"Батыс Қазақстан облысының жер қатынастары басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2022 жылғы 29 шілдедегі № 145 қаулысы

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 27-бабын, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңының 17-бабын басшылыққа ала отырып және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі №590 "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" қаулысына сәйкес Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Батыс Қазақстан облысының жер қатынастары басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.

      2. "Батыс Қазақстан облысының жер қатынастары басқармасы" мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары А.К.Утегуловқа жүктелсін.

      Облыс әкімі Ғ.Есқалиев

  2022 жылғы 29 шілдедегі № 145
Батыс Қазақстан облысы
әкімдігінің қаулысымен бекітілген

"Батыс Қазақстан облысының жер қатынастары басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. "Батыс Қазақстан облысының жер қатынастары басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) жер қатынастары және жер қойнауын пайдалану салаларындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқарманың ведомстволары жоқ.

      3. Басқарма өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiне, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Басқарма ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы мемлекеттік тілінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      6. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Басқарма өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актiлермен ресiмделетiн шешiмдер қабылдайды.

      8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимитi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекiтiледi.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жерi: индексі 090006, Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Х.Чурин көшесі, 116.

      10. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Басқарманың қызметiн қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес облыстық бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Басқармаға кәсiпкерлiк субъектiлерiмен Басқарманың өкілеттіктері болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Басқармаға заңнамалық актiлермен кiрiс әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі

2. Басқарманың міндеттері мен өкілеттіктері

      13. Міндеттері:

      1) мемлекеттік органдардан, өзге де ұйымдардан, лауазымды тұлғалардан және азаматтардан өзіне жүктелген міндеттер мен функцияларды орындауға қажетті құжаттар мен мәліметтерді сұрату және алу;

      2) өзінің құзыреті мен өкілеттігі шегінде мемлекет меншігіндегі мүлікті пайдалануды жүзеге асыру;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген құқықтар мен міндеттерді, сондай-ақ облыс әкімдігі мен әкімі жүктейтін құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру.

      14. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жер қатынастарын реттеу және жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру.

      Басқарма өзiне жүктелген мiндеттердi және өзiнiң функцияларын жүзеге асыру үшін заңнамада бекiтiлген тәртiппен:

      егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға;

      мемлекеттік органдардан, өзге де ұйымдардан, лауазымды тұлғалардан және азаматтардан қажетті ақпаратты сұратуға және алуға;

      өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар өткізуге құқылы;

      2) міндеттері:

      заңды және негiзделген шешiмдер қабылдау;

      қабылданған шешiмдердiң орындалуын бақылауды қамтамасыз ету;

      жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдауды ұйымдастыру;

      жеке және заңды тұлғалардың Басқармаға жолдаған өтініштерін қарау, олардың орындалуын бақылау, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда және тәртіппен оларға жауаптар беру;

      мемлекеттік қызмет көрсету сапасына бағалау жүргізу үшін мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау және мемлекеттік қызметтің көрсетілу сапасына бақылау жүргізу жөніндегі уәкілетті органға, ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органға тиісті ақпарат беру;

      мемлекеттік қызметтер стандарттарының қолжетімділігін қамтамасыз ету;

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында қарастырылған міндеттерді жүзеге асыру.

      15. Функциялары:

      1) облыстың жергiлiктi атқарушы органының жер қойнауын пайдалану мақсаттары (өндіру жөніндегі; бірлескен барлау және өндіру жөніндегі; барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жұмыстарды жүргізу үшін), магистральдық құбыржолдарды, мұнай және газ өңдеу объектiлерiн, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектілерді салу (реконструкциялау) үшін, индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің индустриялық-инновациялық жобалары, инвестициялық басым жобаларды Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес іске асыру, жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту үшін жер учаскелерiн беру жөнiндегi, сондай-ақ пайдалы қазбалардың кен орындары табылған кезде және оларды игеру үшін, магистральдық құбыржолдарды салу (реконструкциялау), жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту үшін жер учаскелерiн мемлекет мұқтажына мәжбүрлеп иелiктен шығару жөнiндегi ұсыныстарын және шешiмдерiнiң жобаларын дайындау;

      2) облыстың жергілікті атқарушы органының мемлекеттік ғылыми-зерттеу ұйымдары мен олардың тәжірибе шаруашылықтарына, сондай-ақ мемлекеттік тұқым өсіру шаруашылықтары мен асыл тұқымды мал зауыттарына жер учаскелерін беру жөніндегі ұсыныстары мен шешімдерінің жобаларын дайындау;

      3) аумақтық сулар алып жатқан жер учаскелерін жасанды ғимараттар салу үшін беру жөніндегі облыстың жергілікті атқарушы органының ұсыныстарын және шешімдерінің жобаларын дайындау;

      4) облыстың жергiлiктi атқарушы органының қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтажы үшін жер учаскелерiн беру және алып қою жөнiндегi ұсыныстарын және шешiмдерiнiң жобаларын дайындау

      5) жерді резервте қалдыру жөніндегі ұсыныстарды дайындау;

      6) өз құзыреті шегінде жер учаскелерінің бөлінетіндігі мен бөлінбейтіндігін айқындау;

      7) жерге орналастыруды жүргізуді ұйымдастыру және жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекіту;

      8) облыстың жерді аймақтарға бөлу жобаларын, жерді ұтымды пайдалану жөніндегі жобалары мен схемаларын әзірлеуді ұйымдастыру;

      9) өз құзыреті шегінде жер сауда-саттығын (конкурстар, аукциондар) жүргізуді ұйымдастыру;

      10) жерді пайдалану мен қорғау мәселелерін қозғайтын, облыстық, қалалық, аудандық маңызы бар жобалар мен схемаларға сараптама жүргізу;

      11) өз құзыреті шегінде жер учаскесін сатып алу-сату шарттары мен жалдау және жерді уақытша өтеусіз пайдалану шарттарын жасасу және жасалған шарттар талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асыру;

      12) аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың деректері негізінде облыстың жер балансын жасау;

      13) Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 71-бабына сәйкес облыстың жергілікті атқарушы органының іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскелерін пайдалануға рұқсат беруі жөнінде ұсыныстар дайындау;

      14) ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрден екіншісіне ауыстыру жөнінде ұсыныстар дайындау;

      15) жер-кадастрлық жоспарды бекіту;

      16) кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу және кен іздеушілік үшін жер қойнауын пайдалану құқығын беру;

      17) жер қойнауын пайдаланушылардың кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған, кен іздеушілікке арналған лицензиялар шарттарын сақтауына бақылау жасау және кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге және кен іздеушілікке бақылау жасау;

      18) жер қойнауын пайдаланушылардың кен іздеушілікке арналған лицензияда және осы Қазақстан Республикасының "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодексінде көзделген кен іздеушілік шарттарын сақтауына бақылау жасау;

      19) Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану мақсаттары үшін мемлекеттік меншіктегі жер учаскелеріне құқықтар беру және оларды резервке қою;

      20) жер учаскесіне құқықтарды Қазақстан Республикасының "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" кодексінің 108-бабына сәйкес жасалатын жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқару шарты негізінде сенімгерлік басқарушыға қайта ресімдеу;

      21) пайдалы қазбалар жатқан аумақтарға құрылыс салуды реттеу, жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи-қорық қорының геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық объектілерін және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына жатқызылған ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар жер қойнауы учаскелерін есепке алуды жүргізу;

      22) берген кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензиялар және кен іздеушілікке арналған лицензиялар туралы ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету;

      23) Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде жүзеге асыру.

3-тарау. Басқарманың бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      16. Басқарманы басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      17. Басқарманың бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      18. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.

      19. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттігі:

      1) өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде облыс әкімі мен облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына есеп береді;

      2) өз құзыреті шегінде мемлекеттiк органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарманың мүддесін бiлдiредi;

      3) еңбек қатынастары мәселелері өз құзыретіне жататын Басқарма қызметкерлерін заңнамаға сәйкес қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      4) бөлім басшыларының міндеттерін анықтайды;

      5) стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың әзірленуін қамтамасыз етеді;

      6) Басқарма қызметкерлеріне заңнамада белгіленген тәртіппен тәртіптік жаза қолданады және көтермелеу шараларын қабылдайды;

      7) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады, нұсқаулар береді, қызметтік және қаржы құжаттамасына қол қояды;

      8) бөлімдердің ережелерін бекітеді;

      9) шарттар жасасады;

      10) сенімхаттар береді;

      11) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда сенімхатсыз Басқарманың мүддесін білдіреді;

      12) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға дербес жауапты болады;

      13) Басқарманың жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;

      14) облыс әкімдігі мен әкімінің актілері мен тапсырмаларын орындайды;

      15) өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуді ұйымдастырады;

      16) қызметтік этика нормаларының сақталуын қамтамасыз етеді;

      17) гендерлік теңдік саясатын жүзеге асырады;

      18) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау кестесін бекітеді.

      Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      20. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.

4. Басқарманың мүлкі

      21. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады