Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың жобаларын қарау жөніндегі ғылыми-техникалық кеңесін құру туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы № 493 бұйрығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің м.а. 2024 жылғы 24 қазандағы № 382 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Энергетика министрінің м.а. 24.10.2024 № 382 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 қыркүйектегі №994 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі туралы ереженің 14-тармағы 1) тармақшасының төртінші абзацына және 15-тармағы 51-1) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың жобаларын қарау жөніндегі ғылыми-техникалық кеңесі құрылсын.

      2. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарының жобаларын қарау жөніндегі ғылыми-техникалық кеңесі туралы ереже бекітілсін.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 02.05.2024 № 183 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жер қойнауын пайдалану департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Нормативтік-құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді.

      2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының жетекшілік ететін энергетика вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Энергетика министрі
А. Сәтқалиев

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2023 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 493 бұйрығына
қосымша

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарының жобаларын қарау жөніндегі ғылыми-техникалық кеңесі туралы ереже

      Ескерту. Ереже жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 02.05.2024 № 183 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарының жобаларын қарау жөніндегі ғылыми-техникалық кеңесі туралы ереже "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 129-бабы 1-тармағының 2) тармақшасы және 178-бабы 1-тармағының 2) тармақшасы, "Жер қойнауын пайдаланушылардың көмірсутектерді және уранды өндіру кезеңінде ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 31 мамырдағы №222 және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 мамырдағы № 244 бірлескен бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17096 болып тіркелген), "Жер қойнауын пайдалану саласындағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың жобаларын қарау жөніндегі ғылыми-техникалық кеңестің қызметі туралы үлгілік ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 16 қарашадағы № 585 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33654 болып тіркелген) шеңберінде әзірленген.

      2. Осы Ереже Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарының жобаларын қарау жөніндегі ғылыми-техникалық кеңес (бұдан әрі – ҒТК) қызметінің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды.

      3. ҒТК консультативтік-кеңесші орган болып табылады және ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға тиімді жәрдемдесу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің (бұдан әрі – уәкілетті орган) реттелетін салаларында ғылыми зерттеулер жүргізу жөніндегі жұмыстарды үйлестіру мақсатында құрылады.

      4. Өз қызметінде ҒТК Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

2-тарау. ҒТК негізгі міндеттері мен функциялары

      5. ҒТК қызметі мынадай негізгі міндеттерді шешуге бағытталған:

      1) уәкілетті органның реттелетін салаларындағы ғылыми зерттеулердің жобалары мен бағдарламаларын қарау;

      2) Қағидаларға сәйкес ғылыми зерттеулер жүргізу жөніндегі жұмыстарды үйлестіру.

      6. Оған жүктелген міндеттерге сәйкес ҒТК мынадай функцияларды орындайды:

      1) уәкілетті органның реттелетін салаларында ғылыми зерттеулер мен цифрландыру жобаларын жүргізу үшін басым салалық бағыттардың тізбесін (бұдан әрі – Тізбе) қалыптастыру және оны өзектілендіру;

      2) жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми зерттеулер жобалары мен бағдарламаларын және цифрландыру жобаларын қарау және келісу;

      3) орындалған ғылыми зерттеулер мен цифрландыру жобаларын одан әрі пайдалану бойынша ұсынымдар әзірлеу;

      4) жер қойнауын пайдаланушылар ұсынған жыл сайынғы (бір жылдан астам іске асыру мерзімі бар ғылыми зерттеулер жобалары мен бағдарламалары және цифрландыру жобалары үшін) және (немесе) ғылыми зерттеулер жобалары мен бағдарламаларының және цифрландыру жобаларының орындалу барысы туралы қорытынды есептерді қарау және қабылдауға ұсыным.

3-тарау. ҒТК қызметін ұйымдастыру

      7. ҒТК құрамын уәкілетті орган мемлекеттік органдардың, ғылыми қоғамдастықтың және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің ұсыныстары мен ұсынымдарын ескере отырып қалыптастырады және оны уәкілетті органның бірінші басшысы бекітеді.

      8. ҒТК, Төраға мен оның екі орынбасарын қоса алғанда, дауыс беру құқығы бар ҒТК мүшелерінен, сондай-ақ дауыс беру құқығы жоқ тәуелсіз сарапшылардан тұрады.

      ҒТК құрамына уәкілетті органның реттелетін салаларында маманданған ұйымдардың жетекші ғалымдары, тәжірибелі мамандары кіреді.

      9. ҒТК құрамын қалыптастыру үшін уәкілетті органға осы Ереженің 10, 11, 12-тармақтарының талаптарына кандидаттың сәйкестігін растайтын мәліметтерді көрсете отырып, кандидаттың түйіндемесі еркін нысанда жіберіледі.

      Түйіндемедегі ақпараттың дұрыстығына кандидатты ұсынатын ұйымдар жауапты болады.

      10. ҒТК құрамына кіретін жетекші ғалымдар:

      1) Қазақстан Республикасының азаматтары болуға тиіс;

      2) доктор дәрежесі (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесінің, ғылым докторы немесе кандидаты дәрежесінің болуы немесе шетелдік ғылыми ұйымдарда және (немесе) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметпен айналысуы қажет;

      3) уәкілетті органның реттелетін салаларында ғылыми-зерттеу және (немесе) ғылыми-техникалық жұмыс өтілі кемінде 5 (бес) жыл болуға тиіс.

      11. ҒТК құрамы сондай-ақ уәкілетті органның реттелетін салаларында кемінде 5 (бес) жыл жұмыс өтілі бар:

      1) мемлекеттік органдардың;

      2) мемлекет қатысатын ұйымдардың;

      3) ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық даму институттарының, ұлттық компаниялардың;

      4) қоғамдық бірлестіктер мен қауымдастықтардың, жеке кәсіпкерлік субъектілері мен олардың бірлестіктерінің қызметкерлерінен және (немесе) сарапшыларынан қалыптастырылады.

      12. ҒТК құрамына:

      1) ғылыми және/немесе ғылыми-техникалық қызметтің аккредиттелген субъектілері болып табылатын ғылыми-зерттеу ұйымдарының бірінші басшылары;

      2) уәкілетті органның өкілдерін және ұлттық ғылыми кеңестердің өкілдерін қоспағанда, ұйымдардан екіден артық өкіл енгізілмейді.

      13. ҒТК ҒТК мүшелері мен тәуелсіз сарапшылардан тұрады:

      1) ҒТК мүшелері ҒТК отырыстарына дауыс беру құқығымен тұрақты негізде қатысады;

      2) ҒТК тәуелсіз сарапшылары ҒТК Төрағасының немесе оны алмастыратын адамның шақыруы бойынша осы Ереженің 26-тармағына сәйкес хаттамаға қоса берілетін, қаралатын мәселе бойынша ұсынымдар және (немесе) ерекше пікір ұсыну құқығымен олардың қызмет бағыттарына қатысты мәселелер бойынша ҒТК отырыстарына қатысады.

      Тәуелсіз сарапшылар ҒТК мүшелері болып табылады.

      14. ҒТК бекітілген құрамы уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында жарияланады.

      15. ҒТК төрағасы мен оның екі орынбасарын ҒТК мүшелерінің арасынан ҒТК отырысында ашық дауыс беру арқылы ҒТК мүшелері сайлайды.

      16. ҒТК төрағасы ҒТК қызметіне басшылық жасайды, ҒТК отырыстарына төрағалық етеді, ҒТК отырыстарының күн тәртібін, күні мен орнын айқындайды, ҒТК отырыстарының хаттамаларына қол қояды, ҒТК шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады. ҒТК төрағасы болмаған жағдайда оның функцияларын ҒТК төрағасы айқындаған оның орынбасарларының бірі жүзеге асырады.

      17. ҒТК жұмысын Жұмыс органы ұйымдастырады. "Қазақстан Республикасы отын-энергетикалық кешенінің ахуалдық-талдмалық орталығы" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Жұмыс органы) ҒТК жұмыс органы болып табылады.

      18. ҒТК қызметін қамтамасыз ету мақсатында Жұмыс органы:

      1) ҒТК жұмысын ұйымдастыру-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде ҒТК отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстар дайындайды;

      2) ҒТК отырысы өткізілгенге дейін 5 (бес) жұмыс күні бұрын электрондық құжат пішімінде, электрондық құжат болмаған жағдайда қағаз нұсқасында ҒТК мүшелеріне қажетті құжаттарды (материалдарды, ҒЗТКЖ шығыстары туралы есептерді, ғылыми зерттеулер жобалары мен бағдарламаларын және цифрландыру жобаларын, Тізбені қалыптастыру және өзектендіру жөніндегі ұсыныстарды, алдағы ҒТК отырысы туралы хабарламаларды) жібереді;

      3) Тізбені қалыптастыру және өзектілендіру бойынша ұсыныстар жинауды жүзеге асырады;

      4) ҒТК отырыстарына мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдерін шақырады (келісу бойынша);

      5) мемлекеттік органдар мен ұйымдардан қажетті ақпаратты сұратады (келісу бойынша).

      Осы тармақтың 2) тармақшасында белгіленген мерзімді бұза отырып енгізілген, сондай-ақ ҒТК отырысының күн тәртібінен тыс көтерілетін мәселелер қарауға жіберілмейді.

      19. ҒТК хатшысын Жұмыс органының қызметкерлері арасынан ҒТК Төрағасы тағайындайды. Хатшы ҒТК мүшесі болып табылмайды.

      ҒТК хатшысы ҒТК отырысына материалдар дайындауды қамтамасыз етеді, дауыстарды есептеуді жүргізеді және дауыс беру қорытындыларын шығарады, ҒТК отырысының хаттамасын рәсімдейді, ҒТК отырыстары хаттамаларының (шешімдерінің) электрондық мұрағатын жүргізеді, ҒТК шешімдерінің орындалуына мониторингті жүзеге асырады.

      20. ҒТК мүшелері:

      1) Уәкілетті органның реттелетін салаларында ғылыми зерттеулер мен цифрландыру жобаларын жүргізу үшін басым салалық бағыттардың тізбесін қалыптастыру және өзектілендіру жөнінде ұсыныстар енгізуге, сондай-ақ оны өзектілендіру жөнінде ұсыныстар жіберуге құқығы бар;

      2) ҒТК отырыстарына дайындалуда, атап айтқанда: материалдармен алдын ала танысады, қажетті ақпаратты жинауды және талдауды жүзеге асырады, өз қорытындыларын, ескертулері мен ұсыныстарын, қорытындылары мен ұсынымдарын дайындайды;

      3) ҒТК отырыстарына жеке өзі қатысады, күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша отырыстарға дауыс беруге қатысады, ҒТК Төрағасының хаттамалық тапсырмаларын сапалы және мерзімінде орындайды;

      4) құжаттарды (ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің жыл сайынғы және (немесе) қорытынды нәтижелерін және ҒЗТКЖ шығыстары туралы есептерді, ғылыми зерттеулер жобалары мен бағдарламаларын және цифрландыру жобаларын, Тізбені қалыптастыру және өзектендіру жөніндегі ұсыныстарды) қарайды, келіседі және қабылдауға ұсынымдар әзірлейді не осы құжаттарды қабылдаудан бас тартудың дәлелді негіздемесін Жұмыс органына жібереді;

      5) өздері және ҒТК арасында мүдделер қақтығысының туындауына әкеп соқтыратын немесе ықтимал әкеп соғуы мүмкін әрекеттерден бас тартады, ал мұндай жанжал болған немесе туындаған жағдайда бұл туралы ҒТК Төрағасына дереу жазбаша түрде хабарлайды.

      ҒТК-ға құжаттарды ұсынған жер қойнауын пайдаланушыға қатысты ҒТК мүшесінде мүдделер қақтығысы болған кезде, мұндай ҒТК мүшесі қаралып отырған құжатқа қатысты бағалауға және дауыс беруге қатыспайды.

      Осы тармақта көзделген іс-әрекеттер орындалмаған кезде ҒТК төрағасы ҒТК мүшесін ҒТК құрамынан шығаруды ұсынады.

      21. ҒТК отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі.

      22. ҒТК отырысында ҒТК мүшелерінің немесе Жұмыс органының ұсынысы бойынша мемлекеттік органдардың өкілдері шақырылуы, сондай-ақ жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, ғылыми қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми-зерттеу және жобалау ұйымдарының, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің, уәкілетті органның реттелетін салаларындағы ұлттық компаниялардың, сондай-ақ қызметі уәкілетті органның реттелетін салаларындағы мәселелерге сәйкес келетін қоғамдық бірлестіктер мен салалық қауымдастық өкілдері шақырылуы және тыңдалуы мүмкін.

      Шақырылған адамдар ҒТК отырыстарына ұсынымдар және (немесе) қорытындылар беру арқылы, ҒТК отырысында дауыс беру құқығынсыз қатысады.

      23. ҒТК отырысы ақпараттық-коммуникациялық байланыс құралдарын пайдалана отырып онлайн өткізіледі. Қажет болған жағдайда ҒТК отырыстары ҒТК мүшелерін тікелей шақыру жолымен күндізгі отырыстар нысанында өткізілуі мүмкін.

      24. ҒТК ұсыныстары, ұсынымдары мен шешімдері ашық дауыс беру арқылы шешім түрінде қабылданады және егер олар үшін ҒТК қатысып отырған мүшелерінің жалпы санының кемінде 2/3 дауысы берілсе, қабылданды деп есептеледі. Егер отырысқа ҒТК мүшелерінің кемінде 2/3 бөлігі қатысса, ҒТК шешім қабылдауға құқылы.

      25. ҒТК шешімдері хаттамамен рәсімделеді және оған ҒТК төрағасы, мүшелері және ҒТК хатшысы қол қоюға тиіс. ҒТК хатшысы хаттамада көрсетілген мәліметтердің толықтығы мен дұрыстығына жауап береді. Хаттамалардың көшірмелері ҒТК мүшелеріне жіберіледі.

      Отырыс хаттамалары, ҒТК отырысының күн тәртібіндегі мәселелер бойынша материалдар, есептер, актілер уәкілетті органға беріледі және "Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 25 тамыздағы № 236 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33339 болып тіркелген) сәйкес сақталады.

      26. ҒТК-ның әр мүшесінің бір дауысы бар. ҒТК мүшесінің дауыс беру құқығын өзге тұлғаға, оның ішінде ҒТК басқа мүшесіне беруіне жол берілмейді.

      Отырыста қабылданатын шешіммен келіспеген жағдайда, ҒТК мүшесі және тәуелсіз сарапшы ҒТК отырысында өзінің ерекше пікірін білдіруге құқылы, ол ҒТК хаттамасында көрсетіледі.

      27. ҒТК мүшелері өздерінің ҒТК қызметіне қатысуына байланысты барлық шығындарды өз бетінше көтереді. Уәкілетті орган бұл шығыстарды өтеу жөніндегі міндеттемелерді көтермейді.


  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2023 жылғы "____"__________
№_____ бұйрығына
2-қосымша

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Ғылыми-техникалық кеңесінің құрамы

      Ескерту. 2-қосымша алып тасталды – ҚР Энергетика министрінің 02.05.2024 № 183 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады