуді жүзеге асырады;

      5) жергілікті маңызы бар тарих, материалдық және рухани мәдениет ескерткіштерін есепке алу, қорғау және пайдалану жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;

      6) талантты жастарды және перспективалық шығармашылық ұжымдарды іздеуге және қолдауға бағытталған іс-шаралар кешенін жүзеге асырады;

      7) мәдениет саласында әлеуметтік маңызды іс-шараларды өткізуді жүзеге асырады;

      8) қорғау міндеттемелерін ресімдейді және береді, тарих және мәдениет ескерткіштерінің меншік иелері мен пайдаланушыларының оларды орындауын бақылайды;

      9) мәдениет, дене шынықтыру және спорт саласындағы бағдарламаларды, жобаларды орындау бойынша жұмысты ұйымдастырады;

      10) жеке тұлғалардың тұрғылықты жері бойынша және олардың көпшілік демалатын орындарда спортпен шұғылдануы үшін инфрақұрылым жасау туралы ұсыныс енгізеді;

      11) спорт түрлері бойынша аудандық жарыстар өткізеді;

      12) спорт түрлері бойынша аудандық құрама командаларды даярлауды және олардың облыстық спорттық жарыстарға қатысуын қамтамасыз етеді;

      13) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында бұқаралық спортты және ұлттық спорт түрлерін дамытуды қамтамасыз етеді;

      14) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында аудандық дене шынықтыру-спорт ұйымдарының қызметін үйлестіреді;

      15) спортшыларға 2-разрядты спортшы, 3-разрядты спортшы, 1-жасөспірімдік-разрядты спортшы, 2-жасөспірімдік-разрядты спортшы, 3-жасөспірімдік-разрядты спортшы спорттық разрядтарын береді;

      16) мынадай біліктілік санаттарын береді: біліктілігі жоғары деңгейдегі екінші санатты жаттықтырушы біліктілігі орта деңгейдегі екінші санатты жаттықтырушы біліктілігі жоғары деңгейдегі екінші санатты әдіскер, біліктілігі орта деңгейдегі екінші санатты әдіскер, біліктілігі орта деңгейдегі екінші санатты нұсқаушы-әдіскер, біліктілігі жоғары деңгейдегі екінші санатты нұсқаушы-спортшы, спорт төрешісі;

      17) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында спорттық іс-шараларды ұйымдастыруды және өткізуді үйлестіреді;

      18) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нысанда және мерзімдерде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында дене шынықтыруды және спортты дамыту жөніндегі ақпаратты жинауды, талдауды жүзеге асырады және облыстың жергілікті атқарушы органына ұсынады;

      19) спорт ұйымдарына әдістемелік және консультациялық көмек көрсетеді;

      20) мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөліміне жүктелген міндеттерді іске асыру үшін мемлекеттік органдармен, лауазымды тұлғалармен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;

      21) мәдениет, дене шынықтыру және спорт саласындағы және мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің құзыретіне жататын басқа да мәселелер бойынша баяндамаларды, түсіндірме жазбаларды, ақпараттық-талдау материалдарын және анықтамаларды дайындауды жүзеге асырады;

      22) облыс әкімінің, аудан әкімінің тапсырмаларын орындау туралы ақпараттарды және жиынтық есептерді дайындауды жүзеге асырады (құзыреті шегінде);

      23) депутаттардың, ауданның мемлекеттік органдарының сұрауларына жауап дайындауды жүзеге асырады;

      24) кадрлық қамтамасыз ету жағдайын талдауды, біліктілікті арттыруға жәрдемдесуді және ведомстволық бағынысты ұйымдар мен мекемелердің азаматтық қызметшілерін аттестаттауды өткізуге қатысуды, ведомстволық бағынысты кәсіпорындар мен мекемелердің басшылары мен олардың орынбасарларын аттестаттауды ұйымдастыруды жүзеге асырады;

      25) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін есепке алуды және қарауды қамтамасыз етеді;

      26) мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша аудан әкімдігі мен әкімі актілерінің жобаларын әзірлейді;

      27) мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің құжаттамалық қамтамасыз ету жүйесін ұйымдастырады және жетілдіреді;

      28) мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінде ақпараттық ресурстар жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;

      29) қолданыстағы заңнамаға сәйкес мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің мемлекеттік сатып алу рәсімдерін ұйымдастырады және жүргізеді, мемлекеттік сатып алу бойынша есептілікті жасайды және мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын әзірлейді;

      30) мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің әкімшілігі болып табылатын бюджеттік бағдарламалардың қаржыландыру жоспарларын қалыптастыру, бекіту және орындауды, бухгалтерлік есеп пен есептілікті ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.

3. "Тереңкөл ауданының мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі" мемлекеттік мекемесі басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      20. Мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімін басқаруды басшы жүзеге асырады, ол мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөліміне жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      21. Мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.

      22. Мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының өкілеттігі:

      1) мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қызметіне басшылықты жүзеге асырады;

      2) мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі істерінің жай-күйіне дербес жауап береді және оның мүлкі мен құралдарына иелік етеді;

      3) мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі қызметкерлерінің лауазымдық міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

      4) мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      5) мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қызметкерлерін көтермелеу, материалдық көмек көрсету және оларға тәртіптік жаза қолдану мәселелерін шешеді;

      6) мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің барлық қызметкерлері орындауға міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      7) мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара қарым-қатынастарда мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің атынан өкілдік етеді;

      8) ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      9) ведомстволық бағынысты ұйымдар басшыларының қатысуымен кеңестер өткізеді;

      10) азаматтарды жеке қабылдауды жүзеге асырады;

      11) мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің перспективалық және ағымдағы жұмыс жоспарларын бекітеді;

      12) мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қарамағындағы ұйымдардың міндеттемелері мен төлемдері бойынша қаржыландыру жоспарларын қарайды, келіседі, бекітеді;

      13) өз өкілеттігі шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға міндетті және Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін дербес жауапты болады.

      23. Мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды оны алмастыратын адам жүзеге асырады.

      24. Мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен еңбек ұжымы арасындағы өзара қарым-қатынас Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және ұжымдық шартқа сәйкес айқындалады.

      25. Мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен коммуналдық мүлікті басқару бойынша уәкілетті органының (аудан әкімдігінің атқарушы органы) арасындағы өзара қарым-қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен реттеледі.

      26. Мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен тиісті саланың уәкілетті органы арасындағы өзара қарым-қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен реттеледі.

4. "Тереңкөл ауданының мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі" мемлекеттік мекеменің мүлкі

      27. "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" және "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      28. Мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөліміне бекітілген мүлік ауданның коммуналдық меншігіне жатады.

      29. Егер бюджет заңнамасында және "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше белгіленбесе, мәдениет дене шынықтыру және спорт бөлімі өзіне бекітілген мүлікті және оған қаржыландыру жоспары бойынша берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті дербес иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсілмен билік етуге құқылы емес.

5. "Тереңкөл ауданының мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі" мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру және тарату

      30. Мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      31. Мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қарамағында келесі ұйымдар бар:

      1) "Тереңкөл ауданының Орталықтандырылған кітапхана жүйесі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      2) "Тереңкөл ауданының Мәдениет үйі" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады