Атырау облысы әкімдігінің 2016 жылғы 8 қарашадағы № 260 "Атырау облысы Мемлекеттік еңбек инспекция басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы" қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Атырау облысы әкімдігінің 2022 жылғы 15 шілдедегі № 158 қаулысы

      Атырау облысы әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Атырау облысы әкімдігінің 2016 жылғы 8 қарашадағы № 260 "Атырау облысы Мемлекеттік еңбек инспекция басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы" қаулысына келесі өзгеріс енгізілсін:

      қосымшада:

      көрсетілген қаулымен бекітілген "Атырау облысы Мемлекеттік еңбек инспекция басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда мазмұндалсын.

      2. "Атырау облысы Мемлекеттік еңбек инспекция басқармасы" мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары С.К.Айдарбековке жүктелсін.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және ол алғашқы жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Облыс әкімі С. Шәпкенов

  Атырау облысы әкімдігінің
2022 жылғы 15 шілдедегі
№ 158 қаулысына қосымша
  Атырау облысы әкімдігінің
2016 жылғы 8 қарашадағы
№ 260 қаулысымен бекітілген

"Атырау облысы Мемлекеттік еңбек инспекция басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. "Атырау облысы Мемлекеттік еңбек инспекция басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) еңбек қатынастары саласында басшылықты және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады.

      2. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Басқарма мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, таңбалары мен белгілерінің айырмашылықтары (олар болған жағдайда), Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      4. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      5. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      6. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен рәсімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 060011, Атырау облысы, Атырау қаласы, Пушкин көшесі, 163.

      9. Осы ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      10. Басқарманың қызметiн қаржыландыру заңнамада белгіленген тәртіппен жергiлiктi бюджеттен жүзеге асырылады.

      11. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді Басқарманың орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2. Басқарманың мақсаттары мен өкілеттіктері

      12. Міндеттері:

      Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету;

      қауіпсіз еңбек жағдайларына құқықты қоса алғанда, жұмыскерлердің құқықтары мен бостандықтарының сақталуын және қорғалуын қамтамасыз ету;

      Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының мәселелері бойынша жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің өтініштерін, арыздарын және шағымдарын қарау болып табылады.

      13. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      өз құзыреті шегінде орындалуға міндетті құқықтық актілер қабылдауға;

      тиісті ұйымдардан, мемлекеттік органдардан, кәсіпорындардан және басқалардан ақпараттар мен құжаттарды сұратуға және алуға;

      қолданыстағы заңнамалық актілерде және осы ереженің фукцияларында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға;

      2) міндеттері:

      Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын сақтау;

      Басқармаға жүктелген функциялардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету;

      Басқармаға келіп түскен шағымдар мен өтініштерді қарау;

      Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылған өзге де міндеттер.

      14. Функциялары:

      1) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      2) жұмыс берушілер ұсынған ұжымдық шарттардың мониторингін жүзеге асырады;

      3) өндірістік жарақаттану себептеріне талдау жүргізеді және оның профилактикасы жөнінде ұсыныстар әзірлейді;

      4) еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды Еңбек Кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен тергеп-тексереді;

      5) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау нормативтерін жетілдіру мәселелері бойынша жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің өкілдерімен өзара іс-қимыл жасайды;

      6) өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау мониторингін жүзеге асырады;

      7) еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға еңбекті қорғау және еңбек қауiпсiздiгі жөніндегі ақпараттық жүйе негізінде кезеңдік есептерді, сондай-ақ еңбек қауiпсiздiгі және еңбектi қорғау жай-күйі мониторингінің нәтижелерін ұсынады;

      8) еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нысан бойынша ұжымдық еңбек дауларының мониторингін жүргізеді;

      9) еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға еңбек қатынастары бойынша қажетті ақпаратты береді;

      10) жұмыс берушінің қызметін декларациялауды жүзеге асырады.

3. Басқарма басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      15. Басқарманы басқаруды басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      16. Басқарманың басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      17. Басқарма басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасары болады.

      18. Басқарма басшысының өкілеттіктері:

      1) Басқарманың жұмысына басшылық жасайды және оған жүктелген міндеттердің орындалуын қамтамасыз етеді;

      2) мемлекеттік органдар, сот пен басқа да ұйымдарда Басқарманың мүддесін білдіреді;

      3) өзінің орынбасарлары мен Басқарма қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін анықтайды;

      4) Басқарманың қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      5) Басқарманың құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;

      6) заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма қызметкерлерін көтермелейді және оларға тәртіптік жазалар қолданады;

      7) Басқармада сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған тиісті шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың қабылдануы үшін дербес жауапты болады;

      8) өз құзыреті шегінде бұйрықтар және мемлекеттік еңбек инспекторының актілерін шығарады, өзінің құзыреті шегінде шешімдер қабылдайды;

      9) Басқарма басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      19. Басшы өз орынбасарының өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес айқындайды.

4. Басқарманың мүлкі

      20. Басқарма заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Басқарма мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      21. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

      23. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады