"Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволары мен аумақтық бөлімшелері туралы ережелерді бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2020 жылғы 30 қазандағы № 16 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2023 жылғы 26 қыркүйектегі № 518 бұйрығы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволары мен аумақтық бөлімшелері туралы ережелерді бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2020 жылғы 30 қазандағы № 16 бұйрығына келесі өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрыққа 1-қосымша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

      көрсетілген бұйрыққа 3-қосымшада:

      14-тармақта:

      12) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "12) алушымен тиісті шарт (келісімшарт) жасасу жолымен мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті органның шешімі негізінде қарызға беру тәртібімен мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару;";

      21) тармақша алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 26-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "26-1) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен келісу бойынша мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтау пункттерінің тізбесін әзірлеу;";

      28) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "28) жаңарту тәртібімен мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын шығару туралы шешім қабылдау;";

      35) тармақша алып тасталсын;

      39) және 40) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "39) мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтау және пайдалану тәртібінің бұзылуына кінәлі адамдарды жауаптылыққа тарту туралы мәселені шешу үшін құқық қорғау органдарына түгендеу материалдарын жіберу;

      40) мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті орган айқындаған мұнай өнімдерін жеткізу жөніндегі бірыңғай оператордан мұнай өнімдерін сатып алу;";

      42) және 43) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "42) мемлекеттік материалдық резервтің номенклатурасын толықтыру мақсатында жұмылдыру резервінің броньнан шығарылған материалдық құндылықтарының орнын ауыстыруды қамтамасыз ету;

      43) мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын кәдеге жаратуды ұйымдастыру;".

      2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Кадр және тәрбие жұмысы департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың көшірмесін мемлекеттік және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін эталондық бақылау банкіне орналастыру үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Мемлекеттік материалдық резервтер және азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеттері заңнамада белгіленген тәртіппен құрылтай құжаттарын, сондай-ақ құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер мен (немесе) толықтыруларды Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген тәртіпте әділет органдарында тіркеуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрлеріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор
С. Шәріпханов

  Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрінің
2023 жылғы 26 қыркүйектегі
№ 518 бұйрығына қосымша
Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрінің
2020 жылғы 30 қазандағы
№ 16 бұйрығына
1-қосымша

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті туралы ереже 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті" (бұдан әрі - Комитет) республикалық мемлекеттік мекемесі өз құзыреті шегінде азаматтық қорғаныс іс - шараларын ұйымдастыру және жүргізу саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің (бұдан әрі-Министрлік) ведомствосы болып табылады.

      2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Комитет мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, қазақ тілінде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленген үлгідегі бланкілері болады.

      4. Комитет өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түседі.

      5. Комитеттің, егер оған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      6. Комитет өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Комитет басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Комитеттің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі..

      8. Комитеттің орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, индексі 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, 8-үй, "Министрліктер үйі" әкімшілік ғимараты, 2-кіреберіс.

      9. Комитеттің толық атауы – "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      10. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Комитетке кәсіпкерлік субъектілерімен Комитеттің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Комитетке заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кірістер мұндай қызметтен мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Комитеттің мақсаттары, құқықтары мен міндеттері

      13. Мақсаттары:

      1) азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға қатысу;

      2) Комитет құзыреті шегінде азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуін және одан әрі дамуын қамтамасыз ету;

      3) азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің қызметін қамтамасыз етуге;

      4) азаматтық қорғаныс саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      14. Құқықтары мен міндеттері:

      1) өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және бекіту;

      2) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті ақпарат пен мәліметтер сұрату және алу;

      3) Комитеттің құзыреті шегінде Министрліктің аумақтық бөлімшелеріне қатысты Комитеттің ведомстволық бағынысты мекемелеріне әкімшілік-өкімдік және бақылау функцияларын орындау;

      4) Министрге Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелерді алқада қарау туралы ұсыныстар енгізу;

      5) Министрлік пен Комитеттің аумақтық бөлімшелерінің және ведомстволық бағынысты ұйымдарының азаматтық қорғаныс әзірлігі бойынша өткізген іс-шараларын зерделеуді жүзеге асыру үшін шығу;

      6) ведомстволарда, аумақтық органдарда және ведомстволық бағынысты ұйымдарда кешенді тексерулерді дайындауға және жүргізуге қатысу, Комитеттің құзыреті шегінде жұмыс жағдайына мақсатты және тақырыптық тексерулерді жүзеге асыру;

      7) Комитеттің, сондай-ақ нақты лауазымды тұлғалардың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша, талдамалық зерттеулердің, тексерулер мен қызметтік тергеп-тексерулердің нәтижелері бойынша ведомстволардың, аумақтық органдардың және ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметіне баға беру;

      8) жетекшілік ететін бөлімшелердің басшыларын тыңдауға және Министрліктің басшылығында Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ведомстволардың, аумақтық органдар мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшыларын тыңдау туралы ұсыныстар енгізу;

      9) құзыретіне кіретін мәселелер бойынша, оның ішінде халықаралық кеңестер, семинарлар, конференциялар ұйымдастыру және өткізу;

      10) Комитеттің жыл сайынғы жұмыс жоспарын және оның қызметінің нәтижелері туралы жыл сайынғы есепті әзірлеу және Министрге бекітуге ұсыну;

      11) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттар бойынша қабылдаған міндеттемелерінің орындалуын, осындай халықаралық шарттардың орындалуына байланысты туындайтын Қазақстан Республикасына тиесілі құқықтардың жүзеге асырылуын және халықаралық шарттардың басқа қатысушыларының өз міндеттемелерін орындалуын қамтамасыз ету;

      12) қолданыстағы заңнамалық актілерде көзделген өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру.

      15. Функциялары:

      1) Комитеттің құзыреті шегінде азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуін және одан әрі дамуын қамтамасыз ету;

      2) құзыреті шегінде мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында көзделген іс-шараларды қалыптастыруды және одан әрі практикалық іске асыруды ұйымдастыруға және қамтамасыз етуге қатысу;

      3) Комитеттің құзыреті шеңберінде Ұлттық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;

      4) азаматтық қорғаныс саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға қатысу;

      5) Комитеттің құзыреті шегінде азаматтық қорғау саласындағы Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің, нормативтік актілер мен стандарттардың жобаларын әзірлеу, келісу;

      6) азаматтық қорғаныс мүлкін есепке алуды сақтау, есептен шығару және кәдеге жарату қағидаларын әзірлеу;

      7) азаматтық қорғаныстың қорғаныс құрылыстарын есепке қою және есептен шығару қағидаларын әзірлеу;

      8) азаматтық қорғаныс мүлкін сатып алу, құру және пайдалану қағидаларын әзірлеу;

      9) материалдық-техникалық қамтамасыз етуді құру, ұстау, азаматтық қорғау құралымдарын даярлау және тарту қағидаларын әзірлеу;

      10) республикалық азаматтық қорғау қызметтері туралы ережені әзірлеу;

      11) азаматтық қорғаныс іс-шараларын ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын әзірлеуге;

      12) азаматтық қорғауды бейбіт жағдайдан соғыс жағдайына көшіру, эвакуациялау іс-шараларын жүргізу қағидаларын әзірлеуге;

      13) азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерін қолдану қағидаларын әзірлеуге;

      14) азаматтық қорғау саласында хабар беру, білімді насихаттау, халықты және мамандарды оқыту қағидаларын әзірлеу;

      15) төтенше жағдайлар мен әскери қақтығыстар туындаған кезде немесе осы қақтығыстар салдарынан қорғану тәсілдері мен іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың басқару органдары мен күштерінің басшыларын, мамандарын даярлаудың, халықты оқытудың оқу бағдарламаларын әзірлеу, даярлау мен оқытуды ұйымдастыру;

      16) азаматтық қорғау саласында даярлықтан немесе қайта даярлаудан өткен тыңдаушыларға берілетін бірыңғай үлгідегі сертификат нысанын әзірлеу;

      17) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның жедел резервінің материалдық құндылықтарына операциялар жүргізу, орнын ауыстыру, пайдалану, толықтыру қағидаларын әзірлеу;

      18) Төтенше жағдайлар министріне (бұдан әрі – Министр):

      азаматтық қорғаныс жоспарын;

      азаматтық қорғаудың басқару органдары мен күштерін даярлау жөніндегі іс-шаралар жоспарын;

      азаматтық қорғау саласындағы орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшы құрамы мен мамандарын даярлау және қайта даярлау жоспарын әзірлеу және бекітуге енгізу;

      19) Қазақстан Республикасының Азаматтық қорғаныс жоспарын әзірлеу және Қорғаныс министрлігіне бекітуге енгізу;

      20) азаматтық қорғаныстың инженерлік-техникалық іс-шараларының көлемі мен мазмұны жөнінде ұсыныстар дайындау;

      21) орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдар мен азаматтардың орындауы үшін міндетті азаматтық қорғанысты дайындау және жүргізу мәселелері бойынша шешімдер дайындау;

      22) Комитеттің құзыреті шегінде азаматтық қорғау саласындағы орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ғылыми ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің жұмысын үйлестіруге қатысу;

      23) мемлекеттік органдардың азаматтық қорғанысты басқару пункттерінің (қосалқы (қалалық, қала сыртындағы), қосалқы және жылжымалы басқару пункттерінің жүйесін құру жөнінде Министрлікке ұсыныстар дайындау;

      24) Министрлікке Министрліктің жедел резервінің материалдық құралдарын бөлу және пайдалану жөнінде ұсыныстар дайындау;

      25) Комитеттің құзыреті шегінде ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру, білімді насихаттау, халықты және азаматтық қорғау саласындағы мамандарды оқыту бойынша ұсыныстар енгізу;

      26) Қарулы Күштер оқу-жаттығуларына, Ұлттық экономика министрлігінің әскери-экономикалық оқу-жаттығуларына Министрлік күштері мен құралдарының қатысуы жөніндегі іс-шараларды жоспарлау;

      27) белгіленген тәртіп бойынша азаматтық қорғаныс жөнінде орталық атқарушы органдармен, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен өзара іс-қимыл жасау;

      28) азаматтық қорғаныс мүдделерінде азаматтық қорғау құралдарына, техникаға, қорғау құралдарына және басқа да материалдық-техникалық құралдарға қажеттілікті айқындау жөнінде ұсыныстар дайындау;

      29) қорғаныс құрылыстарының қажетті қорын, жеке қорғаныс құралдары қорларын, азаматтық қорғаныстың басқа да мүлкінің жинақталуын есепке алуды жүргізу;

      30) азаматтық қорғаныс жөніндегі топтарға жатқызылған, азаматтық қорғаныс бойынша санатталған ұйымдардың, химиялық, радиациялық және биологиялық қауіпті объектілердің және оларда ең көп жұмыс істейтін ауысым санының есебін жүргізу;

      31) азаматтық қорғаныс саласындағы білімді насихаттау, халықты және мамандарды оқытуды ұйымдастыру;

      32) азаматтық қорғаныс дайындығы, әскери бөлімдердің қызметі бойынша ақпараттық-талдау материалдарын дайындау;

      33) Республикалық азаматтық қорғау қызметтерімен өзара іс-қимылды ұйымдастыруға қатысу;

      34) азаматтық қорғаныс және азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерінің қызметін қамтамасыз ету саласындағы әдістемелік ұсынымдарды әзірлеу;

      35) Министрліктің құрылымдары мен штаттарының, оның құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінің, ведомстволық бағынысты ұйымдарының, азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерінің, арнайы құралымдардың соғыс уақытына арналған жобаларына ұсыныстар дайындау;

      36) азаматтық қорғаныс, Министрліктің аумақтық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының жауынгерлік және жұмылдыру дайындығы мәселелері бойынша жиындарды, оқу-жаттығулар мен жаттығуларды дайындау және өткізу;

      37) ел аумағында эвакуациялық іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу жөнінде ұсыныстар енгізу;

      38) Министрліктің бөлімшелерін, азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерін әскери техникамен және қару-жарақпен, әскери және өзге де мүлікпен, радиациялық және химиялық барлау мен бақылау аспаптарымен жарақтандыру нормаларына ұсыныстар енгізу;

      39) Комитеттің құзыреті шегінде бюджеттік өтінімдерді дайындау және тиісті ұсыныстар енгізу;

      40) шаруашылық жүргізу объектілерінің жұмыс істеу тұрақтылығын арттыру және төтенше жағдайларда қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кешенін әзірлеу;

      41) Комитеттің құзыреті шегінде материалдық-техникалық ресурстардың қорларын құрау және пайдалану;

      42) Комитеттің құзыреті шегінде:

      стандарттау жөніндегі құжаттардың жобаларын қарауды, сондай-ақ стандарттау саласындағы уәкілетті органға енгізу үшін ұлттық, мемлекетаралық стандарттарды, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу, өзгерістер енгізу, қайта қарау және күшін жою жөнінде ұсыныстар дайындауды жүзеге асыру;

      стандарттау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша ұлттық стандарттарды және ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштерін әзірлеуді жүзеге асыру;

      стандарттау жөніндегі техникалық комитеттерді құру жөнінде ұсыныстар дайындауды жүзеге асыру;

      стандарттау жөніндегі техникалық комитеттердің және стандарттау жөніндегі ұлттық органның, стандарттау жөніндегі халықаралық ұйымдардың жұмысына қатысу;

      43) азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерін құру, қайта ұйымдастыру және тарату жөнінде ұсыныстар енгізу;

      44) азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерінің қызметін үйлестіру;

      45) азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерін жедел басқаруды жүзеге асыру;

      46) азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің мақсаты бойынша қолдануға әзірлігін бақылауды жүзеге асыру;

      47) азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерін азаматтық қорғаныс іс-шараларын орындау үшін қолдануды, оларды табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шараларға қатысу үшін тартуды жоспарлау;

      48) азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің гуманитарлық акцияларын өткізуге қатысу жөнінде ұсыныстар дайындау;

      49) әскери қызмет өткеру үшін азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерін жеке құраммен жасақтауды ұйымдастыру;

      50) азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерінде жауынгерлік даярлықты, әскерлер қызметін және тәрбие-құқықтық жұмысты ұйымдастыруды бақылау;

      51) азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің жеке құрамын даярлау бағдарламаларын әзірлеу;

      52) оқу-жаттығуларды, тактикалық-арнайы және бақылау-тексеру сабақтарын, азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерінің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін, сондай-ақ құтқару жұмыстарын жүргізуге әзірлігін қорытынды, кешенді, нысаналы және кенеттен тексерулерді ұйымдастыру және жүргізу;

      53) азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      54) азаматтық қорғаныс саласында әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді жүргізуді жүзеге асыру;

      55) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау өлшем шарттарын, тексерулер жүргізудің жартыжылдық кестелерін, сондай-ақ бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізу тізімдерін әзірлеу;

      56) азаматтарға, лауазымды және заңды тұлғаларға анықталған бұзушылықтарды жою және азаматтық қорғаныс жөніндегі іс-шараларды орындау туралы нұсқамалар беру;

      57) су айдындарында қауіпсіздік ережелерінің сақталуына бақылауды жүзеге асыру;

      58) су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын сақтамағаны үшін азаматтар мен заңды тұлғаларға нұсқамалар беру;

      59) Министрліктің және Комитеттің ресми интернет-ресурсында тексерілетін субъектілердің тексерулері бойынша ведомстволық есептіліктің жиынтық деректерін жариялау;

      60) Министрліктің аумақтық бөлімшелерінің шомылу маусымдарында және күзгі, қысқы кезеңдерде елдің су айдындарында адамдардың қаза болуын болдырмау жөніндегі түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыру;

      61) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау кезінде жүйелі мәселелерді анықтауды және талдауды жүзеге асыру.

3-тарау. Комитет төрағасының мәртебесі мен өкілеттіктері

      16. Комитетке басшылықты Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болатын Комитет төрағасы жүзеге асырады. Комитет төрағасы лауазымы бойынша-Қазақстан Республикасының Азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік бақылау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы болып табылады.

      17. Комитет төрағасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.

      18. Комитет төрағасының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын екі орынбасары болады.

      19. Комитет төрағасының өкілеттіктері:

      1) Министрліктің басшылығына Комитеттің құрылым және штаттары бойынша ұсыныстар береді;

      2) Министрге азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерінің командирлерін тағайындауға және лауазымынан босатуға ұсынады, азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерінің командирлерінің орынбасарларын тағайындауын және лауазымынан босатуын келіседі;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Комитет қызметкерлерін іссапарға жіберу, демалыс беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемеақылар төлеу және сыйақы беру мәселелерін шешеді;

      4) Министрге Комитет қызметкерлерін және азаматтарды ведомстволық және мемлекеттік наградалармен марапаттауға ұсынады;

      5) Комитетте, азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың қабылдануы үшін дербес жауапты болады;

      6) Министрлікке тәртіптік жазаларға тарту туралы ұсыныстарды енгізеді;

      7) өз құзыреті шегінде бұйрықтарға қол қояды;

      8) Министрлікке Комитеттің әскери қызметшілеріне және азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерінің командирлеріне кезекті әскери атағын беру туралы ұсыныстарды енгізеді;

      9) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Комитеттің атынан қолданыстағы заңнамаға сәйкес өкілдік етеді;

      10) азаматтарды қабылдауды жүзеге асырады, шағымдар мен өтініштерді қарайды, олар бойынша шешімдер қабылдайды, тәртіп пен заңдылықты бұзу фактілері бойынша қызметтік тергеп-тексерулер тағайындайды;

      11) заңнамаға сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады, өзінің құзыретіне жатқызылған басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.

      Комитет төрағасы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын адам жүзеге асырады.

      20. Комитет төрағасы өз орынбасарларының, Комитет құрамына кіретін қызметкерлердің өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.

4-тарау. Комитеттің мүлкі

      21. Комитет Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Комитеттің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Комитетке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Комитеттің өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады