Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қарағанды облысы Осакаров аудандық мәслихатының 2025 жылғы 12 ақпандағы № 30/290 шешімі. Қарағанды облысының Әділет департаментінде 2025 жылғы 13 ақпанда № 6714-09 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Осакаров аудандық мәслихат ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес Осакаров аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Аудандық мәслихаттың төрағасы К. Саккулаков

  Осакаров аудандық
мәслихатының
2025 жылғы 12
ақпандағы
№ 30/290
шешіміне 1-қосымша

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – қағидалар) Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына (бұдан әрі – үлгілік қағидалары) сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Осы қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі – мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) әлеуметтік көмек – жергілікті атқарушы органмен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;

      4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы;

      5) әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;

      6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      8) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      9) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      10) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      11) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      12) шекті мөлшер – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;

      13) цифрлық құжаттар сервисі – "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторға бекітіп берілген және ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық түрдегі құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған объектісі;

      14) "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің "ортақ терезесі" дегенді білдіретін ақпараттандыру объектісі;

      15) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.

      3. Осы қағидалар Осакаров ауданының аумағында тұрақты тұратын тұлғаларға таралады.

      4. Әлеуметтік кодекстің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген тұлғаларға әлеуметтік көмек осы Үлгілік қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

      5. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет, жылына 1 рет) көрсетіледі.

      6. Әлеуметтік көмек көрсету үшін мереке күндерінің және атаулы күндерінің тізбесі:

      1) 15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні;

      2) 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні;

      3) 9 мамыр – Жеңіс күні;

      4) 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні;

      5) 1 қазан – Қарттар күні;

      6) 25 қазан – Республика күні;

      7) 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні.

2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      7. Мереке күндері мен атаулы күндерге әлеуметтік көмек бір рет азаматтардың келесі санаттарына көрсетіледі:

      1) 15 ақпан - Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні:

      бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар (бұдан әрі - КСР) Одағының әлеуметтік органдарының шешімдеріне сәйкес басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңіз флотының, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің әскери қызметшілері, бұрынғы КСР Одағы Ішкі icтep министрлігігің қатардағы жауынгер және басшы құрамындағы адамдары (әскери мамандар мен кеңесшілерді қоса алғанда) – бір рет 200 000 (екі жүз мың) теңге мөлшерінде;

      жаттығу жиындарына шақырылып, Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүріп жатқан кезеңде жіберілген әскери міндеттілер – бір рет 200 000 (екі жүз мың) теңге мөлшерінде;

      ұрыс қимылдары жүріп жатқан көзеңде Ауғанстанға жүк жеткізу үшін осы елге жіберілген автомобиль батальондарының әскери қызметкерлері – бір рет 200 000 (екі жүз мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлер тапсырмаларды орындау үшін ұшулар жасаған ұшу құрамының әскери қызметшілері – бір рет 200 000 (екі жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстандағы кеңестік әскери құрамға қызмет көрсеткен жараланған, контузия алған немесе зақымданған, немесе ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарімен наградталған, жұмысшылар мен қызметшілер басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері болып танылады – бір рет 200 000 (екі жүз мың) теңге мөлшерінде;

      1992 жылдың қыркүйегінен 2001 жылдың ақпанға дейінгі кезеңде Тәжік-Ауған учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері – бір рет 200 000 (екі жүз мың) теңге мөлшерінде;

      2003 жылдың тамызынан 2008 жылдың қазанға дейінгі кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгерлік операцияға бітімгер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері – бір рет 200 000 (екі жүз мың) теңге мөлшерінде;

      1986 - 1991 жылдыра аралығында Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі icтep органдарының қатардағы және басшы құрамындағы адамдары басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдары ардагерлерінің басқа санаттары болып танылады – бір рет 200 000 (екі жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына – бір рет 200 000 (екі жүз мың) теңге мөлшерінде.

      2) 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні:

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған және бұрын "Батыр Ана" атағын алған I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көп балалы аналарға, сондай-ақ құрамында төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасыларға – бір рет 20 000 (жиырма мың) теңге мөлшерінде.

      3) 9 мамыр - Жеңіс күні:

      Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағың қорғау бойынша басқа да ұрыс операциялары кезiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметшiлерге, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушiлерiне – бір рет 5 000 000 (бес миллион) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданда, ұрыс қимылдары ауданында, майдан маңындағы теміржол учаскелерінде, қорғаныс шептерінің, әскери-теңіз базалары мен әуеайлақтардың құрылысжайларында жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген майдандағы армия мен флоттың әскери қызметшілеріне, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушілеріне, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшілерге – бір рет 5 000 000 (бес миллион) теңге мөлшерінде;

      Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтарға – бір рет 200 000 (екі жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға – бір рет 200 000 (екі жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға – бір рет 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға – бір рет 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргізілген мемлекеттерде қызметтік міндеттерін орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген, бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – бір рет 200 000 (екі жүз мың) теңге мөлшерінде;

      1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға – бір рет 200 000 (екі жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) – бір рет 50 000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына – бір рет 50 000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      4) 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні:

      бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – бір рет 20 000 (жиырма мың) теңге мөлшерінде;

      5) 1 қазан - Қарттар күні:

      жетпіс одан жоғары жастағы зейнеткерлерге – бір рет 20 000 (жиырма мың) теңге мөлшерінде;

      6) 25 қазан - Республика күні:

      он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға – бір рет 20 000 (жиырма мың) теңге мөлшерінде;

      7) 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні:

      Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасына қатысып, Қазақстан Республикасының "Жаппай саяси қурғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңында белгіленген тәртіпке сәйкес ақталған тұлғаларға – бір рет 400 000 (төрт жүз мың) теңге мөлшерінде.

      8. Әлеуметтік көмек мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет,) көрсетіледі:

      1) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған адамның (отбасының) ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінің бір еселік шегінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысын ескере отыра –бір рет 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) дүлей апат орын алған мекен-жайда тұрақты тұратын азаматтарға (отбасыларға) осы жағдай туындаған сәттен бастап тұрғын үй (тұрғын үй құрылысы) меншік иелерінің біріне алты ай ішінде, жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай - бір рет 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      өрттің салдарынан өрт оқиғасы орын алған мекен-жайда тұрақты тұратын азаматтарға (отбасыларға) осы жағдай туындаған сәттен бастап тұрғын үй (тұрғын үй құрылысы) меншік иелерінің біріне алты ай ішінде, жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай - бір рет 200 (екі жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      дүлей апат немесе өрт салдарынан мүлкіне залал келген болса, әлеуметтік көмек залал келген мүлік орналасқан жер бойынша меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан көрсетіледі;

      2-1) қатты отынды сатып алуға 3 (үш) ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа кіріс болуы және оларда және отбасы мүшелерінде басқа тұрғын үйі болмаған жағдайда, жергілікті (пештік) жылытатын жеке тұрғын үйде тұратын, оның жеке меншік иесі болып табылатын жалғыз басты зейнеткерлік жасқа толған қарт адамдарға және тұрғылықты жері бойынша еңбекке қабілетті кәмелетке толған балалары жоқ және мүгедектігі бар адамдарға - тиісті қаржы жылына белгіленген жылыту маусымына арналған 16 (он алты) айлық есептік көрсеткіш көрсетіледі;

      қатты отынды сатып алуға 1 (бір) ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа кіріс болуы және оларда және отбасы мүшелерінде басқа тұрғын үйі болмаған жағдайда, жергілікті (пештік) жылытатын жеке тұрғын үйде тұратын, оның жеке меншік иесі болып табылатын аз қамтылған отбасыларға (азаматарға) - тиісті қаржы жылына белгіленген жылыту маусымына арналған 16 (он алты) айлық есептік көрсеткіш көрсетіледі;

      3) өмірлік қиын жағдайда, оның ішінде әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігінің шектелуі азаматтарға (отбасыларға):

      ауыр материалдық жағдайға байланысты - ең төмен күнкөріс деңгейіне бір еселік қатынаста шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысты ескере отырып, бір рет 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      туберкулез ауруымен диспансерлік есепте тұрған адамдарға жан басына шаққандағы орташа табысты есепке алмағанда тоқсан сайын 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде;

      қатерлі ісіктер, жүре пайда болған иммундық тапшылық синдромы ауруларымен диспансерлік есепте тұрған адамдарға жан басына шаққандағы орташа табысты есепке алмағанда бір рет 50 000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      созылмалы бүйрек функциясының жетіспеушілігі бар, хрониодиализдегі адамдарға жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай, бір рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      адамның иммунитет тапшылығы вирусын жұқтырған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне әлеуметтік көмек ай сайын жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай тағайындалады, республикалық бюджет туралы заңында белгіленген тиісті қаржы жылына ең төмен күнкөріс деңгейінің 2 (екі) еселенген мөлшерінде төленеді;

      4) Осакаров ауданының мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және оқитын мүгедектігі бар балалар және балалары бар көп балалы отбасыларға жартыжылдықта бір рет 50% мөлшерінде ата-ана жарналарына шығындарды өтеуге;

      5) Қазақстан Республикасының "Ардагерлер туралы" Заңның 3 -бабының 1 тармағына сәйкес ардагерлерге табыстарын есепке алмай, жылына бір рет, 14 күннен аспайтын санаторий-курорттық емдеуге мүгедектігі бар адамдар үшін белгіленген санаторий-курорттық емдеуге кепілдендірілген сомасынан аспайтын жұмсалған шығындарды өтеуге әлеуметтік көмек көрсету;

      мүгедектігі бар балалардың ата-анасына немесе өзге де заңды өкілдеріне және бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдармен еріп жүретін адамдарға санаторий-курорттық емдеуге жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай, бір рет санаторлық-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген соманың 70 (жетпіс) пайызы мөлшерінде.

      9. Алушылардың жекелеген санаттары үшін атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмектің мөлшері облыстың жергілікті атқарушы органың келісімі бойынша біріңғай мөлшерде белгіленеді.

3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      10. Мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек алушылардың өтініштері талап етілмей көрсетіледі.

      Әлеуметтік көмекті алушылардың санаттарын жергілікті атқарушы орган айқындайды.

      Әлеуметтік көмекті алушылардың тізімдері мемлекеттік корпорацияға не өзге ұйымдарға сұрау салу негізінде не уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерінен электрондық түрде қалыптастырылады.

      11. Әлеуметтік көмек Үлгілік қағидалардың 1220 тармақтарына сәйкес тәртіппен және мерзімдерде көрсетіледі.

      12. Мынадай:

      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      2) адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;

      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен артық болған;

      4) уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінен әлеуметтік көмек тағайындау, осы негіз бойынша төлемді жүзеге асыруға өтініш беру фактісін растайтын мәліметтер алынған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсетуден бас тартылады.

      13. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Осакаров ауданының бюджетінде көзделген, ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек көрсету сомаларын аударады.

      Мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органнан алынған әлеуметтік көмек сомаларын әлеуметтік көмек алушылардың банктік шоттарына аударады.

      14. Мынадай:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы тұрақты тұру үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс кеткен;

      3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;

      4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      5) әлеуметтік көмек көрсетуге негіз болмай қалғаны туралы мәліметтер анықталған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету тоқтатылады.

      Осы тармақтың 3) тармақшасы осы қағидалардың 8-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тағайындалған әлеуметтік көмекті төлеуге қолданылмайды.

      Осы тармақтың 1)-3) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмек төлеу көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.

      Осы тармақтың 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап тоқтатылады.

      15. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.

      16. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

      17. Атаулы күндер мен мереке күндеріне төленетін әлеуметтік көмек алушылардың санаттарын қалыптастыру үшін әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган зейнетақы мен жәрдемақы алатын белсенді азаматтардың мәліметтерін алуға уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелеріне сұрау салуға бастама жасайды.

      Зейнетақы мен әлеуметтік көмек көрсету жәрдемақысын алушылар жөніндегі мәліметтер Үлгілік қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қалыптастырылады.

      18. Әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдаған кезде уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелері арқылы әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмекті мемлекеттік корпорация арқылы төлеу процесіне бастама жасайды.

      19. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган қабылдаған әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім негізінде мемлекеттік корпорация:

      біржолғы төлемдер бойынша – күн сайын;

      ай сайынғы және тоқсан сайынғы төлемдер бойынша – төлем жасалатын айға дейінгі айдың 29-ы күніне әлеуметтік көмек төлеуге бюджет қаражатына сұраныс қалыптастырады.

      20. Сұраныс қалыптастырылғаннан кейін мемлекеттік корпорация келесі жұмыс күнінен кешіктірмей әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінім жібереді.

      Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінім түскен күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінімде көзделген сома шегінде ақшалай қаражат аударады.

      Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган төлем жасалатын айға дейінгі айдың 27-сі күнінен кейін түскен өтінімдер бойынша мемлекеттік корпорацияға төлем жасалатын айдың 1-іне дейін әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінімде көзделген сома шегінде ақшалай қаражат аударады.

      21. Мемлекеттік корпорация трансферттер түскеннен кейін екі жұмыс күні ішінде төлем кестесіне сәйкес төлем тапсырмаларын қалыптастырады және алушылардың банктік шоттарына төлеуді жүзеге асырады.

      22. Әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымнан әлеуметтік көмек сомасы қайтарылған кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымнан мәліметтер алғаннан кейінгі үш жұмыс күні ішінде ақпараттық жүйеге тиісті өзгерістер енгізеді.

      23. Мемлекеттік корпорация ағымдағы айдың соңғы жұмыс күнінен кешіктірмей мемлекеттік корпорацияның шотына түскен әлеуметтік көмектің артық есептелген (төленген) сомаларын әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға аударады.

      24. Әлеуметтік көмек төлеуге байланысты банктік қызметтерге ақы төлеу мемлекеттік корпорация мен әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган арасында жасалатын шарт негізінде жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

  Осакаров аудандық
мәслихатының
2025 жылғы 12
ақпандағы
№ 30/290
шешіміне 2-қосымша

Осакаров аудандық мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. Осакаров аудандық мәслихатының 2023 жылғы 31 қазандағы №12/110 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6511-09 болып тіркелген) шешімі.

      2. Осакаров аудандық мәслихатының 2024 жылғы 17 шілдедегі №22/216 "Осакаров аудандық мәслихатының 2023 жылғы 31 қазандағы №12/110 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6625-09 болып тіркелген) шешімі.

      3. Осакаров аудандық мәслихатының 2024 жылғы 28 тамыздағы №23/219 "Осакаров аудандық мәслихатының 2023 жылғы 31 қазандағы №12/110 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6645-09 болып тіркелген) шешімі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады