"Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мемлекеттік сатып алу басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2022 жылғы 15 маусымдағы № 132 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабы 2-тармағына және "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мемлекеттік сатып алу басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.

      2. "Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мемлекеттік сатып алу басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте қамтамасыз етсін:

      1) жоғарыда көрсетілген Ережені заңнамада белгіленген тәртіппен әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулыға қол қойылған күннен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесінің Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыруды.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің жетекшілік ететін мәселелер жөніндегі орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов

  Солтүстік Қазақстан
  облысы әкімдігінің
  2022 жылғы "15" маусымдағы № 132
  қаулысымен бекітілді

"Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгiнiң мемлекеттік сатып алу басқармасы" коммуналдық мемлекеттiк мекемесi туралы ЕРЕЖЕ

Петропавл қаласы

1. Жалпы ережелер

      1. "Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мемлекеттік сатып алу басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) Солтүстік қазақстан облысы әкімдігі айқындайтын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының функциясын жергілікті атқарушы органның құзыреті шегінде мемлекеттік сатып алу саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Басқарма коммуналдық мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      4. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      5. Басқарма, егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      6. Басқарма өз құзыретіндегі мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

      8. Басқарманың орналасқан жері: 150011 Қазақстан Республикасы Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласы Парковая көшесі, 57В.

      9. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      10. Басқарманың қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      11. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың өкілеттігі болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері

      12. Мақсаттары:

      1) Мемлекеттік сатып алуды, оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі айқындайтын бюджеттік бағдарламалар және (немесе) тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз ету.

      2) мемлекеттік сатып алу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      3) мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын бюджет қаражатының оңтайлы және тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету болып табылады.

      13. Өкілеттіктер:

      1) құқықтар:

      Солтүстік Қазақстан облысы аумағында дамытудың негізгі бағыттары, мемлекеттік сатып алу саласындағы мәселелерді шешу бойынша облыс әкімдігі мен әкімінің қарауына ұсыныстар енгізеді;

      Басқарманың алдына қойылған міндеттерді орындауға байланысты мәселелер бойынша мемлекеттік органдармен, лауазымды тұлғалармен, ұйымдармен және азаматтармен келісім бойынша белгіленген тәртіппен ақпаратты сұратады және алады;

      Заңнамада белгіленген тәртіппен Басқармасының, оның ішінде соттарда құқықтары мен мүдделерін қорғауды жүзеге асырады;

      Өз құзыреті шегінде шарттар, келісімдер жасасады.

      2) міндеттері:

      Орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу

      рәсімдерін орындауды жүзеге асырады;

      Мемлекеттік орган қызметінің ашықтығы, оның ішінде "Ашық деректер", "Ашық бюджет", "Ашық НҚА", "Ашық диалог" порталдарын толықтыру және сүйемелдеу жөніндегі жұмысты жүзеге асырады;

      Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің және өзге де орталық атқарушы органдардың, сондай-ақ Қостанай облысы әкімінің және әкімдігінің актілері мен тапсырмаларын сапалы және уақытылы орындайды;

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларын сақтайды.

      14. Функциялар:

      1) мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы Қазақстан Республикасының уәкілетті органы бекіткен мемлекеттік сатып алуды облыстың мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушысы жүзеге асыратын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының уәкілетті органы айқындаған тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесі шеңберінде біртекті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді оларды жеткізу (орындау,көрсету) орнына қарамастан бір лотқа біріктіру жолымен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруды және өткізуді жүзеге асырады;

      2) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында белгіленген құжаттарды қамтитын, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруға және өткізуге тапсырыс беруші ұсынған тапсырмаларды қарауды;

      3) Тапсырыс беруші ұсынған, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында белгіленген құжаттарды қамтитын тапсырма негізінде конкурстық құжаттаманы (аукциондық құжаттаманы) әзірлейді және бекітеді;

      4) конкурстық құжаттамаға (аукциондық құжаттамаға) өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді;

      5) конкурстық комиссияның (аукциондық комиссияның) құрамын айқындайды және бекітеді;

      6) мемлекеттік сатып алу веб-порталында мемлекеттік сатып алуды өткізу туралы хабарландыруды орналастырады;

      7) конкурстық құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) ережелерін түсіндіреді;

      8) Тапсырыс берушіге олар туралы мәліметтер мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасына конкурстық құжаттаманы (аукциондық құжаттаманы) және (немесе) конкурстық құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) техникалық ерекшелігін алған адамдарды тіркеу журналына енгізілген, мемлекеттік сатып алу веб-порталында автоматты түрде тіркелген тұлғалар тарапынан ұсыныстар мен ескертулер жібереді;

      9) әлеуетті өнім берушілердің конкурсқа қатысуға өтінімдерін қарайды;

      10) заңнамада көзделген жағдайларда тиісті бюджеттің кірісіне есепке жатқызуды қамтамасыз етеді не конкурс (аукцион) тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді әлеуетті өнім берушіге қайтарады;

      11) заңнамада көзделген жағдайларда әлеуетті өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы сотқа талап-арыз жібереді, сот процестеріне қатысады;

      12) мемлекеттік сатып алу мониторингін жүргізуді жүзеге асырады;

      13) өз құзыреті шегінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды;

      14) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдауды ұйымдастырады.

3. Мемлекеттік органның, алқалы органдардың бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері (бар болса)

      15. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.

      16. Басқарманың бірінші басшысын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      17. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.

      18. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттіктері:

      басшы орынбасарларының, құрылымдық бөлімшелер басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

      Басқарма қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      Басқарма қызметкерлерін көтермелеу және тәртіптік жаза қолдану мәселелерін шешеді;

      Басқарманың бұйрықтарына қол қояды, сондай-ақ Басқарма қызметкерлерінің орындауы үшін міндетті нұсқаулар береді;

      Басқарманы мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда ұсынады;

      Басқармада мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың сақталуын қамтамасыз етеді;

      Басқарма қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтауы үшін дербес жауапты болады.

      Басшы жұмысты ұйымдастырады және оған басшылық жасайды, ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы заңнаманың сақталуын қамтамасыз етеді, жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшін дербес жауапты болады.

      Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын адам жүзеге асырады.

      19. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      20. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      21. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      23. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Басқарманың ведомстволық бағынысты ұйымдары мен ведомстволары жоқ.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады