Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілеріне қызметтік куәліктер беру қағидаларын және оның сипаттамасын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2023 жылғы 29 қыркүйектегі № 528 бұйрығы

      "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 100-бабының 3 және 4-тармағына, "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 20-бабының 1-тармағына, 84-бабының бесінші бөлігіне, "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 5-бабының 5-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілеріне қызметтік куәліктер беру қағидалары;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес азаматтық қорғау органдары қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің қызметтік куәлігінің сипаттамасы бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Кадр және тәрбие жұмысы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жолдауды;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр генерал-майор С. Шәріпханов

  бұйрығына 1-қосымша

Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілеріне қызметтік куәліктер беру қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілеріне қызметтік куәліктер беру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 100-бабының 3 және 4-тармағына, "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі - Заң) 20-бабының 1-тармағына, 84-бабының бесінші бөлігіне, "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 5-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді және азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілеріне қызметтік куәліктер беру тәртібін айқындайды.

      2. Қызметтік куәлік адамның азаматтық қорғау органдарына қатыстылығын, оның азаматтық қорғау органдарындағы лауазымын және арнаулы және (немесе) әскери атағын растайтын құжат болып табылады.

2-тарау. Қызметтік куәліктерді беру тәртібі

      3. Қызметтік куәліктер:

      1) Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі - Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің (бұдан әрі - ТЖМ) аппарат басшысына, Комитеттер төрағалары мен төрағаларының орынбасарларына, ТЖМ аппаратының құрылымдық бөлімшелерінің, ТЖМ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық органдарының басшыларына, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің кеңесшілеріне, азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері командирлеріне (бұдан әрі – әскери бөлімдер) және жоғары басшы құрамдағы (жоғары офицер құрамдағы) адамдарға;

      2) Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министрі – ТЖМ аппаратының және Комитеттерінің орта, аға басшы құрамына (офицерлік құрамына) (осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген лауазымдарды қоспағанда), ТЖМ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық органдар басшыларының орынбасарларына;

      3) ТЖМ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық органдары басшылары - ТЖМ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық органдарының, сондай-ақ ТЖМ қалалық, аудандық (қалалардағы аудандар) аумақтық органдарының қатардағы, кіші, орта және аға басшы құрамдағы (офицерлік құрамдағы) адамдарға, ТЖМ қарамағындағы мемлекеттік мекемелердің басшыларына;

      4) ТЖМ қарамағындағы мемлекеттік мекемелері басшыларының - ТЖМ қарамағындағы мемлекеттік мекемелердің қатардағы, кіші, орта және аға басшы құрамдағы адамдарға;

      5) ТЖМ білім беру ұйымы бастығының - ТЖМ білім беру ұйымының қатардағы, кіші, орта және аға басшы құрамдағы (офицерлік құрамдағы) адамдарға, сонымен қоса курсанттарына;

      6) әскери бөлімдер командирлерінің – әскери бөлімдердің қатардағы, сержанттық және офицерлік құрамдағы адамдарға қолы қойылып беріледі.

      4. Қызметтік куәлік лауазымға тағайындалған, қызметі бойынша ауысқан, атақ берілген, тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) өзгерген, бұрын берілген қызметтік куәліктің мерзімі өткен, жоғалған, сондай-ақ бүлінген кезде беріледі.

      5. Қызметтік куәліктің қолданылу мерзімі 5 жыл. Қолданылу мерзімі өткеннен кейін қызметтік куәлік ауыстырылуға жатады.

      6. Қызметтік куәлікті беруді кадр қызметінің бөлімшесі жүргізеді.

      7. Берілген қызметтік куәлік үшін қызметкер (әскери қызметші) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің қызметтік куәліктерін есепке алу журналына қол қояды.

      8. Қызметтік куәліктерді беру тәртібіне бақылауды кадр қызметінің басшысы жүзеге асырады.

      9. Берілмеген қызметтік куәліктер және Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің қызметтік куәліктерін есепке алу журналы кадр қызметі бөлімшесінің сейфінде сақталады.

      10. Қызметтік куәлік жоғалған немесе бүлінген жағдайда қызметкер (әскери қызметші) ауызша нысанда бұл факті туралы тікелей басшысына дереу хабарлауы тиіс. Кейін жазбаша нысанда 1 (бір) жұмыс күні ішінде болған факті туралы қосымша баяндайды.

      11. Қызметтік куәлікті жоғалтудың, бүлдірудің, басқа адамдарға берудің, оны жеке қызметтік емес мақсаттарда пайдаланудың әрбір фактісі бойынша кадр қызметі Заңның 58-бабына және "Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпыәскери жарғыларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 5 шілдедегі № 364 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының тәртіптік жарғысына сәйкес қызметтік тергеу жүргізеді.

      12. Жоғалған қызметтік куәліктер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарамсыз деп жарияланады, растайтын құжат кадр қызметінің бөлімшесіне беріледі. Жаңа қызметтік куәлікті жоғалғанның орнына кадр қызметі бұқаралық ақпарат құралдарында хабарландыру шыққаннан кейін береді.

      13. Жұмыстан босатылған кезде, сондай-ақ осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген жағдайларда қызметкер (әскери қызметші) қызметтік куәлікті кадр қызметіне тапсырады.

      14. Қызметтік куәлікті қайтару кезінде қабылдаған кадр бөлімшесінің қызметкері азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің қызметтік куәліктерін есепке алу журналына қол қояды.

      15. Қызметкерлер (әскери қызметшілер) тапсырған қызметтік куәліктер еркін нысандағы жою туралы акт жасала отырып, комиссияның қатысуымен жойылуға жатады.

  Азаматтық қорғау органдарының
  қызметкерлері мен әскери
  қызметшілеріне қызметтік
  куәліктер беру қағидаларына
  қосымша

      Нысан

Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің қызметтік куәліктерін есепке алу журналы

Р / с

Қызметтік куәлік пен зауыт бланкісінің №

Беріл-ген күні

Қолданы-лу мерзімі

Қызметтік куәлік кімге берілді
(тегі, аты, әкесінің аты)

Ата-ғы

Лауа-зымы

Қызметкердің куәлікті алғаны туралы қолы

Қайтару туралы белгі

Жою туралы белгі











      Ескертпе: Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің қызметтік куәліктерін есепке алу журналы тігіледі, нөмірленеді және басшының қолымен және кадр қызметі мөрімен расталады.

  бұйрығына 2-қосымша

Азаматтық қорғау органдары қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің қызметтік куәлігінің сипаттамасы

      1. Қызметтік куәліктің осы Сипаттамаға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мұқабалары былғарыдан, термо-былғарыдан, винилді былғарыдан, қара-көк түсті винилді қағаздан жасалады. Ашылған түрінде қызметтік куәліктің көлемі 70 х 210 мм болады.

      Қызметтік куәлік мұқабасының сыртқы бетінің ортасында алтын түстес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесі орналасқан, одан төмен қазақ тілде алтын түстес типографиялық қаріппен "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРЛІГІ" деген жазу орналастырылады.

      2. Осы Сипаттамаға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мұқабаға екі бөліктен тұратын қосымша парақтар жапсырылады. Қосымша парақтардың көлемі 95 х 65 мм, дайындау үшін пайдаланылатын қағаздың тығыздығы кемінде 200 г/м құрайды.

      3. Қосымша парақтардың негізгі фонында тангир және Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің эмблемасы орналасқан, ол екі түсті: негізгісі металдандырылған бояумен орындалған (сызықтардың қалыңдығы 0,03 мм-ден аспайды) жұқа қайталанбайтын өрнектерден тұрады, екінші түсі лауазымдық құрамында болуына қарай өзгереді:

      орта және аға басшы құрам (офицерлік құрам) үшін қызыл түсті;

      қатардағы және кіші басшы құрам (сержанттық құрам) үшін сары түсті.

      4. Мұқабаның сол жағына жапсырылатын қосымша парақтың жоғарғы бөлігінде мынадай мәтін орналасады: бөлімшенің микрошрифттен жасалған жолақпен шектелген қазақ тілдегі атауы.

      Микрошрифт мәтіні: "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРЛІГІ".

      5. Қызметтік куәліктің қосымша парағының сол жағында қосымша қорғау элементтері болады:

      1) мынадай мазмұнда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын конгревті көтеру: Елтаңбаның астындағы "қоламен" орындалған, "ТЖМ-МЧС", сондай-ақ қызметтік куәліктің қосымша парақшасының сол жағындағы тік бұрышты жиек бойымен өтетін "ТЖМ-МЧС" мәтіні;

      2) Т.А.Ә. және лауазымы бойынша сызықтар микрошрифтпен орындалған.

      Микрошрифт мәтіні: "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРЛІГІ";

      3) қызметтік куәліктің қосымша парақтарының сол жағындағы тік бұрышты жиектің бойымен өтетін "ТЖМ-МЧС" мәтінімен көрінбейтін бояу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің эмблемасы;

      4) дайындаушы кәсіпорынның алты таңбалы нөмірленуі және әріптік белгіленуі.

      6. Мұқабаның оң жағына жапсырылатын қосымша парақтарының сол жақ бөлігінде фотосуреттің астына микросызықтармен орындалған графикалық жиек, негізгі фонында жіңішке қайталанбайтын өрнектерден және Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің эмблемасынан тұратын тангир орналасқан.

      Қосымша парақтардың жоғарғы бөлігінде орналасқан мәтін: бөлімшенің орыс тіліндегі атауы, микрошрифтен жасалған жолақпен шектелген.

      Микрошрифт мәтіні: "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРЛІГІ".

      7. Қызметтік куәліктің қосымша парақтарының оң жағындағы қосымша қорғау элементтері:

      1) Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің эмблемасы және фотосуреті астында графикалық жиек бойымен өтетін "ТЖМ-МЧС" мәтінімен көрінбейтін бояу;

      2) Т.А.Ә. және лауазымы бойынша сызықтар микрошрифтпен орындалған.

      Микрошрифт мәтіні: "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРЛІГІ";

      3) фотосуреттің төменгі оң жақ бұрышына диаметрі 15 мм Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің эмблемасы бар голограмма жапсырылады.

      8. Қызметтік куәлікті беретін кадр қызметі қосымша парақта мынадай мазмұнда жазба жазады:

      1) сол жағында:

      қызметтік куәліктің сериясы мен нөмірі;

      қызметкерлерге (әскери қызметшілерге) арнаулы (әскери) атағы, тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), атқаратын лауазымы (департаменттің, қызметтің атауы көрсетілмей, жеке құрам бойынша инспекция бөлімшелерінен, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық органдары, сондай-ақ қалалық, аудандық (қалалардағы аудандар) аумақтық органдарының басшылығынан басқа) көрсетіледі – барлығы мемлекеттік тілде;

      орта, аға және жоғары басшы құрамдағы (офицерлік және жоғары офицерлік құрамдағы) адамдарда олардың жеке нөмірі қойылады;

      қолданылу мерзімі көрсетіледі;

      2) оң жағында:

      қызметтік куәліктің сериясы мен нөмірі;

      қызметкерлерге (әскери қызметшілерге) арнаулы (әскери) атағы, тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), атқаратын лауазымы (жеке құрам бойынша инспекция бөлімшелерінен, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық органдары, сондай-ақ қалалық, аудандық (қалалардағы аудандар) аумақтық органдарының басшылығынан басқа Департаменттің, қызметтің атауын көрсетпей) – барлығы орыс тілінде.

      9. Куәліктің қосымша парақтары компьютерлік теру жолымен, "Times New Roman" қарпімен, өлшемі № 14 қара түсті, еңкішсіз, лазерлік принтерді пайдалана отырып толтырылады. Қосымша парақтарға 3,5 х 4,5 сантиметр түсті фотосурет жапсырылады.

      Арнаулы (әскери) атақтары бар қызметкерлер (әскери қызметшілер) күнделікті киім нысанында бас киімсіз, орден тағандарымен және білімі туралы белгілерімен суретке түседі.

      10. Қосымша парақтарға осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілеріне қызметтік куәліктер беру қағидаларының 3-тармағына сәйкес лауазымды адам қол қояды. Қол қойылғаннан кейін фотографиялық карточканың оң жақ төменгі бұрышына және куәлік бланкісіне мөр бедері қойылады, ол голографиялық жапсырмамен бекітіледі (жапсырма мөр бедерінің үстіне жапсырылады, содан кейін қосымша парақтың сыртқы беті ламинатталады). Бұдан кейін қосымша парақтың бланкісі қосымша парақтардың сол және оң жақтарындағы тиісті белгілер (бұрыштар) бойынша қиылады. Қиылған қосымша парақтар куәліктің ішкі бөліктеріне жапсырылады.

  Азаматтық қорғау органдары
  қызметкерлері мен әскери
  қызметшілерінің қызметтік
  куәлігінің сипаттамасына
  1-қосымша

      Нысан

Қызметтік куәліктің мұқабасының үлгісі




  Азаматтық қорғау органдары
  қызметкерлері мен әскери
  қызметшілерінің қызметтік
  куәлігінің сипаттамасына
  2-қосымша

      Нысан

Қызметтік куәліктің қосымша парағының үлгісі




Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады