Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", 2022 жылғы 5 қарашадағы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңдарына сәйкес Қаражал қалалық мәслихаты ШЕШТІ:
1. Қаражал қалалық мәслихатының "Қаражал қалалық мәслихат аппараты" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы" 2022 жылғы 27 шілдедегі № 142 шешіміне келесі өзгеріс енгізілсін:
Қаражал қалалық мәслихатының 2022 жылғы 27 шілдедегі №142 "Қаражал қалалық мәслихат аппараты" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы" шешімінің қосымшасы осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда мазмұндалсын.
2. Осы шешім қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қалалық мәслихаттың төрағасы | З.Оспанова |
Қаражал қалалық мәслихатының 2023 жылғы 18 мамырдағы № 32 шешіміне қосымша |
"Қаражал қалалық мәслихат аппараты" мемлекеттік мекемесінің Ережесі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. "Қаражал қалалық мәслихат аппараты" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – "Қаражал қалалық мәслихат аппараты" ММ) Қаражал қалалық мәслихатын ұйымдастырушылық, құқықтық, қаржылық, құжаттамалық, материалдық - техникалық және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асыратын, депутаттарға олардың өкілеттіктерін жүзеге асыруға көмек көрсету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. "Қаражал қалалық мәслихат аппараты" ММ ведомстволары жоқ.
3. "Қаражал қалалық мәслихат аппараты" ММ өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. "Қаражал қалалық мәслихат аппараты" ММ ұйымдық - құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және атауы, мемлекеттік тілде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
5. "Қаражал қалалық мәслихат аппараты" ММ азаматтық - құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.
6. "Қаражал қалалық мәслихат аппараты" ММ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық - құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
7. "Қаражал қалалық мәслихат аппараты" ММ өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен қалалық мәслихат төрағасының өкімдерімен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. "Қаражал қалалық мәслихат аппараты" ММ құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, индексі 100700, Ұлытау облысы, Қаражал қаласы, Абай көшесі, 9.
10. Осы Ереже "Қаражал қалалық мәслихат аппараты" ММ құрылтай құжаты болып табылады.
11. "Қаражал қалалық мәслихат аппараты" ММ қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
12. "Қаражал қалалық мәслихат аппараты" ММ кәсіпкерлік субъектілерімен "Қаражал қалалық мәслихат аппараты" ММ өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым - қатынас жасауға тыйым салынады.
Егер "Қаражал қалалық мәслихат аппараты" ММ заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері
13. Мақсаттары:
1) қалалық мәслихаттың және депутаттардың қызметін ұйымдастырушылық, құқықтық, қаржылық, құжаттамалық, материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыру;
2) депутаттарға өздерінің өкілеттіктерін жүзеге асыруға көмек көрсету;
3) қалалық мәслихат қызметінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету;
4) азаматтар мен ұйымдардың Қазақстан Республикасының Конституциясының, Қазақстан Республикасының заңдарының, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерінің, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің нормаларын орындауына жәрдемдесу.
14. Өкілеттіктері:
1) құқықтары:
1-1) тиісті аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті және олардың атқарылуы туралы есептерді бекіту, соның ішінде қаладағы аудан әкімдері (қаладағы әрбір аудан бойынша жеке-жеке) іске асыратын бюджеттік бағдарламаларды бекіту;
1-2) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін жергілікті мемлекеттік басқарудың базалық құрылымдары негізінде қалыптастырылған әкімшілік-аумақтық бірлікті басқару схемасын әкімнің ұсынуы бойынша бекіту;
1-3) өздерiнің қарауына жатқызылған әкімшілік - аумақтық құрылыс мәселелерін шешу;
1-4) жылу маусымына дайындық және оны өткізу қағидаларын бекіту;
1-5) қалалар мен елді мекендер аумақтарын абаттандыру қағидаларын бекіту;
1-6) жасыл екпелердi күтiп - баптау және қорғау қағидаларын бекіту;
1-7) әкімнің ұсынысы бойынша мәслихат сессиясының шешiмімен тиісті әкімдіктің дербес құрамын келісу;
1-8) атқарушы органдар басшыларының есептерін қарау және тиісті органдарға мәслихат шешімдерін орындамағаны үшін мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарын, сондай-ақ ұйымдарды жауапқа тарту туралы ұсыныстар енгізу;
1-9) Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңнамалық актiсiне сəйкес аумақтық жəне учаскелiк сайлау комиссияларының мүшелерiн жасырын немесе ашық дауыс берудi өткiзу жолымен сайлау;
1-10) әкімнің ұсынуы бойынша ведомствоаралық сипаттағы мәселелер бойынша әкімдік жанындағы консультациялық-кеңесші органдардың дербес құрамын бекіту;
1-11) әкімнің ұсынысы бойынша "Қаланың құрметті азаматы" атағын беру;
1-12) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімдігі әзірлеген және ұсынған "Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағын беру қағидаларын бекіту;
1-13) облыстың (қаланың, ауданның) Құрмет грамотасымен наградтау туралы ережені әзірлеу және бекіту;
1-14) Қазақстан Республикасының жер заңдарына сәйкес жер қатынастарын реттеуді жүзеге асыру;
1-15) азаматтар мен ұйымдардың Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдарының, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметі актілерінің, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің нормаларын орындауына жәрдемдесу;
1-16) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету жөнiндегi өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру;
1-17) Аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихатының құзыретіне аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетін және олардың атқарылуы туралы есепті бекіту;
1-18) Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) мәслихаттарының құзыретіне тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алушылар санаттарының тізбесін айқындау;
1-19) Республикалық маңызы бар қалалар, астана, аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) мәслихаттарының құзыретіне шетелдіктер үшін туристік жарнаның мөлшерлемелерін бекіту;
1-20) Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мәслихаты облыстың тексеру комиссиясынан тиісті аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің атқарылуы мәселелері бойынша жүргізілген бақылау іс-шаралары туралы ақпарат сұратуға құқылы.
2) міндеттері:
2-1) мәслихаттар жылына кемінде бір рет халық алдында мәслихаттың атқарған жұмысы, оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы есеп береді. Мәслихат депутаттары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес халық алдында жауапты болады;
2-2) мәслихат төрағасын сайлайды және лауазымынан босатады және оның есептерiн тыңдайды;
2-3) мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарын құрады, олардың төрағаларын сайлайды және қызметiнен босатады, олардың жұмысы туралы есептi тыңдайды;
2-4) мәслихаттың қызметiн қамтамасыз етуге арналған шығыстарды айқындайды;
2-5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген адам саны мен қаражат лимитi шегiнде мәслихат аппаратының құрылымын бекiтедi және оны ұстауға, әрi материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуге арналған шығыстарды айқындайды. Мәслихат аппараты мемлекеттiк қызметшiлерiнiң штат саны лимитi тиiстi мәслихат депутаттарының саны негiзге алынып, бес депутатқа бір қызметкер қатынасында, бірақ бес адамнан кем емес болып белгiленедi;
2-6) мәслихаттың регламентiн бекiтедi;
2-7) депутаттардың сауалдарын қарайды және олар бойынша шешiмдер қабылдайды;
2-8) өз жұмысын ұйымдастыру жөнiнде өзге де шешiмдер қабылдайды;
2-9) жергілікті бюджеттің, аумақты дамыту бағдарламаларының атқарылуына бақылау жасау;
2-10) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссияларының бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есебін қарау;
2-11) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілерін тексеру комиссиялары жұмыстарының жоспарына енгізу үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссияларына ұсыныстар енгізу;
2-12) мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарын құру, олардың қызметі туралы есептерді тыңдау, мәслихаттың жұмысын ұйымдастыруға байланысты өзге де мәселелерді шешу;
2-13) Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді жүзеге асыру.
15. Функциялары:
1) қалалық мәслихат сессияларын өткізудің әзірлік және ұйымдастырушылық-техникалық жұмыстарын қамтамасыз ету;
2) жалпы отырыстарға, тұрақты және уақытша комиссиялар отырыстарына қатысу, қалалық мәслихат шешімдерін, комиссиялардың қорытындыларының және шешімдерінің жобаларын әзірлеу мәселелерінде депутаттарға көмек көрсету;
3) қалалық мәслихат Регламентіне сәйкес сессия хаттамаларын, шешімдер жинақтарын ресімдеу;
4) сессия материалдарын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға әзірлеу және олардың орындалысына бақылау;
5) депутаттық корпусты ұйымдастырушылық, құқықтық, материалдық - техникалық және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асыру, мәслихат депутаттарына олардың өкілеттіктерінің жүзеге асырылуына жәрдемдесу, консультативтік және әдістемелік көмек көрсету, депутаттар сауалдарының және өтініштерінің уақытылы қаралуына бақылау;
6) өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде депутаттар мен айтылған ұсыныстар мен ескертпелерді қорыту және есепке алуды жүргізу;
7) қалалық мәслихаттың шешімдері мен өзге де құжаттарының таратылуын қамтамасыз ету;
8) қалалық мәслихат қызметін құжаттамалық қамтамасыз ету;
9) қаланың сайлау комиссияларының құрамдарын қалыптастыру жөніндегі ұйымдастырушылық жұмыстарды жүргізу;
10) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен және қалалық мәслихаттың шешімдерімен оған жүктелген функцияларды орындайды.
3-тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
16. "Қаражал қалалық мәслихат аппараты" ММ басқаруды бірінші басшы -Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы жүзеге асырады, ол "Қаражал қалалық мәслихат аппараты" ММ жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
17. Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы мәслихат сессиясында депутаттардың арасынан ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен сайланады және қызметінен босатылады.
18. Қаражал қалалық мәслихатының төрағасының орынбасарлары болмайды.
19. Қаражал қалалық мәслихатының төрағасының өкілеттіктері:
1) мәслихат сессиясын және оның қарауына енгiзiлетiн мәселелердi дайындауды ұйымдастырады, сессияның күн тәртiбiн қалыптастырады, хаттаманың жасалуын қамтамасыз етедi, мәслихат сессиясында қабылданған немесе бекiтiлген шешiмдерге, өзге де құжаттарға қол қояды;
2) мәслихат депутаттарының өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыруына жәрдемдеседi, оларды қажеттi ақпаратпен қамтамасыз етедi, депутаттарды мәслихат сессияларына, оның тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының жұмысына және сайлау округтерiндегі жұмысқа қатысуы үшiн қызметтiк мiндеттерiн орындаудан босатуға байланысты мәселелердi қарайды;
3) депутаттар сауалдарының және депутаттық өтiнiштердiң қаралуын бақылайды;
4) мәслихат аппаратының қызметiне басшылық жасайды, оның қызметшiлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
5) сайлаушылар өтiнiштерi туралы және олар бойынша қабылданған шаралар туралы мәслихатқа ұдайы ақпарат берiп отырады;
6) мәслихаттың өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен өзара iс-қимылын ұйымдастырады;
7) өз құзыретiндегi мәселелер бойынша өкiмдер шығарады;
8) мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының және депутаттық топтардың қызметін үйлестiреді;
9) мемлекеттiк органдармен, ұйымдармен, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен және қоғамдық бiрлестiктермен қарым-қатынастарда мәслихат атынан өкiл болады;
10) мәслихат шешiмдерiнiң жариялануын қамтамасыз етедi, олардың орындалуына бақылау жасау жөнiндегi iс-шараларды белгiлейдi;
11) Қазақстан Республикасының заңнамасында, мәслихат регламенті мен шешімінде көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайды.
20. Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
21. "Қаражал қалалық мәслихат аппараты" ММ аппаратын Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын аппарат басшысы басқарады.
4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі
22. "Қаражал қалалық мәслихат аппараты" ММ заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болады.
"Қаражал қалалық мәслихат аппараты" ММ мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған көздер есебінен қалыптастырылады.
23. "Қаражал қалалық мәслихат аппараты" ММ бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
24. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, "Қаражал қалалық мәслихат аппараты" ММ өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
25. "Қаражал қалалық мәслихат аппараты" ММ қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.