Іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру нормаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 18 қазандағы № 536 бұйрығы.

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 110) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландырудың нормалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Министр С. Нұрбек

  Қазақстан Республикасы
Ғылым және жоғары білім
Министрінің
2023 жылғы 18 қазандағы
№ 536 бұйрығына
қосымша

Іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру нормалары

      1. Іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру нормалары (бұдан әрі – Норма) археология, астрономия, астрофизика, атом энергиясы, шығыстану, өнер, тарих, мәдениет, әдебиет, математика және механика, білім, саясаттану, дінтану, әлеуметтану, философия, этнология, тіл білімі саласында және өзге де салаларда іргелі зерттеулерді жүргізетін және уәкілетті орган бекіткен тиісті тізбеге енгізілген мемлекеттік ғылыми ұйымдар мен мемлекет жүз пайыз қатысатын ғылыми ұйымдар үшін көзделген.

      Қаржыландыру ғылыми инфрақұрылым мен мүлікті, оның ішінде ғимараттарды, жабдықтар мен материалдарды ағымдағы қамтамасыз етуге, еңбекке ақы төлеуді, іргелі ғылыми зерттеулер жүргізуге бес жылдан аспайтын мерзімге арналған шығыстарды қамтиды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 29.07.2024 № 375 (01.09.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Ғылыми инфрақұрылым мен мүлікті, оның ішінде ғимараттарды, жабдықтар мен материалдарды ағымдағы қамтамасыз етуге арналған шығыстар:

      1) коммуналдық көрсетілетін қызметтерге (су, газ, электр энергиясы, жылу, кәріз, желдету) ақы төлеуді;

      2) байланыстың көрсетілетін қызметтеріне және әмбебап байланыстың көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеуді;

      3) көлік жалдауды;

      4) негізгі құралдарға жататын тауарларды сатып алуға, өзге тауарларды сатып алуға шығыстар, өзге де ағымдағы шығындар, көрсетілетін күзет қызметтеріне шығындарды;

      5) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметте пайдаланылатын негізгі құралдардың тозуы (амортизация), ғимаратты, жабдықты ағымдағы жөндеуді;

      6) өндірістік, әкімшілік және қызмет көрсетуші персоналды, ұйымның теңгерімінде болмаған жағдайда іргелі ғылыми зерттеулер жүргізу үшін пайдаланылатын зертханаларды, өзге де үй-жайларды (виварий, қойма үй-жайлары, архив, кітапхана, одан әрі зерттеу жұмыстары үшін сақтау қоймасы) орналастыру үшін үй-жайларды жалдауды қамтиды.

      Шығыстары азаматтық заңнамамен реттелетін зертханалар үшін үй-жайларды және өзге де үй-жайларды (виварий, қойма үй-жайлары, архив, кітапхана, одан әрі зерттеу жұмыстары үшін сақтау қоймасы) жалдаудан басқа бұл шығыстар Қазақстан Республикасы Үкіметінің:

      1) басқару органдарының ғимараттары үшін белгіленген нормалар бойынша "Бюджет қаражатынан қаржыландырылатын ұйымдар бойынша электр энергиясын, жылуды, ыстық және суық суды және басқа да коммуналдық қызмет көрсетулерді тұтынудың нормативтері туралы" 1998 жылғы 2 қарашадағы № 1118;

      2) "Акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорындарды, акционерлік қоғамдарды және олардағы мемлекеттік қатысу үлестерінің мөлшері қатысушылардың жалпы жиналысының шешімін анықтауға мемлекетке мүмкіндік беретін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді оңтайландыру мақсатымен олардың әкімшілік шығыстарының мониторингін жүргізу тетігін анықтау туралы" 2003 жылғы 10 ақпандағы № 145 қаулыларымен белгіленген нормативтерге ұқсас нормативтерге сәйкес айқындалады.

      3. Іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдардың әкімшілік және қызмет көрсетуші персоналының еңбегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстар еңбекке ақы төлеуді, оның ішінде басшылардың, мамандардың өтемақы төлемдерін, қосымша ақылары мен үстемеақыларын қамтиды.

      Жедел басқару құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар үшін осы шығыстар "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына (бұдан әрі – № 1193 қаулы) сәйкес айқындалады.

      Шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорындар, акционерлік қоғамдар, коммерциялық емес акционерлік қоғамдар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер үшін еңбекке ақы төлеу шығыстары Қазақстан Республикасының "Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы", "Акционерлік қоғамдар туралы", "Мемлекеттік мүлік туралы" заңдарына сәйкес меншікті кірістер есебінен ең төменгі төлемнен тыс № 1193 қаулыға сәйкес ең төменгі төлем мөлшерінде айқындалады.

      Іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдардың ғылыми қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстар еңбекке ақы төлеуді, оның ішінде сауықтыруға арналған жәрдемақыны, қосымша ақылар мен үстемеақыларды қамтиды және Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және "Ғылым туралы" Заңына, бекітілген штат кестесіне, сондай-ақ келісімдерге, еңбек шарттарына, ұжымдық шарттарға және жұмыс берушінің актілеріне сәйкес айқындалады.

      Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес есептеледі.

      Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу және төлеу, әлеуметтік аударымдарды есептеу және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төлеу "Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне" сәйкес жүргізіледі.

      Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдарды есептеу және төлеу "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүргізіледі.

      4. Іргелі ғылыми зерттеуді жүргізу үшін шығыстар:

      1) қызметтік іссапарлар – іргелі ғылыми зерттеуді орындауға байланысты іссапарларды;

      2) басқа да көрсетілетін қызметтер мен жұмыстар – ұжымдық пайдаланудағы ғылыми зертханалардың, іргелі ғылыми зерттеулерді орындау үшін қажетті өзге де зертханалардың, басқа да ұйымдардың, кәсіпкерлік субъектілердің көрсетілетін қызметтерін, оның ішінде конференцияларға қатысу үшін ұйымдастыру жарналарын;

      3) материалдар сатып алу – іргелі ғылыми зерттеулерді орындау үшін шығыс материалдарын сатып алуды;

      4) іргелі ғылыми зерттеулерді орындау үшін жабдықтар және (немесе) бағдарламалық қамтылымды сатып алуды;

      5) ғылыми-ұйымдастырушылық сүйемелдеу – іргелі ғылыми зерттеулерді орындау үшін жариялауға, патенттеуге және талдамалық материалдарды сатып алуға жұмсалатын шығыстарды;

      6) жабдықтар мен техникаларды жалдау – іргелі ғылыми зерттеулерді орындауда пайдаланылатын жабдықтар мен техниканы жалдауға байланысты шығыстарды;

      7) жабдықтар мен техниканы пайдалану шығыстары – іргелі ғылыми зерттеулерді орындау пайдаланылатын жабдықтар мен техниканы пайдалануға байланысты, оның ішінде оларды іске қосу-баптауға және ұстауға байланысты шығыстарды қамтиды.

      Қызметтік іссапарлар бойынша шығыстар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 11 мамырдағы № 256 қаулысымен бекітілген Бюджет қаражаты есебінен, оның ішінде шет мемлекеттерге іссапарлар шығыстарын өтеу қағидаларына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 22 қыркүйектегі № 1428 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік бюджеттің қаражаты есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының шегіндегі қызметтік іссапарлары туралы қағидаларына сәйкес айқындалады.

      Шығыстардың басқа түрлері растаушы құжаттар қоса берілген нақты шығындар бойынша қалыптастырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады