Қостанай облысының облыстық және аудандық маңызы бар қалаларында Сараптамалық кеңес қызметінің тәртібін және халық қатысатын бюджетті іске асыру ережелерін айқындау туралы

Жаңа

Қостанай облысы әкімдігінің 2023 жылғы 25 шілдедегі № 304 қаулысы

      Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 31 қазандағы № 470 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9950 болып тіркелген) бекітілген Жергілікті бюджеттер жобаларын әзірлеу қағидаларының 14-3-тармағына сәйкес Қостанай облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қостанай облысының облыстық және аудандық маңызы бар қалаларында Сараптамалық кеңес қызметінің тәртібі мен халық қатысатын бюджетті іске асыру ережелері осы қаулының қосымшасына сәйкес айқындалсын.

      2. "Қостанай облысы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы қаулыға қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қостанай облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;

      2) осы қаулының ресми жарияланғанынан кейін оның Қостанай облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қостанай облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қостанай облысының әкімі Қ. Ақсақалов

  Қостанай
  облысы әкімдігінің
  2023 жылғы 25 шілдедегі
  № 304 қаулысына
  қосымша

Қостанай облысының облыстық және аудандық маңызы бар қалаларында Сараптамалық кеңес қызметінің тәртібі және халық қатысатын бюджетті іске асыру ережелері

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қостанай облысының облыстық және аудандық маңызы бар қалаларында Сараптамалық кеңес қызметінің тәртібі және халық қатысатын бюджетті іске асыру ережелері (бұдан әрі – Тәртіп) "Жергілікті бюджеттер жобаларын әзірлеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 31 қазандағы № 470 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9950 болып тіркелген) әзірленді.

      2. Осы Тәртіпте келесі негізгі түсініктер пайдаланылады:

      1) халық қатысатын бюджет – азаматтардың жергілікті бюджет қаражатын бөлуге қатысуы;

      2) жобалық ұсыныс – Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін Қазақстан Республикасы азаматы дайындаған және берген, іске асырылуы әкімдіктің (әкім аппаратының) құзыретіне жататын және Қағидалардың талаптарына сәйкес ресімделген құжат. Үлгілік жобалық ұсыныстарды әкімдік (әкім аппараты) ресми интернет-ресурста орналастырады.

      Аудандық маңызы бар қалалар әкімдері аппараттарында ресми интернет-ресурстары болмаған кезде үлгілік жобалық ұсыныстар тиісті аудандар әкімдіктерінің интернет-ресурсында орналастырылады;

      3) дауыс беру – әкімдіктің (әкім аппаратының) интернет-ресурсында электронды түрде немесе "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес жергілікті қоғамдастықтың жиындары арқылы дауыс беру жолымен жобалық ұсыныстар арасында жеңімпаздарды анықтау процесі.

2-тарау. Сараптамалық кеңесті құру тәртібі

      3. Облыстық маңызы бар қала әкімдігі, аудандық маңызы бар қала әкімінің аппараты тиісті аумақтар тұрғындарының жобалық ұсыныстарын қарауды, іріктеуді және шешім қабылдауды жүзеге асыру үшін ағымдағы қаржы жылының 15 қаңтарына дейінгі мерзімде Сараптамалық кеңесті құрады.

      4. Сараптамалық кеңес тақ саннан құрылған адамнан тұрады және оған тиісті аумақта қызметін жүзеге асыратын мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғамдық және өзге де ұйымдардың өкілдері кіреді. Сараптамалық кеңестің төрағасы кеңес құрамына ұсынылған адамдар арасынан сайланады.

3-тарау. Сараптамалық кеңес қызметінің тәртібі

      5. Сараптамалық кеңес өз қызметін отырыс түрінде жүзеге асырады. Отырыстағы шешімдер жиналғандар арасынан көпшілік дауыспен қабылданады.

      Егер отырысқа Сараптамалық кеңестің жалпы құрамының 50%-нен астамы қатысса, отырыс заңды болып саналады.

      Дауыстар тең бөлінген жағдайда Сараптамалық кеңес төрағасының дауысы шешуші мәнге ие болады.

      6. Халық қатысатын бюджеті шеңберінде мынадай іс-шаралар дауыс беруге шығарылады және әкімдік (әкім аппараты) іске асырады:

      1) аумақты көгалдандыру;

      2) тротуарларды жайластыру;

      3) тротуарларды, пандустарды, арықтарды салу және жөндеу;

      4) ортақ пайдалану орындарын (саябақтар, скверлер, жаяу жүргіншілер аймақтары, көшелер және өзге де объектілер) құру, жөндеу және жарықтандыру;

      5) бордюрларды, брусчаткаларды, тіреуіш қабырғаларды жөндеу;

      6) қоқыс тастайтын жерлерді жою;

      7) ортақ пайдалану орындарында күркелер, орындықтар, урналар және балалардың ойнауы және ересек тұрғындардың демалуы үшін жабдықтар мен конструкциялар орнату және жөндеу;

      8) аула аумақтарында және ортақ пайдалану орындарында спорттық (жаттығу алаңдарын, футбол, баскетбол, волейбол алаңдарын), балалар ойын алаңдарын орнату, жөндеу және жарықтандыру;

      9) санитарияны қамтамасыз ету.

      7. Ағымдағы қаржы жылына бекітілген бюджет шеңберінде тұрғындардың жобалық ұсыныстарын іске асыруға бағытталатын шығыстардың ең төмен көлемі:

      1) жоғары тұрған бюджеттен берілетін нысаналы трансферттерді, кредиттер мен қарыздарды қоспағанда, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар үшін 07 "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық" функционалдық тобы бойынша жоспарланатын қала бюджеті шығыстарының жылдық көлемінің 10%-нан төмен болмауы тиіс.

      Беру кезінде бір жобалық ұсынысты іске асырудың шекті құны:

      1) облыстық маңызы бар қала үшін ағымдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген он бес мың еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен;

      2) аудандық маңызы бар қала үшін ағымдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген бір мың бес жүз еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аспауы тиіс.

      8. Ағымдағы қаржы жылының 15 қаңтарына дейінгі мерзімде әкімдік (әкім аппараты) ресми интернет-ресурсында және бұқаралық ақпарат құралдарында жобалық ұсыныстарды қабылдау туралы ақпаратты орналастырады.

      Ресми интернет-ресурс болмаған кезде аудандық маңызы бар қала әкімінің аппараты жобалық ұсыныстарды қабылдау туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен таратады.

      Тиісті елді мекендердің тұрғындарынан жобалық ұсыныстарды жинау ағымдағы қаржы жылының 20 қаңтарынан 1 наурызына дейін жүзеге асырылады.

      Аудандық маңызы бар қалалар әкімдері аппараттарында ресми интернет-ресурс болмаған кезде тиісті елді мекендердің тұрғындарынан жобалық ұсыныстарды жинау Заңға сәйкес жергілікті қоғамдастық жиындары арқылы жүзеге асырылады.

      9. Облыстық және аудандық маңызы бар қала бюджеттерінің қаражаты есебінен іске асыруға ұсынылатын жобалық ұсыныстарға қойылатын талаптар:

      1) тұрғындар үшін қолжетімділігі шектелмеген ортақ пайдалану объектісі;

      2) тиісті аумақтар тұрғындары үшін өзектілігі.

      Бұл ретте оларды бір қаржы жылы ішінде іске асыру мүмкіндігі бар жобалық ұсыныстар басым болып табылады.

      10. Жобалық ұсыныстарды қабылдау мерзімінің аяқталу қорытындысы бойынша келіп түскен жобалық ұсыныстарды Сараптамалық кеңес ағымдағы қаржы жылының 5 сәуіріне дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жобалардың қайталануының болмауына, оларды әкімдіктің (әкім аппаратының) іске асыру құзыреттілігінің болуы мәніне талдауды жүзеге асырады.

      11. Іске асырылуы осы Тәртіптің талаптарына сәйкес келетін жобалық ұсыныстарды әкімдік (әкім аппараты) дауыс беруді өткізу үшін ресми интернет-ресурсында және бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырады.

      Бұл ретте:

      1) тұтас емес, фрагменттік сипаты бар (элементтердің бірін орындау болашақта қосымша элементтерді іске асыруды талап етеді);

      2) тиісті елді мекеннің даму басымдықтарына сәйкес келмейтін;

      3) жеке коммерциялық сипаттағы ұсыныстарды іске асыруды көздейтін;

      4) тиісті елді мекеннің құрамдас бөліктерінде осыған ұқсас іске асырылған жобалары бар жобалық ұсыныстар дауыс беруге жіберілмейді.

      12. Тиісті елді мекендердің кәмелетке толған тұрғындары ағымдағы қаржы жылының 24 сәуіріне дейінгі мерзімде ұсынылған жобалық ұсыныстар бойынша ресми интернет-ресурсында электрондық түрде дауыс беруді жүзеге асырады. Дауыс беру электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдану арқылы жүзеге асырылады. Бір тұрғын бір жобалық ұсынысқа дауыс беруге құқылы.

      Аудандық маңызы бар қалалар әкімдері аппараттарында ресми интернет-ресурс болмаған жағдайда тиісті елді мекендердің тұрғындарының дауыс беруі Заңға сәйкес жергілікті қоғамдастық жиындары арқылы жүзеге асырылады.

      13. Дауыс беру рәсімі аяқталғаннан кейін әкімдік (әкім аппараты) дауыс беру нәтижелерін шығарады.

      Дауыс беру нәтижесі негізінде Сараптамалық кеңес ағымдағы қаржы жылының 30 сәуірінен кешіктірмей тиісті шешім шығарады.

      Бұл ретте тиісті елді мекендердің 10-нан кем тұрғыны дауыс берген жобалық ұсыныстар іске асырылуға жіберілмейтін облыстық орталық болып табылмайтын елді мекендерді қоспағанда тиісті елді мекендердің 50-ден кем тұрғыны дауыс берген жобалық ұсыныстар іске асырылуға жіберілмейді.

      Дауыс беру нәтижелері мен Сараптамалық кеңестің шешімі әкімдіктің (әкім аппаратының) интернет-ресурсында және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға жатады.

      14. Сараптамалық кеңестің шешімдері оларға кеңестің төрағасы, мүшелері мен хатшы қол қойғаннан кейін әкімдіктің (әкім аппаратының) интернет-ресурсында ол шығарылғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде орналастырылады.

4-тарау. Халық қатысатын бюджетті іске асыру

      15. Халық қатысатын бюджет облыстық маңызы бар қалада, ауданның әкімшілік орталығы болып табылатын және халық саны 10000 адамнан асатын аудандық маңызы бар қалада іске асырылады.

      16. Сараптамалық кеңестің шешімі негізінде тиісті облыстық маңызы бар қала әкімдігі, аудандық маңызы бар қала әкімнің аппараты өз құзыреті шегінде жобалық ұсыныстарды іске асыруға кіріседі.

      Жобалық ұсыныстарды іске асыру жөніндегі бюджеттік өтінімдерді жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері кезекті қаржы жылына арналған бюджет заңнамасына сәйкес жасайды және бюджеттік жоспарлау бойынша уәкілетті органға ұсынады.

      17. Жобалық ұсыныстарды іске асыру барысы туралы, сондай-ақ оларды іске асыру қорытындылары туралы ақпарат тоқсан сайын, есепті айдан кейінгі айдың 10-ы күнінен кешіктірілмей әкімдіктің (әкім аппаратының) интернет-ресурсында міндетті түрде орналастырылуға жатады.

      Әкімдік (әкім аппараты) ресми интернет-ресурсында және бұқаралық ақпарат құралдарында жобалық ұсыныстарды іске асыру және оларды қаржыландыруға байланысты құралдарды пайдалану туралы ақпаратты орналастырады.

      Облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың әкімдері халықпен кездесу барысында оларды халық қатысатын бюджеттер шеңберінде іске асырылатын жобалық ұсыныстар туралы хабардар етеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады