Ескерту. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 15.03.2023 № 53 қаулысымен.
"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабы 2-тармағына, "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабы 7) тармақшасына, 164-бабына, Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 40-бабы 2-тармағына сәйкес Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулының қосымшасына сәйкес "Шығыс Қазақстан облысы жер қатынастары басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.
2. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің мынадай:
1) "Шығыс Қазақстан облысы жер қатынастары басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы" 2016 жылғы 14 шілдедегі № 214;
2) "Шығыс Қазақстан облысының жер қатынастары басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы" Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2016 жылғы 14 шілдедегі № 214 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2018 жылғы 26 желтоқсандағы № 393 қаулыларының күші жойылсын.
3. Шығыс Қазақстан облысы жер қатынастары басқармасы:
1) осы қаулыға қол қойылған күннен бастап жиырма күнтізбелік күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмелерінің Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жариялау үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;
2) осы қаулыдан туындайтын өзге де шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Е.А. Нұрбаевқа жүктелсін.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі | Д. Ахметов |
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2022 жылғы "6" маусымдағы № 133 қаулысымен бекітілген |
"Шығыс Қазақстан облысы жер қатынастары басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже
1 тарау. Жалпы ережелер
1. "Шығыс Қазақстан облысы жер қатынастары басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) Шығыс Қазақстан облысы аумағында жер қатынастары саласында жергілікті мемлекеттік басқару функцияларын жүзеге асыруға Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі уәкілеттік берген Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Басқарма мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және мемлекеттік тілде өз атауы бар мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
4. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
5. Басқарманың егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
6. Басқарма өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
7. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
8. Басқарманың орналасқан жері: орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, индексі 070019, Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы, Карла Либнехт көшесі, 19.
9. Осы ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
10. Басқарманың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Шығыс Қазақстан облысының жергілікті бюджетінен жүзеге асырылады.
11. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кірістер, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2 тарау. Басқарманың міндеттері мен өкілеттіктері
12. Міндеттері:
1) жергілікті деңгейде жер қатынастары саласында мемлекет мүдделерін қорғау;
2) аудандық, қалалық (облыстық маңызы бар) атқарушы органдардың жер ресурстарын пайдалану және қорғау бөлігінде қызметін үйлестіру;
3) облыстың экономикалық дамуы мақсатында жерлерді тиімді пайдалану үшін жағдай жасау болып табылады.
13. Өкілеттіктері:
1) құқықтары:
мемлекеттік органдар мен ұйымдардан Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген көлемде өзіне жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды, ақпарат пен материалдарды сұрату және алу;
басымдықтарды, тұжырымдамаларды, нормативтік материалдарды, нысаналы бағдарламаларды, талдамалық шолулар мен болжамдарды әзірлеуге қатысу үшін қажет болған жағдайларда ғылыми қызметкерлер мен мамандарды тарту;
облыстың жергілікті атқарушы органының шешімі бойынша облыстық коммуналдық мүлік құрамындағы акционерлік қоғамдар акцияларының мемлекеттік пакетін және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердегі қатысу үлестерін иелену мен пайдалану құқығын жүзеге асыру;
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру;
2) міндеттері:
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес функцияларды жүзеге асырады.
14. Функциялар:
1) облыстың жергiлiктi атқарушы органының жер қойнауын пайдалану (өндіру жөніндегі; бірлескен барлау және өндіру жөніндегі; барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жұмыстарды жүргізу үшін), магистральды құбыржолдар, мұнай және газ өңдеу объектiлерiн, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектілерді салу (реконструкциялау) мақсаттары үшін, өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерінің өнеркәсіптік-инновациялық жобалары, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес инвестициялық басым жобаларды іске асыру, жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту үшін жер учаскелерiн беру жөнiндегi, сондай-ақ пайдалы қазбалардың кен орындары табылғанда және қазу үшін, магистральды құбыржолдар салу (реконструкциялау), жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту үшін жер учаскелерiн мемлекет мұқтажына мәжбүрлеп иелiктен шығару жөнiндегi ұсыныстары мен шешiмдерiнiң жобаларын дайындау;
2) жер қатынастарын реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
3) облыстың жергілікті атқарушы органының мемлекеттік ғылыми-зерттеу ұйымдары мен олардың тәжірибе шаруашылықтарына, сондай-ақ мемлекеттік тұқым өсіру шаруашылықтары мен асыл тұқымды мал зауыттарына жер учаскелерін беру жөніндегі ұсыныстары мен шешімдерінің жобаларын дайындау;
4) жерді резервте қалдыру жөніндегі ұсыныстарды дайындау;
5) өз құзыреті шегінде жер учаскелерінің бөлінетіндігі мен бөлінбейтіндігін айқындау;
6) жерге орналастыруды жүргізуді ұйымдастыру және жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекіту;
7) облыстың жерді аймақтарға бөлу жобаларын, жерді ұтымды пайдалану жөніндегі жобалары мен схемаларын әзірлеуді ұйымдастыру;
8) өз құзыреті шегінде жер сауда-саттығын (конкурстар, аукциондар) жүргізуді ұйымдастыру;
9) жерді пайдалану мен қорғау мәселелерін қозғайтын, облыстық, қалалық, аудандық маңызы бар жобалар мен схемаларға сараптама жүргізу;
10) өз құзыреті шегінде жер учаскесін сатып алу-сату шарттары мен жалдау және жерді уақытша өтеусіз пайдалану шарттарын жасасу және жасалған шарттар талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асыру;
11) аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың деректері негізінде облыстың жер балансын жасау;
12) Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 71-бабына сәйкес облыстың жергілікті атқарушы органының іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскелерін пайдалануға рұқсат беруі жөнінде ұсыныстар дайындау;
13) ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрден екіншісіне ауыстыру жөнінде ұсыныстар дайындау;
14) жер-кадастрлық жоспарды бекіту;
15) облыстың жергiлiктi атқарушы органының аудандық маңызы бар қалалар маңындағы аймақтардың шекараларын облыстың жергілікті өкілді органына бекітуге ұсыну жөнiндегi ұсыныстары мен шешiмдерiнiң жобаларын дайындау;
16) облыстың жергiлiктi атқарушы органының ауданаралық маңызы бар уақытша пайдаланылатын мал айдау жолдарына жер учаскелерiн беру жөнiндегi ұсыныстары мен шешiмдерiнiң жобаларын дайындау;
17) облыстың жергiлiктi атқарушы органының Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 13-бабының 3) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру мен кеңейтуге байланысты жағдайларда жердiң барлық санаттарынан жер учаскелерiн беру және алып қою, соның iшiнде мемлекет мұқтажы үшін алып қою жөнiндегi ұсыныстары мен шешiмдерiнiң жобаларын дайындау;
18) бір ауданның, облыстық маңызы бар қаланың аумағындағы жерді басқа ауданға, облыстық маңызы бар басқа қалаға ұзақ мерзімді пайдалануға беру бөлігінде жер қатынастарын реттеу жөнiндегi ұсыныстарды дайындау;
19) облыстың жергiлiктi атқарушы органының орман қоры жерiн қоспағанда, Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 90-бабында көзделген жағдайларда, жер учаскелерiн беру және алып қою, соның iшiнде мемлекет мұқтажы үшін алып қою жөнiндегi ұсыныстары мен шешiмдерiнiң жобаларын дайындау;
20) облыстың жергiлiктi атқарушы органының Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 69-бабына сәйкес қауымдық сервитуттар белгілеу жөнiндегi ұсыныстары мен шешiмдерiнiң жобаларын дайындау;
21) облыстың жергiлiктi атқарушы органының ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға және шетелдік заңды тұлғаларға беру мәселелері жөніндегі ұсыныстарды орталық уәкілетті органның келісуіне ұсыну жөнiндегi ұсыныстары мен шешiмдерiнiң жобаларын дайындау;
22) облыстың жергiлiктi өкілдік және атқарушы органдарының облыс орталықтарында, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда, кенттер мен ауылдық елді мекендерде жер учаскелерi жеке меншiкке берілген кезде олар үшiн төлемақының базалық ставкаларын белгілеу жөніндегі ұсыныстары мен шешiмдерiнiң жобаларын дайындау;
23) облыстың жергiлiктi өкілдік және атқарушы органдарының облыстық маңызы бар қалалардың шекарасын (шегiн) Қазақстан Республикасы Үкiметiмен келiсiм бойынша белгiлеу және өзгерту жөнiндегi ұсыныстары мен шешiмдерiнiң жобаларын дайындау;
24) облыстың жергiлiктi өкілдік және атқарушы органдарының аудандық маңызы бар қалалардың шекарасын (шегiн) белгiлеу және өзгерту жөнiндегi ұсыныстары мен шешiмдерiнiң жобаларын дайындау;
25) жер комиссиясының құрамын қалыптастыру бойынша облыстың жергілікті атқарушы органының ұсыныстары мен шешімдерінің жобаларын дайындау, ол туралы ережені әзірлеу және тиісті жергілікті өкілді органға бекітуге жіберу;
26) қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтаждары үшін жер учаскелерін беру және алып қою мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 120-бабы 1-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген мемлекеттік органдарға келісуге ұсыну бойынша материалдар дайындау;
27) облыстың жергiлiктi атқарушы органының қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтажы үшін жер учаскелерiн беру және алып қою жөнiндегi ұсыныстарын және шешiмдерiнiң жобаларын дайындау;
28) облыс шегінде ауыл шаруашылығы алқаптарының түрлері бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті (ең жоғары) мөлшерін белгілеу бойынша облыстың өкілді және атқарушы органдарының бірлескен ұсыныстарының жобаларын дайындау, оларды Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге енгізу;
29) жергілікті жағдайларға және көрсетілген жерді пайдалану ерекшеліктеріне байланысты меншікке немесе жер пайдалануға берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің ең аз мөлшерін белгілеу жөніндегі облыстық өкілді және атқарушы органдардың бірлескен шешімдерінің жобаларын дайындау.
30) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру болып табылады.
3 тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттігі
15. Басқармаға басшылықты бірінші басшы жүзеге асырады, ол басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады..
16. Басқарма бірінші басшысын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
17. Басқарма бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындайтын және қызметтен босатылатын орынбасары болады.
18. Басқарма бірінші басшысының өкілеттігі:
1) заңнамаға сәйкес басқарма қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
2) Басқарма қызметкерлерін заңнамада белгіленген тәртіппен көтермелейді және оларға тәртіптік жаза қолданады;
3) Басқарманың актілеріне қол қояды;
4) Басқарманың құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді, Басқарма қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;
5) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарманың атынан өкілдік етеді, сот, құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдарда Басқарманың мүдделерін білдіруге сенімхаттар береді;
6) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қажетті шаралар қабылдайды және ол үшін дербес жауапты болады;
7) ерлер мен әйелдердің тәжірибесіне, қабілеттері мен кәсіби даярлығына сәйкес мемлекеттік қызметке тең қол жеткізуін қамтамасыз етеді;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
19. Бірінші басшы өз орынбасарының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.
4 тарау. Мемлекеттік органның мүлкі
20. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
21. Басқармаға бекітілген мүлік Шығыс Қазақстан облысының коммуналдық меншігіне жатады.
22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5 тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
23. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.