БҰЙЫРАМЫН:
1. "Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушының 2019 жылғы 9 тамыздағы № 189/НҚ бұйрығына мынадай өзгерістер енгізілсін:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы";
Көрсетілген бұйрықпен бекітілген "Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесі осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрық бекітілген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде электрондық нысанда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгінiң "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсiн.
4. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі |
Б. Мусин |
"Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі туралы ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
1. "Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Комитет) Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) іске асырушылық және бақылау функцияларын жүзеге асыратын, сондай-ақ Министрліктің байланыс саласындағы реттеушілік және стратегиялық функцияларын орындауға қатысатын ведомствосы болып табылады.
2. Комитет өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Комитет республикалық мемлекеттік мекеменің ұйымдастырушылық-құқықтық нысанындағы заңды тұлғасы болып табылады, оқшауланған мүлкі, мемлекеттік тілде өз атауы жазылған мөрі мен мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
4. Комитет өз атынан және Комитеттің аумақтық органдарының атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түседi.
5. Егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, Комитет мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
6. Комитет өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Комитет төрағасының бұйрығымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
7. Комитеттің құрылымы мен штат саны Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бекітіледі.
8. Комитеттің орналасқан жері: Қазақстан Республикасы 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік Ел даңғылы, 55/5 ғимараты, С2.4.
9. Комитеттің толық атауы – "Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті" республикалық мемлекеттiк мекемесi. Комитеттің қысқартылған атауы – "Телекоммуникациялар комитеті".
10. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.
11. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
12. Комитетке кәсiпкерлiк субъектiлерiмен Комитеттің өкілеттіктері болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Комитетке заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2-тарау. Комитеттің міндеттері, құқықтары мен міндеттемелері, функциялары
13. Міндеттері:
1) байланыс қызметтері нарығының тиімді жұмыс істеуі үшін, оның ішінде телекоммуникация және пошта байланысы саласында байланыс саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру;
2) өз құзыреті шеңберінде байланыс, пошта саласындағы қызметті, сондай-ақ байланыс саласында қызмет көрсететін немесе оларды пайдаланатын адамдардың қызметін мемлекеттік реттеуді және бақылауды жүзеге асыру;
3) ұсыныстар әзірлеу және Қазақстан Республикасының байланысын дамыту мен жетілдірудің негізгі бағыттары мен басымдықтарын іске асыру;
4) өз құзыреті шеңберінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін, сондай-ақ мемлекеттің ұлттық мүдделерін қорғау;
5) байланыс саласындағы инфрақұрылымның дамуын жүзеге асыру.
14. Құқықтары мен міндеттемелері:
1) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады;
2) Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінен, мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан қажетті ақпараттар пен материалдарды сұратады және алады;
3) Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізеді;
4) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мәжілістер, семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, конкурстар және өзге де іс-шаралар өткізеді;
5) жетекшілік ететін қызмет бағыттары бойынша консультативтік-кеңесші органдар (жұмыс топтарын, комиссиялар, кеңестер) құру жөнінде ұсыныс енгізеді;
6) өз құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша сараптамаларға қатысу үшін тиісті мамандарды тартады;
7) Комитетке жүктелген міндеттер мен функцияларды іске асыруды қамтамасыз етеді;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін сақтайды;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдайды және қарайды;
10) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсіндірмелер дайындайды;
11) Министрліктің құрылымдық бөлімшелері мен мемлекеттік органдарына бұл туралы ресми сауал жолданған жағдайда, өз құзыреті шегінде және заңнама шеңберінде қажетті материалдар мен анықтамаларды ұсынады;
12) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде алынған коммерциялық, қызметтік, заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты жария етпейді;
13) Комитеттің теңгеріміндегі мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етеді;
14) орталықтандырылған бухгалтерлік есеп жүргізеді;
15) бухгалтерлік және қаржылық есептілікті жасайды және Министрлікке ұсынады;
16) Комитетке бөлінген бюджет қаражатының толық, уақтылы және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етеді;
17) "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүргізеді;
18) Комитеттің құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасына сәйкес байланыс бағдарламаларында көзделген ай сайынғы және тоқсан сайынғы жұмыстарды қабылдау үшін негіз болып табылатын сәйкестік актілерін, есептерді және өзге де құжаттарды қарау және оларға қол қою бойынша жұмыс жүргізеді;
19) Құқықтық қамтамасыз ету, қызметтің жекелеген түрлерін лицензиялау, Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңнамасының сақталуын бақылау арқылы байланыс саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу мен бақылауды жүргізеді.
Байланыс саласындағы мемлекеттік басқаруды Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі және уәкілетті орган жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері жүзеге асырады.
20) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында қарастырылған өзге де құқықтарды жүзеге асырады.
15. Функциялары:
1) байланыс саласындағы ұлттық ресурстарды бөліп беруді және пайдалануды, сондай-ақ байланыс аясындағы техникалық реттеу, өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы және стандарттау саласындағы өз құзыреті шегінде қатысуды қоса алғанда, байланыс саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру және оның іске асырылуын қамтамасыз ету;
2) өз құзыреті шегінде байланыс саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу мен бақылауды жүзеге асыру;
3) Қазақстан Республикасының байланысын дамыту мен жетілдірудің негізгі бағыттары және басымдықтары жөнінде ұсыныстар әзірлеуді ұйымдастыру және оны іске асыру, оның сапасын, қолжетімділігін және орнықты жұмыс істеуін арттыру;
4) радиожиілік спектрін жоспарлау және тиімді пайдалану;
5) байланыс қызметтері нарығының жұмыс істеуі үшін өз құзыреті шегінде жағдайлар жасау;
6) байланыс қызметтері сапасының техникалық өлшемдерін өлшеу әдістемелерін әзірлеу;
7) байланыс саласындағы ұлттық ресурстарды басқару;
8) өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерін, оның iшiнде радиоэлектрондық құралдарды, жоғары жиiлiктi құрылғыларды пайдалану, оларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу қағидаларын, байланыс қызметтерiн көрсету қағидаларын әзiрлеу және қабылдау;
9) радиобақылауды жүзеге асыру және байланыс саласындағы қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың радиожиiлiк спектрiн пайдалануына және байланыс операторларының байланыс саласында қызмет көрсетуді жүзеге асыратын субъектілерге қойылатын біліктілік талаптарын және байланыс қызметтерін көрсету қағидаларын сақтауына тексеру жүргiзу;
10) азаматтық пайдаланушыларға жиіліктер белдеуін, радиожиілікті (радиожиілік арнасын) бөлу, иелікке беру (тағайындау), шақыру сигналын иелікке беруді қоса алғанда, кеме станциясына рұқсаттар беру;
11) ұялы байланыс желілерінде абоненттік нөмірді көшіру қағидаларын және ұялы байланыс желілерінде абоненттік нөмірді көшіру қызметін енгізу күнін әзірлеу;
12) кәбілдік кәрізді пайдалануға беру қағидаларын әзірлеу;
13) байланыс операторлары көрсететін байланыс қызметтерінің сапасын бақылауды жүзеге асыру;
14) ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын тіркеу қағидаларын әзірлеу;
15) байланыс саласындағы қызметтi лицензиялау;
16) пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін шығару түрлері мен көлемін әзірлеу;
17) арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желілерінің объектілерін қоспағанда, байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыратын және радиожиілік спектрін пайдаланатын шаруашылық жүргізуші субъектілердің байланыс объектілеріне белгіленген тәртіппен тексерулер жүргізу үшін сәйкестендіру карточкаларын (ID cards) көрсету арқылы кіру;
18) радиоэлектрондық құралдарды және (немесе) жоғары жиілікті құрылғыларды пайдаланудың басталғаны туралы хабарлама болмаған және (немесе) техникалық сипаттамалары белгіленген нормаларға сәйкес келмеген жағдайда, радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды өшіру;
19) Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңнамасы талаптарының бұзылғаны анықталған кезде нұсқамалар жіберу;
20) байланыс саласындағы қатынастарды реттеу мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау;
21) байланыс саласындағы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған талаптарды белгілейтін нормативтік құқықтық актілерді ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісу, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік органдарымен бірлесе отырып, байланыс операторларының байланыс саласындағы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша қызметін үйлестіруді жүзеге асыру;
22) ұлттық ресурстардың және байланыс операторларының тізілімін жүргізу;
23) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісу бойынша деректерді беру желілерінің статикалық мекенжайларының тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидаларын әзірлеу;
24) телекоммуникация желілерін ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желісіне қосу және Қазақстан Республикасының ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желісі бойынша трафикті өткізуді реттеу ережелерін әзірлеу;
25) байланыс саласындағы техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттарды әзірлеуге қатысу;
26) телекоммуникациялар және пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтері саласындағы табиғи монополиялар салаларында реттеу мен бақылауды жүзеге асыру;
27) телекоммуникациялар және пошта байланысы саласындағы нарық субъектілерінің тауарларына (жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне) және инфрақұрылымына кемсітусіз қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында тауар нарықтарына талдау жүргізу;
28) байланыс саласында қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын субъектілерге қойылатын біліктілік талаптарын әзірлеу;
29) импорттан өзгеше жағдайларда, азаматтық мақсаттағы, оның ішінде басқа тауарлардың құрамына кіріктірілген не кіретін радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге қорытындылар беру;
30) қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторы телекоммуникацияларының желілеріне қойылатын талаптарды әзірлеу;
31) Қазақстан Республикасы радио қызметтері арасында барлық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдарға арналған 3 кГц-тен 400 ГГц-ке дейінгі жиіліктер ауқымында жиіліктер белдеуін бөлу кестесін әзірлеу;
32) өтініш берушінің байланыс саласында қызметтер көрсету жөніндегі жұмысты жүзеге асыруға сәйкестігін растайтын біліктілік талаптарын және құжаттар тізбесін әзірлеу;
33) күзетілетiн аймақтарды белгiлеу тәртiбі мен олардағы жұмыс режимiн қоса алғанда, Қазақстан Республикасындағы телекоммуникация желiлерiн күзету қағидаларын әзірлеу;
34) жиiлiктер белдеулерiн, радиожиiлiктердi (радиожиiлiк арналарын) иелiкке беру, радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды пайдалану, сондай-ақ азаматтық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдардың электромагниттiк үйлесiмдiлiгiн есептеудi жүргiзу қағидаларын әзірлеу;
35) трафикті өткізуді қоса алғанда, телекоммуникация желілерінің қосылу және өзара іс-қимыл жасау қағидаларын және өзара есеп айырысу тәртібін әзірлеу;
36) байланыс қызметтерiн көрсету қағидаларын әзірлеу;
37) радиоәуесқойлық қызметтердің радиоэлектрондық құралдарын пайдалану қағидаларын әзірлеу;
38) байланыс саласындағы техникалық регламенттерді әзірлеу;
39) өз құзыреті шегінде табиғи монополиялар саласындағы және реттелетін нарықтардағы телекоммуникациялар мен пошта байланысының қызметтері аясындағы реттеу мен бақылау саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді, оның ішінде табиғи монополиялар субъектілерінің кірістерді, шығындарды және қолданысқа енгізілген активтерді бөлек есепке алуды жүргізуі қағидаларын, қолданысқа енгізілген активтердің реттелетін базасына келетін пайда мөлшерлемесін есептеу жөніндегі нұсқаулықтарды әзірлеу және қабылдау;
40) "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабы 2-тармағының 7) тармақшасында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген рұқсаттарды беру;
41) құзыреті шегінде стандарттау жөніндегі құжаттардың жобаларын қарау, сондай-ақ стандарттау саласындағы уәкілетті органға енгізу үшін ұлттық, мемлекетаралық стандарттарды, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу, өзгерістер енгізу, қайта қарау және күшін жою жөнінде ұсыныстар дайындау;
42) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Қазақстан Республикасының Радиожиіліктер жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы конкурс (немесе аукцион) өткізу арқылы бөлу үшін ұсынылған диапазондарда Қазақстан Республикасында жиілік белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөлу жөніндегі конкурстарды (немесе аукциондарды) ұйымдастыруға және өткізуге қатысу, конкурстардың (немесе аукциондардың) шарттарын, оларға қатысушыларға қойылатын талаптарды айқындау;
43) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңдары талаптарының орындалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
44) электрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың электромагниттік үйлесімділігін қамтамасыз ету жөніндегі ұйымдастыру-техникалық іс-шаралардың орындалуын бақылау;
45) байланыс операторларының байланыс саласында қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын субъектілерге қойылатын бiлiктiлiк талаптарын, байланыс қызметтерін көрсету қағидаларын, пошта байланысы қызметтерін көрсету қағидаларын және Қазақстан Республикасының аумағындағы пошта жөнелтiлiмдеріне пошта штемпелiн қолдану қағидаларын сақтауын бақылау;
46) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес телекоммуникациялар желiлерi мен құрылғылары құрылыстарының және пошта байланысының техникалық нормалар мен оларды техникалық пайдалануды ұйымдастыру жөнiндегi талаптарға сәйкестiгiн тексеру;
47) Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңнамасын бұза отырып, жұмыс істеп тұрған радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиiлiктi құрылғыларды анықтау және оларды пайдаланудың жолын кесу;
48) пошта желiсi объектiлерiн пайдалануды ұйымдастыру және байланыс қызметiн пайдаланушыларға қызмет көрсету жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарын сақтауды қамтамасыз ету;
49) радиоәуесқойлық қызметтердің радиоэлектрондық құралдары мен жоғары жиілікті құрылғыларын қоса алғанда, радиоэлектрондық құралдарды және (немесе) жоғары жиілікті құрылғыларды пайдаланудың басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламаларды қабылдау;
50) Комитет құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің сақталуын қамтамасыз ету;
51) радиожиілік спектрін бөліп беру және пайдалану мәселелері, радиоэлектрондық құралдар мен жоғарғы жиiлiктi құрылғыларды пайдалану жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердi өз құзыреті шегінде әзірлеу;
52) бөлектелетін жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) техникалық сараптау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;
53) Қазақстан Республикасының аумағында азаматтық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар және (немесе) жоғары жиiлiктi құрылғылар үшін радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсаттар беру;
54) радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылар белгіленген стандарттау жөніндегі құжаттар мен техникалық нормаларға сәйкес келмеген, азаматтардың қауіпсіздігіне, қоршаған ортаға қатер төндірген жағдайларда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аса маңызды жұмыстар мен іс-шаралар орындалған кезде, оларды пайдалануды тоқтата тұру;
55) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес радиобақылауды жүзеге асыру;
56) радиоэлектрондық құралдарға, оның ішінде халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің халықаралық шарттарға сәйкес жұмыс істейтін радиоэлектрондық құралдарына радиобөгеуілдерді жою жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру;
57) жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) иелікке беруді жүзеге асыру және Халықаралық электр байланысы одағының Радиобайланыс регламентіне сәйкес радиожиіліктерді халықаралық үйлестіру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру;
58) азаматтық мақсаттағы иелікке берілген радиожиiлiктер белдеулерiнің электрондық дерекқорын жүргізу;
59) Қазақстан Республикасындағы электромагниттік жағдайды көрсететін радиожиілік спектрінің республикалық деректер базасын жүргізу;
60) азаматтық мақсаттағы радиожиiлiк спектрі, радиоэлектрондық құралдар және (немесе) жоғары жиілікті құрылғылар мониторингін жүзеге асыру;
61) мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын монополияға қарсы органмен келісу бойынша белгілеу;
62) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лицензиялануға жататын қызметтiң жекелеген түрлерiн лицензиялауды жүзеге асыру;
63) ауылдық елді мекендерде көрсетілетін, субсидияланатын байланыстың әмбебап қызметтеріне бағалардың шекті деңгейін реттеу;
64) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдарының, Мемлекеттік күзет қызметінің, әскери басқару, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының, сондай-ақ "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы операторының мұқтаждықтары үшін техникалық құралдарды орналастыруға қажетті байланыс желілері мен арналарын, кәбілдік кәріздердегі арналар мен алаңдарды беру бағаларын (тарифтерін) реттеу;
65) байланыс операторларының Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жеріне қарамастан, хабарламалар мен ақпаратты берудің немесе қабылдаудың технологиялық процестерінде байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыру кезінде бірыңғай есепке алу-есептік уақытты белгілеу;
66) радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсатты ресімдеу және беру қағидаларын әзірлеу;
67) нөмірлеу ресурсын бөлу және нөмірлерді бөлу, сондай-ақ оларды алып қою қағидаларын әзірлеу;
68) байланыс операторларының "112" бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметіне Әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар қатері төнген немесе туындаған және қауіп-қатері жойылған, төтенше жағдай енгізілген кезде қорғаныс, қауіпсіздік және құқықтық тәртіп мүдделері үшін қоңырау шалушы абоненттің орналасқан жерін айқындау және халықтың ұялы байланысының абоненттік құрылғыларына қысқа мәтіндік хабарламалар жіберу жөніндегі қызметтерді өтеусіз негізде ұсыну қағидаларын әзірлеу және бекіту;
69) телекоммуникация желілері мен құралдарының зақымдануынан болған залалдарды айқындау қағидаларын әзірлеу;
70) телекоммуникация желілері мен құралдарының техникалық үйлесімділігін қамтамасыз ететін нормаларды, байланыс қызметтері сапасының көрсеткіштерін, тарификация бірліктерінің мөлшерін әзірлеу;
71) бөгеуілдердің көздері мен сипатын, олардың туындау себептерін анықтау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру және оларды жою жөнінде шаралар қабылдау;
72) Комитет құзыреті шегінде реттеушілік, іске асырушылық бақылау-қадағалау функцияларын және Министрліктің стратегиялық функцияларын орындауға қатысу;
73) Комитет құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының атынан жасалатын Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бойынша міндеттемелерді орындау;
74) нөмірлеудің бөлінген және резервтік ресурстарының тізілімін жүргізу;
75) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес соттарға талап-арыздар беру;
76) азаматтық мақсаттағы, оның ішінде ішіне орнатылған не басқа тауарлардың құрамына кіретін радиоэлектронды құралдардың және жоғары жиілікті құрылғылардың импортына лицензиялар беру;
77) біліктілік талаптары мен оларға сәйкестікті растайтын құжаттар тізбесін бекіту туралы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, рұқсаттар және хабарламалар саласындағы уәкілетті органмен келісу;
78) мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
79) кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес байланыс саласындағы тексеру парақтарын әзірлеу;
80) жергілікті атқарушы органдардың ұялы немесе спутниктік байланыс операторларының ұялы немесе спутниктік байланыс жабдығына арналған антенна-діңгекті құрылыстарды және (немесе) тіреуіштерді салуы үшін электрмен жабдықтау жүргізілген орын ұсынуды келіседі;
81) реттеліп көрсетілетін қызметтердің тізбесін әзірлеу;
82) тарифтерді қалыптастыру қағидаларын әзірлеу;
83) табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидаларын әзірлеу;
84) реттеліп көрсетілетін қызметтерді берудің үлгілік шарттарын әзірлеу;
85) байланыс қызметтері саласындағы табиғи монополиялар салаларындағы қызметті жүзеге асыратын субъектілерді табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркеліміне енгізу не одан шығару қажеттігі туралы қорытынды қалыптастыру;
86) Бюджеттік субсидиялардың экономикалық әсерін айқындау қағидаларын әзірлеу;
87) мемлекеттік пошта төлемінің белгілерін қоспағанда, пошта төлемінің белгілеріне қойылатын талаптарды және пайдалану тәртібін әзірлеу;
88) ішкі су көлігімен пошта жөнелтілімдерін тасымалдау тәртібін әзірлеу;
89) Қазақстан Республикасының пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну жөніндегі заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыру;
90) Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен хаттамалар толтыру, әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстерді қарау және байланыс саласында әкімшілік жаза қолдану;
91) телекоммуникациялардың басқа желілерін қосу қызметтерін көрсету талаптарын, сондай-ақ жария шарт болып табылатын желілердің өзара іс-қимылы және трафикті өткізу бойынша осыған байланысты міндеттемелерді айқындайтын ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерінің басым байланыс операторлары үшін қосылу шартының үлгі нысанын әзірлеу;
92) Комитеттің құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының Байланыс әкімшілігі ретінде халықаралық одақтар мен байланыс ұйымдарында Қазақстан Республикасының мүдделерін білдіру және қорғау;
93) Қазақстан Республикасының пошта әкімшілігі сияқты Комитеттің құзыреті шегінде басқа мемлекеттердің пошта әкімшіліктерімен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде Қазақстан Республикасының пошта байланысы саласындағы мүдделерін білдіру және қорғау;
94) Комитеттің құзыреті шегінде Халықаралық Электр байланысы одағы (ХЭО), Байланыс саласындағы аймақтық достастығы (БАД), телекоммуникациялар және пошта байланысы мәселелері бойынша Дүниежүзілік пошта одағы (ДПО) ретінде халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;
95) телекоммуникация желілерінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтау мәселелері бойынша Мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл қағидаларын әзірлеуді және бекітуді қамтамасыз ету;
96) пошта байланысы қызметтерін ұсыну қағидаларын әзірлеуді және бекітуді қамтамасыз ету;
97) Кеден ісі саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша Ұлттық пошта операторының немесе пошта операторларының өтініштері бойынша халықаралық пошта алмасу орындарын әзірлеуді қаматамсыз ету;
98) адресаттардың абонементтік жәшікті пайдалану тәртібін әзірлеу;
99) Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкес пошта төлемінің мемлекеттік белгілеріне қойылатын талаптарды айқындау;
100) Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру жөніндегі қағидаларды әзірлеуді және бекітуді қамтамасыз ету;
101) Жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларын жүргізу мақсатында пошта байланысы желілері мен құралдарына қойылатын талаптарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының пошта желілерінде жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларын жүргізудің аппараттық-бағдарламалық және техникалық құралдарын енгізу және пайдалану кезіндегі өзара іс-қимыл қағидаларын әзірлеуді қамтамасыз ету;
102) операторды тағайындау және тағайындалған оператордың өкілеттіктерін кері қайтарып алу қағидаларын әзірлеуді қамтамасыз ету;
103) пошта операторларының атаулы құрылғыларды қолдану қағидаларын әзірлеуді қамтамасыз ету;
104) электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай жүйесінің жұмыс істеуі және электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай жүйесінде пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларды авторландыру қағидаларын әзірлеуді қамтамасыз ету;
105) арнаулы пошта байланысы қызметі қызметкерлерінің нысанды киімінің және Ұлттық пошта операторы жұмыскерлерінің нысанды киімінің (погонсыз) үлгілерін, оны киіп жүру қағидаларын, онымен қамтамасыз ету нормаларын әзірлеуді қамтамасыз ету;
106) абоненттік пошта жәшіктерін орналастыру, күтіп-ұстау және олардың техникалық сипаттамалары жөніндегі талаптарды әзірлеуді қамтамасыз ету;
107) тағайындалған пошта операторын тағайындауды қамтамасыз ету, сондай-ақ тағайындалған оператор Дүниежүзілік пошта одағының актілерінен туындайтын міндеттемелерді орындамаған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен пошта операторынан тағайындалған оператордың өкілеттігін кері қайтарып алу;
108) пошта операторларының қызметтер көрсетуіне қажетті және жеткілікті, пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылардың дербес деректерінің бірыңғай тізбесін әзірлеуді қамтамасыз ету;
109) Ұлттық пошта операторының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының аумағында пошта байланысының өндіріс объектілеріне пошта индекстерін беру;
110) Ұлттық пошта операторын айқындауды қамтамасыз ету;
111) байланыс саласындағы жаңа технологиялар мен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған байланыс саласындағы жобаларды іске асыру, сондай-ақ іске асыруға қатысу;
112) байланыс саласындағы статистикалық көрсеткіштердің мониторингі;
113) мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасына қосу және мемлекеттік органдардың және жергілікті атқарушы органдардың интранет ресурсына мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасы арқылы қол жеткізуге рұқсат беру ережесін анықтау;
114) мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасын жергілікті (интернетке қолжетімділігі бар жергілікті желілерді қоспағанда), ведомстволық және корпоративтік желілердің өзара іс-қимыл жасауы үшін пайдаланатын мемлекеттік органдарды, олардың ведомстволық бағынысты ұйымдарын және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын, сондай-ақ өзге де ақпараттандыру субъектілерін айқындау;
115) Комитет құзыреті шегінде байланыс саласында, оның ішінде телекоммуникациялар және пошта байланысы саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету;
116) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
3-тарау. Төрағаның қызметін ұйымдастыру кезіндегі оның мәртебесі мен өкілеттіктері
16. Комитет басшылығын Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапты болатын төраға жүзеге асырады.
17. Комитет төрағасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
18. Комитет төрағасының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.
19. Комитет төрағасының өкілеттіліктері:
1) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, Комитет қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
2) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, Комитет қызметкерлерін іссапарға жіберу, демалыс беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемеақылар мен сыйлықақылар төлеу, сондай-ақ тәртіптік жауаптылық мәселелерін шешеді;
3) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады;
4) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;
5) мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарда Комитеттің мүдделерін білдіреді;
6) Комитетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде шаралар қабылдайды және ол үшін дербес жауапты болады;
7) өз құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды;
8) Министрлік басшылығына Комитеттің құрылымы мен штат кестесі бойынша ұсыныстар береді.
Комитет төрағасы болмаған кезеңде, оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
20. Төраға өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.
4-тарау. Комитеттің мүлкі
21. Комитеттің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін. Комитеттің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
22. Комитетке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.
23. Егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, Комитеттің өзіне бекітілген мүлікті және оған қаржыландыру жоспары бойынша берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетінше иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5-тарау. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату
24. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Комитеттің қарамағындағы аумақтық бөлімшелердің тізбесі:
1. "Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясы" республикалық мемлекеттік мекемесі;
2. "Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің Шығыс Қазақстан, Павлодар және Абай облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясы" республикалық мемлекеттік мекемесі;
3. "Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясы" республикалық мемлекеттік мекемесі;
4. "Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің Шымкент қаласы және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясы" республикалық мемлекеттік мекемесі;
5. "Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің Алматы қаласы және Алматы, Жетісу облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясы" республикалық мемлекеттік мекемесі;
6. "Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің Астана қаласы және Ақмола, Қарағанды, Ұлытау облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясы" республикалық мемлекеттік мекемесі.