"Атырау облыстық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы Ережені бекіту туралы

Жаңа

Атырау облыстық мәслихатының 2023 жылғы 30 наурыздағы № 9-VIII шешімі

      Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 3 желтоқсандағы № 704 Жарлығымен бекітілген Мәслихаттың үлгі регламентінің 79 тармағына сәйкес Атырау облыстық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес "Атырау облыстық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы Ережесі бекітілсін.

      2. Осы шешімнің орындалуын бақылау Атырау облыстық мәслихаты аппаратының басшысына жүктелсін.

      3. Осы шешім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және ол алғашқы жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Мәслихат хатшысы М. Хайруллиев

  Атырау облыстық
мәслихатының 2023 жылғы 30
наурыздағы № 9-VIII шешіміне
қосымша

"Атырау облыстық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы ЕРЕЖЕ

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Атырау облыстық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Мәслихат аппараты) Атырау облыстық мәслихатының, оның органдары мен депутаттарының қызметін қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Мәслихат аппараты өз қызметін Қазақстан Республикасының Констуциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президент мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Мәслихат аппараты ұйымдық-құқықтық нысандағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарда шоттары болады.

      4. Мәслихат аппараты азаматтық - құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      5. Мәслихат аппараты егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      6. Мәслихат аппараты өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Атырау облыстық мәслихат төрағасының өкімдерімен рәсімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Мәслихат аппаратының құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітеді.

      8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 060010, Атырау облысы, Атырау қаласы, Әйтеке би көшесі, 77 үй.

      9. Осы Ереже мәслихат аппаратының құрылтай құжаты болып табылады.

      10. Мәслихат аппаратының қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      11. Мәслихат аппаратына кәсіпкерлік субъектілерімен мәслихат аппаратының өкілеттігі болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер заңнамалық актілермен мәслихат аппаратына кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кірістер, егер Қазақстан Республикасының заңнамасымен өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері

      12. Мақсаттары:

      1) облыстық мәслихаттың, оның органдары мен депутаттарының, ұйымдастырушылық, құжаттамалық, құқықтық, ақпараттық-талдамалық қызметін қамтамасыз етуді жүзеге асыру;

      2) облыстық мәслихат депутаттарына өздерiнiң өкiлеттiгiн жүзеге асыруға жәрдемдесу.

      13. Өкілеттіктері:

      Құқықтары:

      1) белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан және лауазымды тұлғалардан, өзге де ұйымдар мен азаматтардан ақпарат, анықтамалар, есептер, шешімдер жобалары, нормативтік-құқықтық актілер жобаларының бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаны туралы мәліметтер, ғылыми сараптамалар мен сараптама кеңестерінің қорытындылары, облыстық мәслихат шешімдерінің енгізілген жобалары бойынша қажетті келісулер және өткізілетін сессиялардың және тұрақты (уақытша) комиссиялардың отырыстарының күн тәртібі мәселелері бойынша өзге де құжаттамалар сұрату, мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың қызметкерлерін облыстық мәслихаттың құзыретіне жататын мәселелерді пысықтауға қатысуға тарту, тиісті шешімдер әзірлеу үшін уақытша жұмыс топтарын құру;

      2) депутаттардың сауалдарын және депутаттық ұсыныстарды уақтылы қарауды және іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдар мен мекемелерге сауалдар жіберу;

      3) облыстық мәслихатына жолданған заңды және жеке тұлғалардың өтініштерінің орындалу мерзімі мен нәтижесін бақылауды жүзеге асыру;

      4) облыстық мәслихаттың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша лауазымды тұлғалар мен мемлекеттік органдарға консультативтік-әдістемелік, ақпараттық, ұйымдастырушылық-техникалық және өзге де көмек көрсету;

      5) облыстық мәслихат сессияларын және тұрақты комиссиялардың отырыстарын хаттамалауды қамтамасыз ету.

      Міндеттері:

      1) облыстық мәслихаттың, оның органдары мен депутаттарының, ұйымдастырушылық, құжаттамалық, құқықтық, ақпараттық-талдамалық қызметін қамтамасыз ету;

      2) облыстық мәслихат қабылдайтын шешімдердің қолданыстағы заңнамаға сәйкестігін қамтамасыз ету;

      3) облыстық мәслихаттың, оның органдары мен депутаттарының қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету;

      4) облыстық мәслихаттың, оның органдары мен депутаттарының қызметі туралы халықтың хабардар болуын қамтамасыз ету;

      5) облыстық мәслихаттың және оның органдарының бақылау функцияларын іске асыруды қамтамасыз ету.

      14. Функциялары:

      1) облыстық мәслихаттың, оның органдары мен депутаттарының, ұйымдастырушылық, құжаттамалық, құқықтық, ақпараттық-талдамалық қызметін қамтамасыз ету;

      2) облыстық мәслихаттың қарауына енгізілген нормативтік құқықтық актілердің және өзге де шешімдер жобаларының Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес келуін қадағалау, облыстық мәслихатпен қабылданған нормативтік құқықтық актілерге мониторинг жүргізу;

      3) облыстық мәслихаттың, оның органдары мен депутаттарының қызметі туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарына жариялау, облыстық мәслихатпен қабылданған нормативтік құқықтық актілерді жариялау;

      4) келіп түскен ақпаратты, атқарушы органдар басшыларының есептерін жинақтау, талдау, облыстық мәслихат депутаттарының алдында өз қызметі туралы есеп беретін мемлекеттік органдар қызметінің нәтижелері туралы анықтамаларды дайындау;

      5) облыстық мәслихаттың веб-сайтында облыстық мәслихаттың, оның органдары мен депутаттардың қызметі туралы ақпаратты орналастыру;

      6) облыстық мәслихат аппараты қызметкерлері мен мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыру қамтамасыз ету;

      7) соттарда және сот сатыларында, құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарда, мемлекеттік мекемелерде, меншіктің кез келген нысанындағы кәсіпорындарда облыстық мәслихат аппаратының мүдделерін белгіленген тәртіппен білдіру және қорғау;

      8) қолданыстағы заңнамамен белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

3 тарау. Мемлекеттік орган басшысының мәртебесі, өкілеттігі

      15. Мәслихат аппаратына басшылықты жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болып табылатын облыстық мәслихатының төрағасы жүзеге асырады.

      16. Облыстық мәслихаттың төрағасы мәслихат сессиясында депутаттардың арасынан ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен мәслихат сайлайды және қызметтен босатады. Мәслихаттың төрағасы мәслихат өкiлеттiгi мерзiмiне сайланады.

      17. Мәслихат төрағасы лауазымына кандидатураларды мәслихат депутаттары мәслихат сессиясында ұсынады.

      18. Облыстық мәслихат төрағасының орынбасары болмайды.

      19. Облыстық мәслихат төрағасы өкілеттігі:

      1) мәслихат сессиясын және оның қарауына енгізілген мәселелерді әзірлеуді ұйымдастыруды, хаттама жасалуын қамтамасыз етеді және мәслихат сессиясында қабылданған немесе бекітілген шешімдерге, өзге де құжаттарға қол қояды;

      2) мәслихат сессиясын шақыру туралы шешiм қабылдайды;

      3) мәслихат сессиясының отырысын жүргiзедi, мәслихат регламентiнiң сақталуын қамтамасыз етедi;

      4) мәслихат депутаттарының өз өкілеттіліктерін жүзеге асыруына жәрдемдеседі, оларды қажетті ақпаратпен қамтамасыз етеді, депутаттарды мәслихат сессиясына, оның тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының жұмысына және сайлау округтеріндегі жұмысқа қатысуы үшін қызметтік міндеттерін орындаудан босатуға байланысты мәселелерді қарайды;

      5) депутаттар сауалдарының және депутаттық өтініштердің қаралуын бақылайды;

      6) мәслихат аппаратының қызметіне басшылық жасайды, оның қызметшілерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      7) сайлаушылар өтініштері туралы және олар бойынша қабылданған шаралар туралы мәслихатқа ұдайы ақпарат беріп отырады;

      8) мәслихаттың өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен өзара іс-қимылын ұйымдастырады;

      9) Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 24-бабына сәйкес әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселеге бастамашылық еткен мәслихат депутаттарының жиналған қолдарының төлнұсқалығын тексеруді ұйымдастырады;

      10) өз құзыретіндегі мәселелер бойынша өкімдер шығарады;

      11) мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының және депутаттық топтардың қызметін үйлестіреді;

      12) мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен және қоғамдық бірлестіктермен қарым-қатынастарда мәслихат атынан өкіл болады;

      13) мәслихат шешімдерінің жариялануын қамтамасыз етеді, олардың орындалуына бақылау жасау жөніндегі іс-шараларды белгілейді;

      14) мәслихат шешімдері бойынша өзге де міндеттерді орындайды;

      15) облыстық мәслихаттың қарауына облыстың тексеру комиссиясының төрағасы мен мүшелерін қызметіне тағайындауға кандидатураларды, сондай-ақ оны қызметтен босату туралы ұсыныс енгізеді;

      16) мемлекеттік мекеменің атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      17) мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда мемлекеттік мекеменің мүддесін білдіреді;

      18) шарттар жасайды;

      19) сенімхаттар береді;

      Мәслихат төрағасы болмаған кезде оның өкілеттілігін мәслихат төрағасының өкімі бойынша мәслихат тұрақты комиссияларының бірінің төрағасы немесе мәслихат депутаты уақытша жүзеге асырады.

4 тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      20. Мәслихат аппаратының заңнамада көзделген жағдайдларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлік болуы мүмкін.

      Мәслихат аппаратының мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      21. Мәслихат аппаратына берілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, мәслихат аппараты, өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5 тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      23. Мәслихат аппаратын қайта құру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады