"Мақат аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ережені бекіту туралы

Жаңа

Атырау облысы Мақат ауданы әкімдігінің 2022 жылғы 19 сәуірдегі № 75 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабының 2-тармағына, "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабының 8)-тармақшасына, 124-бабына, "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес, Мақат ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Мақат аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже бекітілсін.

      2. "Мақат аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесі заңнамамен белгіленген тәртіпте қамтамасыз етсін:

      1) осы қаулыны ресми жариялап және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне қосу үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынына жолдасын;

      2) осы қаулыны Мақат ауданы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырсын;

      3) осы қаулыдан туындайтын өзге де қажетті шараларды қолдансын.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау "Мақат аудандық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесінің басшысына жүктелсін.

      4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Мақат ауданының әкімі Р. Ибрагимов

  Мақат ауданы әкімдігінің
2022 жылғы "19" сәуірдегі
№ 75 қаулысына қосымша

"Мақат аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. "Мақат аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Мемлекеттік мекеме) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес коммуналдық объектілерді күрделі жөндеу , қайта жөндеу, қайта өңдеу, сондай-ақ, аудандық маңызы бар жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының, елді мекендер көшелерінің құрылысын салу, оларды жаңғырту, жөндеу және ұстау саласында (ларында) басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Мемлекеттік мекеменің ведомстволары жоқ.

      3. Мемлекеттік мекеме өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге,сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Мемлекеттік мекеме азаматтық –құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      6. Мемлекеттік мекеме Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Мемлекеттік мекеме өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен "Мақат аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесі басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Мемлекеттік мекеменің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: индекс 060600, Атырау облысы, Мақат ауданы, Мақат кенті, Қаныш Сәтбаев көшесі, 1.

      10. Осы Ереже Мемлекеттік мекеменің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Мемлекеттік мекеменің қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Мемлекеттік мекемеге кәсіпкерлік субъектілерімен Мемлекеттік мекеменің өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Мемлекеттік мекемеге заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2. Мемлекеттік мекеменің мақсаттары мен өкілеттіктері

      13. Мақсаттары:

      Ауданның коммуналдық меншіктегі объектілерінің құрылысын ұйымдастыру, жолаушылар тасымалдауды реттеу жөнінде Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес жергілікті маңызды пайдаланымдағы автомобиль жолдарының, елді мекендер жолдарының құрылысын салу, оларды жаңарту, жөндеу және жұмысты ұйымдастыру саласында басшылықты жүзеге асыру.

      14. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      - жергілікті атқарушы органдардан және заңды тұлғалардан коммуналдық меншікті пайдалану, мемлекеттік меншіктің тізілімін жүргізу жөнінде қажетті құжаттар, хабарламалар алу жәна сұрату;

      - заңды тұлғалардың иелігіндегі және пайдалануындағы мемлекеттік меншіктегі мүліктердің сақталуына, есептелуіне және мақсатты пайдалануына бақылау және тексеру жүргізу;

      - өз құзыреті негізінде тұрғын үй саясаты жөнінде шешімдер қабылдау, тұрғын үй қорының коммуналдық шаруашылықтың, инженерлік инфрақұрылымның, көріктендірудің меншік түріне қарамастан техникалық жағдайына бақылау жасау;

      - аудандық мекеме, кәсіпорын және ұйым басшыларын тыңдау және Мемлекеттік мекеменің құзыретіне жататын хабарламаларды сұрату;

      - қажетті жағдайларда сарапшы ретінде өндірістің басқа салаларының, ғылыми-зерттеу және конструкторлық-жобалау ұйымдарының мамандарын шақыру;

      - тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы нормативтердің сақталуын бақылау;

      - шетелдермен ғылыми-техникалық және экономикалық ынтымақтастықты жүзеге асыруға қатысу, өз құзыреті шегінде кәсіпорындар мен ұйымдардың шетелдік жетекші фирмаларымен байланыстар орнатуға жәрдем көрсету;

      - Қазақстан Республикасының заңнамасына, нормативтік актілеріне сәйкес сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыру;

      - заңды және жеке тұлғалармен шарттар жасасу, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының құрылысын салу, оларды жөндеу және ұстау жөніндегі өзара міндеттемелердің шарттары мен сипатын айқындау және олардың орындалуын жүзеге асыру;

      - жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының даму бағдарламасын дамыту бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық жоспарын жасақтаған кезінде қатысу;

      - ауданның маңызы бар автомобиль жолдарының құрылысын салу, оларды жаңарту, жөндеу және ұстау кезінде нормативтік талаптардың сақталуына тексеру жүргізу;

      - жолаушы тасымалдаушылар ұйымын анықтау үшін мемлекеттік сатып алу бойынша конкурсты дайындап өткізу;

      - жолаушылар және қол жүктерін тасымалдау маршруттарына келісім беру;

      - ауданішілік қатынастағы маршрут бағытын және қозғалыс кестесін белгілеуге келісу;

      - жолаушыларды тасымалдаудың тұрақты маршруттардың шарттарына келісу.

      2) міндеттері:

      - коммуналдық меншікке объектілер сатып алу;

      - коммуналдық меншікті күрделі жөндеудің ережелері мен нормаларын жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындау;

      - өндірістік және өндірістік емес мақсаттағы азаматтық және коммуналдық құрылысы аяқталған нысандарды пайдалануға беруді қабылдауға белгіленген тәртіппен қатысу;

      - тиісті аумақ шегінде жергілікті маңызы бар жалпы пайдалынымдағы автомобиль жолдарын, елді мекендердегі көшелерді дамыту жоспарлары мен бағдарламаларын әзірлеп, іске асыру;

      - автомобиль жолдары жөніндегі мемлекеттік уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасай отырып аудандық маңызы бар жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын, елді мекендер көшелері жолдарын басқару;

      - жолаушыларды және қол жүктерін ауданаралық тұрақты тасымалдауларды ұйымдастыру, олардың маршруттарын бекіту, оларға қызмет көрсету құқықтарына конкурстарды ұйымдастырып, өткізу және маршруттар бойынша қозғалыс кестелерін бекіту;

      - жолаушыларды және қол жүктерді ауданішілік тасымалдауды дамыту бағдарламасын жасақтау;

      - азаматтардан бұзушылықтар туралы шағымдар мен құжаттарды қабылдау, олар бойынша тексерулер ұйымдастыру және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шараларды қабылдау.

      15. Функциялары:

      - техникалық пайдалану және тұрғын үй, коммуналдық мақсаттағы инженерлік құрылымдар мен жүйелердің бірыңғай саясатын жүргізу, жылумен қамтамасыз ету жүйелерін дамыту, жұмыс сенімділігін арттыру, сумен жабдықтау, су бөлу мен канализация, электр және газбен жабдықтау;

      - Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес азаматтардың кейбір категорияларын тұрғын үймен қамтамасыз ету;

      - автомобиль жолдарының құрылысын салу, оларды жаңарту, жөндеу, ұстау, көгалдандыру бойынша орындалған жол жұмыстарының сапасына және қабылдауға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      - заңнамаға сәйкес жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары торабының жол жұмыстарын орындауға арналған конкурстарды өткізуге ықтимал еткізушілермен шарттар жасасу, олардың орындалуын бақылау;

      - мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес аудандық маңызы бар жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының құрылысын салу, оларды жөндеу және ұстау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;

      - жолаушылар тасымалдауларын талдап, әлеуметтік маңызды қатынастарды айқындау жөніндегі ұсыныстар дайындау;

      - жолаушыларды және қолжүктерді ауданішілік тұрақты тасымалдау, маршруттарының реестрін жүргізу;

      - жолаушыларды тасымалдау көліктерінің қозғалыс кестесінің сақталуына бақылау жасау.

3. Мемлекеттік мекеменің бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      16. Мемлекеттік мекемені басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Мемлекеттік мекемеге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      17. Мемлекеттік мекеменің бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      18. Мемлекеттік мекеменің бірінші басшысының өкілеттіктері:

      - Мемлекеттік мекеменің жұмыстарын ұйымдастырады және басшылық етеді, Мемлекеттік мекемеге берілген тапсырмаларды дербес жауапкершілікпен орындайды, олардың функцияларын атқарады, бұйрық шығарады;

      - заңнамаға сәйкес Мемлекеттік мекеме қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      - Мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің функционалдық өкілеттіктерін және міндеттерін анықтайды;

      - белгіленген тәртіпке сәйкес Мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне тәртіптік шаралар қолданады;

      - қызметтік құжаттарға Мемлекеттік мекеме басшысы ретінде қол қояды;

      - тұрғындарды жеке қабылдауды ұйымдастырады;

      - мемлекеттік органдарда, басқа ұйымдарда Мемлекеттік мекеменің мүддесін білдіреді;

      - сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекетке бағытталған шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың қабылдануына дербес жауапты болады.

      Мекеменің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      19. Мемлекеттік мекемені Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын Мемлекеттік мекеме басшысы басқарады.

4. Мемлекеттік мекеменің мүлкі

      20. Мемлекеттік мекеменің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Мемлекеттік мекеменің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      21. Мемлекеттік мекемеге бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе мекеме өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттік мекемені қайта ұйымдастыру және тарату

      23. Мемлекеттік мекемені қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады