"Тараз қалалық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Жамбыл облысы Тараз қалалық мәслихатының 2023 жылғы 28 сәуірдегі № 2-4 шешімі

      Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 40-бабы 2-тармағына және "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі №590 қаулысына сәйкес Тараз қалалық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Тараз қалалық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.

      2. Мәслихаттың 2018 жылғы 5 қазандағы №36-10 "Тараз қалалық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы" шешімінің күші жойылсын.

      3. Осы шешім алғашқы жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Тараз қалалық
      мәслихатының төрағасы К. Олжабай

  Тараз қалалық мәслихатының
2023 жылғы 28 сәуірдегі
№2-4 шешіміне қосымша

"Тараз қалалық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. "Тараз қалалық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – мәслихат аппараты) Тараз қалалық мәслихатын (бұдан әрі – мәслихат) және оның органдарын ұйымдық, құқықтық, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асыратын, депутаттарға олардың өкілеттіктерін жүзеге асыруға көмек көрсететін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Мәслихат аппаратының ведомстволары жоқ.

      3. Мәслихат аппараты өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Мәслихат аппараты мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және өз атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      5. Мәслихат аппараты азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      6. Мәслихат аппаратының, егер оған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген болса, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      7. Мәслихат аппараты өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен мәслихат төрағасының өкімдерімен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. "Тараз қалалық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: индексі 080000, Қазақстан Республикасы, Жамбыл облысы, Тараз қаласы, Сүлейменов көшесі, 3.

      10. Осы ереже мәслихат аппаратының құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Мәслихат аппаратының қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Мәслихат аппаратына кәсіпкерлік субъектілерімен мәслихат аппаратының өкілеттігі болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер мәслихат аппаратына заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кірістер, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері

      13. Міндеттері:

      азаматтармен және ұйымдармен Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасы заңдарының, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі актілерінің, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар нормативтік құқықтық актілерінің нормаларын орындауға жәрдемедесу;

      қалалық мәслихаттың қызметін қамтамасыз ету, қалалық мәслихат пен оның органдарын ұйымдастырушылық, құқықтық, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асырады, депутаттарға өздерінің өкілеттіктерін жүзеге асыруға көмек көрсету;

      қалалық мәслихатпен қабылданатын шешімдердің қолданыстағы заңнамаға сәйкес келуін қамтамасыз ету;

      14. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      өз құзыреті шегінде заңды және жеке тұлғалармен азаматтық-құқықтық қатынастарға түсу, шарттар жасау және қолданыстағы заңнамаға қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асыру;

      өз құзыреті шегінде мәслихат құзыретінің мәселелері бойынша мемлекеттік органдардан, лауазымды тұлғалардан және басқа да ұйымдардан қажетті ақпаратты, құжаттарды және өзге де материалдарды сұрату және алу;

      мәслихат аппаратының қарауына жатқызылған мәселелер бойынша қызметтік хат алмасуды жүргізу;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру.

      2) міндеттері:

      мәслихаттың Регламентіне сәйкес қалалық мәслихат сессияларының және тұрақты комиссияларының отырыстарын дайындау мен өткізуді қамтамасыз ету;

      депутаттарға мәслихат сессиясы шешімдерінің, тұрақты комиссиялары қаулылары мен қорытындыларының жобаларын дайындауға көмек көрсету;

      заңды және жеке тұлғалардың өтініштерін орындаудың мерзімдері мен нәтижелерін бақылауды жүзеге асыру;

      лауазымды тұлғалар мен мемлекеттік органдарға қалалық мәслихаттың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша консультативтік-әдістемелік, ақпараттық, ұйымдастырушылық-техникалық және өзге де көмек көрсету;

      азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделері сақталуын қамтамасыз ету.

      15. Функциялары:

      мәслихатты және оның органдарын ұйымдастырушылық, құқықтық, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асыру.

      қалалық мәслихаттың қарауына енгізілетін нормативтік құқықтық актілердің жобалары мен өзге де шешімдердің жобалары қолданыстағы заңнамаға сәйкес келуін бақылау, қалалық мәслихатпен қабылданған нормативтік құқықтық актілердің мониторингін жүзеге асыру;

      мәслихаттың ресми сайтын қалалық мәслихаттың қызметі туралы ақпаратпен толтыру;

      қалалық мәслихаттың қызметін қамтамасыз етуге шығындарды айқындау, іссапар шығындарын өтеу;

      Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

3. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      16. Мәслихат аппаратына басшылықты мәслихат аппаратына жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болатын бірінші басшы (мәслихат төрағасы) жүзеге асырады.

      17. Мәслихат аппаратының бірінші басшысын депутаттар арасынан депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы сайлайды және мәслихат сессияда қызметінен босатады.

      18. Мәслихат аппаратының бірінші басшысының орынбасарлары жоқ.

      19. Мәслихат аппаратының бірінші басшысының өкілеттігі "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес белгіленген.

      Мәслихат аппаратының бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірінің төрағасы немесе мәслихат депутаты уақытша жүзеге асырады.

      20. Мәслихат аппаратын Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын мәслихат аппаратының басшысы басқарады.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      21. Мәслихат аппаратының заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Мәслихат аппаратының мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Мәслихат аппаратына бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      23. Егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, мәслихат аппаратының өзіне бекітілген мүлікті және оған қаржыландыру жоспары бойынша берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті дербес иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Мәслихат аппаратын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады