"Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабының 7) тармақшасына, 164-бабына, Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 40-бабы 2-тармағына сәйкес Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулының қосымшасына сәйкес "Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.
2. "Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы" Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2016 жылғы 15 шілдедегі № 219 қаулысының күші жойылсын.
3. Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы:
1) осы қаулыға қол қойылған күнінен бастап жиырма күнтізбелік күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жариялау үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;
2) осы қаулыдан туындайтын өзге де шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің сәулет-құрылыс бақылау мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі | Д. Ахметов |
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2022 жылғы "22" тамыздағы № 200 қаулысымен бекітілген |
"Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже
1. Жалпы ережелер
1. "Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі және мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
4. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
5. Басқарма егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
6. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
7. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Шығыс Қазақстан облысы, 070004, Өскемен қаласы, Қазақстан көшесі, 27.
9. Мемлекеттік органның толық атауы – "Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесі.
10. Осы ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
11. Басқарманың қызметін қаржыландыру жергілікті (облыстық) бюджеттен жүзеге асырылады.
12. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кірістер, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2. Мемлекеттік органның міндеттері мен өкілеттіктері
13. Басқарманың міндеті: Шығыс Қазақстан облысы аумағында халықтың, аумақтар мен елдi мекендердiң қауiптi (зиянды) табиғи және техногендiк, антропогендiк құбылыстар мен процестердiң әсер етуiнен қауiпсiздiгi жөнінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамада белгiленген талаптардың сақталуын қамтамасыз ету.
14. Өкілеттігі:
Құқықтары мен міндеттері:
1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілерінен Қазақстан Республикасының аумағында салынуы белгіленген және салынып (реконструкцияланып, кеңейтіліп, жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өткізіліп) жатқан объектілер мен кешендер туралы ақпарат сұрау және алу;
2) техникалық және авторлық қадағалауларды жүзеге асыратын тұлғалардан танысу үшін осы құрылыс бойынша қажетті жобалау және атқарушылық техникалық құжаттаманы, сондай-ақ тиісті жобалардың сараптама қорытындысын сұрату және олардан алу;
3) салынып (реконструкцияланып, кеңейтіліп, жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өткізіліп) жатқан объектілер мен кешендерге кедергісіз бару және оларда жүргізіліп жатқан құрылыс-монтаж жұмыстарын жедел инспекциялауды жүргізу;
4) құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіле басталғаны туралы хабарламаны алғаннан кейін, осы хабарлама алынған кезден бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей объектілер мен кешендерге бару;
5) салынып жатқан объектілер конструкцияларының және қолданылатын құрылыс материалдарының, бұйымдары мен конструкцияларының жобаның және мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтердің талаптарына сәйкестігіне зертханалық сынақтар жүргізу үшін тәуелсіз зертханаларды тарту;
6) Қазақстан Республикасының аумағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң субъектiлерi жол берген мемлекеттiк нормативтер мен талаптардың (ережелердiң, шектеулердiң) бұзылу себептерiн анықтау және оларға талдау жасау;
7) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң субъектiлерi жол берген мемлекеттiк нормативтер мен талаптардың (ережелердiң, шектеулердiң) бұзылуын, сондай-ақ олардың зардаптарын жоюға бағытталған әсер ету шараларын өз өкiлеттiктерiне сәйкес қолдану;
8) мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауын жүзеге асырудың нысандары мен әдiстерiн жетiлдiру жөніндегi iс-шараларды әзiрлеу;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру.
15. Функциялары:
1) сәулет, қала құрылысы, құрылыс, құрылыс индустриясының өндiрiстiк базасын дамыту саласындағы мемлекеттiк саясатты іске асыру;
2) салынып жатқан (салынуы белгіленген) объектілер мен кешендердің мониторингін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүргізу;
3) объектілер құрылысының сапасына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауын жүзеге асыру, осы объектілерде сәулет-қала құрылысы тәртібін бұзушыларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген әкімшілік ықпал ету шараларын қолдану;
4) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы лицензиялауды жүзеге асыру;
5) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнаманың белгіленген нормаларын, мемлекеттік нормативтік талаптарды, шарттар мен шектеулерді жол берілген бұзушылықтар мен ауытқуларға байланысты бұзушыларға заңнамада көзделген шараларды қолдану туралы шешімдер қабылдау;
6) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сараптама жұмыстарын және инжинирингтік қызметтерді жүзеге асыру құқығына сарапшыларды аттестаттау;
7) жобалау құжаттамасының сапасын қадағалауды ұйымдастыру мен жүзеге асыру;
8) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жобаларды басқару жөніндегі ұйымдарды аккредиттеу;
9) Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамалық актісіне және Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасының талаптарына бағытталған тиісті ықпал ету шараларын қабылдау;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.
3. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі және өкілеттігі
16. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын басшы жүзеге асырады.
17. Басқарманың бірінші басшысын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
18. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасары болады.
19. Басқарма басшысының өкілеттігі:
1) Шығыс Қазақстан облысының бас мемлекеттік құрылыс инспекторы болып табылады;
2) Басқарма атынан сенімхатсыз іс-әрекет етеді;
3) барлық мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда Басқарманың мүддесін білдіреді;
4) шарттар жасасады;
5) сенімхаттар береді;
6) банк шоттарын ашады;
7) Басқарманың барлық қызметкерлері үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Басқарманың лауазымды тұлғаларын және өзге де қызметкерлерін жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;
9) Басқарма қызметкерлеріне және басқа да жұмысшыларына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көтермелеу шараларын қолданады және оларды тәртіптік жазаға тартады;
10) Басқарма қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттік аясын айқындайды;
11) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде қажетті шаралар қабылдайды, бұл үшін дербес жауапты болады;
12) ерлер мен әйелдердің тәжірибесіне, қабілеттері мен кәсіби даярлығына сәйкес олардың мемлекеттік қызметке теңдей қол жеткізуін қамтамасыз етеді;
13) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Басқарма басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
4. Мемлекеттік органның мүлкі
20. Басқарманың Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі бар.
Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
21. Басқармаға бекітілген мүлік Шығыс Қазақстан облысының коммуналдық меншігіне жатады.
22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарманың өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
23. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.