Қостанай облысы мәслихатының 2022 жылғы 17 қазандағы № 232 "Қостанай облысында үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қостанай облысы мәслихатының 2023 жылғы 11 желтоқсандағы № 86 шешімі

      "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қостанай облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қостанай облысы мәслихатының 2022 жылғы 17 қазандағы № 232 "Қостанай облысында үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын бекіту туралы" шешіміне (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 20 қазанда № 30248 болып тіркелген) келесі өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар мен терминдер пайдаланылады:

      1) жануардың иесі – жануар меншік құқығымен немесе өзгедей заттық құқықпен тиесілі болатын жеке немесе заңды тұлға;

      2) жауапты адам – жануар иесінің Заңда белгіленген құқықтары мен міндеттерін жануар иесінің жазбаша тапсырмасы бойынша өзіне алатын адам;

      3) иттерге арналған үйрету алаңы – иттерді үйрету үшін арнайы бөлінген, жаттығуға арналған арнаулы құралдармен жабдықталған қоршалған аумақ;

      4) үй жануарлары (компаньон жануарлар) (бұдан әрі – үй жануарлары) – қай түрге жататынына қарамастан, адам эстетикалық қажеттіліктері мен қарым-қатынас қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін дәстүрлі түрде асырайтын және өсіретін жануарлар;

      5) үй жануарларын серуендету – жануар иесінің және (немесе) жауапты адамның жануарды ұстау орнының шегінен тыс жерге шығаруды көздейтін және жануардың қозғалыс белсенділігіне, табиғи қажеттіліктерін атқаруға деген физиологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған әрекеттері;

      6) үй жануарларының (иттердің) еркін жүруі – жануардың тұмылдырықсыз және қарғыбаусыз ұстау иесінің қатысуымен үй-жайынан немесе аумағынан тыс жерде арнайы бөлінген аумақтарда, иттерді серуендетуге арналған алаңда немесе жануардың табиғи дене және физиологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін үйрету алаңында болуы;

      7) үй жануарларының өз бетінше серуендеуі – үй жануарларының ұстау орнынан тыс жерде жануар иесінсіз және (немесе) жауапты адамсыз өз бетінше болуы;

      8) ұстау орны – жануардың иесі және (немесе) жауапты адам пайдаланатын, жануар ұсталатын ғимараттар, құрылыстар, құрылысжайлар, үй-жайлар немесе жер учаскелері.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Үй жануарының иесі және жауапты адам, адамдар мен жануарлардың денсаулығына қауіп төндіруге, айналадағыларға зиян келтіруге жол бермейтін жағдайларды қамтамасыз етеді.";

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Бақ, бау-бақша, саяжай кооперативтерінің, демалыс үйлерінің аумақтарында Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнама талаптарын сақтай отырып, үй жануарларын ұстауға жол беріледі.";

      мынадай мазмұндағы 8-1-тармақпен толықтырылсын:

      "8-1. Үй жануарларының иесі немесе жауапты адам осы аумаққа кіреберісте жануар иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін үй жануарының бар екендігі туралы ескерту жазбаны жүзеге асырады.";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Қонақүйге әкімшілікпен келісім бойынша иесіне итпен немесе мысықпен қоныстануға рұқсат етіледі.";

      мынадай мазмұндағы 11-1-тармақпен толықтырылсын:

      "11-1. Жануардан бас тарту оған басқа адам меншік құқығын иленгенге дейін иесінің үй жануарына қатысты міндеттерін тоқтатуға әкеп соқпайды.";

      15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Жануар иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін үй жануары жануардың иесіне және (немесе) жауапты адамға меншік құқығымен немесе өзге де заңды негізде тиесілі қоршалған аумақта болатын жағдайларды қоспағанда, серуендету орнына қарамастан, жануар иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін үй жануарларын тұмылдырықсыз және 1,5 (бір жарым) метрден асатын қарғыбаусыз серуендетуге рұқсат етілмейді.

      Үй жануарларын серуендету кезінде иелері және жауапты адам келесі талаптарды сақтайды (ерекше жауапкершілікті талап ететін үй жануарларын қоспағанда):

      1) ит қоғамдық орындарда 2 (екі) метрден аспайтын қарғыбауда болуы керек;

      2) тұмылдырық итке оны тасымалдау кезінде, адамдар көп жиналатын жерде, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар, ұйымдар, мекемелер белгілеген орындарда кигізіледі;

      3) кез келген тұқымды мысықтар мен олардың местизосы әбзел мен қарғыбаумен жүреді;

      4) магистральдар маңындағы көшелер арқылы өту кезінде жол-көлік оқиғаларын және жолдың жүріс бөлігінде оның өлуін болдырмау үшін үй жануарлары 1,5 (бір жарым) метрден аспайтын қысқа қарғыбауға алынады;

      5) итті, иесі сол ғимараттың ішінде болған уақытқа, өздігінен шешілмейтін болса, ғимараттың жанында ұзындығы 1,5 (бір жарым) метрден аспайтын қысқа қарғыбаумен байлап және тұмылдырықта қалдыруға рұқсат етіледі;

      6) иттерді серуендетуге тыйым салынған жерлерде ит иесі немесе жауапты адам айналасындағыларға қауіп төндірмей, тұмылдырықпен және 1,5 (бір жарым) метрден аспайтын қысқа қарғыбауда итпен аумақты кесіп өтуіне болады;

      7) иттерді еркін серуендетуге арнайы бөлінген аумақтарда, алаңда иттерді еркін серуендетуге жол беріледі.

      Иттерді серуендетуге тыйым салынатын орындар тиісті белгімен белгіленуге тиіс.";

      17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Елді мекен аумағында:

      1) иттердің өздігінен серуендеуіне;

      2) үй жануарларын серуендетуге және олардың мінез-құлқын бақылауға қабілеті жоқ, оның ішінде алкогольден, есірткіден, уытқұмарлықтан масаң күйдегі адамдарға, қоғамдық орындарда және көлікте үй жануарларын серуендетуге;

      3) әкімшілікпен келісім бойынша спорттық және өзге де іс-шаралар ұйымдарын қоспағанда мектепке дейінгі балалар, білім беру, дене шынықтыру-спортттық және медициналық, емдеу ұйымдарының, мәдениет объектілерінің, балалар және спорттық ойын алаңдарының аумақтарында және тыйым салу белгілері белгіленген аумақтарда үй жануарларын серуендетуге;

      4) адамдар шомылуға рұқсат етілген аумақта, тоғандарда, субұрқақтарда және су бөгеттерінде үй жануарларын шомылдыруға және жуындыруға рұқсат етілмейді.";

      мынадай мазмұндағы 17-1-тармақпен толықтырылсын:

      "17-1. Коммерциялық, коммерциялық емес, діни ұйымдардың, балалар, медициналық немесе білім беру мекемелерінің аумағында үй жануарларының болуын және оларды күтіп-ұстауды осы ұйымдар мен мекемелердің меншік иесі (әкімшілік) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын сақтай отырып айқындайды.".

      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қостанай облыстық мәслихаты төрағасының өкілеттігін уақытша жүзеге асырушы М. Жутаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады