"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес Қостанай аудандық мәслихаты ШЕШТІ:
1. Қоса беріліп отырған "Қостанай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы ережесі бекітілсін.
2. "Қостанай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) Ереженің заңнамада белгіленген тәртіпте әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;
2) осы шешімге қол қойылған күнінен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қостанай облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;
3) осы шешімді оның ресми жарияланғаннан кейін Қостанай облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы шешімнің орындалуын бақылау Қостанай аудандық мәслихатының аппарат басшысына жүктелсін.
4. Мәслихаттың кейбір шешімдері осы шешімнің қосымшасына сәйкес жойылсын.
5. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Қостанай аудандық мәслихатының төрағасы | М. Сартов |
Мәслихаттың | |
2023 жылғы 6 қаңтардағы | |
№ 268 шешімімен | |
бекітілген |
"Қостанай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы ереже
1. Жалпы ережелер
1. "Қостанай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі Қостанай аудандық мәслихатының ұйымдастырушылық, құқықтық, материалды-техникалық және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асыратын, депутаттарға өздерiнiң өкiлеттiгiн жүзеге асыруға көмек көрсететін, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. "Қостанай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің ведомстволары жоқ.
3. "Қостанай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. "Қостанай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және атауы қазақ тілінде жазылған мөртабаны, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
5. "Қостанай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.
6. "Қостанай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осыған уәкілеттілік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
7. "Қостанай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен аудандық мәслихат төрағасының өкімдерімен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. "Қостанай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бекітіледі.
9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: индексі 111100, Қазақстан Республикасы, Қостанай облысы, Қостанай ауданы, Тобыл қаласы, Тәуелсіздік көшесі, 65.
Мемлекеттік мекеменің жұмыс тәртібі:
Дүйсенбі - жұма сағат 09.00-ден - 18.30-ға дейін, түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін, демалыс күндер: сенбі - жексенбі.
Мемлекеттік органның толық атауы - "Қостанай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі.
10. Осы Ереже "Қостанай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің құрылтай құжаты болып табылады.
11. "Қостанай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
12. "Қостанай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесіне кәсіпкерлік субъектілерімен "Қостанай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.
Егер "Қостанай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесіне заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері
13. Мақсаттары:
"Қостанай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі аудандық мәслихатының, оның органдарының және депутаттардың қызметін қамтамасыз етеді.
14. Өкілеттіктері:
Құқықтары:
1) өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардан, лауазымды тұлғалардан және басқа да ұйымдардан мәслихат құзыреті мәселелері бойынша қажетті ақпараттар, құжаттар және материалдар сұрату және алу;
2) мәслихат аппаратын жүргізуге қатысты мәселелер бойынша қызметтік хат алмасу;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерін жүзеге асыру.
Міндеттері:
"Қостанай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі мәслихат пен оның органдарын ұйымдастырушылық, құқықтық, материалдық-техникалық қамтамасыз етудi жүзеге асырады, мәслихат депутаттарына өздерiнiң өкiлеттiгiн жүзеге асыруға көмек көрсетеді.
15. Функциялары:
1) мәслихат пен оның органдарын ұйымдастырушылық, құқықтық, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асыру, депутаттарға өздерінің өкілеттігін жүзеге асыруға көмек көрсету;
2) Қостанай аудандық мәслихатының, оның органдарының және депутаттардың қызметін қамтамасыз ету;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларын жүзеге асыру.
3. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
16. "Қостанай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесін басқаруды бірінші басшы - аудандық мәслихат төрағасы жүзеге асырады, ол "Қостанай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесіне жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
17. Аудандық мәслихат төрағасы тұрақты негізде жұмыс істейтін, лауазымды адам болып табылады. Ол сессияда депутаттардың арасынан ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы депутаттардың жалпы санының көпшiлiк даусымен мәслихат сайлайды және қызметтен босатады. Мәслихаттың төрағасы мәслихат өкiлеттiгi мерзiмiне сайланады.
18. Аудандық мәслихат төрағасының орынбасарлары жоқ.
19. Аудандық мәслихат төрағасының өкілеттігі:
1) мәслихат сессиясын және оның қарауына енгiзiлетiн мәселелердi дайындауды ұйымдастырады, сессияның күн тәртiбiн қалыптастырады, хаттаманың жасалуын қамтамасыз етедi, мәслихат сессиясында қабылданған немесе бекiтiлген шешiмдерге, өзге де құжаттарға қол қояды;
2) мәслихат сессиясын шақыру туралы шешiм қабылдайды;
3) мәслихат сессиясының отырысын жүргiзедi, мәслихат регламентiнiң сақталуын қамтамасыз етедi;
4) мәслихат депутаттарының өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыруына жәрдемдеседi, оларды қажеттi ақпаратпен қамтамасыз етедi, депутаттарды мәслихат сессияларына, оның тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының жұмысына және сайлау округтерiндегі жұмысқа қатысуы үшiн қызметтiк мiндеттерiн орындаудан босатуға байланысты мәселелердi қарайды;
5) депутаттар сауалдарының және депутаттық өтiнiштердiң қаралуын бақылайды;
6) мәслихат аппаратының қызметiне басшылық жасайды, оның қызметшiлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
7) сайлаушылар өтiнiштерi туралы және олар бойынша қабылданған шаралар туралы мәслихатқа ұдайы ақпарат берiп отырады;
8) мәслихаттың өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен өзара iс-қимылын ұйымдастырады;
9) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкiмге сенiмсiздiк бiлдiру туралы мәселеге бастамашылық еткен мәслихат депутаттарының жиналған қолдарының төлнұсқалығын тексеруді ұйымдастырады;
10) өз құзыретiндегi мәселелер бойынша өкiмдер шығарады;
11) мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының және депутаттық топтардың қызметін үйлестiреді;
12) мемлекеттiк органдармен, ұйымдармен, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен және қоғамдық бiрлестiктермен қарым-қатынастарда мәслихат атынан өкiл болады;
13) мәслихат шешiмдерiнiң жариялануын қамтамасыз етедi, олардың орындалуына бақылау жасау жөнiндегi iс-шараларды белгiлейдi;
14) осы Заңда, Қазақстан Республикасының заңнамасында, мәслихат регламенті мен шешімінде көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайды.
Аудандық мәслихатының төрағасы болмаған кезеңде оның өкiлеттiктерiн мәслихаттың тұрақты комиссиялары бiрiнiң төрағасы немесе мәслихат депутаты уақытша орындайды.
20. "Қостанай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің аппаратын Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын аппарат басшысы басқарады.
4. Мемлекеттік органның мүлкі
21. "Қостанай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі бар.
"Қостанай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
22. "Қостанай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесіне бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, "Қостанай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
24. "Қостанай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Мәслихаттың | |
2023 жылғы 6 қаңтардағы | |
№ 268 шешіміне | |
қосымша |
Мәслихаттың жоюға жататын шешімдерінің тізбесі
1. Мәслихаттың 2017 жылғы 14 сәуірдегі № 129 "Қостанай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы" шешімі.
2. Мәслихаттың 2019 жылғы 26 шілдедегі № 414 "Мәслихаттың 2017 жылғы 14 сәуірдегі № 129 "Қостанай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы" шешімі.
3. Мәслихаттың 2020 жылғы 13 қаңтардағы № 467 "Мәслихаттың 2017 жылғы 14 сәуірдегі № 129 "Қостанай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы" шешімі.