Тараз қаласы бойынша коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын есептеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Жамбыл облысы Тараз қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 4 тамыздағы № 3001 қаулысы

      Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 365-бабы 4-тармағының 6) тармақшасына және "Коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын есептеудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі №347 бұйрығына сәйкес, Тараз қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Тараз қаласы бойынша коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын есептеу қағидалары қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      Осы қаулының орындалуын бақылау Тараз қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасары Н.Қалдыбаевқа жүктелсін.

      Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен қолданысқа енгізіледі.

      Қала әкімі Б. Орынбеков

  Тараз қаласы әкімдігінің
2023 жылғы 4 тамыздағы №3001
қаулысына қосымша

Тараз қаласы бойынша коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын есептеудің қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Тараз қаласы бойынша коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын есептеудің қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Экология кодексінің 365-бабы 4-тармағының, "Қоммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын есептеудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 347 бұйрығына сәйкес әзірленді және коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын есептеудің тәртібін айқындайды.

      2. Коммуналдық қалдықтар деп мынадай тұтыну қалдықтары түсініледі:

      1) өзгелермен қатар қағаз бен картонды, шыныны, металдарды, пластмассаны, органикалық қалдықтарды, сүректі, тоқыманы, қаптаманы, пайдаланылған электр және электрондық жабдықтарды, батареялар мен аккумуляторларды қоса алғанда, үй шаруашылықтарының аралас қалдықтары мен бөлек жиналған қалдықтары;

      2) егер аралас қалдықтар және басқа көздерден бөлек жиналған қалдықтар өзінің сипаты мен құрамы бойынша үй шаруашылықтарының қалдықтарына ұқсас болса, осындай қалдықтар.

      Коммуналдық қалдықтарға өндіріс, ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы, балық аулау, септиктер мен кәріз желілері, сондай-ақ сарқынды судың тұнбасын қоса алғанда, тазарту құрылысжайлары қалдықтары, пайдаланудан шығып қалған көлік құралдары немесе құрылыс қалдықтары кірмейді.

      Тұтыну қалдықтарына адамның тыныс-тіршілік әрекеті нәтижесінде түзілген қалдықтар, өзінің тұтыну қасиеттерін толық немесе ішінара жоғалтқан өнімдер және (немесе) бұйымдар, олардың қаптамасы және агрегаттық жай-күйіне қарамастан жарамдылық не пайдалану мерзімі біткен, сондай-ақ меншік иесі өз бетінше физикалық түрде құтылған не тұтыну қалдықтарының қатарына құжатпен аударған өзге де заттар немесе олардың қалдықтары жатады.

      3. Коммуналдық қалдықтардың қауіпті құрауыштары (электрондық және электр жабдықтар, құрамында сынап бар қалдықтар, батарейкалар, аккумуляторлар және өзге де қауіпті құрамдастар) бөлек жиналуға және арнайы бейімделген кәсіпорындарға қалпына келтіруге берілуге тиіс.

2-тарау. Коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын есептеу тәртібі

      4. Коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормалары тұрғын үй қорының барлық объектілері, тұрғын емес үй-жайлар үшін жеке-жеке белгіленеді.

      5. Коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормалары осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес тұрғын үй қорының барлық объектілері үшін және тұрғын емес үй-жайлар бойынша анықталады.

      6. Коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормалары кейіннен есептік бірлікке жинақталу көлемін кейін есептей отырып, заттай өлшеу жүргізу жолымен анықталады

      7. Заттай өлшеулер жүргізу үшін көріктендіру әртүрлі деңгейі бар екі үлгідегі тұрғын үй қорының объектілері бөлінеді:

      1) тұтынушыларға коммуналдық қызметтерді ұсыну үшін пайдаланылатын үйішілік инженерлік коммуникациялары мен жабдықтары бар жайлы тұрғын үй;

      2) тұтынушыларға коммуналдық қызмет көрсету үшін пайдаланылатын үйішілік инженерлік коммуникациялары мен жабдықтары жоқ жайлы емес тұрғын үй.

      8. Халықтан түзілетін коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын айқындау үшін тұрғын халықтың мынадай саны бар учаскелер бөлінеді:

      тұрғындарының саны 300 мың адамға дейінгі елді мекендерде учаскелер абаттандырудың әрбір түрі бойынша тұрғындардың жалпы санының 2%-ын қамти отырып таңдалады;

      саны 300-ден 500 мың адамға дейінгі елді мекендерде-1 %;

      саны 500 мыңнан асатын елді мекендерде – 0,5 % (оның ішінде абаттандырылмаған сектор бойынша кемінде 500 адам).

      9. Таңдап алынған объектілерде өлшеу жүргізу алдында жергілікті атқарушы органдар коммуналдық қалдықтарды жинау мен шығаруды жүзеге асыратын ұйымдармен бірлесіп, осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес нысандар бойынша тұрғын қоры мен тұрғын емес үй-жайлардың коммуналдық паспортын жасайды.

      10. Түзілген және жинақталған коммуналдық қалдықтардың массасы мен көлемін анықтау үшін өлшеу сызғышы мен салмақ өлшеу жабдығы пайдаланылады.

      11. Өлшеу алдында контейнердегі қалдықтар коммуналдық қалдықтарды жинау мен шығаруды жүзеге асыратын ұйыммен теңестіріледі және өлшеу сызғышының көмегімен қалдықтардың көлемі анықталады.

      12. Жинақталған қалдықтардың массасы толтырылған контейнерлерді өлшеу және коммуналдық қалдықтарды жинау мен шығаруды жүзеге асыратын ұйымның бос контейнердің массасын одан әрі шегеру жолымен айқындалады.

      13. Бір учаскеде түзілген және жинақталған қалдықтардың жалпы көлемі арнайы техниканың (қоқыс тасығыштың) шанағын толтырған және басқа учаскелерден қоқысты тиеу мүмкін болмаған кезде, қалдықтардың массасын қоқыс тиелген және бос машиналарды автомобиль таразысында өлшеу жолымен анықтауға жол беріледі.

      14. Түзілген және жинақталған қалдықтардың массасы мен көлемі жөніндегі деректерді "Жамбыл облысы Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" КММ осы Қағидалардың 3-қосымшасына сәйкес нысан бойынша бастапқы жазба бланкісіне енгізеді.

      15. Өлшеу бойынша бастапқы материалдарды өңдегеннен кейін әрбір объектінің алынған деректері (массасы, көлемі) аптаның күндері бойынша қосылады және "Жамбыл облысы Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" КММ осы Қағидалардың 4-қосымшасына сәйкес нысан бойынша коммуналдық қалдықтардың түзілуі мен жинақталуының жиынтық маусымдық ведомосына енгізеді.

      16. Маусымдық өлшеулер жүргізілгеннен кейін "Жамбыл облысы Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" КММ осы Қағидалардың 5-қосымшасына сәйкес нысан бойынша коммуналдық қалдықтардың түзілуі мен жинақталуының жиынтық жылдық ведомосына деректерді (масса, көлем) енгізеді.

      17. Белгілі бір объекті бойынша өлшеу болжанып отырған коммуналдық қалдықтарды жинағанда басқа объектілердің коммуналдық қалдықтары араласып кетпеуге.

      18. Қалдықтардың жинақталуын анықтаған кезде бірдей сыйымдылықтағы стандартты контейнерлер пайдаланылады. Қалдықтарды барынша толық есепке алу және біркелкі емес түзілу мен жинақталу коэффициентін анықтауға қосымша контейнерлер орнату көзделеді, оларды орнату қажеттілігі мен олардың саны тандап алынған учаскелерді тексерген кезде нақтыланады.

      Барлық контейнерлер толығымен тазалануы керек:

      1) күн сайын әкету кезінде – өлшеу басталғанға дейін бір тәулік бұрын;

      2) кесте бойынша әкету кезінде күн сайын – кесте бойынша әкетудің соңғы күні өлшеу аптасының алдында.

      19. Өлшеу басталғанға дейін бір тәулік бұрын коммуналдық қалдықтарды жинау мен шығаруды жүзеге асыратын ұйым барлық контейнерлерді толық тазартуы тиіс.

      20. Өлшеу бойынша бастапқы материалдарды өңдеу олар жүргізілгеннен кейін келесі күннен кешіктірілмей жүргізіледі.

3-тарау. Коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын есептеу

      21. Коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын есептеу былайша жүргізіледі:

      1) бір тәулікте объектіде коммуналдық қалдықтарды жинақтауға арналған бір контейнерде түзілген және жинақталған қалдықтардың көлемін анықтау (Vконт., М3):

      V конт=h*S

      мұндағы һ - контейнердің түбінен бастап жинақталған коммуналдық қалдықтардың жоғарғы нүктесіне дейінгі биіктік, м;

      S – контейнер түбінің алаңы, м2;

      2) контейнерлік алаңда коммуналдық қалдықтардың түзілуі мен жинақталуының жалпы көлемін анықтау (Vтәу, м3), егер контейнерлік алаңда коммуналдық қалдықтарды жинақтауға арналған контейнерлердің саны бірден артық болса:

      Vтәу=Vконт1+Vконт2+Vконт3...

      мұндағы Vконт1, Vконт2, Vконт3 – контейнерлік алаңда орналасқан әрбір контейнер бойынша коммуналдық қалдықтардың түзілуі мен жинақталуының тәуліктік көлемі. Есептеу контейнерлік алаңда орналасқан контейнердің санына байланысты жүргізіледі;

      3) коммуналдық қалдықтарды жинақтауға арналған контейнерде жинақталған коммуналдық қалдықтардың тәуліктік массасын анықтау (mконт., кг) мынадай формула бойынша жүргізіледі:

      mконт=m3- mп

      мұндағы m3– қалдықтар тиелген контейнердің массасы, кг;

      mп– қалдықтардан бос контейнердің массасы, кг;

      4) объектіде түзілген коммуналдық қалдықтардың тәуліктік массасын анықтау (mтәу., кг) мынадай формула бойынша жүргізіледі:

      mтәу=mконт1+mконт2+mконт3...

      мұндағы mконт1, mконт2, mконт3 - контейнерлік алаңда орналасқан әрбір контейнер бойынша коммуналдық қалдықтардың тәуліктік массасы. Есептеу контейнерлік алаңда орналасқан контейнерлердің санына байланысты жүргізіледі;

      5) өлшеулер контейнерлік алаңнан қалдықтарды шығарғанға дейін тәуліктің бір уақытында жүргізіледі. Өлшеулерді жүргізу кезеңі: жеті күн (үзіліссіз).

      Өлшеулерді жүргізу мерзімдері: қыс-желтоқсан, қаңтар, ақпан; көктем-наурыз, сәуір, мамыр; жаз-маусым, шілде, тамыз; күз-қыркүйек, қазан, қараша.

      Маусымдық кезең ішінде объектіде түзілген коммуналдық қалдықтардың көлемін анықтау (Vмаус, м3) мынадай формула бойынша жүргізіледі:

      Vмаус=Vтәу1+ Vтәу2+....+ Vтәу7

      мұндағы Vтәу1, Vтәу2 – белгілі бір маусымда әр тәулік ішінде объектіде пайда болған коммуналдық қалдықтардың көлемі;

      6) маусымдық кезең ішінде объектіде пайда болған коммуналдық қалдықтардың көлемін анықтау (mмаус, кг) мынадай формула бойынша жүргізіледі:

      mмаус=mтәу1+ mтәу2+...+ mтәу7

      мұндағы mтәу1 mтәу2 – белгілі бір маусымда тәулік ішінде объектідегі коммуналдық қалдықтардың массасы;

      7) объектіде коммуналдық қалдықтардың түзілу көздерінің санынан коммуналдық қалдықтардың орташа маусымдық нормасын анықтау мынадай формула бойынша жүргізіледі:

      көлемі бойынша (Vтм, м3):

      Vтм = Vмаус/(nxa)

      массасы бойынша (mтм, кг):

      mтм = mмаус/(nxa)

      мұндағы n - маусымдық кезең ішінде бақылау тәулігінің саны;

      а – есептік бірліктің саны.

      8) объектіде есептік бірлікке коммуналдық қалдықтардың тәуліктік орташа жылдық нормасын анықтау мынадай формула бойынша жүргізіледі:

      көлемі бойынша (Vтом, м3):

      Vтом= (Vктм + Vктм + Vжтм +Vкү тм)/n

      массасы бойынша (mтом, кг):

      mтом= (mктм + mктм + mжтм +mкү тм)/n

      мұндағы жоғарғы индекстер "қ", "к", "ж", "кү" – қыста – "қ", көктемде – "к", жазда – "ж", күзде "кү" – есептік бірлікте тиісінше қалдықтар пайда болуының тәуліктік орташа маусымдық нормативтерін білдіреді;

      n – қалдықтар пайда болған маусымның саны (n=4).

      9) Объектіде есептік бірлікте коммуналдық қалдықтардың пайда болуымен жинақталуының жылдық нормасын анықтау мынадай формула бойынша жүргізіледі:

      көлемі бойынша (Vж, м3):

      Vж= Vтожх nк

      массасы бойынша (mж, кг):

      mж= mтожX nк

      мұндағы nк – жылдағы күннің саны.

      22. Коммуналдық қалдықтардың орташа тығыздығын анықтау, коммуналдық қалдықтардың түзілуі мен жинақталуының маусымдық және тәуліктік біртекті емес коэффициентін анықтауға қосымша мынадай есеп жүргізіледі:

      1) коммуналдық қалдықтардың орташа тығыздығын анықтау (gop, кг/м3) мынадай формула бойынша жүргізіледі:

      qcp = m/V,

      мұндағы m және V - есептік бірлікте тиісінше массасы мен көлемі бойынша коммуналдық қалдықтардың түзілуі мен жинақталуының жылдық немесе орташа маусымдық нормативтері;

      2) коммуналдық қалдықтардың түзілуі мен жинақталуының маусымдық біртекті емес коэффициентін (kбе) анықтау мынадай формула бойынша жүргізіледі:

      көлемі бойынша:

      Кбе = Vом/Vж

      массасы бойынша:

      Кбе = mом/mж

      3) коммуналдық қалдықтардың түзілуі мен жинақталуының тәуліктік маусымдық біртекті емес коэффициентін анықтау мынадай формула бойынша жүргізіледі:

      көлемі бойынша:

      Кмбе= Vmax.тәу./Voм

      мұндағы Vmax.тәу. – маусымда объектідегі коммуналдық қалдықтардың түзілуі мен жинақталуының ең жоғарғы тәуліктік көлемі, м3

      массасы бойынша:

      kсн= mmaxтәу./moм

      мұндағы mmax.тәу.– маусымда объектідегі коммуналдық қалдықтардың түзілуі мен жинақталуының ең жоғарғы тәуліктік массасы, кг.

      23. Нақты және есептік жылдық көлемді салыстыру үшін коммуналдық қалдықтардың пайда болуы мен жинақталуының есептік бірлікте белгіленген жылдық нормативтері есептік бірліктің санына көбейтіледі. Алынған коммуналдық қалдықтардың түзілуінің есептік жылдық көлемінің айырмасы олардың дәл сол объектіде бір жыл ішінде нақты жинақталуының бес пайызынан аспауға тиіс. Есепті және нақты деректерде бес пайыздан артық айырма болған жағдайда коммуналдық қалдықтардың түзілуінің сараланған нормативтері олар түзілетін негізгі объектілер бойынша талап етілген қателіктермен нәтижеге шыққанға дейін түзетіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады