Солтүстік Қазақстан облысындағы көші-қон процестерін реттеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2023 жылғы 18 қазандағы № 7/9 шешімі

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-6-тармағына сәйкес, Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Қоса беріліп отырған Солтүстік Қазақстан облысындағы көші-қон процестерін реттеу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы В. Бубенко

  Солтүстік Қазақстан
  облыстық мәслихаттың
  2023 жылғы 18 қазандағы
  № 7/9 шешімімен бекітілді

Солтүстік Қазақстан облысындағы көші-қон процестерін реттеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Солтүстік Қазақстан облысындағы көші-қон процестерін реттеудің қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы көші-қон процестерін реттеудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер - Министрінің орынбасары-Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 26 шілдедегі № 312 бұйрығымен бекітілген (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33163 болып тіркелді) Облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы көші-қон процестерін реттеудің үлгілік қағидаларына сәйкес әзірленді және Солтүстік Қазақстан облысындағы көші-қон процестерін реттеудің үлгілік тәртібін айқындайды.

      2. Осы қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) әлеуметтік еңбек саласындағы бірыңғай ақпараттық жүйе – уәкілетті мемлекеттік органның, халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың, еңбек мобильділігі орталықтарының, мансап орталықтарының, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының қызметін автоматтандыруға және әлеуметтік-еңбек саласында халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету мақсатында ведомствоаралық өзара іс-қимылға арналған ақпараттандыру объектісі;

      2) қандас – бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығында болмаған, халықтың көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен тәртіпке сәйкес тиісінше мәртебе алған этникалық қазақ және (немесе) оның ұлты қазақ отбасы мүшелері;

      3) қандастарды бейімдеу және интеграциялау орталығы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес облыстардың жергілікті атқарушы органы құратын және қандастарға, олардың отбасы мүшелеріне бейімдеу және интеграциялау қызметтерін көрсетуге және уақытша тұруға арналған заңды тұлға;

      4) қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге тұрақты тұру үшін келетін, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделген мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілетін қандастардың және (немесе) қандастар мен олардың отбасы мүшелерінің шекті саны;

      5) қоныс аударушы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударған ішкі көшіп-қонушы;

      6) қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге тұрақты тұру үшін келетін, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделген мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілетін қоныс аударушылардың және (немесе) қоныс аударушылар мен олардың отбасы мүшелерінің шекті саны;

      7) облысішілік қоныс аудару- экономикалық әлеуеті төмен ауылдардан мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй бөлу және тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналастыру немесе кәсіпкерлік бастаманы дамыту мүмкіндігі болған кезде облыстық (аудандық) маңызы бар қалаларға бір облыс шегінде қоныс аудару;

      8) халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган – облыстың халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту саласындағы бағыттарды айқындайтын жергілікті атқарушы органы;

      9) халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган – өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы басшылықты, көші-қон процестерін реттеуді, халықтың көші-қоны саласындағы жұмысты үйлестіруді және мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      10) ішкі көші-қон – жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының ішінде тұрақты немесе уақытша тұру мақсатында қоныс аударуы;

      11) ішкі көшіп-қонушы – тұрақты немесе уақытша тұру мақсатында Қазақстан Республикасының ішінде өз бетінше қоныс аударушы адам;

      12) этникалық қазақ – ұлты қазақ шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам.

2-тарау. Көші-қон процестерін реттеу тәртібі

      3. Көші-қон процестерінің мониторингі олардың әлеуметтік-экономикалық, демографиялық және мәдени даму жағдайына, экологиялық жағдайға әсерін ескере отырып жүзеге асырылады.

      Өңірдегі көші-қон процестерінің ерекшеліктеріне халықтың тығыздығы, көші-қон, эмиграция, еңбек көші-қоны, ішкі көші-қон ағындары, урбанизация процесі, өңірдің экологиялық және діни ахуалы, халықтың ұлттық құрамы, өңірлік еңбек нарығының теңгерімділігі, инженерлік-көліктік және әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жатады.

      4. Өңірдегі көші-қон процестерін реттеу үшін жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға:

      өңірдің тиісті аумағын қандастар мен қоныс аударушыларды қоныстандыруға арналған өңірлерге жатқызуға (жатқызбауға);

      шетелдік жұмыс күшін, оның ішінде этникалық қазақтар мен бұрынғы отандастар қатарынан тартуға квотаны ұлғайтуға (қысқартуға);

      қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың орта мерзімді кезеңге немесе алдағы жылға арналған өңірлік квоталарын ұлғайтуға (қысқартуға);

      еңбекші көшіп келушілерді тартуға квотаны ұлғайтуға (қысқартуға) қатысты ұсыныстар енгізеді.

      5. Қандастар мен қоныс аударушыларды қоныстандыру екі бағыт бойынша:

      1) Үкімет айқындаған өңірлерге қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы шеңберінде;

      2) бір облыс шегінде жүзеге асырылады.

      6. Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту жөніндегі жергілікті атқарушы орган жұмыс күшінің мобильділігін арттыру үшін экономикалық даму әлеуеті орташа және жоғары ауылдық елді мекендердің, шағын және моноқалалар, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар, сондай-ақ экономикалық өсу орталығы қатарынан елді мекендердің тізбесін қалыптастырады.

      7. Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган жыл сайын 15 желтоқсанға дейін қандастар мен қоныс аударушыларды қоныстандыру, оның ішінде облысішілік қоныс аудару мақсатында жұмыс күшінің мобильдігін арттыру үшін адамдарды ерікті түрде қоныстандыру үшін елді мекендер тізбесін айқындайды.

      8. Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті орган елді мекендердің тізбесін Электрондық еңбек биржасында "Қоныс аудару" бөлімінде орналастыруды қамтамасыз етеді және еңбек мобильдігі орталығына, мансап орталықтарына, ауылдық округтер әкімдіктеріне жібереді.

      9. Халықтың кетуі халықтың көбею қарқынына қарағанда көп болған кезде көші-қон процестерін реттеу білікті жұмыс күшін тартуға және оларға жедел әлеуметтік бейімделуге жәрдемдесуге, қандастарды, әсіресе, жастарды кәсіптік оқытуға және қайта даярлауға бағытталған іс-шаралар әзірлеу арқылы да жүзеге асырылады.

      10. Демографиялық дамуды мемлекеттік қолдауға қажеттілігі бар даму әлеуеті бар агломерация және ауылдық елді мекендердің, шағын және моноқалалардың, аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың аумақтарында қандастарды қоныстандыру үшін бейімдеу бағдарламалары жүзеге асырылады.

      11. Көші-қон жағдайының дамуын мониторингтеуді және болжауды қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру, мектептер, балабақшалар және медициналық мекемелер салу мәселелерін шешу, әлеуметтік-экономикалық дамытуды жоспарлау мақсатында халықты тіркеу есебі жүзеге асырылады.

      12. Қазақстан Республикасының азаматтарын, Қазақстан Республикасында уақытша болатын немесе тұрғылықты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тұрғылықты және (немесе) уақытша болатын (тұратын) жеріне тіркеу және есепке алу Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 желтоқсандағы № 1427 қаулысымен бекітілген "Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу қағидаларын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" қағидаларымен жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады