Солтүстік Қазақстан облысы елді мекендерінің аумағында жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2022 жылғы 28 қыркүйеткегі № 21/4 шешімі

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-2-тармағына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысының мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысы елді мекендерінің аумағында жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешім алғаш рет ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы В. Бубенко

  Солтүстік Қазақстан облыстық
  мәслихаттың 2022 жылғы
  28 қыркүйектегі № 21/4
  шешіміне қосымша

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Солтүстік Қазақстан облысы елді мекендерінің аумағында жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 18 мамырдағы № 162 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28125 болып тіркелді) бекітілген Жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың үлгілік қағидалары негізінде әзірленді және Солтүстік Қазақстан облысы аумағында жануарларды (иттер мен мысықтарды) аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру тәртібін айқындайды.

      2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар мен терминдер пайдаланылады:

      аулау қызметі – жануарларды аулаумен, уақытша ұстаумен және жансыздандырумен айналысатын, облыстың жергілікті атқарушы органы құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйым, сондай-ақ дара кәсіпкерлер және мемлекеттік емес заңды тұлғалар;

      1) жануардың иесі - жануар меншік құқығымен немесе өзгедей заттық құқықпен тиесілі болатын жеке немесе заңды тұлға;

      2) жануарларға арналған панажай – тіршілігі мен саулығына қатер төндіретін жағдайға ұшыраған жануарларды, қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды, сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғалардан алып қойылған немесе тәркіленген үй жануарларын (компаньон жануарларды) ұстауға арналған және жабдықталған мүліктік кешен;

      3) жануарға қатыгездікпен қарау – жануардың өліміне, мертігуіне немесе оның саулығына өзге де зиян келуіне алып келген немесе алып келуі мүмкін қасақана іс-әрекет;

      4) жануарларды уақытша ұстау пункті – табылған, ауланған қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды, сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғалардан алып қойылған немесе тәркіленген үй жануарларын (компаньон жануарларды) уақытша ұстау үшін әдейі арналған және жабдықталған мүліктік кешен;

      5) жануарды эвтаназиялау (бұдан әрі – эвтаназиялау) – жануардың ауырсынуын және физикалық қиналуын болғызбай оны дәрі-дәрмекпен жансыздандыру;

      6) қаңғыбас жануарлар – иесі жоқ иттер мен мысықтар;

      7) қараусыз қалған жануарлар – ұстау орнынан тыс жерде және жануардың иесі және (немесе) жауапты адам тарапынан бақылаусыз қалған жануарлар;

      8) стерилизациялау – жануарды хирургиялық, дәрі-дәрмекпен не өзге тәсілдермен ұрпақ өрбіту қабілетінен айыру;

      9) үй жануарларын есепке алу бұйымдары (құралдары) – үй жануарларын есепке алу үшін пайдаланылатын болюстер, чиптер және басқа да бұйымдар (құралдар);

      10) үй жануарларын есепке алу жөніндегі деректер базасы (бұдан әрі - деректер базасы) – үй жануарының жеке нөмірі туралы, диагностикалық зерттеулер нәтижелерін қоса алғанда, оны ветеринариялық өңдеу туралы, үй жануарлары ұсталатын немесе тасымалданатын жылжымайтын мүлік объектілері мен көлік құралдары, жеке тұлғаның әрекет қабілеттілігі туралы ақпарат, жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырған үй жануарларын иелену тарихы туралы деректерді тіркеудің бірыңғай, көп деңгейлі жүйесін көздейтін электрондық деректер базасы;

      11) үй жануарларын есепке алу - үй жануарына жеке нөмір берілгені, тұрғылықты жері көрсетілген оның иесі және жүргізілген ветеринариялық іс-шаралар туралы мәліметтерді міндетті тіркеу.

2. Жануарларды аулау

      3. Қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды аулауды, тасымалдауды, уақытша ұстауды және жансыздандыруды аулау қызметі жүзеге асырады.

      4. Жануарларды аулау жұмыстары аулау қызметінің басшысы бекіткен кестеге сәйкес жүргізіледі.

      5. Кесте жануарлардың шоғырлану орындарын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында олардың жиналу орындарының мониторингі нәтижелері және азаматтардың өтініштері бойынша жасалады.

      6. Аулау жануарға жарақат салуды және мертігуді, азаматтардың денсаулығына, олардың мүлкіне, заңды тұлғалардың мүлкіне, қоршаған ортаға зиян келтіруді болдырмайтын ізгілікті тәсілдермен жүзеге асырылады. Адамның және (немесе) жануардың өміріне немесе денсаулығына нақты қатер төнген жағдайларды қоспағанда, балалардың көзінше жануарларды аулауға жол берілмейді.

      7. Аулау жануарларға зиян келтірмейтін құралдармен оқшаулау сүрлемдерін, торларды, гельдік оқшаулағышы бар ілмектерді, ұстап алу кезінде бекітуге арналған Ү-тәрізді бекіткіштерді (рогатин), Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған жануарларды қимылсыздандыруға арналған препараттарды қолдана отырып жүзеге асырылады.

      8. Қоғамдық орындарда (көшелерде, аула аумақтарында, саябақтарда, скверлерде, қараусыз қалған ғимараттарда, қала шетінде, саяжай алқаптарында және басқа жерлерде) жануар иесінің қарауынсыз жүрген қараусыз қалған және қаңғыбас жануарлар аулауға жатады.

      9. Адамға, жануарларға шабуыл жасаған немесе адамның өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін қараусыз қалған және қаңғыбас иттерді, жануарларды, оның ішінде кемінде үш дарақтан тұратын топтасқан иттерді мекендеу ортасынан аулау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған жануарларды қимылсыздандыруға арналған препараттарды қолдануға жол беріледі. Аулау қызметі еркін нысанда акт жасайды, оған кемінде екі куә қол қояды және оны аулау қызметі ақпараттық жүйеде тіркейді. Куәлар болмаған жағдайда аулауды тіркеудің техникалық құралдарын қолдануға (бейнетүсірілім) жол беріледі.

      10. Қараусыз қалған және қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау жөніндегі қызметті жүзеге асыру кезінде аулау қызметі мамандарының өзімен бірге осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес белгіленген үлгідегі аулау қызметі қызметкерінің куәлігі (бұдан әрі - куәлік) болады және олар азаматтардың талап етуі бойынша көрсетіледі.

      11. Аулау қызметі өз қызметкерін осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес белгіленген үлгідегі куәлікпен қамтамасыз етеді.

      12. Ауланған жануарларды тасымалдау "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Қазақстан Республикасы Заңның 12-бабына және Жануарларды тасымалдау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

3. Жануарларды уақытша ұстау пунктінде ұстау

      13. Ауланған жануарлар уақытша ұстау пунктіне орналастырылады немесе жануарларға арналған панажайға беріледі және деректер базасында тіркелуге жатады.

      14. Уақытша ұстау пункті жануарларды ұстау, азықтандыру, қарау, жансыздандыру, қажетті құрал-саймандармен жарақтандыру жөніндегі іс-шараларды қамтамасыз етеді.

      15. Уақытша ұстау пунктінде клиникалық тексеру және деректер базасында тіркеу жүргізіледі.

      16. Жануарларды ұстау Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес профилактиканы және диагностиканы қамтамасыз етеді.

      17. Уақытша ұстау пункті металл торлармен және иттерге арналған үйшіктермен жарақталады, онда 1 (бір) дарақтан орналастырылады.

      18. Тордың көлемі жануарларға еркін тұруға, жатуға және өздеріне тән тәсілмен еркін айналуға мүмкіндік береді.

      19. Ауланған жануарларға күтім жасалады, күнделікті механикалық тазарту және жасушаларды дезинфекциялау жүргізіледі.

      20. Үй-жайлардың қабырғалары мен еден жабындарының беті тегіс, жинауға және дезинфекциялауға ыңғайлы.

      21. Жануарларды ұстау шарттары олардың биологиялық, түр және жеке ерекшеліктеріне сәйкес келеді, олардың табиғи қажеттіліктерін қанағаттандырады.

      22. Азық рационын және жануарларды азықтандыру режимін уақытша ұстау пунктінің басшысы жасайды. Азықтарды сақтау және пайдалану оларды өндірушілер белгілеген сақтау шарттарын ескере отырып жүзеге асырылады.

      23. Жануарларды азықтандыру күніне кемінде бір рет, оның ішінде мысықтарды күніне кемінде екі рет жүзеге асырылады.

      24. Ішетін ыдыстар мен басқа да су көздері әрбір жануарға таза ауыз суға тұрақты және шектеусіз қол жеткізуді қамтамасыз ететіндей етіп орналастырылады. Ауыз суды ауыстыру тәулігіне кемінде бір рет жүзеге асырылады.

4. Жануарларды жансыздандыру

      25. Адамға, жануарларға шабуыл жасаған немесе адамның өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін жануарлар, оның ішінде кемінде үш дарақтан топтасқан жануарлар, емделмейтін аурулармен ауыратын жануарлар Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған препараттармен, дәрі-дәрмекпен (эвтаназиямен) ізгілік жолмен жансыздандыруға жатады.

      26. Жануарлардың өлекселерін кәдеге жаратуды арнайы кремациялау пештері орнатылған орындарда, мал қорымында (биотермиялық шұңқырларда) аулау қызметі жүргізеді.

      27. Қаңғыбас жануарлардың санын уларды, химиялық препараттарды пайдалануды қоса алғанда, кез келген тәсілмен жансыздандыру жолымен реттеуге жол берілмейді.

5. Қағидалардың талаптарын бұзғаны үшін жауаптылық

      28. Кінәлі адамдар осы Қағидаларды бұзғаны үшін "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес жауапты болады.

  Жануарларды аулау, уақытша
  ұстау және жансыздандыру
  қағидаларына
  қосымша
  Нысан

Жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қызметі қызметкерінің куәлігі

      Тозуға төзімді көп қабатты материалдан жасалған куәліктің мөлшері 5,4х8,5 сантиметр.

Жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қызметі қызметкерінің куәлігі (1)

Ұйым атауы (2)

 
№________ (3)

 
QR-код (4)

 
Фотосурет (5)

Тегі, аты, әкесінің аты
(бар болса) (6)

Берілген күні: __________ ж. (7)

Әрекет ету мерзімі __________ ж. (8)

Осы құжаттың түпнұсқалығын ақпараттық жүйе арқылы тексере аласыз (9)

      1-жол – "Жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қызметі қызметкерінің куәлігі" құжатының атауы көрсетіледі;

      2-жол - жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қызметінің қызметкері жұмыс істейтін ұйымның атауы көрсетіледі;

      3-жол – ақпараттық жүйеде жинақталатын және қалыптастырылатын куәліктің бірегей сәйкестендіру нөмірі көрсетіледі;

      4-жол - мөлшері 3,0х3,0 сантиметр ақпараттық жүйеде автоматты түрде туындалатын QR-код түріндегі куәліктің бірегей сәйкестендіру нөміріне арналған орын;

      5-жол - жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қызметі қызметкерінің өлшемі 3х4 сантиметр фотосуретіне арналған орын;

      6-жол - жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қызметі қызметкерінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) көрсетіледі;

      7-жол – КК.АА.ЖЖЖЖ форматы бойынша куәліктің берілген күні көрсетіледі;

      8-жол - КК.АА.ЖЖЖЖ форматы бойынша куәліктің қолданылу мерзімі көрсетіледі;

      9-жол – "Осы құжаттың түпнұсқалығын ақпараттық жүйе арқылы тексере аласыз" деген жазу көрсетіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады