Атырау облысы әкімдігінің 2018 жылғы 6 сәуірдегі № 71 "Атырау облысы Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы" мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру туралы" қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Атырау облысы әкімдігінің 2022 жылғы 26 мамырдағы № 125 қаулысы

      Атырау облысы әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Атырау облысы әкімдігінің 2018 жылғы 6 сәуірдегі № 71 "Атырау облысы Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы" мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру туралы" қаулысына келесі өзгеріс енгізілсін:

      3-қосымшада:

      көрсетілген қаулымен бекітілген "Атырау облысы Балық шаруашылығы басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда мазмұндалсын.

      2. "Атырау облысы Балық шаруашылығы басқармасы" мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Атырау облысы әкімінің орынбасары Қ.Е. Нұрлыбаевқа жүктелсін.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және ол алғашқы жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Облыс әкімі С. Шәпкенов

  Атырау облысы әкімдігінің
2022 жылғы 26 мамыпдағы
№ 125 қаулысына қосымша
  Атырау облысы әкімдігінің
2018 жылғы 6 сәуірдегі
№ 71 қаулысымен бекітілген

"Атырау облысы Балық шаруашылығы басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. "Атырау облысы Балық шаруашылығы басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) Атырау облысы бойынша балық шаруашылығы саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Басқарма мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның рәміздері мен айырым белгілері (бар болса), Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      4. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      5. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      6. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      8. Басқарманың орналасқан жері: 060010, Атырау облысы, Атырау қаласы, Әйтеке би көшесі, 77 үй.

      9. Осы ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      10. Басқарманың қызметiн қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергiлiктi бюджеттен жүзеге асырылады.

      11. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді Басқарманың орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2. Басқарманың мақсаттары мен өкілеттіктері

      12. Міндеттері:

      балық аулайтын және оны қайта өңдейтін ұйымдарға өндірістік базаны дамыту, жаңа технологияларды енгізу жөнінде мемлекеттік қолдау көрсету;

      Басқармаға жүктелген өкілеттік шеңберінде балық ресурстарын қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру.

      13. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      өз құзыреті шегінде орындалуға міндетті құқықтық актілер қабылдауға;

      тиісті ұйымдардан, мемлекеттік органдардан, кәсіпорындардан және басқада заңды тұлғалардан ақпараттар мен құжаттарды сұратуға және алуға;

      қолданыстағы заңнамалық актілерде және осы Ереженің функцияларында көзделген басқа да құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар;

      2) міндеттері:

      Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын сақтау;

      Басқармаға жүктелген функциялардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету;

      Басқармаға келіп түскен шағымдар мен өтініштерді қарау;

      Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылған өзге де міндеттер.

      14. Функциялары:

      1) жергiлiктi маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының тiзбесiн бекiтедi;

      2) балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) олардың учаскелерін кәсіпшілік балық аулауды, әуесқойлық (спорттық) балық аулауды, көлде тауарлы балық өсіру шаруашылығын, тор қоршамада балық өсіру шаруашылығын жүргізуге арналған су айдындарына және (немесе) учаскелерге жатқызу өлшемшарттарына сәйкес кәсіпшілік балық аулауды, әуесқойлық (спорттық) балық аулауды, көлде тауарлы балық өсіру шаруашылығын, тор қоршамада балық өсіру шаруашылығын жүргізуге арналған су айдындары және (немесе) учаскелер бойынша жергiлiктi маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің тiзбесiн бекiтедi;

      3) жануарлар дүниесiн пайдаланушыларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерiн бекiтiп беру және балық шаруашылықтарының қажеттіліктері үшін сервитуттарды белгілеу жөнiнде шешімдер қабылдау бойынша жұмыстар жүргізу;

      4) кәсіпшілік балық аулауды жүргізу үшін бекітіп берілген балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін балық өсіруді (акваөсіруді) жүргізуге арналған балық шаруашылығы су айдындарына және (немесе) учаскелеріне ауыстыру жөнінде шешімдер қабылдау бойынша жұмыстар жүргізу;

      5) жануарларға (балықтарға) ауырып қалған, бекітіліп берілмеген балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде олардың қырылу қаупі төнген жағдайда оларға көмек көрсету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады;

      6) жануарларды (балықтарды), оның ішінде балықтардың сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi төнген түрлерiн интродукциялау, реинтродукциялау және будандастыру жөнiндегi, сондай-ақ қолдан өсiру жөнiндегi қызметтi ұйымдастырады;

      7) балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерiнiң резервтiк қорын қорғауды ұйымдастырады және қамтамасыз етедi;

      8) ғылыми ұсынымдар негізінде балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін паспорттауды жүргізеді;

      9) рекреациялық балық аулау аймағын белгілеу бойынша жұмыстар жүргізу;

      10) балық шаруашылығы учаскелерінің шекараларын белгілейді, ұйықтарды (ұйықтық учаскелерді) ашады және жабады;

      11) екі және одан да көп облыс аумағында орналасқан балық шаруашылығы су айдындарында ғылыми-зерттеу үшін аулау, сондай-ақ сирек кездесетін және құрып бара жатқан жануарлар түрін қоспағанда, жануарлар әлемін (балық ресурстарын) пайдалануға рұқсат береді;

      12) облыс аумағында жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулер мен жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізуді ұйымдастырады және (немесе) қамтамасыз етеді;

      13) резервтік қордың балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде балықтардың қырылу қаупі туындаған жағдайларда уәкілетті орган ведомствосы аумақтық бөлімшесінің шешімі негізінде мелиорациялық балық аулауды ұйымдастырады;

      14) инвестициялық салымдар кезінде балық шаруашылығы субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтейді;

      15) акваөсіру (балық өсіру) өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ асыл тұқымды балық өсіруді дамытуға субсидиялар береді;

      16) заңнамаға сәйкес оған жүктелген басқа да функцияларды жүзеге асырады;

3. Басқарма басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      17. Басқарманы басқаруды басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      18. Басқарманың басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      19. Басқарма басшысының өкілеттіктері:

      1) Басқарманың жұмысына басшылық жасайды және оған жүктелген міндеттердің орындалуын қамтамасыз етеді;

      2) мемлекеттік органдар, сот пен басқа да ұйымдарда Басқарманың мүддесін білдіреді;

      3) өзінің орынбасарлары мен Басқарма қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін анықтайды;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Басқарманың қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      5) Басқарманың құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;

      6) заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма қызметкерлерін көтермелейді және оларға тәртіптік жазалар қолданады;

      7) Басқармада сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған тиісті шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың қабылдануы үшін дербес жауапты болады;

      8) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарып, өзінің құзыретіне жататын басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды;

      9) Заңнамаға сәйкес Басқарма мемлекеттік басқару органы болып табылатын мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      Басқарма басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

4. Басқарманың мүлкі

      20. Басқарма заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Басқарма мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      21. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

      23. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады